Жел 11, 2018 14:22 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (53)

Құрметті оқырмандар, топтамамыздың кезекті бөлімінде имам Мұса Каземнің (ғ.с) өміріндегі келесі жайттарды қарастырамыз.

Имам Садық (ғ.с) пен имам Казем (ғ.с) заманындағы шынайы қиындықтардың біріне Аббаси әулетінің өздерін Пайғамбардың (с.ғ.с) немере ағасына туыстық қатынасы бар деп есептеп, өздерін халифаттың мұрагері деп атағаны жатады. Негізінде халифатқа билік етудің мұрагерлікке қатысы жоқ, бұл – илаһи әмір. Бұл мансапқа тек шынайы имамдар ғана лайық саналады. Бұл имамдар тарихи "Ғадир" күні Ұлы Алла Тағаланың бұйрығымен пайғамбар (с.ғ.с) арқылы осы мансапқа тағайындалған. Олар – жоғары ахлақтық және адами құндылықтардың нағыз көрінісі; кез келген қателік пен күнәдан таза жандар. Бұл имамдардың күннен күнге ақиқат пен хаққа шынайы берілген адамдардың жүректеріне жол тауып, оларға ықпал етуінің сыры дәл осы қасиеттерімен тікелей байланысты. Алайда Һарун мен Аббаси әулетінің басқа да өзімшіл басшылары осы мәселеге қатты ызаланған. Бір күні Һарун жетінші имамды Қағбаның жанында кезіктіріп қалғанда: "Халық біздің қызметкерлерге білдірмей, жасырын түрде келісім жасап, имамат пен жетекшілікке таңдаған адам сенсің бе?",- деп сұрайды. Сонда имам: "Мұның себебі мынада: біз халықтың жүректеріне, ал сіздер олардың денелеріне ғана билік етесіздер. Олардың жүректерінде сіздерге орын жоқ",- деп жауап береді.

Жетінші имамның логикасы мен ашық айтқан сөздерінен жеңіліс тапқанын сезінген Һарун қоғамдық пікірді алдау үшін өзінің Пайғамбар (с.ғ.с) әулетімен туыстық қатынасын құрал ретінде пайдалануды жөн көреді. Сондықтан ол бір күні Медине қаласына келіп, құрайыш және тағы басқа тайпалар болған көпшіліктің ортасынан пайғамбардың (с.ғ.с) аспандық кесенесіне қарай жол тартып, ол хазіретке: "Уа, пайғамбар, немере аға! Сізге Алланың сәлемі болсын!",- дейді. Сол кезде халықтың арасында болған жетінші имам Һарунға назар аудармастан, аспанға қаратып, бар даусымен: "Уа, Алланың елшісі, ұлы бабам! Саған Алланың сәлемі болсын!",- дейді. Мұндай әрекетті күтпеген Һарун бұл жолы қатты ашуланып: "Әлидің баласы бола тұра, пайғамбардың ұрпағымын деп айтуға қалай батылыңыз барады. Адамның тегі анасы арқылы емес, атасы арқылы тарайды»,- деп наразылық білдіреді.

