Қаң 09, 2019 18:43 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (60)

Армысыздар, құрметті оқырмандар! Алладан сіздерге амандық, табыс пен бақытты нәсіп етуін тілейміз. Топтамамыздың бүгінге бөлімінде имам Джавадтың (ғ.с) өмірлік жолын баяндаймыз.

Барлық илаһи жетекшілер принциптік және ақылға қонымды саясат ұстану арқылы өз мақсаттарын жүзеге асыруға талпыныс жасаған. Кейде саяси ұстаныммен, кейде әлеуметтік әдіс-тәсілдерді пайдаланып, басқа кездері үлемдер және ойшылдармен пікірсайыс пен сұхбаттар өткізу арқылы қоғамда ағартушылықпен айналысып, бәрінен бұрын мәдени салада көп еңбек сіңірді. Сол мақсатта сындарлы әрі жігерлендіруші ақыл-кеңестерін қысқа сөздермен түсіндіріп, құтпалар айтқан. Имам Джавад (ғ.с) та басқа ислам әлемінің жетекшілері секілді дәл осы негізгі саясатқа бағынып, құнды ақыл-кеңес беріп, мұсылмандарға дұрыс бағыт көрсеткен. Бағдарламаның жалғасында осындай кеңестердің бір бөлігін қарастырамыз.

Хазірет Джавад (ғ.с) сөздің адамның рухы мен жанына қаншалықты әсер ететінін көрсету үшін: "Сөйлеп тұрған адамның сөзіне құлақ салған адам оған табынғанмен тең. Егер ол Құдайдың сөзін айтса, яғни Құдайды мадақтап, оған табынғаны. Ал егер Ібілістің сөзін сөйлесе, Ібіліске табынғанмен тең",- деп айтқан.

Ақпарат құралдары билік ететін қазіргі заманда осы маңызды кеңеске бұрынғыдан бетер құлақ асқан жөн. Себебі, осы БАҚ-тың басым бөлігі қоғамдық пікірді илаһи тура жолдан тайдырып, адастыруды ғана көздеп, дінге қарсы қозғалыстарға қолдау көрсетіп, олардың арам ойларын қоғамның санасына сіңіру үшін бар күштерін салатын қазіргі кездегі «шайтандардың» үнін жеткізетін құрал саналады. Сондықтан олардың құрған тұзағына түсіп, теріс жолға салынып кетпес үшін илаһи және адамгершілік құндылықтарды қорғау мақсатында қандай әдісті қолданған дұрыс? Хазірет осы мәселеге байланысты мынадай кеңес береді: "Иманы берік адам Құдай тарапынан берілетін бақытты, ақыл-кеңес беретін замандас пен оған кеңес беретін адамның насихатын қабылдауды қажет етеді.

Шайтанның азғыруы мен нәпсіқұмарлық пен алдамшы әрі тартымды сөздермен бетпе-бет келіп отырған заманда бізді дұрыс жолдан таюдан сақтап қалатын ең маңызды фактор, ол болмаса біздің бар талпынысымыз нәтиже бермейтін илаһи бақытқа кенелу саналады. Алайда, бұдан бөлек адам өзінің ішкі даусына жауап беріп, өзін кінәлап, жазғыратын ар-ұжданының үніне құлақ салып, илаһи рақымның арқасында теріс жолға түспеу үшін оның кеңестеріне шынайы көңіл бөлуі керек. Кейде адамға илаһи бақыт бұйырмай, жасаған күнәларына байланысты ар-ұжданының үнін естімей қалады. Осындай кезде егер оған жаны ашып, жақсылық тілейтін адам ақыл айтып, кеңес беретін  болса, сол кеңеске құлақ салып, оған ренжімей, керісінше айтылған ақылды саралап, шайтандық азғырулардың алдында жеңілмеу үшін ақылға қонымды жолды таңдағаны дұрыс.

