827-ші бөлім, «Сад» сүресінің 29-33 аяттары
«Сад» сүресі, 29-33 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің 29 аяты
«کِتَابٌ أَنزَلْنَاهُ إِلَیْکَ مُبَارَکٌ لِّیَدَّبَّرُوا آیَاتِهِ وَلِیَتَذَکَّرَ أُولُو الْأَلْبَابِ»
(Мұхаммед Ғ.С.) саған бір мүбарак Кітап түсірдік; аяттарын түсінсін әрі ақыл иелері үгіт алсын. (29)
Алдыңғы бағдарламада һәм жаратылыс жүйесінің, һәм жазалау жүйесінің хақ пен әділетке негізделгенін айттық. Сол себепті Құдай ізгілер мен жамандарды бірдей санамайды. Осы аят алдыңғы аяттардың жалғасында былай дейді: «Құран – жаратылыстың мақсатын түсіндіру үшін түсірілген кітап; барлық адамдардың дамуының мәйегі. Ол туралы ойланып, аяттарын ақылға салатын адамдар бастан-аяқ хикметке толы илаһи бұйрықтарын түсініп, бақытты өмірдің жолын табады. Себебі, Құдай мен өздерінен хабарсыз адамдар сырттай тірі көрінгенімен, физикалық тұрғыдан даму үстінде болғанымен, шын мәнінде өлген.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Құранды түсірудегі мақсат – адамдардың илаһи аяттар туралы ойлануында. Оның аяттарын оқу адам өмірінде берекенің мәйегі болады.
2. Уәхиді ақылмен сәйкеспейді деп санайтындардың ойына қайшы, илаһи уәхи ақылмен үндеседі. Құранда ешбір іс ақылға қарсы саналмайды. Шын мәнінде, уәхи адамдардың ақылын даму мен кемелдікке жеткізу үшін түсірілген.
2. Ақыл иелері Құран аяттары туралы ойлану арқылы оның ахкамдары мен құпия-сырларын түсінеді.
«Сад» сүресінің 30-33 аяттары:
«وَوَهَبْنَا لِدَاوُودَ سُلَیْمَانَ نِعْمَ الْعَبْدُ إِنَّهُ أَوَّابٌ»، «إِذْ عُرِضَ عَلَیْهِ بِالْعَشِیِّ الصَّافِنَاتُ الْجِیَادُ»،
«فَقَالَ إِنِّی أَحْبَبْتُ حُبَّ الْخَیْرِ عَن ذِکْرِ رَبِّی حَتَّى تَوَارَتْ بِالْحِجَابِ»، «رُدُّوهَا عَلَیَّ فَطَفِقَ مَسْحًا بِالسُّوقِ وَالْأَعْنَاقِ»
Дәуіт (Ғ.С.) ке Сүлеймен (Ғ.С.) ді бердік. Ол не деген жақсы құл еді. Рас ол өте бағынышты. (30)
Сол уақытта бір кеште Сүлеймен (Ғ.С.) ге сәйгүлік жүйріктер келтірілді (31)
“Сөз жоқ, мен Раббымды еске алу үшін атты өте жақсы көремін” деді. Ақыр тұлпарлар көзден ғайып болған сәтте: (32)
“Оны маған қайтарып әкеліңдер” (деп,) сонда аяқтарын, мойындарын сипай бастады. (33)
Бұл аяттар басында хазірет Дәуіттің Сүлеймен деген перзенті туралы хабарлайды. Ол Дәуіт пайғамбардың өзі сияқты Пәруәрдігердің жақсы құлы, оның дәргейіне үнемі жалбарынатын бала болған.
Содан кейін Сүлейменнің билігінің ұлылығы, оның ләшкері мен жүйрік сәйгүліктерін тамашалағаны баяндалды: «Аттар мен салт аттылар оның алдынан саппен өткен кезде тәкәппарлыққа салынып, билігіне масаттанудың орнына өзі мен айналасындағыларға: «Мен бұл аттарды Құдай үшін жақсы көремін. Бұлар – қоғамның қауіпсіздігін сақтау мен дұшпандармен жиһадқа шығатын құрал» деді.
Сүлейменнің аттардың қозғалысын тамашалауға еліткені сондай, тіпті көзден таса болған кезде аттарды қайта әкелуді сұрады. Бұл жолы аттарды қарсы алуға өзі барып, оларды бастары мен мойындарынан сылап-сипады. Сүлеймен аттардың иелері әдетте аттан түскен кезде істейтін істі жасады. Бұл шын мәнінде атқа деген ықылас пен алғыс айту саналады. Бірақ, өкінішке орай, кейде осы аяттар басқаша тәпсірленіп, осы оқиғаға қатысты хазірет Сүлейменге жөнсіз сөздер айтылды.
Мысалы, кейбір дереккөздері былай дейді: «Сүлейменнің аттарды тамашалауға берілгені сондай, тіпті күн батып кетіп, ол кешкі намаздың уақытын өткізіп алған. Сол кезде Құдайдан намазын оқу үшін күн қайтсын деп сұраған-мыс». Ләшкердің сапын тамашалаумен Сүлеймен күннің батқанын байқамай, намазын қаза етті дегенді қалай қабылдауға болады?
Мұндай сөздердің жаңсақ екені белгілі. Бұл істі салих, Құдайдың таңдаулы пендесі, Құдай осы аяттарда оны Құдайдың жақсы пендесі, тәубешіл деп атап, мақтаған пайғамбар хазірет Сүлейменді айтпағанда, қарапайым адамның ісі ретінде де қабылдауға келмейді. Мұндай сөздер аяттардың мазмұнымен сәйкеспейді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Адамның ең жоғары деңгейі – Алланың дәргейіне қарап құлшылық етуі. Сол себепті Құранда пайғамбарларға қатысты «абд» – «құл», «пенде» сөзі қайталанып келеді.
2. Қауіпсіздікті сақтаушыларға көңіл аудару – қоғам басшыларының міндеттері. Сондықтан әскери парад және әскери күштер мен құрал-жабдықтарды көрсету құптарлық іс. Қоғам жетекшілері жауынгер күштерінің саны мен сапасынан, әскери құрал-жабдықтарынан хабардар болып, дұшпанның алдында айбынын көрсетуі керек.
3. Күш-құдірет пен билік Құдай жолындағы ерлер мен салих адамдардың қолында болса, басқыншылық пен үстемшілік орнамайды. Себебі, олар билікті Құдай жолында тек Құдай үшін пайдаланады.