Қаң 21, 2019 12:32 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (62)

Армысыздар құрметті оқырмандар, топтамамыздың бүгінгі бөлімінде имам Һадидің (ғ.с) шәһид болған оқиғасы жайлы баяндаймыз.

Қымбатты оқырман, бүгін имам Һади (ғ.с) өмірінің соңғы бөлігіне тоқталамыз. Өткен бағдарламада пәк имамдардың (ғ.с) теңдессіз ұлылығын баядайтын "Джамиа Кабира" (Ұлы Жинақ) зияратнамасын талдаған болатынбыз. Бұл зияратнама имам Һадиден (ғ.с) мұраға қалған асыл қазына әрі исламның шынайы жетекшілерінің теңдессіз тұлғалық қасиеттерін басқа замандағы бірде-бір адаммен, ешқандай сала мен аспект бойынша салыстыруға келмейтінін, өзектерін күндеушілік пен қаскөйлік өртеген халифатты басып алған басқыншылардың оларға төзе алмағанын, көздері тірісінде биліктің олардың алдында дәрменсіз екенін көрсетті.

Имам Һади (ғ.с) имаматтың басына келмес бұрын Мамун және оның бауыры Моатасем атты екі билеушімен бетпе-бет келіп, олардың шайтандық болмыстары және саясаттарымен толық таныс еді. Алайда имам Һади (ғ.с) үшін одан ауыр қиындық оның имам ретінде билік еткен кезеңінде туындады. Бұл жағдай Аббаси әулетінің төрт халифі басқарған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Билеушілер өздерінің саяси орындарын нығайту үшін адамгершілікке жатпайтын қатыгез әрекеттерден тайынбаған. Аббаси әулетінен шыққан барлық билеушілердің ішінен Мотаваккел Аббаси өзіне дейінгі халифтермен салыстырғанда көбірек Аһле бейтке өшпенділік пен жиіркеніш танытып, оның ашуы мен өшпенділігі өткен бағдарламада айтып кеткендей, ш.ж.с.б. 236 жылы шәһидтердің көшбасшысы Хосейн ибн Әлидің (ғ.с) кесенесін толығымен қиратып, ол жерді жермен-жексен етіп, хазіреттің басына зиярат ету үшін келетін адамдарды осындай мүмкіндіктен айыруға бұйрық бергенде өзінің шарықтау шегіне жетті. Алайда тарихи деректерге сәйкес, Аһле бейттің жақтастары  барлық қауіп-қатерге қарамастан имам Хосейннің (ғ.с) қираған кесенесінің мекеніне келіп, зиярат жасап тұрған.

Бір күні Мотаваккел оның бірде-бір қулығы халықтың Аһле бейтке деген сүйіспеншілігіне нұқсан келтіре алмағанына қатты ашуланып, өзінің сарайдағы қызметшілерінің біріне: "Халықтың ықыласына бөлену үшін қандай әрекет жасасақ та неліктен мақсатымызға жетпейміз, халықтың жүрегіндегі пайғамбардың әулетіне деген махаббатты қанша жойғымыз келсе де, еш нәтижеге жете алмаймыз?",- деп сұрайды? Сарай қызметкері қорқып, даусы дірілдеп: "Себебі, Аһле бейт жүректерге, сіз олардың денелеріне ғана билік орнатқансыз",- деп жауап қайтарады. Құран Кәрімде осы шындық былай жазылған: "Күдіксіз, иман келтіріп, түзу іс істегендерге Алла, сүйіспеншілік береді" (Мәриәм сүресі, 96-аят).

