Қаз 08, 2018 11:02 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (48)

Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде имам Садықтың (ғ.с) өміріндегі келесі кезеңді талдаймыз.

Естеріңізде болса, өткен бағдарламада билік тізгінінің Әмәви әулетінен Аббас әулетіне көшкеніне тоқталып, пайғамбардың (с.ғ.с) немере ағасы Аббастан тараған әулеттің бір топ мүшесінің "Біз Мұхаммад әулетінің разылығы және халифатқа билік етуді Аһле бейтке ұсыну үшін көтеріліске шықтық" деген алдамшы ұранмен соғысқа кіріскенін айтқан болатынбыз. Имам Садық (ғ.с) діни және саяси терең түсінігіне байланысты олардың негізі мақсатының билікке қол жеткізу екенін өте жақсы білгендіктен, бұл күреске мүлдем араласпаған. Кейбіреулердің ойында неліктен хазірет осы мүмкіндікті пайдаланып, күрес майданына келмеді деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сауалға жауап беру үшін бірнеше жайтты түсіндіріп кеткен жөн.

Мүмкін, ең маңызды дәлел Пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін имам Әлиді (ғ.с) биліктен ығыстыру түрінде орын алған ащы тәжірибе болған шығар. Исламның ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) Ғадир Хом мекенінде Алланың әмірімен 120 000 мұсылманның алдында Әлиді (ғ.с) халифатқа жетекші ретінде тағайындағанына қарамастан, олар Әлидің (ғ.с) билігін мойындаған кезде берген анттарын бұзып, Сақифе жиынын өткізгендердің қатарына қосылды. Олар тіпті хазірет Әлимен (ғ.с) азаматтық қарапайым қарым-қатынастарын да үзген еді. Хазірет Әлидің (ғ.с) биліктен ығыстырылуынан 25 жылдан соң халықтың жаппай жалынуымен халифат билігін қолына алған кезде хазіреттің бес жылдық билік кезеңінде «Джамал», «Сиффин» және «Наһраван» атты үш шайқас таңылып, ақырында ол хазіретті шәһид етті.

Имам Садықтың (ғ.с) күреске араласпауына себеп болған келесі дәлел Куфа тұрғындарының Муавиемен шайқастың алдында әзірлік танытып, кейін қысқа мерзімнің ішінде ол хазіреттен теріс айналған имам Моджтабаның (ғ.с) дәуіріндегі ащы оқиғалар еді. Олар Язидті биліктен құлатқан соң билік тізгінін хазіретке беретіндерін айтқан болатын. Алайда, кейін уәделерінде тұрмай, имамға қарсы бірігіп, Әмәви әулеті билігінің негіздерін нығайтты. Сондықтан имам Садық (ғ.с) осындай тәжірибелерге байланысты халыққа иек артып, көтеріліске шығып, билік тізгінін қолына алатындай қарапайым халық пен көрнекті тұлғаларға да сенім артпады. Имам Садықтың (ғ.с) өз серіктерінің бірімен өткізген сұхбаты дәл осы шындықты баяндайды.

Садир Сирафи: "Имамның жанына келіп: "Сіз неге көтеріліске шықпайсыз?", деп сұрадым. Сонда имам: "Не үшін мұны сұрап тұрсың?",- деді. Мен: "Сіздің достарыңыз бен жолыңызды қуған шиіттер көп",- дедім. Имам болса: "Сенің ойыңша, олардың саны қаншаға жетеді?",- деп сұрағанда, мен: "Жүз мың адам",- деп жауап бердім. Сонда хазірет: "Жүз мың?",- деп таңырқай сұрады. "Ия, тіпті, екі жүз мыңға да жетіп қалар",- дедім. Имам: "Екі жүз мың?",- деп тағы таңдана сұрап, содан кейін тіл қатпай, Мединенің сыртында бір отар қой жайылып жүрген жайылымға жеттік. Хазірет өкінішпен: "Құдайдың атымен ант етемін, егер осы малдың санындай (рауаятта қойдың саны он жеті бас деп айтылған) адал серіктеріміз бен жолымызды қуған шынайы шиіттеріміз болғанда кідірместен көтеріліске шығатын едім",- деді.

