Иранның танымал тұлғалары (164)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның танымал суретшісі Камаледдин Бехзад Сұлтанимен көбірек таныстырамыз.
Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! "Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгін сіздермен бірге Үлкен Хорасанға аттанып, Тимурилер заманындағы Гератқа сапар шегіп, х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырда өмір сүрген Иранның кескіндеме өнеріндегі Герат мектебінің негізін қалаған ирандық танымал суретшісі Камаледдин Бехзад Сұлтанимен таныстырамыз. Камаледдин Бехзад Сұлтани өте танымал жаңашыл суретші болған. Оның тәсілі Иранның кескіндеме саласына жаңа жол ашты. Оның ирандық кескіндеме саласындағы жетістіктері ұзақ жылдар бойы Иран, Үндістан, Түркия мен Орта Азия өнерпаздарының назарында болды. Бағдарлама көңілдеріңізден шығады деп үміттенеміз. Бізбен бірге болыңыздар!
Камаледдин Бехзад Сұлтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жылы) Герат қаласында жабық базардың жанында дүниеге келген. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі осы әйгілі ирандық суретшіні Сұлтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал херавилік суретші Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Бехзад ата-анасынан ерте айрылған. Оның туысы болуы ықтимал Рухолла Мирәк өз қамқорлығына алған деседі. Қажы Мирәк сол заманда кескіндеме мен кітап әрлеу саласында теңдессіз саналып, ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне жазуға өте шебер болған.
Камаледдин Бехзад жастық шағынан бастап кескіндеме өнерінде танымал болып, Сұлтан Хосейн Байқара мен оның өнерсүйгіш дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидың қолдауына ие болып, Кескіндеме үйі мен патша кітапханасын басқаруға тағайындалды. Шах Исмаил Сефеви Гератты басып алғаннан кейін ұстаз Бехзад пен осы қаладағы бірқатар өнерпазды өзімен бірге Табризге алып кетіп, патша кітапханасын басқаруды оған тапсырған. Камаледдин Бехзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбіреулер мазарын Табризде деп білсе, басқа біреулер Гераттағы Мұхтар тауының жанында орналасқан құлпытасты қабірі санайды.
Көп суреттер Камаледдин Бехзадқа телінеді. Алайда зерттеушілердің сенімінше, осы туындылардың арасында тек 32 суретті ғана оның шынайы туындысы санауға болады. Бұлар суретшінің 10 жыл бойғы еңбегінің жемісі. Барлық мамандар Каир кітапханасындағы Сағдидің "Бустан" кітабының бір нұсқасындағы 6 суретті Бехзадтың ең маңызды туындыларының қатарында санайды. Бұл нұсқадағы суреттердің төртеуінде ғана Бехзадтың қолы бар. Ұлыбритания кітапханасында сақталған Низамидің "Хамса" кітабының екі нұсқасынан Бехзадтың 18 суретін көруге болады.
Бехзадтың танымалдығына байланысты ғасырлар бойы көптеген адамдар оның еңбектеріне еліктеп, оның есімін көптеген картиналарға жазып отырған. Сол себепті оның төл туындыларын анықтау қиынға соқты. Бұған қатысты зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер әсіресе 1931 жылы Лондонда Иранның өнер көрмесі өткеннен кейін белгілі бір деңгейде нәтиже берді. Оның еңбектеріне қатысты мәліметтерге сәйкес, Сағдидің "Бустан" кітабының бір нұсқасында оның өз қолымен жазылған қолтаңбасы бар. Ол қазір Каирдың ұлттық кітапханасында сақталуда.
Бехзадқа телінетін картиналардан басқа бір сенімді қолтаңба да байқалады. Ол картинаның стиліне қатысты. Әрлеу нақыштарының шынайы сахналармен теңдессіз қосындысы оның төл еңбектерін басқалардан айырудың нақты тәсілі бола алады. Сарапшылардың ойынша, кітаптар мен Бехзадтың атымен берілген сансыз картиналарда пікір қайшылығы бар. Алайда қалай болғанда да, бұл еңбектер ұстаздың өз туындысы болмаса да, оның мектебіне тиесілі. Бехзадтың суреттері байқалатын кейбір кітаптарға Әмір Әлішер Науаидың х.қ.ж.с.б. 890 жылғы "Хамса" еңбегі (Будлиан кітапханасы), х.қ.ж.с.б. 891 жылғы "Гүлстан" еңбегі (Париж Рочильд топтамасының бір бөлігі), Низамидің х.қ.ж.с.б. 846 жылғы "Хамса" еңбегі (Ұлыбритания мұражайы) және басқа еңбектер жатады.
Бехзад Герат мектебінен тәлім алған. Бірақ ол қалыптарды құрау, түстер мен симметрияны үйлестірудегі ғажайып қабілетімен Иранның кескіндеме өнерінде маңызды өзгерістің орын алуына септігін тигізді. Ол мықты динамикалық қалып тудыратын сызықтардың көмегімен өзіне дейінгі бірыңғай әрі жансыз суреттерге жан бітірді.
