Илаһи жетекшілер (51)
Армысыздар құрметті оқырмандар, бүгінгі бағдарламаны шиіттердің жетінші жетекшісі имам Мұса Каземнің (ғ.с) өмірлік жолын талдап, таныстырумен бастаймыз.
Қымбатты оқырмандар, шынайы илаһи жетекшілер мен имамдардың құлдырау мен шарықтауларға толы өмір жолдарын баяндауға арналған бағдарламалар жиынтығының жалғасында Алланың жар болуымен сіздерге имамат пен велаяттың жетінші жетекшісі имам Мұса Каземнің (ғ.с) өмірімен таныстыруды ұйғардық. Х.қ.ж.с.б 128 жылы шиіттердің алтыншы жетекшісі хазірет имам Садеқ (ғ.с) қажылық маусымы кезінде бір топ серігімен бірге Алланың үйіне зиярат жасауға барды. Сол сапарда хазіретпен бірге жұбайы Хамида да барды. Қажылық рәсімі аяқталғаннан соң қажылардың керуендері өз қалалары мен елдеріне қарай жол тартады. Имам Садықтың (ғ.с) керуені де белгілі бір қашықтықты өткеннен кейін тынығу үшін Мединенің маңында орналасқан Абуа атты елді мекенге келіп тоқтайды. Кенет, шабарман Хамида тарапынан имамға бір хат әкеледі. Ол хазірет кідірместен қозғалып, қысқа уақыттың ішінде жүзі күлімсіреген күйде өз адамдарының жанына оралады. Хазіреттің жолдастары одан: "Қуанышты хабар алдыңыз ба?",-деп сұрайды. Сонда хазірет: "Құдай бүгін маған өз заманының ең үздік адамы әрі сендердің келешек жетекшілерің болатын ұл сыйлады",- деп жауап береді (الانوار البهیۀ 78 бет).
Жетінші жетекші имам Каземнің (ғ.с) анасы Хамида аса жоғары ахлақтық қасиеттерге ие әйел болған. Бойындағы тектілік пен адамгершілік қасиеттерінің жоғары болғандығы соншалықты имам Бағер (ғ.с) ол кісіні таныстырғанда перзенті Джафар ибн Мұхаммадқа: "Хамида түрлі қоспалардан тазарып шыққан таза саф алтын секілді. Менің ошағымның басына осындай пәк әйелдің бұйырғаны маған және менен кейінгі имам үшін Алла тарапынан түскен рақым",- деп айтқан. Құрметті бану имам Садықтың (ғ.с) ошағында тұлға ретінде бұрынғыдан бетер кемелденіп, жетекшімен бірге құрған отбасылық өмірінің әсері мен ол хазіреттің бойындағы білімнен сусындаудан жетіле түскені соншалықты, алтыншы имам әйелдерге ахкамдар мен діни мәселелерді осы ардақты банудан үйренуге бұйрық береді.
Осылайша, Мұса ибн Джафар (ғ.с) тек өз әкесі имам Садықтың (ғ.с) нығметтеріне бөленуімен қоса, Хамида секілді жоғары ахлақтық қасиеттер дарыған пәк банудың етегінде өсіп, тәрбиеленеді. Соның нәтижесінде, бала кезінен имам Мұса Каземнің (ғ.с) ақылға қонымды әрекеттерінен оның бойындағы қырағылығы мен керемет қабілеттері көрініп, оны алда жарқын келешек күтіп тұрғаны білінді. Пайғамбар әулетінің білімі мен даналығының мұрагері саналған ол хазірет 20 жасқа дейін, яғни имам Садық (ғ.с.) шәһид болған кезге дейін кез келген жерде және кез келген күйде өзінің ұлы әкесінің жоғары әрі бағалы тағылымдарынан шабыт алған. Ол хазірет алтыншы имамның еркі мен дана жоспарларының арқасында негізі қаланған білім ордасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, жоғары бедел мен орынға ие болып, өз заманындағы түрлі ғылымдар бойынша жоғары кемелдікке жетіп, «Джафари» білім ордасын дамытып, жетілдіруде үлкен әрі әсерлі қадамдар жасады.
