Қаң 28, 2019 21:32 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (64)

Армысыздан құрметті оқырмандар, бүгінгі бөлімде сіздерді шиіттердің он бірінші имамы хазірет Хасан Аскаримен (ғ.с) таныстырамыз.

Исламның он бірінші жетекшісі х.қ.ж.с.б. 232 жылы өзінің пәк әулеті секілді ізгілік пен ұлылық ошағында Самарра қаласында дүниеге келген. Оның ұлы әкесі имам Һади (ғ.с), ардақты анасы Хадиса немесе Сусан атты тақуа әрі құрметті бану болған. Шиіттердің он бірінші имамы «Аскар» атты мекенде өмір сүргендіктен, "Аскари" деген лақаппен танымал болған. Хазіреттің ең танымал лақап аттарына «пәк» және «кіршіксіз» деген мағынаны білдіретін "Заки" және "Нақи" жатады. Ол әкесі имам Һади (ғ.с) мазлұмдықпен шәһид болғаннан кейін имамат басына келіп, адамзат баласының қоғамына жетекшілік ету деген қауіпті жауапкершілікті мойнына алған кезде жиырма екі жаста еді. Өкінішке орай, бұл имамның жетекшілік кезеңі өте қысқа болып, алты жылдан артық созылмады. Имам Хасан Аскари жиырма сегіз жасында х.қ.ж.с.б 260 жылы Аббаси әулетінен шыққан қылмыскер билеушінің Мұтамедтің қолынан мазлұмдықпен шәһид болды. Ең соңғы имам әрі ең соңғы ізбасар саналатын перзенті хазірет Ходжат ибн әл-Хасан әл-Мәһди (ғ.с) – он бірінші имамнан бізге қалған соңғы илаһи сый. Өмір сыйлап, үміттендіруші нұрға толы күн секілді хазірет Мәһди (ғ.с) илаһи ерікпен арамызға оралып, әлемде әділет пен заңдылық орнайтын кезге дейін жасырын өмір сүріп жүр.

"Әл-Фусул әл-моһимма" еңбегінің авторы, тоғызыншы ғасырда өмір сүрген сүннит мазһабының ізбасары Ибн Саббағ Малики имам Хасан Аскари (ғ.с) жайлы былай деп жазған: "Оның бойына ең үздік және игі қасиеттер дарыған; имам және билеушіге қажет барлық қасиеттерге ие; білім, сопылық, ақыл мен даналық, пәктік пен батылдық, ұлылық және адамды Құдайға жақындататын көптеген амал-әрекеттер тұрғысынан бәрінен басым болған. Өзінің ұлы әкесі оның имаматқа басшылық етуі жайлы ашық түрде немесе оның ізбасары жайлы тұспалдап айтқан қасиеттер имамның бойында қалыптасқан".

Шафии ағымын ұстанушы үлемдердің бірі Мұхаммад ибн Талха "مَطالِبُ السَؤول فی مَناقِب آلِ الرَّسول(ص" кітабында имам Аскаридің (ғ.с) тұлғасын сипаттап: "Құдайдың абырой мен мақтаныштың өзегі және ұлы әрі үздік болу құралын оған ғана ұсынғанын білгенің жөн. Құдай оған барлық көркем әрі ең игі қасиеттерді дарытып, оларды мәңгілік еткен. Сондықтан уақыт бұл қасиеттерді азайтып немесе жоя алмайды. Мәһди – оның ұрпағы, бауыр еті",- деп жазған.

Тек жақтастары ғана емес, сондай-ақ, дұшпандар да имам Аскаридің (ғ.с) әділдігін мадақтап, мақтаған. Тарихи деректерде тәкаппар, өзімшіл, Аһле бейттің дұшпаны болған адам деп сипатталған Мотаваккел Аббасидің уәзірі Ахмад ибн Абдолла имам Аскари жайлы: "Оның ғұлама ғалым, сопы, тақуа, ұлы, қарапайым, шарапатты, керемет адам болғаны соншалықты, барша халықтың, тіпті халифтер, уәзірлер мен билік басындағылардың жүректеріне жол тауып, ықпалға ие болған. Сол себепті имам олардың алдында ерекше құрмет пен ұлылық иесі саналған. Бір күні ерекше саяси бедел мен дәрежеге ие әкеме Ибн Резаның, яғни имам Аскаридің (ғ.с) келгені туралы хабар берді. Әкем ол кісіні қарсы алып, қолын сүйіп, құрметпен өзінің орнына отырғызып, өзі қарапайым адам секілді оған қарама-қарсы отырып, хазіретке сый-құрмет көрсетті. Ол хазірет кеткеннен кейін әкемнен: "Бұл кісі кім?",- деп сұрадым. Сонда әкем маған: "Әлемде бұл кісі ғана халифатқа билік етуге лайық. Ол ең жоғары адамгершілік қасиеттерге ие. Бір сөзбен айтқанда, ол кемілдікке жеткен адам. Ол кісінің әкесі де дәл осындай қасиеттермен ерекшеленген еді",- деді.

Осындай теңдессіз қасиеттердің қайнар көзі тек Құдайдың таңдаулы пенделері мен әулиелерге ғана берілетін илаһи рақым екені анық. Имам Аскари (ғ.с) пайғамбар (с.ғ.с) әулетінің жоғары орнын сипаттап, былай деген: "Біз пана сұрап келген адамды паналатып, біздің нұрымызбен өмір сүргісі келетін адамдар үшін жарық сәуле сыйлап, біздің берік жібімізді мықтап ұстаған адамдар үшін қол сұқпаушылық құқығын береміз. Бізді сүйген адам өте жоғары орынға ие болады, біздің жолдан ауытқыған адам тозаққа барады".