Имам Казем (ғ.с) кідірместен келесі аятты айтады: "Және оған Ысхақ, Яқұпты беріп, барлығын тура жолға салдық. Бұрын Нұхты (Ғ.С.) да тура жолға салып, оның ұрпақтарынан Дәуіт, Сүлеймен, Әйюб, Юсып, Мұса және Һарұнға (Ғ.С.) да (тура жол көрсеттік). Игілік істеушілерге осындай сыйлық береміз. Және Зәкерия, Яхия, Ғиса және Ілияс барлығы жақсылардан. (Әнғам сүресі, 84-85 аяттар). Содан кейін: "Бұл аятта Иса әкесі болмай, тек анасы Мәриам тарапынан пайғамбарлар әулетінен тараған ұрпақ болып есептелген жағдайда ұлы пайғамбарлардың ұрпағы ретінде аталған. Сондықтан осы аятқа сәйкес, қыздан тараған перзенттер де ұрпақ саналады. Біз де апамыз Фатима (ғ.с) арқылы пайғамбардың ұрпағы саналамыз",- деп жауап береді. Барлық тұрғыдан өзін шарасыз сезінген Һарун сырттай үнсіз қалады. Бірақ кейін тағы бір мүмкіндік туғанда жетінші имамнан "Неліктен сіздерді Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағы деп атайды?",- деп сұрайды. Ол хазірет: "Егер пайғамбар қайта тіріліп, сенің қызыңа құда түссе, қызыңның оған тұрмысқа шығуына рұқсат бересің бе?",- деп сұрайды. Өзін қорғау үшін қолайлы мүмкіндік туды деп ойлаған Һарун: "Келісім беріп қана қоймай, бүкіл араб пен арабтан басқа халықтардың алдында бұл отбасылық одақты мақтан тұтатын боламын",- деп жауап береді. Ал имам Һарунның пікіріне қайшы жауап береді: "Бірақ пайғамбар менің қызыма құда түспейді. Мен де қызыма оған тұрмысқа шығуға рұқсат бермеймін". Һарун қатты таңырқаған күйде: "Неге?",- деп сұрағанда, хазірет: "Себебі, мен пайғамбардың ұрпағымын. Сондықтан бұл неке харам саналады. Ал сен болсаң, пайғамбардың ұрпағы емессің",- дейді. Шатасқан Һарун амалсыздан имамның сөзін растауға мәжбүр болады. Алайда жараланған жылан секілді оралып, шырмалып, үнемі ол хазіреттен кек алуды ғана ойлап жүреді.

Һарун өзінің үсті-үстіне жалғасқан жеңілістерінің орнын сыйақылар мен ақшаға сатылған ақын-жазушылардың мақтау, мадақтарымен толтыруға тырысты. Олар да бір-бірімен бәсекеге түсіп, кейде Һарунды илаһи ер ретінде мадақтаса, кейде оны пайғамбардың қасиеттерімен сипаттады. Тіпті, бір ақын оны Исламның Ұлық пайғамбарынан (с.ғ.с) кейінгі пайғамбар деп атады. Мадаққа қатты қуанған Һарун сол ақынға ерекше сый берген.

Әрдайым ислам әлеміне төніп тұратын қауіптердің бірі екіжүзділік саналады. Екіжүзділік деп билік басында отырып, өздерін діндар әрі мұсылман етіп көрсетіп, алайда іс жүзінде исламдық, адамгершілік және ахлақтық принциптер, құндылықтар мен армандарға берік болмауды атайды. Олар ислам үмбетінің дұшпандарына достық қолын созып, өз биліктерін нығайтып, мүдделерін сақтап қалу үшін қылмысқа барудан бас тартпайды. Аббаси әулеті, атап айтқанда Һарун ар-Рашид дәл осындай адамдардың қатарында болды. Олардың барлық әрекеттерінен екіжүзділік көрініп тұрды. Бір жағынан Һарун жетінші имам (ғ.с) мен оның адал серіктерінің әрекеттерін өз жалдамалылары арқылы бақылап отырса, басқа жағынан қоғам оны пайғамбар әулетінің жағында деп санауы үшін имамның өміріне жасалған қастандыққа қатысты екіжүзді қатынас көрсетті. Басқаша айтқанда, сырттай сол хазіретпен туыстығы жайлы сөз айтып, кейде имамды ұлықтағанымен іштей мүлдем керісінше болды.

Һарунның жасаған қулықтарының біріне оның қажылық рәсіміне қатысып, соңында Мединеде Пайғамбардың (с.ғ.с) кесенесіне баруы жатады. Ол Пайғамбардың (с.ғ.с) кесенесіне кіргеннен кейін хазіретке: "Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с)! Мен сізден Мұса ибн Джафардың (ғ.с) ұлын тұтқындағаным үшін кешірім сұрауға келдім. Себебі, ол ислам әлемінің бірлігін бұзып, олардың арасында соғыс тудырып, мұсылмандардың қанын төгуге себеп болатын жікшілдікті көздеп отыр",- дейді.