Мұса ибн Джафар (ғ.с) сол ғасырдағы данышпандар мен ғалымдар арасында ғылыми тұрғыдан үлкен бедел мен құрметке ие болуымен қатар, ахлақтық және ізгі адамгершілік қасиеттер тұрғысынан да халықтың аузынан түспеді. Ол хазіреттің өмірімен таныс болған данышпандар имамның ұлы тұлғасының алдында бас иген. Соның ішінде, атақты сүниттік ғұлама әрі мұхаддис Ибн Хаджар Асқалани мен шейх Солейман Қундузи: "Мұса Казем әкесінен оның білімін, даналығы мен мінсіздігін мұраға алып, басқалардың надандығы мен қателіктерін кешіретін ерекше кеңпейілді адам болғандықтан "ашуды басушы" деген мағынаны білдіретін "Казем" деген лақапқа ие болған. Ол өмір сүрген кезеңде илаһи тағылымдар, ғылым мен кешірім тұрғысынан оған жететін ешкім болмаған",- деп жазған. Алайда имамдардың ғылыми және ахлақтық тұрғыдағы ұлылығының алдында бас иіп, оларды мадақтаған ойшылдар мен данышпандарға қарамастан Аббас әулетінің өзімшіл билеушілері исламның аспандық жетекшілерінің қоғамдағы сөздерінің өтімді, алатын орындарынан қауіптеніп, олардың өмірлеріне қастандық жасаумен қоса, ақырында оларды шәһид еткен.
Имам Садықтың (ғ.с) айтарлықтай жетістіктеріне ашуланып, ол хазіретті уландырып, шәһид еткен Мансұр Аббаси өзінің тыңшылары арқылы хазіреттің мұрагері, яғни Мұса ибн Джафарды (ғ.с) анықтап, оны шәһид етіп, шикі ойымен имамат жетекшілігінің тамырын жоюды көздеді. Сол себепті өзінің қолбасшысы Мұхаммад ибн Солейманға хат жолдап, оған Джафар ибн Мұхаммадтың үйіне барып, өзінің орынбасары ретінде таныстырған кез келген адамның басын кесуге бұйрық берді. Мәдиненің қолбасшысы кідірместен алтыншы имамның үйіне бет алып, Мансұр Аббастың бұйрығын орындау үшін имамның өсиетнамасын алады. Бірақ, ол имам Садықтың (ғ.с) ерекше даналығы мен көрегендігінің арқасында осындай сұрқия әрі шайтандық жоспарды болжап, оны залалсыздандыру үшін ең оңтайлы шараны ойластырғанынан хабарсыз еді. Сол себепті Мәдиненің қолбасшысы имам Садықтың өсиетнамасына қол жеткізгенде ол хазіреттің өз орынбасары ретінде бес адамды таңдағанын көріп қатты таңырқайды. Олардың ішінде сол кездегі халиф Мансұр Даваниқи, Мұхаммад ибн Солейман (Мәдиненің қолбасшысы), Абдулла ибн Джафар ибн Мұхаммад (имам Каземнің (ғ.с) үлкен ағасы), Мұса ибн Джафар (ғ.с), Хамиде мен хазіреттің жұбайлары болған.
Сергелдең күйге түсіп, қатты аңтарылған Мединенің қолбасшысы Мансұрға есеп беріп, өсиетнамада аты аталғандардың қайсысын өлтіру керектігін сұрайды. Мансұр бұл хабарды естігенде қатты ашуланып: "Бұларды өлтіруге болмайды!", деп айқай салды. Осылайша, алтыншы имам (ғ.с) қырағылық танытып, Мансұрдың сатқындық жоспарын залалсыздандырып, имам Каземнің (ғ.с) жанын аман сақтап қалып, имаматтың пәк әулеті дұшпандардың арам ниеттеріне қарамастан жалғасты. Құран Кәрімде былай деп жазылған: "Олар Алланың нұрын (дінін) ауыздарымен өшіруді қалайды. Егер кәпірлер жек көрсе де Алла (Т.) мұны ұнатпайды да өз нұрын толықтайды" (Тәубә сүресі, 32-аят).
Имам Садықтың осы тәсілмен өз перзенті әрі орынбасарының өмірін қастандықтан аман сақтап, Мансұрдың жеңіліс тапқанын сезгеніне қарамастан, хазіреттің орынбасарын анықтап, оны өлтіруге бел буған болатын. Сол себепті имам Казем ұлы әкесінен білім алып, Аббас әулетінің әрекеттеріне байланысты біраз уақытқа дейін қоғамға ашық түрде жетекшілік етуден бас тартып, өз жолдастарына да дәл осы әдісті ұстануға кеңес берді. Шын мәнінде, бұл біртіндеп, уақыт өте келе имамның стратегиялық мақсаттары мен саясаттарын жалғастыру үшін қажет негіздерді жасайтын саяси тактика болды.