Мотаваккел халықты Аһле бейттен алыстату үшін жасаған бүкіл қулығына қарамастан, оларға деген сүйіспеншілік пен олардың ықпалының күн сайын арта түсетінін жақсы түсінді. Сондықтан имам Резаны (ғ.с) Мединеден Мервке жер аудартқан Мамун секілді және имам Джавадты (ғ.с) Бағдадқа жіберген Моатасем сияқты ол да имам Һадиді (ғ.с) Самарраға шақырды. Алайда ол да өзіне дейінгі басшылар секілді илаһи ерікке қарсы тұра алмайтынын, илаһи ерікпен бастау алатын имамға деген сүйіспеншілікке бөгет жасай алмайтынын ұмытқан еді. Сол себепті халықтың имамға деген ықыласы мен сүйіспеншілігі күн  сайын арта түскен. Сондай-ақ, тарихи деректерге сәйкес, тіпті кейде сарай қызметкерлері де Аһле бейтке ықылас танытқан. Билік басындағы бірнеше жоғары басшы да хазіретке құрмет пен сүйіспеншілік танытқан. Олардың арасынан Мотаваккелдің перзенттеріне дәріс берген атақты ақын, араб әдебиеттанушысы Ибн ас-Сиккитті атауға болады.

Бір күні Мотаваккел Аббаси Моатаз және Моайед атты екі перзентін тілге тиек етіп Ибн ас-Сиккиттен: "Менің екі перзентіме ықыласың бөлек пе, әлде Хасан мен Хусейнге ма?",- деп сұрайды. Өзінің пәк әрі адал сезімін жасыра алмайтынын сезген Ибн ас-Сиккит шынайы ықыласының өз өмірінен айрылумен аяқталатынына қарамастан: "Әли (ғ.с) мен оның перзенттері мен үшін сенің өзің мен перзенттеріңнен сүйікті әрі артық",- дейді. Мұндай кесімді жауапты күтпеген Мотаваккел жылан шаққандай, қатты ашуланып, Ибн ас-Сиккиттің тілін жұлып алуға бұйырады. Осылайша батыл әрі ізгі жан 58 жасында шәһид болады.

Имам Һадидің (ғ.с) халық арасындағы ықпалы мен беделінен қатты азап шеккен Мотаваккел үнемі кез келген сылтаумен ол хазіреттің тұлғасына нұқсан келтіруді көздеп жүрді. Сүниттік ағымның ұлы үлемі Ибн Джузи былай деп жазған: "Бір күні Мотаваккелге имам Һадидің (ғ.с) үйінде шиіттердің ол кісіге жіберген біршама қару-жарағы, хаттар мен қажет құрал-жабдықтардың бар екендігін және имамның қарулы күрес арқылы үкіметке қарсы шығуды көздеп отырғаны туралы хабарлайды. Дәл осындай мұрсатты күткен Мотаваккел бірден өзінің жалдамалыларына имам Һадидің (ғ.с) үйіне басып-кіріп, құжаттардың барлығын сарайға алып келуге бұйрық береді. Қызметшілер түн ішінде хазіреттің үйіне баса-көктеп кіріп, бірақ қанша іздесе де, ешнәрсе таппай, тек үстіне ішік киген күйде, кілемі жоқ тақыр жердің үстінде Құран оқып отырған хазіретті ғана көреді. Олар хазіретті Мотаваккелге алып келіп, оның үйінен ешнәрсе таппағанын, хазіреттің құбылаға қарап Жаратушымен сырласып отырғанын көргендерін айтқан.

Мотаваккел өзінің сәтсіздікке ұшырағанын сезіп, сонымен қатар имамның ұлылығы мен айбатына таңырқап, хазіретке құрмет көрсетіп, өзінің жанына отырғызып, біраз уақыттан соң ұялмастан қолындағы шарап құйылған шарапты хазіретке ұсынады. Имам Һади (ғ.с) еті мен қанының бұл харам құбылысқа үзілді-кесілді қарсы екенін айтады. Алайда қатты мас болған Мотаваккел хазіреттен өлең айтуды сұрайды. Хазірет: "Мен жатқа өлең білмеймін",- деп жауап береді. Сонда Мотаваккел имамды өлең айтуға мәжбүрлейді. Оныншы имам амалсыздан:

"Патшалар таулардың шыңындағы қамалдарда өмір сүрді, ал батырлар оларды қорғады. Алайда сол қамалдар мен бекіністер оларды өлім қаупінен құтқара алмады. Олар біраз уақыттан кейін қауіпсіз орындардан шығарылып, көрлерге түсірілді. Қандай жаман мекен еді!