Бұған қарамастан, имам Садық (ғ.с) өзіне дейінгі имамдар секілді өз заманындағы билік басындағыларға қол қусырып қарап, пайғамбардың халифатқа билігін өтірік арқылы тартып алғандарға қатысты реакция білдірмей отыра алмады. Сол себепті имам Садық (ғ.с) өзінің негізгі әрі алғашқы әрекетінде Аббас әулетінің үстемшіл билеушілерінің билігін теріске шығарып: "Қанаушы би немесе басшыдан пана сұрап, олардың төрелігіне жүгінген кез келген адам Құранда айтылған мына аяттағы адамдардың қатарына кіреді: "(Мұхаммед Ғ.С.) саған түсірілген Құранға және сенен бұрын түсірілген кітаптарға сендік деп, кұр өршеленгендерді көрмейсің бе? Олар шайтанға жүгінуді қалайды. Негізінде оларға оған қарсы болу әмір етілген болатын. Өйткені, шайтан оларды мүлдем ұзаққа адастыруды қалайды (Ниса сүресі, 60-аят)",- деп айтқан.

Имам Садық (ғ.с) өзінің шынайы жолын қуушыларға Аббастан тараған әулеттің залым әрі діннен безген жүйесімен қатынас құрып, әріптестік жасаудан бас тартуға бұйрық береді. Хазіреттің Моалла ибн Хунайс атты серіктерінің бірінің айтуынша хазірет мұқтаж шиіттердің қаржы істерін басқару мақсатында экономикалық күш-қуатты арттыру үшін шиіттердің хумс салығын өзі жинап, қажеттіліктерге жаратып отырған. Сонымен қатар, имам Садық (ғ.с) халық пен шиіттердің Аббас әулетінің екіжүзді билеушілеріне бет бұрудың алдын алу мақсатында Аббас әулетінің билеушілеріне қарсы саясаты мен әдісін жүзеге асыру үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланған. Хазірет бір күні өзінің бір топ шәкіртіне: "Мен ешқашан қанаушылардың пайдасына сай түйткілді шешіп немесе олардың мойнынан ауыр жүкті алмаймын. Құдайдың атымен ант етемін, олардың пайдасы үшін ешнәрсе жазбаймын. Себебі, қанаушылар мен олардың жолдастары қиямет күні тозақ отында күйетін болады",- деп айтқан. Хазірет қанаушы билеушілермен күрес жолдауының халықтың кез келген тобынан бұрын үлемдер мен діни жетекшілердің мойнында екенін көрсету үшін: "Факиһтер пайғамбардың жолын қуушылар саналады. Егер қанаушы билеушіге қызмет ететін факиһті көрсеңдер, оған сенім артпай, керісінше, айыптап, қоғамның алдында абыройын түсіріңдер,- деп айтқан.

Бір күні бір адам имам Садықтың (ғ.с) жанына келіп: "Яһудилер егер өздерінің діни үлемдеріне ергені үшін Құдайдың айыптауына ұшыраса, мұсылмандар да дәл солай жасап, өз үлемдерінің сөздеріне еріп, оларды үлгі тұтады. Сонда біздің олардан қандай айырмашылығымыз бар?",- деп сұрағанда хазірет: "Яһуди қауымы өз үлемдерін жақсы танып, олардың өтірік айтып, харам жолмен пайда тауып, пара алып, Құдайдың бұйрықтарын өзгерткенін білген. Егер олар біреумен дұшпан болса, оның құқығын бұзатын. Ал егер біреумен достық қатынаста болса, оны қорғайтын. Яһуди қауымы діни үлемдерінің бойында осындай жат қасиеттердің барын біле тұра, соқыр сеніммен өз үлемдерінің жолын қуып, олардың сөздеріне ерген. Сол себепті олар илаһи жазғыру мен кінәлауға ұшырады. Егер мұсылмандар да дәл осындай сипаттарға ие фикх ілімінің ғұламаларына еліктейтін болса, яһудилер секілді илаһи жазғыру мен сөгіске ұшырайды",- деп жауап берген.