Алтыншы имамның жақын серіктерінің бірі болған Хишам бин Салим Джауалиқи былай деген: "Имам Садық шәһид болған соң ол хазіреттің үлкен ұлы Абдолла имаматқа жетекшілік ететіні туралы уәж айтып, бір топ адам оған ынта, ықылас танытады. Бір күні менімен тағы бір мұсылман бауырымыз оған барып, оны сынау үшін бірнеше сауал қойдық. Ол біздің сауалдарға қате жауап берді. Біз қамығып, сасқалақтаған күйде оның үйінен шықтық. Бірақ имам Садықтың (ғ.с) орнын басатын нағыз мұрагер кім екен деп таңырқадық. Сол кезде бір қария бізді Мұса ибн Джафарға (ғ.с) алып келді. Осы илаһи нығметтен соң ол хазіреттен: "Айналайын, ұлы әкеңіз шәһид болғаннан кейін бізге имам әрі жетекші болатын кім?",- деп сұрадық. Ол хазірет: "Егер Алла қаласа, саған жол көрсетеді",- деді. Сосын имаматқа қатысты тағы да бірнеше сауал қойдым. Сондай хазірет тағы: "Егер Алла қаласа, саған жол көрсетеді",- деп жауап қайтарды. Ақырында хазіреттің саяси тұрғыдағы сезімтал жағдайға байланысты өзінің имам екенін ашық түрде мәлімдеуді жөн көрмейтінін түсіндім. Өзімнің сұрақ қою тәсілімді өзгертіп, жетінші имамнан: "Сізге жетекшілік ететін имамыңыз бар ма?",- деп сұрадым. Хазірет: "Жоқ, менің имамым жоқ",- деді. Сонда имамның осы жауабынан ол хазіреттің шиіттердің жетекшісі екенін анық түсініп, түсініксіздіктен құтылып, қатты қуандым. Ол хазіреттен: "Тағы бір сұрақ қоюыма рұқсат бересіз бе?",- деп сұрадым. Хазірет: "Сұра, бірақ бұл хабарды ешкімге тіс жарып айтушы болма. Себебі, олар бізге қауіп төндіреді",- деді. Сонда хазіретке: "Сіздің және ұлы әкеңіздің жолын қуушылар сергелдең күй кешіп жүр. Олар қазір өздерінің имамының кім екенін білмейді. Оларға осы жайтты айтуға рұқсат етесіз бе?",- дедім. Хазірет тағы: "Қауіп өкшелеп келіп қалды. Сенім артатын адамдарға айт, бірақ олардан да бұл сырды ешкімге айтпауын талап ет",- дейді. Имамның осылай қырағылық танытуына хақысы болды. Себебі, хазірет Мансұрға бағынышты тыңшылардың имам Садықтан (ғ.с) кейін имам ретінде таңдалған адамды тұтқындап, өлтіруге міндеттелгенін білген еді. Сондықтан жетінші имам (ғ.с) алдымен имам Садықтың (ғ.с) әдісін жалғастырды. Хазірет өз ата-бабасы қалдырған асыл мұраны қорғап, сақтап қалу үшін ғылыми-діни қауымдастық құрып, көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп, оқытумен айналысты",- деді. Х.ж.с.б жетінші ғасырда өмір сүрген көрнекті үлемдердің бірі Сейіт ибн Тавус былай деп жазған: "Имам Каземнің (ғ.с) жанына ол хазіреттің көптеген серіктері мен Хашеми әулетінің азаматтары жиналып, хазіреттің құнды тағылымдарынан сусындап, сауалдар мен жауаптарын жазып отырған. Осылайша өзінің қоғамдағы құзыры арқылы имамның білім қазынасын таратқан көрнекті тұлғалар тәрбиеленіп шықты".
Ислам тарихшысы, құқықтанушы, үнділік саясаткер Сейіт Амирәли осы мәселеге қатысты: "Х.қ.ж.с.ш.б 148 жылы имам Садық (ғ.с) Медине қаласында шәһид болды. Алайда, қуанышқа орай, хазіреттің құрған ғылыми мектебі таратылмай, орынбасары әрі перзенті имам Мұса Каземнің (ғ.с) жетекшлігімен дамып, өркендеуін жалғастырды",- деп жазды.
Қымбатты оқырмандар, осымен бүгінгі бағдарламамыз өз мәресіне жетті. Келесі бөлімде осы тақырыпты одан әрі жалғастырамыз. Сау болыңыздар!