Нау 16, 2019 21:28 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер 67

Имам Хасан Аскари (ғ.с.) барлық шектеулер мен қоқан-лоққыларға қарамастан хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) Ислам діні тағылымдарын тарату үшін ешбір талпыныстан аянып қалған жоқ.

 

Имам Хасан Аскари (ғ.с.) тақуа, иман, жақындар мен көршілердің құқықтарын сақтау туралы ақыл-кеңестерінен кейін қазіргі ғасырда да маңызды саналатын мәселеге тоқталды. Бұл тақырып адал шиіттердің жеке және қоғамдық салаларда шиіттердің сындарлы мектебінің беделіне себеп болатындай әрекет етуімен байланысты. Сол себепті мұсылмандардың бірлігіне нұқсан келтіретін ұстанымдардан, сөздер мен іс-әрекеттерден алыстау қажет. Имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) айтуы бойынша, ақылға сай әрі қырағы  амал ету керек. Хазірет: «Мен хабардар, қырағы және ақылды жақтастарға ие болғаныма қуаныштым»,- деген болатын.

Имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) ақыл-кеңестеріндегі келесі маңызды мәселеге хазіреттің мүміндерді құндылықтарды қорғауға шақыруынан кейін бұл әдістердің Алла елшісінің әдістері болғанын баяндауы жатады. Имам Хасан Аскари (ғ.с.) бұл ұстанымымен «Біз – Пайғамбардың сүннетін жандандырушылармыз, заңсыз халифалар – бар күштерін бізге қарсы пайдаланып, Пайғамбардың сүннетін біртіндеп жойғандар» деген жолдауды жеткізгісі келді.  Діннен ауытқушылық Исламның ұлық пайғамбары дүниеден озған соң басталып, Умайе мен Аббаси әулеттерінің өзімшіл басшыларының кезеңдерінде жоғары деңгейге жетіп, пайғамбардың сүннетінен ешбір белгі қалмады. Соның салдарынан Аллаға бағыну мәдениеті пен тақуалықтың орнын бұзақылық пен жемқорлық, қарапайым өмір сүрудің орнын сән-салтанат, әділеттің орнын зорлық-зомбылық, шындықты талап етудің орнын жалғандық басып, қоғамды басқару лайықсыз адамдардың қолына түсті. Мұндай жағдайда Исламның адал жетекшілері те қудаланып, соңында шәһид болды.

Имам Хасан Аскари (ғ.с.) сөзінің бір бөлімінде: «Алла Тағала бізді барлық ластықтардан алыстатып, бізге нәсіп еткен пәктікті басқа ешбір адамға берген жоқ. Бұл туралы уәж айтқан әр адам өтірік айтады»,- деген болатын. Имам  Хасан Аскаридің (ғ.с.) сөзі «Ахзаб» сүресінің: «...Әй, Пайғамбардың үй-іші! Шын мәнінде Алла сендерден арамдықты аулақ қылып, өздеріңді тап-таза қылуды қалайды»,- деген 33-шы аятының бір бөлігін еске салды.

 

Имам Хасан Аскари (ғ.с.) барлық шектеулер мен қоқан-лоққыларға қарамастан хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) Ислам діні тағылымдарын тарату үшін ешбір талпыныстан аянбады.

Құмның танымал тұлғаларының бірі Ахмад бен Исхақ Ашари хазіреттің арнайы өкілдерінің бірі болып, шиіттердің сұрақтары мен наным-сенімдері және мәдени сұраныстарын имам Хасан Аскари (ғ.с.) мен хазіреттің жауаптарын адамдарға жеткізетін. Ол имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) бұйрығымен осы кезде «Имам Хасан Аскари» мешіті деп танымал мешіттің құрылысын бастады. Ахмад бен Исхақ имам Хасан Аскариден (ғ.с.) бұрын имам Джавад (ғ.с.) пен имам Хадидің (ғ.с.) қасында болып, имамдардың көптеген хадисін баяндады. Ахмад бен Исхақ: «Күндердің бірінде имам Хасан Аскариге (ғ.с.) барып, жазуын тану үшін бір нәрсе жазып беруді сұрадым. Имам: «Уа, Ахмад! Жазба қаламның жуан немесе жіңішке болуына байланысты көзге әртүрлі көрінеді. Сондықтан күмәнге берілесің. Жазудың стиліне қара»,- деп кеңес берді. Хазірет жазып жатқан кезде қаламын сыйлаңызшы деп сұрамақ болдым. Имамның өзі жазып болып, менімен сөйлесіп, қаламын сүртті. Содан соң: «Уа, Ахмад! Қаламды ала ғой»,- деп маған қаламын берді.