Бехзад табиғат пен сәулет өнерін адамдардың амал-әрекеті алаңына айналдырып, осы ортада әрбір мүсін үшін қолайлы орынды назарға алған. Ол түстердің бір-біріне әсерін назарға алып, суреттің әртүрлі бөліктерін бір-біріне қатыстырған. Бехзад өз туындыларының құрылымында геометриялық ережелерді пайдаланған. Бұл оның туындыларының құрылымын күшейтуге септігін тигізді. Ол осы тәсілі арқылы халық, заттар мен кеңістік арасында қисынды әрі әсерлі қатынас тудырды. Бехзадтың бұл ісі ирандық кескіндеме өнерінде жаңа жетістік саналады.
Бехзадтың өз туындыларында қолданған тәсілдерінің бірі қозғалмалы заттардың фонындағы бос кеңістіктерді пайдалануы болды. Оның суреттеріндегі заттар мен фигуралардың қалпы шынайы ғана емес, өте өміршең әрі серпінді сипатқа ие. Бехзадтың суреттері көрерменнің көзін жасырын әсемдікті табуға ынталандырып, еріксіз қозғалысқа түсіреді.
Бехзадтың туындылары баяндама сипатқа ие. Онда адам қасиеттерінінің әралуан, нәзік әрі таңғажайып қалыптары көрініс тапқан. Кейбір мамандар Бехзад Иранның кескіндеме өнеріне натуралистік табиғи ерекшеліктер әкелді деп санайды. Бехзад өз туындыларында қою және ашық түстерді көбірек қолданған. Ол бұл тәсілді өз заманындағы суретшілерден әсерлі әрі жүйелірек пайдаланған.
Тарихи оқиғалар мен дастандарға реалистік түсініктеме беру, шынайы өмірдің көріністеріне көңіл бөлу – Бехзадтың жаңашылдығының келесі бір қыры. Ол халықтың тыныс-тіршілігі, еңбегі мен қоршаған ортасын бейнелеуде байқағыштық пен зеректік танытты. Мысалы, жұмысты бөліп алған жұмысшылар сарай салып жатыр. Олардың ортасынан науа тасушы қара нәсілді бір адам көрінеді. Басқа туындылардан салтанатты жиынға дайындалып жатқан қызметкерлерді, қожайынның аяғын кептіру үшін қолына орамал ұстап тұрған нөкерді көруге болады.
Бехзадтың реалистік көзқарасын оның туындыларын оған дейінгі суретшілердің еңбектерінен айыратын негізгі фактор санауға болады. Бұл шынайылық патша сарайына қатысты суреттерден ғана емес, қарапайым халықтың күнделікті өмірін, мысалы биелердің құлындарын емізуін, басқа біреудің иелігіне қол сұққан адамды жазалауд, тамақ әкеле жатқан қызметшілер мен егіс алқабында жұмыс істеп жатқан ауыл тұрғындарын көрсетуден байқалады. Бехзадтың реалистік көзқарасынан туындаған еңбектерінің тағы бір ерекшелігі – адамдардың келбеті. Бехзадтың суреттерінде адам қуыршақ сияқты бір қалыпта салынбаған: әрбір бет белгілі бір тұлғаны көрсетеді, одан өмір мен қозғалыс байқалады. Бехзадтың суреттерінде демалып жатқан адамдардың да табиғи қалпы мен күйі сақталған. Алайда Бехзадтың туындыларындағы басты ерекшелік мынада: ол байқағыштық пен нақтылығына қарамастан ешқашан дастанның мазмұнындағы рухани жолдауды қарапайым оқиғаларды баяндаудың құрбанына айналдырмаған. Сонымен қатар ол шынайы өмірді бейнелеу үшін ирандық кескіндеме өнерінің эстетикалық принциптеріне негізделген тәсілді таңдаған. Осы тұрғыдан оның реализмінің еуропалық натурализмнен болмыс-бітім бойынша қатты айырмашылығы бар.
Бехзадтың суреттерінде сезім мен ой шебер үйлесім тауып, тепе-теңдікке келтірілген. Бехзадтың адамға айрықша көзқарасы түстер мен сызықтарды қолдану тәсілімен бірге жалпы оның туындыларының құрылымын теңдессіз етті. Бехзад құрастыру, түстердің гармониясын тудыру, суреттердің симметриясын жасаудағы айрықша қабілетіне байланысты ирандық кескіндеме өнерінің тәсілдеріне түбегейлі өзгеріс енгізді.
Бехзадтың туындыларында бояу маңызды рөл атқарады. Әртүрлі түстерді пайдалану тәсілі Бехзадтың бояуларға терең сезіммен қарайтынын көрсетеді. Бұл суреттерден Бехзадтың «салқын» түстердің, яғни жасыл мен көктің әртүрлі вариацияларына көбірек қызыққанын көруге болады. Алайда барлық жерде олардың жанына «жылы» түстерді, әсіресе қызғылт-сары түсті қою арқылы тепе-теңдік тудырып отырған. Суреттің әрбір бөлігінің жалпы мазмұнға сәйкес келуі таңданыс тудырады. Гүлденген бұталар, әрленген қыш тақташалар мен кілемдердің суреттері Бехзадтың жасампаздығы мен талғампаздығын көрсетеді.
Ардақты ағайын, осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.