Пәк имамдардың (ғ.с) бағыт көрсетуші әрі бағалы сөздеріне көз жүгіртетін болсақ, олардың кейде ешкімнің сөзін дәйек етпей, өз сөздерін айтып, ал исламның барлық шынайы жетекшілерінің жолдары мен салттарының бір бағытта екенін, олардың негізгі бағдарында ешқандай қайшылықтың жоқ екендігін көрсету керек болған жағдайда ақыл-кеңестерін өздеріне дейінгі имамдардың сөздеріне сілтеме жасап айтатын болғанын байқауға болады. Имам Джавад (ғ.с) хазірет Әлидің (ғ.с) сөзіне сүйеніп: "Құдайға сенген адамды Жаратушы шаттық пен бақытқа бөлеп, істерін табысқа жеткізеді. Құдайға сенім – иманды адамнан басқа ешкім паналай алмайтын берік қамал. Дін  – ғиззат, білім – асыл қазына, үнсіздік – нұр. Сопылықтың ақырғы шегі – тақуалық. Бедғат секілді ешнәрсе дінді бұза алмайды. Ұлы адамдар үшін ашкөздіктен жаман нәрсе жоқ. Әділ әрі тақуа билеушінің арқасында халық өркендейді. Басқалардың кемшілігін іздейтін адамның бойынан кінәрат табылады. Балағат айтқан адамға жауап қайтарылады, тақуалықтың көшетін отырғызған адам оның тәтті жемісін көргенде адамнан барлық бәле алыстайды. Сабыр сақтаған адам жеңіс майданына келіп, табысқа жетеді",- дейді.

Барлық адамдар қайғы-қасіреттен құтылып, тыныштық пен бақытқа кенелу үшін бар күштерін салады. Сонымен қатар олар соның арқасында сенімді түрде өмір сүріп, түрлі оқиғалардың кесірінен аман қалу үшін мықты тірек іздейді.

Имам Джавад (ғ.с) үш жайтқа байланысты берік шешім жолдарын баяндап: "Шаттық пен қуанышқа бөлейтін кеңістік құру үшін Құдайға сенім арту, тұрмыстық істерде бақуаттылық болу үшін Құдайға сенім арту, берік қамалды паналап, зиян мен кесірден аман қалу үшін Құдайға иман келтіру – ең игі әрі ең негізгі стратегия",- деген. Өмірімізде негізгі рөл атқаратын бұл жайттардың барлығын айтпағанда, барлық адамдар ғиззат пен ұлылыққа, сарқылмас қазынаға қол жеткізіп, нұрлы кеңістікте өмір сүріп, ауытқушылықтардан аулақ болып, теріс жолға түспеуді қалайды. Имам Джавад (ғ.с) осы арман-тілектерді жүзеге асыру үшін былай деген: "Ғиззатқа қол жеткізудің сыры діндарлық пен дінтануда; сарқылмас қазынаға кенелу үшін білім алып, нұрлы кеңістікке кіру үшін тыныштық пен үнсіздікке асық болу, ал ауытқушылықтар мен теріс жолдан аулақ болу үшін сопылық пен тақуалықты ұстану ең ізгі жол саналады". Содан кейін тоғызыншы имам (ғ.с) қатерлі әрі шынайы қауіп жайлы: "Бедғаттан артық дінді еш нәрсе бұза алмайды",- деп айтқан. Бедғат сырттай діни болып көрінгенімен, алайда Құран мен пәк имамдардың (ғ.с) іс-амалы және сөйлеген сөздері секілді ислам негіздері мен жазбаларында жоқ көзқарастар мен бағыттарды қалыптастыру саналады. Бұл қауіпті құбылыс ислам діні пайда болған кезеңнің басында мұнафеқин, хауаридж және т.с.с. ауытқыған қозғалыстардың қалыптасуымен пайда болып, ислам қоғамына ауыр соққы тигізген. Қазіргі заманда да бедғатшылар вахаббизм, баһаи, ДАИШ, тәкфирлік секілді жалған ағымдарды қалыптастырып, өздерінің толығымен ауытқыған көзқарастары және үрдістерімен ислам дінінің негіздеріне көп зиян келтіріп жатыр. Дәл осы мәселеге байланысты имам Джавад (ғ.с) былай деп айтқан: "Бедғатшылардың болуы дінді бұзуы мүмкін".

