Maм 20, 2019 22:48 Asia/Almaty

«Саффат» сүресінің 69-78 аяттарының тәпсірі

«Саффат» сүресінің 69-71 аяттары:

 

 

«إِنَّهُمْ أَلْفَوْا آبَاءَهُمْ ضَالِّینَ»، «فَهُمْ عَلَى آثَارِهِمْ یُهْرَعُونَ»، «وَلَقَدْ ضَلَّ قَبْلَهُمْ أَکْثَرُ الْأَوَّلِینَ»

 

 

Рас, олар аталарын адасқан түрде тапқан болатын. (69)

 

Сонда олар аталарының ізінше жүгіре берді. (70)

 

Олардан бұрын алғашқылардың көбі адасқан еді. (71)

 

Алдыңғы бағдарламада кәпірлер мен күнәһарлардың тозақтағы ауыр жағдайлары баяндалды.

 

Осы аяттар олардың тозақтық болуының себебін былай түсіндіріп: «Олар өздерінің ата-бабаларының ойлары мен сенімдерін ойланбастан қабылдап, олардың жолдары және тәсілдеріне көзжұмбайлықпен еліктеді. Олардың ойларының бұрыс екенін, дұрыс, ақылға қонымды негіздерден кенде екенін білсе де осындай іске барды. Өкінішке орай, мұндай еліктеу тарих бойы әртүрлі халықтар мен қауымдардың арасында кең таралды. Адамдардың көбі өздерінің бұрынғы ата-бабаларының әдет-ғұрыптары мен салт-жоралғылары мен сенімдерін дұрыс деп ойлады» дейді.

Тіпті, егер өздері сол әдет-ғұрыптар мен ойларының ырымшылдық екенін түсінгенімен, ол туралы пікір білдіруге батылдары жетпейді, бұрыс екенін мәлімдей алмайды.

Бұрынғылардың мұраларын сақтау оларға көзді жұмып, қисынсыз еліктеу деген мағынаны білдірмейді. Егер адам тәжірибелік ғылымда тек бұрынғылардың білімімен ғана шектелгенде, ешқандай даму мен ілгерілеушілікке қол жетпеген болар еді. 

Нақтырақ айтқанда, бұрынғылардың мұраларын сақтау – олардың жақсы, пайдалы әдет-ғұрыптарын сақтау деген сөз.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Ислам мәдениетінде сенімге қатысты не әкесінің, не ата-бабасы мен дін үлемдерінің сенімдеріне еліктеу құпталмайды. Әркім өзі таухид, набоват пен қияметтен тұратын сенімдер принципін зерттеп, қарастырып, дәлел мен қисын арқылы сенімге жетуі керек.

2.Дәлелсіз еліктеу осы дүние мен ақыретте жаман тағдырға ұшыратады. 

3.Бұрынғылардың әдет-ғұрыптары мен ой-сенімдері қауымдық немесе басқа сезімдер бойынша емес, ақыл мен қисын өлшемдерімен бағамдалуы керек.

 

«Саффат» сүресінің 72-74 аяттары:

 

«وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا فِیهِم مُّنذِرِینَ»، «فَانظُرْ کَیْفَ کَانَ عَاقِبَةُ الْمُنذَرِینَ»، «إِلَّا عِبَادَ اللَّـهِ الْمُخْلَصِینَ»  

 

Расында олардың ішіне де ескертуші жіберген едік. (72) Ескертілгендердің соңының не болғанын бір көр! (73) Бірақ Алланың ықыласты құлдары басқа. (74)

 

 

Адасқандардың тозаққа душар болғаны туралы алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар былай дейді: «Бұл адамдардың адасушылықтарының себебі аспандық жетекшілердің болмауына байланысты емес. Құдай әртүрлі қауымдардың арасына оларға жол нұсқайтын, осы дүние мен ақыреттің жаман салдарларын ескертетін адамдарды жіберген.

Кітапқа ие пайғамбарлардың саны аз болғанымен, үлкен пайғамбарлардың шариғатын жарнамалайтын уағызшы пайғамбарлар өте көп болған. Кейбір рауаяттар бойынша  олардың саны 124 000 адамға жуықтайды.

