837-ші бөлім, «Зүмәр» сүресінің 1-4 аяттары
«Зүмәр» сүресінің 1-4 аяттарының тәпсірі
«Сад» сүресінің аяқталуымен осы бағдарламада Құран Кәрімнің Меккеде түскен 39-шы сүресі «Зүмәр» сүресін бастаймыз. Меккелік басқа сүрелер сияқты көп аяттар таухид пен қиямет, набоват сияқты сенімдік тақырыптарға арналған.
«Зүмәр» сүресінің1-2 аяттары:
«تَنزِیلُ الْکِتَابِ مِنَ اللَّـهِ الْعَزِیزِ الْحَکِیمِ»، «إِنَّا أَنزَلْنَا إِلَیْکَ الْکِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللَّـهَ مُخْلِصًا لَّهُ الدِّینَ»
Бұл Кітаптың түсірілуі тым үстем, аса дана Алла (Т.) дан. (1)
(Мұхаммед Ғ.С.) Расында саған бұл Кітапты бір шындықпен түсірдік. Сонда Аллаға дінді нағыз арнап, құлшылық қыл. (2)
Бұл аяттар Құранның ислам дініндегі орнына тоқталып: «Құран – хазірет Мұхаммедтің емес, Құдайдың сөзі. Бұрынғы аспандық кітаптар да хазірет Мұса мен хазірет Иса сияқты пайғамбарлардың сөздері емес, Құдайдың сөзі болған. Бұл кітапты түсірудегі мақсат бұрынғы кітаптар сияқты адамдарды әлемнің Жаратушысын дұрыс тануға нұсқау, бір Құдайға табынушылықты бұрмалауды жою болды» дейді.
Адам болмысынан жаһанның Жаратушысы бар екенін біледі. Бірақ, Жаратушыны тануда қателікке душар болады. Ол заттар мен адамдарды әлемді жаратудағы немесе соларды әлем істерін басқарудағы Құдайдың серігі деп ойлайды. Сол себепті Құран әлемнің шынайы Құдайын түрлі ырымшылдықтан ада деп таныстыру үшін түсірілді.
Құдай тарапынан түскен кітаптың тақырыптары толығымен хақ пен ақиқат; кез келген жалған сөзден пәк, өзгертуден ада. Себебі, ол ғазиз әрі хәкім. Онда ғылым мен хикметтен өзге ештеңе жоқ.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құдайды көзімізбен көрмесек те, Құран аяттарын оқумен оның сөзін естиміз, сол туралы ойлану арқылы оның дұрыстығы мен шынайылығын түсінеміз.
2.Шынайы ғиззатқа ғылым мен хикметтің арқасында қол жеткізіледі. Бұл екеуі бір-бірімен қатар жүреді.
3.Құдайға құлшылық риясыз, хақ дін мен кез келген шерк пен күпіршілік, ырымшылдықтан алыс болуы керек.
«Зүмәр» сүресінің 3 аяты:
«أَلَا لِلَّـهِ الدِّینُ الْخَالِصُ وَالَّذِینَ اتَّخَذُوا مِن دُونِهِ أَوْلِیَاءَ مَا نَعْبُدُهُمْ إِلَّا لِیُقَرِّبُونَا إِلَى اللَّـهِ زُلْفَى إِنَّ اللَّـهَ یَحْکُمُ بَیْنَهُمْ فِی مَا هُمْ فِیهِ یَخْتَلِفُونَ إِنَّ اللَّـهَ لَا یَهْدِی مَنْ هُوَ کَاذِبٌ کَفَّارٌ»
Көңіл бөліңдер! Дін нағыз Аллаға тән. Сондай Алладан өзгені дос тұтқандар: “Біз бұларға Аллаға жақындастырсын деп қана табынамыз” (дейді). Күдіксіз олардың араларындағы таласқан нәрселеріне Алла (Т.) үкім береді. Расында Алла кім өтірікші, өте қарсы болса, оны тура жолға салмайды. (3)
Діндегі риясыздық туралы алдыңғы аяттың жалғасында бұл аят соны қуаттап: «Дін мен риясыз дінді тек Құдайдан ғана алуға болады. Адамның ойы мен пікірінен туған нәрсе шерк пен ырымшылдық, бұрмалаушылықпен араласқан. Тек Құдай ғана өзін адамға дұрыс таныстырып, ғибадат пен құлшылықтың дұрыс жолын үйрете алады» дейді.
