831-ші бөлім, «Сад» сүресінің 49-58 аяттары
«Сад» сүресі, 49-58 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің 49-51 аяттары
«هَـذَا ذِکْرٌ وَإِنَّ لِلْمُتَّقِینَ لَحُسْنَ مَآبٍ»، «جَنَّاتِ عَدْنٍ مُّفَتَّحَةً لَّهُمُ الْأَبْوَابُ»، «مُتَّکِئِینَ فِیهَا یَدْعُونَ فِیهَا بِفَاکِهَةٍ کَثِیرَةٍ وَشَرَابٍ»
Бұл бір насихат. Күдіксіз, тақуалар үшін тым көркем келешек бар. (49)
Олар үшін есіктері ашық Ғадын жаннаттары бар (50)
Олар онда жастанып отырады. Ол жерде мол жемістер, сусындар тілейді. (51)
Алдыңғы бірнеше бағдарламада илаһи кейбір пайғамбарлардың өмірбаяндары баяндалды. Осы аяттар алдымен өткен аяттарды қорытындылап: «Бұрынғылардың оқиғаларын баяндаудағы мақсат – ескерту. Себебі, Құранды түсірудегі мақсаттардың бірі – еске салу мен ескерту» дейді.
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Құдайдың мейірімі тек пайғамбарлармен шектелмейді. Илаһи тақуалықты ұстанған барлық адамдар жақсы ақыретке ие болады. Құдай олардың осы дүниеде кешкен барлық қиындықтарының орнын қияметте толтырып, олардың жақсы істерінің сауабын береді. Егер осы дүниеде халал мен харамды сақтау үшін кейбір ләззаттар мен қуаныштардан бас тартқан болса, Құдай қияметте оларды ең жоғары ләззаттар мен нығметтерге кенелтеді. Ауру мен ажал арқылы аяқталатын дүниелік қызықтар мен байлық – өткінші. Бірақ, пейіш пен оның ләззаттары – мәңгілік. Осы дүниеде талпыныс жасаған пенделеріне илаһи әділет орнау үшін Құдай қияметте оларға лайық жағдай жасайды».
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құран бұрынғылардың тарихын ермек үшін баяндамайды. Бұл адамның оянуы мен қырағылығы үшін қажет.
- Өмірдің ұзақтығы аса маңызды емес. Негізгі мәселе өмірдің қалай аяқталуында.
- Тақуалық – жақсы ақыреттің құралы. Сол себепті тақуалар мен діндарлар – Құдай уәде берген, жақсы ақыретке қол жеткізетін жалғыз топ.
- Алланың рақым есіктері жұмақтықтардың алдынан ашық болады. Олардың сұрағандары ықтиярларына беріледі.
«Сад» сүресінің 52-54 аяттары:
«وَعِندَهُمْ قَاصِرَاتُ الطَّرْفِ أَتْرَابٌ»، «هَـذَا مَا تُوعَدُونَ لِیَوْمِ الْحِسَابِ»، «إِنَّ هَـذَا لَرِزْقُنَا مَا لَهُ مِن نَّفَادٍ»
Олардың қасында телмірген, өздерімен жасты хор қыздары бар. (52)
Есеп күні үшін сендерге уәде етілгендер осы. (53)
Сөзсіз, таусылмас берген несібеміз осы (54).
Жұмақтағы нығметтерді сипаттаған алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар адамның тіпті жұмақта да жұбайды қажет ететініне сілтеме жасап: «Құдай жұмақтықтар үшін пәк әрі сұлу әйел дайындайды. Олар тек өз жұбайларына ғана көңіл аударып, басқаларға қарамайды әрі жұбайларымен жасты болады» дейді.
Аяттардың жалғасы былай дейді: «Барлық адамдар қатысатын, осы дүниеде жасаған істері үшін есеп беретін күні тек діндарлар ғана жұмақтың сыйын алады. Оларға берген Алланың уәделері іске асады. Құдайдың уәделері өзгермейді. Алланың жұмақтағы нығметтері шексіз".
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Жақсы зайыптың белгісі – өз күйеуінен басқаға көз салмауда. Оның көзі мен жүрегі тек күйеуіне ғана бағытталады.
2. Жұмақ нығметтерінің есебі бар әрі мәңгілік.
3.Қиямет физикалық тұрғыдан орын алады. Қияметте адам осы дүниедегі денесіне ұқсас денеге ие болады. Ол дәмді жемістер жеп, сусындар ішеді. Сұлу әйелімен жыныстық тілектерін қанағаттандырады.
«Сад» сүресінің 55-58 аяттары:
«هَـذَا وَإِنَّ لِلطَّاغِینَ لَشَرَّ مَآبٍ»، «جَهَنَّمَ یَصْلَوْنَهَا فَبِئْسَ الْمِهَادُ»، «هَـذَا فَلْیَذُوقُوهُ حَمِیمٌ وَغَسَّاقٌ»، «وَآخَرُ مِن شَکْلِهِ أَزْوَاجٌ»
Иә, осы! Ал расында азғындар үшін жаман орын бар: (55)
Олардың кірер жерлері тозақ. Сонда нендей жаман орын; (56)
Иә, осы! Енді олар қайнар су, ірің татсын! (57)
Тағы басқа осы сияқтылардың неше түрлісі бар. (58)
Құран жақсылар мен күнәһарлардың ақыреттерін қатар баяндайды. Ондағы мақсат – адамға сол екеуін салыстырып, өз өмірінің тәсілі мен жолын қырағылықпен таңдату.
Бұл жерде де Құран жұмақтықтар ие болатын нығметтерді баяндаған соң: «Бірақ шектен шыққан бүлікшіл, қырсық адамдарды қияметте қатаң жаза күтеді. Олар жұмақтың дәмді сусындарының орнына қайнаған су мен денелерінің іріңін ішеді. Олардың орындары – барлық күнәһарлар жиналатын тозақ. Олардың денелерінен сасып, борсыған иіс шығады. Тозақтықтардың азабы қайнаған су мен күйдіретін отпен шектелмейді. Олардың түрі көп. Сондықтан тозақтықтар үнемі азап шегеді» дейді.
Осы аяттардан үйренітініміз:
1.Ақыретті ойлау адамның өмір жолын таңдауда нақты әрі қырағы болуына, әлемнің Жаратушысының алдында бүлікшіл, қырсық болмауға себеп болады.
2.Алланың жазалары илаһи сыйлары мен нығметтері сияқты алуан түрлі. Азаптар тозақтықтар үшін қалыпты көрінбейді.
3.Қияметтің қатаң, мәңгілік жазасын осы дүниенің қысқа, өткінші ләззаттарына айырбастамайық.