Пайғамбарлардың маңызды міндеттерінің қатарында халыққа хабар беріп, оларды ырымшылдықтың шырмауынан шығарып, шерк пен күпіршілік және зұлымдықты алыстату болды.

Өкінішке орай, адамдардың көбі жанашыр мұғалімдердің жолнұсқаулары мен олардың кеңестеріне құлақ аспай, осы дүние мен ақыретте жаман тағдырға ұшырайды.

Өмірдің барлық жағдайында тек Құдайды ғана назарға алатын мүмін пенделер әрдайым оның ризашылығына бөленуге күш салып, жаман салдарлардан құтылып, бақытқа жетеді. Шыншыл адамдар егер Құдайдың мағрифаты мен мен оған қатысты иманда кемел дәрежеге жетсе, нәпсілік және шайтандық қауіп-қатер мен зардаптардан аман қалу үшін Құдайдың арнайы сыйы мен сауабына ие болады.

 

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Адасқандарға қияметтің тозақ отынан сақтау үшін ескерту жасау – өрт қаупі төнген үй тұрғындарына ескерту жасау сияқты қажет іс.

2.Егер қоғамның көпшілігі адасса, оларға еруге болмайды. Керісінше, оларға жетекшілік етіп, жол нұсқау керек.

3.Бұрынғы қауымдардың тарихын зерттеп, олардың тағдырларына көңіл аудару – адамның ғибрат алуы мен дамуының мәйегі. Бұл іс адамға хақ пен жалғанды ажыратуға көмектеседі.

4.Құдайға ғибадат пен құлшылық етудегі риясыздық – адамның бақыты мен жаман тағдырдан құтылуының мәйегі.

 

«Саффат» сүресінің 75-78 аяттары:

 

«وَلَقَدْ نَادَانَا نُوحٌ فَلَنِعْمَ الْمُجِیبُونَ»، «وَنَجَّیْنَاهُ وَأَهْلَهُ مِنَ الْکَرْبِ الْعَظِیمِ»، «وَجَعَلْنَا ذُرِّیَّتَهُ هُمُ الْبَاقِینَ»، «وَ تَرَکْنا عَلَیْهِ فِی الْآخِرِینَ»  

 

 

Расында, Нұх (Ғ.С.) Бізге жалбарынды. Біз нендей жақсы қабылдаушымыз! (75)  Оны да, отбасын да зор қиыншылықтан құтқардық. (76) Нұх (Ғ.С.) тың ұрпақтарын қалдырдық. (77) Оны кейінгілерге дәріптеттік. (78)

 

Алдыңғы аяттар былай деді: «Құдай бұрынғы қауымдардың арасына пайғамбарлар жіберді». Осы аяттар сол пайғамбарлардың бірі, илаһи үлкен пайғамбар Нұхқа сілтеме жасап: «Хазірет Нұх жылдар бойы қауымына жетекшілік етіп, жанашырлық және ізгі ниетпен оларды күпіршілік пен шерктен тыйғанына қарамастан, қауымының көбі оның сөздеріне мән берместен, пайғамбарлығын теріске шығарды» дейді.  

Соңында хазірет Нұх торығып, Құдайдан кәпірлердің көзін жойып, мүміндерді құтқаруды сұрады. Құдай да оның дұғасын орындады. Орасан топан су мен сел жер бетін басып, кәпірлер өлді. Тек хазірет Нұхқа сенетін иман иелері ғана кемеге отырып, құтқарылды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

 

1.Дұға – Алланың жәрдемдеріне жеткізетін жол. Бірақ оның өзі міндеттерін дұрыс орындайтын адамдар үшін. Құдай жолындағы адамдардың істері қиынға соққанда Құдайдан дұға тілеп, көмек сұрау арқылы қиындықтарын жеңіп, тығырыққа тірелмейтінін айту керек.

2.Ұрпақтың жалғастығы мен жойылуы – Құдайдың қолында. Құдай Нұх пен оған иман келтірген серіктерін алапат топан су мен селден сақтап, адасқандардың көзін жойды.

3.Пәк, иманды адамдар бәле-жала мен ауыр қайғылардан құтылып, оларға осы дүние мен ақыретте жақсы тағдыр нәсіп болады.