818-ші бөлім, «Саффат» сүресінің 139-148 аяттары
«Саффат» сүресі, 139-148 аяттарының тәпсірі
«Саффат» сүресі, 139-141 аяттарының тәпсірі:
«وَإِنَّ یُونُسَ لَمِنَ الْمُرْسَلِینَ»، «إِذْ أَبَقَ إِلَى الْفُلْکِ الْمَشْحُونِ»، «فَسَاهَمَ فَکَانَ مِنَ الْمُدْحَضِینَ»
Күдіксіз, Жүніс (Ғ.С.) елшілерден еді. (139)
Сол уақытта ол толы кемеге қашқан еді. (140)
Жеребе тартқанда ол жеңіліске ұшырады. (141)
Алдыңғы бағдарламаларда кейбір пайғамбарлардың тағдырлары қысқаша баяндалды.
Осы аяттар солардың жалғасында хазірет Жүністің оқиғасын жалпы түрде баяндайды. Құдай Нұх, Ыбырайым, Мұса, Һарун және Ілияс пен Лут пайғамбарларды дұшпандардың сұрқиялығынан азат етіп, олардың қарсыластарын жеңіп, азапқа душар етті. Бірақ, хазірет Жүністің оқиғасында оқиға басқаша өрбіді. Хазіреттің қауымы азаптың белгілерін көрген соң тәубеге келіп, Құдай оларды өзінің мейіріміне бөлесе, қауымын тастап кеткені үшін Жүніс пайғамбардың басын әуре-сарсаңға салды.
Рауаяттарға сәйкес, хазірет Жүніс те басқа пайғамбарлар сияқты қауымын шерктен, пұтқа табынушылық пен бұрыс істерден тыйған. Бірақ, қауымының ішінен хазіреттің сөзіне бірнеше адамнан басқа ешкім мән бермеген, иман келтірмеген.
Құдай оның қауымына азап түсіретінін уәһи етті. Ол мүміндердің бірімен қаладан шығып, теңізді бетке алып жүрді. Жағалаудан жүк пен жолаушыға толы бір кемені көріп, олардан өздерімен бірге әкетуді сұрады. Олар хазіретті кемеге мінгізіп, жолға шықты.
Теңіздің ортасында кемеге алып балық шабуыл жасап, аузын ашты. Кемедегілер жолаушылардың бірін құрбан ету керектігін түсінді. Әйтпегенде кемедегілердің барлығына қауіп төнді. Олар кеме мен жолаушылар аман қалу үшін жеребе тарту арқылы жолаушылардың бірін таңдап, балықтың аузына лақтыруға шешім қабылдады. Жеребе Жүністің есіміне түскендіктен оны амалсыздан балықтың аузына лақтырды. Пайғамбарлар сабыр мен шыдамдылық тұрғысынан мықты болуы керек. Олардың кез келген сабырсыздығы Құдайдың қатты жазасымен бетпе-бет келді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Бұрынғы пайғамбарлар мен халықтардың тарихы және олардың оқиғаларымен танысу зұлымдық пен күпіршілікке толы әлемде біздің өміріміз үшін сабақ саналады.
2. Тең жағдайда тиісті адамды таңдау үшін жеребе тартуға болады. Ислам да бұл істі қабылдайды.
«Саффат» сүресінің 142-144 аяттары
«فَالْتَقَمَهُ الْحُوتُ وَهُوَ مُلِیمٌ»، «فَلَوْلَا أَنَّهُ کَانَ مِنَ الْمُسَبِّحِینَ»، «لَلَبِثَ فِی بَطْنِهِ إِلَى یَوْمِ یُبْعَثُونَ»
Сонда оны балық жұтты. Ол айыпталған еді. (142)
Егер ол Алланы рас дәріптеушілерден болмаса еді, (143)
Әрине қайта тірілетін күнге дейін балықтың қарнында қалған болар еді. (144)
Аяттардан балықтың Құдай тарапынан Жүністі жұтуға жіберілгені белгілі болды. Сол себепті илаһи бұйрық бойынша жеребе Жүністің атына түсті. Бірақ, Жүністі жұтуға балықты жіберген Құдай Жүністі қалаған уақытқа дейін оның ішінде тірі сақтайтын құдіретке де ие.
