Жел 20, 2018 22:28 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (165)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның танымал суретшісі Камаледдин Бехзад Сұлтанимен көбіректаныстырамыз.

Камаледдин Бехзад Сұлтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жылы) Герат қаласында жабық базардың жанында дүниеге келген. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі осы әйгілі ирандық суретшіні Сұлтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал херавилік суретші Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Бехзад ата-анасынан ерте айрылған. Туыстарының бірі болуы ықтимал Рухолла Мирәк оны өз қамқорлығына алған деседі. Қажы Мирәк сол заманда кескіндеме, кітап әрлеу және каллиграфия саласында теңдессіз саналып, ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне жазуда өте шебер болған.

Камаледдин Бехзад жастайынан кескіндеме өнерінде танымал болып, Сұлтан Хосейн Байқара мен оның өнерсүйгіш дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидің қолдауына ие болып, Кескіндеме үйі мен патша кітапханасын басқаруға тағайындалған. Шах Исмаил Сафеви Гератты басып алғаннан кейін ұстаз Бехзад пен бұл қаладағы бірқатар өнерпазды өзімен бірге Табризге алып кетіп, патша кітапханасын басқаруды соған тапсырған. Камаледдин Бехзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбіреулер оның мазарын Табризде деп санаса, басқа біреулер Мұхтар тауының жанында орналасқан құлпытасты назарға алып, оның мазарын Гератта деп санайды.

Мұхтар тауының жанындағы Камаледдин Бехзадтың құлпытасы

Иранның кескіндеме өнері әртүрлі кезеңдерді бастан өткерді. Осы өнердің Ирандағы ең маңызды кезеңдерінің бірі Тимурилер дәуірімен байланысты. Герат мектебі – Тимурилер заманынан, соның ішінде  Шахрухтың билік құрған кезінен басталып, Сұлтан Хосейн Байқараның кезінде дами түскен ирандық кескіндеме өнерінің кезеңі. Алайда 1507 жылы өзбектер шабуыл жасағаннан кейін бұл кескіндеме мектебінің дамуы тоқтап, шах Тахмасп Сефевидің кезімен аяқталды. Осы мектептің танымал тұлғасы – Камаледдин Бехзад. Ол бұл мектептің дамуына септігін тигізіп қана қойған жоқ, өзінен кейінгі суретшілерге айтарлықтай әсер етті.

Герат мектебінің пайда болуы Ақсақ Темір билігінің күшейген кезеңіне сәйкес келеді. Ақсақ Темір мен орынбасарлары басқарған замандағы саяси-экономикалық жағдай осы мектептің пайда болуына мүмкіндік тудырды. Ақсақ Темірдің  басқа елдерге шабуыл жасап, территориясын кеңейту барысындағы жеңістері кезінде қолға түскен олжа көп болды. Ел аумағын кеңейту Ақсақ Темірдің байлығын арттырумен қоса, басқа да артықшылықтарға ие болды. Оның бірі өнерпаздардың қоныс аударуы болды. Басып алынған жерлердегі өнерпаздар мен шеберлерді Ақсақ Темір кезінде Мәуереннахрдың астанасы болған Самарқандқа әкелді. Өнерпаздар мен шеберлердің қоныс аударуы Ақсақ Темірдің ұлы Шахрухтың кезінде де жалғасты. Табризді басып алғаннан кейін өнерпаздардың көбі Гератқа көшірілді. Бұл іс Шахрух Шираз қаласын басып алғаннан кейін де жалғасын тапты.

Суретшілер Герат мектебін екі буынға бөлді: бірінші буын Шахрух Тимуримен замандас болған; екінші буын Сұлтан Хосейн Байқараның билігі кезінде өмір сүрген. Бірінші буын Байсұңқардың "Шахнамасы" деген теңдессіз туындымен Иранның кескіндеме тарихында жарқырай көрінді. Екінші буын Камаледдин Бехзад пен оның замандастарының еңбек етіп, осы мектепке түбегейлі өзгеріс енгізуімен тарихта мәңгі қалды. Моулана Халил Мұсаввар, Мирәк Херави, Ғасемәли Чехрегоша, Аға Мирәк пен Камаледдин Бехзад Герат мектебінің танымал өкілдері саналады.