Қымбатты тыңдармандар, өткен бағдарламада айтып өткендей, имам және діни басшылық  тікелей илаһи бұйрықпен жетекшілер мен таңдаулы пенделерге берілген құрметті міндет саналады. Сол себепті исламның шынайы жетекшілері барлық шектеулер, қысымдар мен қоқан-лоққыларға қарамастан ислам үмбетін Исламның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) имамат пен халифатқа билік ету бағытынан ауытқып кетпеуі үшін он екі имамды таныстырумен қоса, өз замандарындағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың талабына сай өзінен кейінгі имамды таныстырып кетуге міндетті болған. Басқа сөзбен айтқанда, кейде оларды ашық түрде таныстырса, басқа кездері саяси кеңістікке байланысты имамды жасырын түрде, қауіпсіздік шараларын сақтап таныстырған. Имам Аскаридің (ғ.с) имаматқа басшылық етуіне байланысты да имам Һади (ғ.с) дәл осындай саяси бағдар ұстанды. Бағдарламаның жалғасында сол саяси бағдарды қамтитын бірнеше мысалды назарларыңызға ұсынамыз.

Ұлы әрі сенімді шиіт рауаятшылардың бірі әрі Исламның шынайы жетекшілерінің жақын серіктерінің бірі Абу Һашем Джафари былай деген: "Имам Һадиге (ғ.с) келдім. Хазірет: "Менің ізбасарым – менің ұлым Хасан. Менің де ізбасарым саналатын Оның өкіліне қандай қатынас көрсетесіз?",- деп сұрады. Сонда мен: "Неліктен былай сұрап жатырсыз?",- дедім. Сонда имам: "Себебі, ол жасырын өмір сүреді. Пайғамбармен аттас болғандықтан оның есімін атауға болмайды",- деп жауап берді. Сосын мен: "Онда ол кісіні қалай атаймыз?",- деп сұрағанымда хазірет: "Мұхаммад (с.ғ.с) әулетінің дәлелі" деп атаңдар".

Имам Һадидің (ғ.с) жақын серіктерінің бірі Сақр ибн Аби Дулаф хазіреттің сөзін келтіріп, былай деді: "Менен кейінгі имам – менің ұлым Хасан, одан кейін оның ұлы имам болады. Міне, дәл сол адам езгі мен қанауға толы жер бетінде толық әділет пен бейбітшілік орнатады".

Абубакр ибн Фаһфаки: "Имам Абулхасан Һади (ғ.с) маған былай деп жазды: "Менің ұлым Хасан –Пайғамбар әулетінің ішінде жаратылысы бойынша ең дұрыс адам; ақыл мен қисын тұрғысынан олардың ішіндегі ең мықты тұлға. Ол – менің тұңғыш перзентім, ізбасарым. Біздің, яғни имамдар мен билеушілердің тізбегі менің ұлым және оның перзентімен аяқталады. Менен кейін менен сұраған нәрсенің бәрін одан сұра. Қалаған нәрсенің барлығын оның жанынан табасың. Сондықтан білмеген немесе менен сұраған нәрселерді одан сұра. Бізден қажет еткеннің барлығын оның жанынан табасың",- дейді.

Пәктік пен ізгіліктің үлгілерінің имаматқа басшылық еткен кезеңдерінің қатыгез билік негіздерін нығайтып, мүдделерін сақтау үшін кез келген қылмысқа баруға дайын болған адамдардың билігімен тұспа-тұс келгені өте өкінішті. Имам Һадидің (ғ.с) заманы да бұл жайттан тыс қалмады. Ол хазірет Мұтаз, Маһди және Моатасем деген Аббаси әулетінің өзімшіл халифтерімен замандас болды. Мұтаздың билігі кезінде Ходжазда көтеріліске шыққан Алави және пайғамбар (с.ғ.с) әулетінен 70 адамды тұтқындап, Самарраға алып келген. Имам Аскаридің (ғ.с) серіктері бұл халифтың билігі кезінде қатты қысым көрген. Осы жағдайдан қатты қиналғандар қандай шара қолдану керек екенін білу үшін ол хазіретке хат жолдағанда имам: "Үш күннен соң бостандық пен еркіндікке қол жеткізіледі",- деп жазды. Хазіреттің осы болжамы шынымен орындалды. Мұтаз әскерінің бір тобы оның өзіне қарсы көтеріліске шығып, оны билік тағынан құлатып, жертөлеге қамап тастады. Ол сол жерде қайтыс болды.

Мұтаздан соң билік басына Маһди отырды. Ол екіжүзді қатынас ұстанды. Сырттай діндар көрініп, өзін мазлұмдардың қорғаушысы ретінде таныстырғанымен бірнеше айдан кейін оның шынайы пасық бейнесі әшкере болды. Ол имам Аскариді зынданға тастауға бұйрық берді. Маһди Аббаси да көтеріліске шыққан әлавилерді басып-жаныштап, абақтыға қамады. Олар абақтыда жан тапсырды. Имамның серіктерінің бірі: "Имам Аскариге: "Оның сізге "Құдайдың атымен ант етемін, жер бетінен Мұхаммадтың (с.ғ.с) әулетін құртамын", деп қоқан-лоққы жасағаны туралы хабар жетті",-деген хат жолдадым. Сонда имам өз қолымен былай деп жауап жазды: "Оның өмірі неткен қысқа еді. Бес күннен кейін ол зорлық-зомбылық және қорлықпен өлтіріледі". Кейін барлығы дәл имам айтқандай болып, бұл халиф те басқа бір топтың бүлік жасауымен өлді",-деді.

Қымбатты оқырмандар, осымен бүгінгі бөлімді аяқтаймыз. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!

 

 

Тегтер