Тоғызыншы имам (ғ.с) келесі сындарлы насихатында кейбір ахлақтық құндылықтар мен құндылыққа қарсы ұғымдар мәселесін көтеріп, олардың әрқайсының оң және теріс тұстарын еске салып: "Басқалардың кемшіліктерін іздейтін немесе балағат сөз айтатын кез келген адамның бойынан басқалар кемшілік тауып, немесе оған балағат сөз айтылатын болады. Ал егер адам тақуалықтың көшетін отырғызып немесе сабыр сақтай алса, солардың тәтті жемісін жеп, жеңіске жетіп, дұрыс жолға нұсқалатын болады",- деп айтқан. Ол хазірет ұлы тұлғалар мен қоғам билеушілеріне бағыт көрсетуші кеңес беріп: "Ұлы тұлғалар үшін ашкөздіктен жаман нәрсе жоқ. Әділ, тақуа билеушінің арқасында ғана халықтың ісі алға басады",-деді.

Имам Джавад (ғ.с) осылайша қоғамның саналық және ғылыми бағыттарын анықтап, билік, байлық пен нәпсіқұмарлықпен келген Аббаси әулеті билеушілерінің біліксіздігін ашып көрсетіп, барлық заңбұзушылық, қанау, кемсіту мен діннен безу жайттарының осы билеушілерден бастау алатынын айтып: "Әділ әрі тақуа билеуші арқылы қоғам бейберекеттік пен бассыздықтан құтылып, оңалатын болады",- деді.

Ол хазіреттің заманында билік тізгінін қолына алған әділетсіз билеушілер өз биліктерін нығайтып, өздерінің заңсыз мүдделерін сақтаудан басқа ешнәрсені көздемеген. Мамун Аббаси мен оның бауыры Моатасем биліктеріне имам Джавадтың (ғ.с) зиян тигізетініне қатты алаңдайтын. Сол себепті жақыннан имамның барлық әрекетін бақылауда ұстап отыру үшін ол хазіретті Мединеден Бағдадқа шақыртады. Олар кейбір жағдайларда пікірсайыстар өткізіп, үлемдер мен данышпандарды шақыру арқылы имамды қатты құрметтейтінін көрсетуді қалайтын.

Аббаси әулеті халифтерінің саясаттары мен шектеу қоюына қарамастан, имам Джавад (ғ.с) өз ықпалын орнатып, орнын нығайту үшін екі негізгі әдісті қолданады: біріншіден, жетінші имамның (ғ.с) Әли ибн Яқтин атты өзінің ең жақын жолдастарының біріне сарайдағы жағдайдан хабардар болып, шиіттерге қызмет етуде еңбек ету мақсатында Һарун сарайында қалуға бұйрық бергені секілді өзінің кейбір жақтастарына мемлекеттік органның құрамына еніп, маңызды қызметтерге отыруға бұйрық береді. Тіпті, ол хазіреттің Нұһ ибн Дерадж атты серігі сот билігінің құрамына кіріп, Бағдад пен Куфа қалаларында қазы қызметіне қол жеткізді. Имам Джавадтың (ғ.с) келесі әрекеті мынадай болды: ол халықпен байланысын сақтап, революциялық әрекеттерден хабардар болып отыру үшін Аһваз, Систан, Рей, Құм, Басра, Куфа, Бағдад секілді қалалар мен облыстар мен басқа да маңызды орталықтарда өз өкілдерін тағайындады.

Мамуннан кейін билік басына келген Моатасем Аббаси имамның осындай әрекеттерінен хабардар болып, имам Джавадты (ғ.с) кез келген жолмен ығыстырып, өзінің сұрқия жоспарын жүзеге асыру үшін үнемі тосқауылдап жүрді. Сондықтан ол Мамунның қызы болған хазіреттің жұбайы Уммул Фазл арқылы тоғызыншы имамды шәһид етуге бел буды. Өкінішке орай, Уммул Фазл Моатасемнің сұм жоспарын жүзеге асыруға әзірлік танытып, х.қ.ж.с.б. 220 жылы зиқаде айында имам Джавад шамамен 25 жаста болғанда оған у қосылған ас беріп, хазіретті шәһид етеді.

Имам Мұса Казем (ғ.с) мен имам Джавадтың (ғ.с) Каземин қаласындағы кесенесі

 

Тегтер