Жер қойнауына кіргенде: "Салтанатты білезіктер, тәждер мен киімдер қайда? Олардың құрметіне перде ілген, еркелетіп, нығметте тәрбиеленген  жүздер қайда?,- деп айқайлағанда көрде оларға: "Енді олардың беттерін құрт басып, сол құрттар олардың бастарын жеу үшін таласып жатыр.

Олар ұзақ уақыт бойы бұл дүниеде ішіп, жеді. Бірақ, бүгін барлық нәрсені жегендердің өздері көрдегі құрт-құмырсқа үшін азық болады" дейді.

Имам Һадидің (ғ.с) жан түршіктірерлік өлеңі Мотаваккелдің рахатқа бөленген күйін бұзып, Аббаси сарайы қызметкерлерінің зәресін ұшырды. Мотаваккел көз жасын тыя алмай, шарап құйылған тостағанын лақтырып, жиында болған басқа адамдар зар илеп, жылай бастайды. Олар имамның осындай батылдықпен Мотаваккелдің жалған ұлылығының күлін көкке ұшыратынын көз алдарына елестете де алмаған еді. Мотаваккел имам Һадидің ақиқаты мен рухани ұлылығының алдында төмендеп, сырттай өз ісіне өкінгендей болып, хазіретты құрметпен үйіне қайтарады.

Ақыры Мотаваккелдің қорқынышты билік кезеңі аяқталып, ұлы Монтасердің жоспарымен бір топ әскери Мотаваккелді Фатһ ибн Хақан деген уәзірімен бірге шарап ішіп отырған кезде өлтіреді. Монтасер Мотаваккел өлген түннің ертеңінде билік тағына отырады. Ол әкесінің әдіс-тәсілі халықтың жүрегінде ашу мен жиіркеніштен басқа ешнәрсе тудырмағанын жақсы түсініп, басып-жаныштау, қанау, адам өлтіру мен тонаушылыққа толы кезеңдерден кейін бұл кеңістікті өзгертуге бел буады. Сондықтан әкесіне керісінше әрекетке көшіп, халыққа шәһидтердің көшбасшысы Хосейн ибн Әлидің (ғ.с) басына зиярат жасауға рұқсат береді. Ол, сондай-ақ, әлавилерді азаптау, қудалау және өлтіруді доғарып, оларға құрмет көрсетуге талпыныс жасайды. Алайда, оның билік кезеңі өте қысқа болып, жарты жылға да созылмай, х.ш.ж.с.б 248 жылы көз жұмды.

Монтасерден соң өзара туыс болған Аббаси әулетінің бірнеше адамы бірінен соң бірі билік тізгінін қолдарына алып, имам Һади (ғ.с) мен әләвилерге қысым жасау қайта күшейіп, олардың бірқатарын уландырып, біразын қастандық жасап өлтірді. Имам Һадидің (ғ.с) кезіндегі ең соңғы халиф Моатаз болды. Ол да Мотаваккел Аббаси секілді имамға қарсы қоршау және қауіп-қатерлердің шеңберін тарылтып, ақырында хазіретті шәһид етті. Осылайша Моатаз Аббаси имам Һадиді (ғ.с) ш.ж.с.б. 254 жылы ережеп айының үші күні уландырып, хазіреттің денесі қоршауда болған Самарра қаласындағы үйінде жерленді.

Қымбатты оқырмандар, осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Келесі кездескенше өздеріңізді бір Аллаға тапсырамыз.

 

 

 

Тегтер