Жоғарыда айтылғандй бұл сөздерден екіжүзділікті байқауға болады. Себебі, Һарун ислам әлемінің бірлігі, қауіпсіздік пен бейбітшіліктің жақтасы, Құдай тарапынан таңдалған имамды, әрі илаһи және ахлақтық қасиеттердің көрінісі саналатын адамды жікшілдік, тынышсыздық пен қантөгісті қолдаушы ретінде көрсеткісі келді. Алла елшісінің (с.ғ.с): "Мен мүміндер мен күпірліктен аулақ адамдарға қатысты ислам үмбетінің болашағы үшін алаңдамаймын. Себебі, Құдай мүмінді оның иманы үшін сақтап, мүшрікті оның бас тартқаны үшін кемсітеді. Бірақ, сырттай жақсы көрініп, іштей екіжүзді мұнафықтар, үшін қатты қорқамын. Олар сөзге шешен келеді, көңілден шығатын жағымды сөздер айтқанымен іс- әрекеттері жөнсіз",- деп бекер айтпаған (Нахдж ул-Бәлағе, 27-құтпа).

Ия, егер жетінші имам (ғ.с) мүшріктер және күпірліктен аулақ адамдармен бетпе-бет келгенде олармен күресу жеңіл болар еді. Өйткені, мүміндер үшін олардың болмысы анық еді. Алайда Һарун секілді мұнафық билеушімен шайқасу оңай іс болмады. Ол сырттай діндар болып көрініп, қоғамдық пікірді алдағанынан бөлек, Аббаси әулетін пайғамбармен туыс деп атап, мансап пен билікке қол жеткізді. Бұған қарамастан, имам Аббаси әулеті жүйесімен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдаланып, оның болмысын әшкерелеуге таплыныс жасады.

Жетінші имам Һарунның сарайына ықпал орнатып, мұсылмандардың қазынасын мақұрымдар мен қаналған халықтың пайдасына жұмсау мақсатында Әли ибн Яқтин атты өзінің адал серігін мемлекеттік басқару жүйесіне қызметке тағайындауға келісім береді. Бірақ, оған мұқтаж жандардың қиындықтарын шешуде әсерлі қадамдар жасап, оларға құрмет пен сыйластық таныту туралы шарт қояды. Имам (ғ.с) оған: "Адамды шаттықа бөлеген адам ең алдымен Құдайдың разылығына бөленіп, сосын оның пайғамбарын қуантып, содан кейін бізді, яғни Аһле бейтті қуанышқа бөлейтінін біл",- дейді. Осылайша Әли ибн Яқтин Һарунның сарайында қызмет етіп жатқанына алаңдап, имамға келіп, хазіреттен оның қызметтен босату туралы өтінішіне келісім беруді сұрайды. Хазірет оған қарсылық білдіріп: "Ұлы Алла Тағаланың озбыр әрі қанаушы үкіметтерде солар арқылы достарына қолдау көрсетіп, қорғап отыратын адамдары бар. Сен сондай адамдардың қатарындасың",- дейді.

Һарунның сарайында мансапқа ие болған Сафуан Джамали атты адам жетінші имамға (ғ.с) тәнті болған. Ол түйелерін қажылық рәсімін орындау үшін Һарун Аббасиге жалға берген еді. Хазірет осы жайттан хабардар болған кезде Сафуанды шақыртып, бұл әрекетке наразылық білдірген. Сонда Сафуан имамға: "Уа, пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағы! Мен Һарунға түйелерімді заңсыз іс үшін жалға бермедім ғой",- дегенде хазірет: "Һарунның қажылық сапарынан қайтып келіп, сенің түйелеріңнің жалақысын бергенін қалайсың ба?",- деп сұрайды. Сонда ол: "Ия, солай болғанын қалаймын",- дейді. Сол кезде хазірет: "Ол қажылықтан қайтып келгенше Һарун Аббасидің билігі жүретін жерде жасалған барлық езгісі мен зұлымдықтарында сенің де үлесің болады",- дейді. Сафуан жетінші имамның (ғ.с) бұл сөзін естігеннен кейін бірден Һарунның жанына барып, онымен жасаған келісімнің күшін жояды.

Қымбатты оқырмандар, осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Келесі бағдарламаға дейін сау-саламат болыңыздар!

Тегтер