Мұндай жағдайда "еліктеу, үлгі тұту немесе діни үлемнің сөзіне еру қағидасына байланысты қоғам қандай әрекет етуі керек?" деген сауал туындауы мүмкін. Әрине, өз ісінің маманының сөзін тыңдау саналы әрі ақылға қонымды іс. Алайда, біз өз қажеттіліктерімізді қанағаттандыру үшін танып, білместен кез келген маманға жүгінеміз бе? Әлде зерттеп, танып, көзіміз жеткен соң ғана таңдаған маманға жүгініп, оның кеңестері мен ұсыныстарын қабылдаймыз ба? Имам Садық (ғ.с) жүгінуге лайық емес үлемдерді теріске шығарып, сенім артуға болатын, халық олардың сөзіне еруі тиіс діндар үлемдерді таныстырды. Ол хазірет фикх ілімнің осындай үлемдерін былай сипаттайды: "Егер фикх ілімінің ғұламасы өз нәпсісін тізгіндеп, илаһи дінді қорғап, нәпсілік қажеттіліктерден гөрі илаһи бұйрықтарға бойсұнатын болса, халық діни және логикалық тұрғыдан оның сөзіне еріп, бағынуы тиіс. Алайда бойларында мұндай қасиеттер дарыған үлемдер өте сирек".

Бұл маңызды кеңес тек имам Садықтың (ғ.с) өмір сүрген кезеңіне ғана қатысты емес. Бұл сөздер – кез келген заман мен кез келген мекендегі мұсылмандардың құлағына алтын сырға. Имам Садық (ғ.с) салып кеткен бағдар негізінде өз мүдделері үшін әлемдік үстемшіл билеушілерге қызмет еткен кейбір яһуди және назарет үлемдерінен басқа сүннит және шиіт көрнекті ғұламалардың ішінде кейбіреулер өздерінің дүниелік мақсаттарын көздеп, өз нәпсілерін қуатындар да бар.

Басқаша айтқанда, егер имам Садық (ғ.с) Әмәви және Аббас әулеттері арасындағы билік үшін соғысқа араласпағанда және адал әрі сенімді жолдастары жоқ  болғандықтан көтеріліске шықпағанымен өзіне дейінгі илаһи жетекшілер мен имамдардың ортақ бағдарына сәйкес ешқашан халифат басындағы қанаушылармен күресте тыным таппай, олармен қарсыласудан қол үзбеген.

Бір рауаятқа сәйкес, бір күні имам Садық (ғ.с) жетекшілік еткен он жылдың ішінде замандасы болған Мансұр Аббаси ол хазіретке хат жолдап, оның неліктен сарайға келіп тұрмайтынын сұраған. Сонда имам: "Біз сенен пайда көретіндей осы дүниенің алдамшы байлығына қызықпаймыз, бізбен бірге ақырет үшін ризықты әзірлейтіндей сен де ақыретті ойлайтын адам емессің",- деген жауап жазып жібереді.

Мансұр Аббасқа жақын сарай қызметкерлерінің бірі: "Бір күні Мансұр Аббастың  бетіне бір шыбын қонды. Сонда ол шыбынды қағып жібергенімен, әлгі шыбын бетіне қайта қонады. Оны тағы қағып жібергенде, ол тағы қонып, мазасын алады. Сол кезде сарайға имам Садық (ғ.с) кіріп келеді.Мансұр одан: "Құдай неліктен шыбынды жаратты?",- деп сұрағанда имам: "Бұйрыққа көнбейтіндерді қорлап, кемсіту үшін",- деп жауап қайтарды",- деп айтқан.

Имам Садықтың (ғ.с) кесімді ұстанымдары Мансұрды күннен күнге қысым жасады. Бұл жағдай Мансұрдың диктатуралық әрекетіне сәйкеспегендіктен ол хазірет пен оның ізбесарларын қоршауға алуды күшейтуге бел буды. Сондықтан барлық озбыр басшылар секілді шиіттер мен алави сейіттерге террор жасауға бұйрық беріп, имам мен серіктерінің әрекеттері мен байланыстарын өз тыңшылары арқылы бақылауға алған болатын. Имам Садық (ғ.с) күресті жалғастырып, өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін жаңа әдіске көшеді. Алланың жар болуымен келесі бағдарламада осы тақырыпты жалғастыратын боламыз. Келесі кездескенше, аман-сау болыңыздар.