 

Сарпол Захаб – Ахмад бен Исхақтың зираты

Имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) мектебінен білім алып, тәрбиеленгендердің бірі Абухашем әл-Қасем әл-Джафари болды. Ол Исламның ұлық пайғамбарының көкесінің баласы әрі сахабасы Джафар Тайардың немересі болды. Ол өз әулетінің арасында ерекше беделді болып, имам Джавад (ғ.с.), имам Хади (ғ.с.) және имам Аскаридің алдарында да ерекше орынға ие болды. Ол имам Мәһдидің (ғ.с.) қысқа жасырын уақытында да хазірет өкілдерінің бірі болды. Абухашем әл-Қасем әл-Джафари бірнеше имамның кезеңдерін көріп, Исламның негізгі тағылымдарын меңгерумен шектелмей, пәк имамдардың көптеген рауаяттарын жеткізіп, шиіт мектебінің илаһи мәдениетін таратуға ықпалын тигізді. Сонымен қатар Исламның ұлық пайғамбарының әулеті туралы өлеңдер шығарып, Пайғамбардың (с.ғ.с.) пәк әулетінің теңдессіз деңгейі туралы қоғамды көбірек хабардар етуге талпыныс жасады.  

Имам Хадидің (ғ.с.) кезеңінде, сондай-ақ, имам Мәһдидің (ғ.с.) кіші жасырыны кезінде  де өмір сүрген имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) басқа серігінің бірі әрі әйгілі ғалым Абдолла бен Джафар Химаири болды. Ол шиіттердің әйгілі ғалымдары пайдаланған көптеген маңызды еңбектерін қалдырды. Ол имамдар мен сахабалардың кейбір фикх пен калам саласындағы жазбаларын жинақтады.

Имамат пен велаят мектебінде тәрбиеленген ғалымдардың бірі Абу Амру Осман бер Саид Амри болды. Ол имам Хади, имам Аскари және хазірет Мәһдидің (ғ.с.) әйгілі өкілі мен серіктерінің бірі болды. 11 жасынан имам Хадидің (ғ.с.) мектебінде тәрбиеленіп, бірте-бірте кемелдікке жетіп, ғылыми және қоғамдық тұрғыдан ерекше орынға ие болды. Үш имам оны өздерінің халықпен қатынас орнататын өкілі ретінде таныстырды. Ол хазірет Мәһдидің (ғ.с.) бірінші жасырынуы кезінде  алғашқы арнайы өкілі болды. Ол имам Хади (ғ.с.) мен имам Аскаридің (ғ.с.) сенімді өкілі болғандықтан халықтың дін бойынша сұрақтары болған кезде олар Осман бен Саидтен сұраңдар дейтін.

 

Абу Амру Осман бер Саид Амридің Бағдаттағы зираты

Жалдамалылары арқылы имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) барлық әрекетін бақылауға алған Аббаси басшылары үнемі алаңдаушылық білдірді. Сондықтан Мотамед Аббаси имам Хасан Аскариді (ғ.с.) өлтіруге шешім қабылдап, хазіретті уландырды. Сөйтіп, имам Хасан Аскари (ғ.с.) шәһид болды. Ол қылмысы әшкереленіп, халық пен Исламның ұлық пайғамбары әулетінің жақтастары қарсы көтеріледі деп қорықты. Имам Хасан Аскаридің (ғ.с.)-ның шәһид болуы туралы хабар тараған соң Самеррада жылау мен жоқтау естілді. Бірақ үкіметтік және әскери басшылар халықты имамның жерлеу рәсіміне қатыстырмау үшін қоғамдық пікірді хазірет табиғи түрде қайтыс болды деп сендіруге талпынып, имам Хасан Аскаридің (ғ.с.) ұстанымдарына қарсы хазіреттің бауырын жаназа намазын оқуға шақырды. Бұл маңызды сәтте хазірет Мәһди (ғ.с.) жиналғандарды таңғалдырып, алға шығып, жаназа намазды өзі оқыды. Сөйтіп хиджридің 260 жылдың раби ул-аууал айының сегізі, жұма күні имам Хасан Аскари (ғ.с.) өз үйінде жерленді.

 

 

 

 

Тегтер