Жүніс балықтың өзіне зиян келтірмегенін, ішінде тірі қалғанын көрген кезде істің байыбына барды. Ол Құдайдың дәргейіне бет бұрып, міндетін орындаудан жалтарғаны үшін тәубеге келіп, кешірім сұрады.
Өз-өзін айыптап, өкінуі мен қателігін мойындауы Құдайдың оны құтқару құралын дайындауына себеп болды. Балық жағаға келіп, аузын ашып, ішіндегі Жүністі шығарды. Егер Құдай Жүніске кешірімі жасамағанда ол қияметке дейін балықтың ішінде қалған болар еді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Кейбір кездері Құдай тарапынан кейбір жануарлар әдеттен тыс істерді атқаруға міндеттеледі.
2. Қиындықтар және мәселелермен бетпе-бет келген кезде жауапкершіліктен қашу шешім жолы емес. Керісінше, бұл іс мәселені шиеленістіріп жібереді.
3.Құдайдан кешірім сұрап, оны мадақтап, оның дәргейіне бет бұру – қиындықтар мен мәселелерден құтылудың жолдары. Оған хазірет Жүністің балықтың ішінде қараңғылықта кіріптарлыққа түсіп, бір Құдайға бет бұрып, одан кешірім сұрағаны мысал бола алады.
«Саффат» сүресінің 145-148 аяттары:
«فَنَبَذْنَاهُ بِالْعَرَاءِ وَهُوَ سَقِیمٌ»، «وَأَنبَتْنَا عَلَیْهِ شَجَرَةً مِّن یَقْطِینٍ»، «وَأَرْسَلْنَاهُ إِلَى مِائَةِ أَلْفٍ أَوْ یَزِیدُونَ»، «فَآمَنُوا فَمَتَّعْنَاهُمْ إِلَى حِینٍ»
Сонда оны қырға шығарып, тастадық. Ол науқас еді. (145)
Оның үстіне жапырақты бір ағаш өсірдік. (146)
Оны жүз мың не тағы артығырақ елге жіберген едік. (147)
Сонда олар иман келтірді де бір мерзімге дейін пайдаландырдық. (148)
Балықтың ішіндегі хазірет Жүністің оқиғасын баяндаған аяттардың соңы: «Құдайдың бұйрығымен балық теңіздің жағасына келіп, Жүністі аузынан шығарды. Жүніс көп қиындық көргендіктен өте әлсіреп қалған еді. Оның тіпті қозғалуға шамасы келмей, сол жерге жата кетті. Құдай оның денесін күннің ыстығы күйдірмей, терісі жазылуы үшін әрі үлкен жапырақтары бойын жапсын деп жанынан асқабақ өсіріп шығарды" дейді.
Алланың осындай бұйрығымен Жүніс құтқарылды. Оның денсаулығы біртіндеп қалпына келіп, қауымына қайтты. Өзінің өлкесі мен қаласына жеткен кезде баяғы мүшіріктер мен пұтқа табынушылардың барлығының бір Құдайға табынатындарға айналғанын көріп, таң қалды. Оларға Құдайдың зауалы да келмеді. Сонымен Құдай оларға өмірлерінің соңына дейін қалыпты өмір сүруге мүмкіндік берді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1. Жүніс хазіреттің қауымы Пәруәрдігерге деген тәубе мен иманның арқасында Алланың мейіріміне бөленді. Жүніс пайғамбардың дұғасы мен Құдайды пәктеуі де илаһи мейірім мен жәрдемге ие болуға себеп болды.
1. Күнәһарлардың тәубеге келуі мен оралуына қатысты ешқашан үміт үзбейік. Олармен жауласпайық. Олар бір мезетте қапылдық ұйқысынан оянып, өзгеріп, тура жолға оралуы мүмкін.
2. Бұрынғы қателіктерге қатысты тәубеге келу болашақтағы жетістіктерге негіз әзірлейді. Жүніс хазіреттің қауымы тәубеге келгендіктен Құдай оларға қаһарын төкпей, армандарына жеткізді.