Герат мектебінің суретшілері: оң жақтан "Ескендір бір қонақасыда", белгісіз өнерпаз, сол жақтан "Дәруіштің биі" Камаледдин Бехзадқа телінеді

Бұл заманда кескіндеме өнерінің қарқындай дамуына себеп болған маңызды фактор "Патша кітапханасы" деген ұйым болды. Бұл ұйым кітаптарды түптеу және әрлеумен айналысты. Оны кітапхана басшысы басқарды. Одан кейінгі екі адамның бірі сурет галереясы, екіншісі кітапханаға жауапты болды. Ұйымның ықпалды болғаны соншалықты, Тимурилер заманынан кейін де  жалғасын тауып, Сефевилер кезеңінде онда теңдессіз туындылар жасалды.

Зерттеушілер х.қ.ж.с.б. 833 жылы жазылған Байсұңқардың "Шахнамасын" Герат мектебінің бірінші буынының теңдессіз туындысы санайды. Бұл еңбек Шахрухтың бұйрығымен өз ұлы Байсұңқар үшін әрленген. Онда 21 сурет бар. Өкінішке орай, ол заманда суреттерге қолтаңба қою рәсімі болмаған. Бұл "Шахнамаға" сурет салғандардың есімдері уақыт өте келе ұмытылып кетті. Иранның кескіндеме өнерінің өткенімен салыстырғандағы осы туындының айқын ерекшелігі – ирандық суретші ұстаздардың қаламдарының жіңішкелігі мен әрбір суреттің нәзіктігі. Герат мектебінің бірінші буынынан қалған тағы бір туынды – Сағдидің "Бустаны". Онда 8 сурет бар. Бұл кітаптың барлық суреті Халил Мұсавварға тиесілі саналады. Тимурилік билеушілердің кескіндеме өнеріне көңіл бөлуі және сопылық еңбектер мен парсы поэзиясын суретпен әрлеу "мәдени үстемдік саясаты" аясында жасалды. Тимурилік билеушілермынадай өміршең мәселені жақсы түсінген: парсытілділер басқыншы қауымдарға қатысты бітіспес позицияға ие. Олар Иранда Шыңғысхан орынбасарларының мәдени тұрғыдан жұтылып, ирандық мәдениетті қабылдауына соқтырған моңғол дәуірін бастарынан өткерген. Осы тарихқа сүйене отырып, Тимурилік билеушілер Иранның бай мәдени мұрасымен танысуды алдын ала қолға алды. Тимурилік билеушілердің саясаты басып алған елдің мәдениетімен танысу арқылы өздерін басқыншы күш емес, сол жердің жергілікті тұрғыны етіп көрсету болды. 

Ләйлі мен Мәжнүн медреседе. Низами "Хамсасының" бір парағы. Х.қ.ж.с.б. 835 жыл, Герат мектебі

Бұл заман мен басқа кезеңдерде поэзия мен кескіндеменің астасып кетуіне септігін тигізген ең маңызды фактор "топтама жасау" болды. Топтама немесе "жонгсази" – парсы поэзиясындағы таңдамалы жазбалар жинағы. Онда суреттер өлеңдермен қатар жүретін. Бұл топтамалар тимурилік ханзадаларды парсы әдебиеті және мәдениетімен таныстыру үшін жасалды. Бұл іс ирандық кескіндеменің сопылық туындылар мен әдеби пайымдардан шабыт алуына себеп болды. Өлең мен бейнелеу өнерінің байланысы "насталиқ" деп аталатын жазу түрінің ойлап табылуымен басталды. Каллиграфтар "насх" пен "сұлс" жазулары өлең кітаптарындағы сопылық сарынмен үйлеспейді деген нәтижеге жеткен болатын. Осы ойға сүйеніп, Мир Әли Табризи "насталиқ" жазуының негізін қалады. Бұл туындылардағы ойлардың  суретшілерге әсері айқын байқалады. 8 ғасырдың аяғында ғазалдан әсер алмаған суретші кемде-кем. Бірінші буын суретшілерінің ерекшеліктері – ірі келбеттер мен қарапайым құрылым. Мысалы, Байсұңқардың "Шахнамасындағы" 21 сурет өз түрінде теңдессіз болғанымен оларда Герат мектебінің екінші буынының туындыларына тән күрделі құрылым, нақтылық пен ұсақ бөлшектер жоқ. Герат мектебінің бірінші және екінші буындарының айырмашылығындағы маңызды жайт мынада: бірінші буынның суреттерінен, әсіресе адамның бет-әлпетін салудан моңғолдық Илханилер заманында шарықтау шегіне жеткен  қытайлық кескіндеменің әсері әлі де байқалады. Екінші буында бет-әлпет көп жағдайда моңғолдардың ережелерінен шығып, жергілікті сипатқа ие болды. Ирандық кескіндеме өнерінің моңғолдық келбеттен жергілікті түрге ауысу үдерісінің Камаледдин Бехзадқа қарыздар екені күмәнсіз.