Құдай тек шынайы дінді ғана қабылдайды. Ой мен істегі кез келген шерк пен жалғандық тіпті ізгі істердің қабылданбауына да себеп болады.
«Біз өз мүлкімізді бізді жақсы еске алатын адамдарға сыйлаймыз» деген Құдайдың сөзі туралы сұраған адамға жауапта пайғамбар: «Құдай оның жолында риясыз жасалатын істі ғана қабылдайды» деп жауап берген.
Аяттардың жалғасы діндегі риясыздықтан алыстаудың белгілеріне сілтеме жасап, былай дейді: «Мүшіріктер адам Құдайды тура шақыра алмайды, онымен байланыс орната алмайды деп ойлап, оның кейбір жаратылыстарына өзі мен Құдай арасындағы қасиетті делдал ретінде табынып, Құдайға ғибадат етуде серік қосты». Құдай ешқашан мұндай рұқсат берген жоқ. Олар өтірік әрі бұрмаланған, шеркке толы ойлары негізінде Құдаймен соны байланыстырып, Құдайдан басқаға табынды.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Адамның ойдан шығарған діндері рухани, мистикалық болған сайын ой мен істегі түрлі ырымшылдық пен бұрмалаушылықтармен араласқан. Пәк, таза дін тек ұлы Құдай тарапынан түсірілді.
2. Ой тұрғысынан бұрмалаушылар өздерінің істерін басқаларды өз діндеріне тарту үшін ақтайды. Пұтқа табынушылар пұттарды өздері мен Құдай арасындағы делдал санайды.
3. Құдайды іздеу мен Құдайға жақындау барша үшін жағымды іс. Бірақ, жақындықтың тәсілінде көптеген адамдар қателікке ұрынады.
«Зүмәр» сүресінің 4 аяты:
«لَّوْ أَرَادَ اللَّـهُ أَن یَتَّخِذَ وَلَدًا لَّاصْطَفَى مِمَّا یَخْلُقُ مَا یَشَاءُ سُبْحَانَهُ هُوَ اللَّـهُ الْوَاحِدُ الْقَهَّارُ»
Егер Алла бала иемденуді қаласа еді, жаратқанынан тілегенін таңдар еді. Ол одан пәк. Ол Алла жалғыз, өте үстем. (4)
Аяттар Құдайға табынуда шерктің белгілерінің бірін баяндаудың жалғасында былай дейді: «Кейбір мүшіріктер де періштелерді Құдайдың қыздары деп ойлап, оларға табынды. Мәсихилер де хазірет Мәриямның ұлы хазірет Мәсіхті Құдайдың ұлы санап, оған табынады».
Құдайдың ешқандай баласы жоқ. Құдай перзенті болудан пәк. Егер мақұлықтарының бірін бала ғып алғысы келсе, барша танып, оған ғибадат етуі үшін жариялаған болар еді. Құдай жалғыз. Ешбір жаратылыс оның перзенті саналатындай ол сияқты немесе оған ұқсас бола алмайды. Ол барлық нәрседен үстем, өктем. Оның алдында ешқандай құдірет жоқ.
Осы аяттардан үйренетініміз:
- Құдайдың не перзенті, не асырап алған баласы жоқ. Перзент сұрау – мұқтаждықтың белгісі. Ол толығымен мұқтажсыз. Жаратылыстарының бірін перзенттікке алатындай ешқандай қажеттілігі жоқ.
- Құдай жалғыз. Теңдессіз. Ол сияқты ешбір жаратылыс жоқ. Сол себепті Құдайға қатысты «сияқты, секілді» дейтін кез келген теңеу Құдайдың жалғыздығымен үндеспейтіндіктен қабылданбайды.