Иранның танымал тұлғалары (174)
Бүгінгі бағдарламада Иран мен әлем философиясы мен хикметінің белді тұлғасы саналатын "Садр әл-Мұтаалалин" немесе "Молла Садра" деген лақап атпен танымал Мұхаммад бен Ибрахим Қавами Ширази жайлы сөз қозғаймыз.
Фарс облысында орналасқан Шираз – Иранның тарихи қалаларының бірі. Александр Македонский қиратып, өртеп жіберген Тахт-е Джамшид (Персеполис) қаласының үйінділері осы облыста орналасқан. Бұл қаладан әлемге танымал ғалымдар, ақындар мен сопылар шыққан. Хафиз, Сағди мен Молла Садра Ширази сынды ұлылар осы облыста дүниеге келген. Шираз Сефевилер заманында тәуелсіз облыстардың бірі саналып, шахтың інісі ол жерде билік құрған. Молла Садраның әкесі қажы Ибрахим Қавами дана саясаткер әрі өте мүмін адам болған. Ол Шираз үкіметінде уәзір болған деседі. Қажы Ибрахим Қавами байлық, құрмет пен биік мансапқа ие болса да, бір балаға зар болыпты. Аллаға жалбарынып, дұға оқып, тілегеннен кейін ақырында х.қ.ж.с.б. 980 жылдың джамади ул-аууал айының 9 жұлдызында (1571 ж.) Құдай оған ұл сыйлады. Оның атын Садреддин Мұхаммад деп қойған, бірақ көбіне "Садра" деп атаған. Сол себепті кейін "молла", яғни данышпан деген лақап берілгенде "Молла Садра" деген атпен танымал болып кетті.
Фарс аймағына билік жүргізген уәзірдің жалғыз баласы Садреддин Мұхаммад ең жақсы жағдайда ақсүйектер салтымен өмір сүрді. Сол заманғы дәстүр бойынша, ақсүйек балалар өз үйлерінде жалдамалы мұғалімдердің көмегімен білім алған. Садра өте зерек, байсалды, қуаты тасып тұратын, сабақты жақсы оқитын және қызығушылығы жоғары ұл болды. Ол қысқа уақыттың ішінде парсы және араб тілдері, каллиграфияға қатысты барлық пәндерді меңгеріп алды. Тіпті ескі дәстүр бойынша, атқа міну, аң аулау және жауынгерлік өнерді үйренген болуы мүмкін. Ол кезде жасөспірімдерге математика, астрономия және аз-маз медицина оқытылатын. Басқа пәндер қатарында фикһ пен исламдық құқық, логика (қисын) және философия да болды. Осы арада әлі кәмелетке толмаған жеткіншек Садра осы пәндердің барлығынан аздап үйренді, бірақ ол философияға, әсіресе мистикаға (сопылыққа) көбірек қызықты. Садраның жастық шағынан қалған жазбалары оның сопылық әдебиетке, әсіресе Фаридеддин Аттар, Джалаледдин Моулави мен Ирақи сынды ақындардың өлеңдері мен Ибн Арабидің сопылығына қызыққанын көрсетеді.
Жеткіншек Садраның бастапқы оқуының бір бөлігі Ширазда өткені айқын. Бірақ оның басым бөлігін сол заманда Сефевилер әулетінің астанасы болған Қазвин қаласында өткізді деп сеніммен айта аламыз. Сефевилер заманына қатысты тарихи деректерге сәйкес, Фарстың билеушісі өз ағасы шах қайтыс болғаннан кейін таққа отырып, х.қ.ж.с.б. 985 жылы (1577 ж.) Қазвинге баруға мәжбүр болды. Садраның әкесі шахтың кеңесшісі әрі уәзірі болғандықтан жанұясымен бірге Шираздан Қазвинге көшкен деседі. Сондықтан Садра 6 жасында әкесімен бірге Қазвинге барып, сол қаладағы барлық ғылым салаларына қатысты көптеген ұстаздардан бастапқы және орта білім алып, басқалардан жылдамырақ жоғары сыныпқа жетті.
Молла Садра Қазвинде екі ұлы данышпан, яғни "Шейх Бахаи" деген атпен танымал шейх Бахаеддин Амели және "Мир Дамад" деген атпен танымал Мир Мұхаммад Бағермен танысты. Олар өз заманында ғана емес, 4 ғасыр өткеннен кейін де теңдессіз тұлғалар болып саналған. Садра осы данышпандардан дәріс алып, дарынының арқасында аз уақыттың ішінде ең үздік шәкіртке айналды.
Шейх Бахаи ислам ғылымдары, соның ішінде фикһ, хадис, тәпсір, калам (діни теология) мен сопылықтың маманы ғана емес, астрономия мен теориялық математика, инженерия, архитектура, медицина және кейбір ішкі ілімдер мен түйсіктерге қатысты пәндерде де асқан шебер болған. Бірақ сопылық көзқарастарына байланысты философия мен калам пәндерінен дәріс бермегенге ұқсайды.
Тағы бір данышпан Мир Дамад өз заманындағы барлық ғылымдардан хабардар болған, бірақ фикһ, хадис және көбіне философия пәндерінен сабақ берген. Ол ислам философиясының екі тармағын, атап айтқанда перипатетика және ишракизмді терең меңгерген, өзін Ибн Сина мен әл-Фарабиге теңдес, осы екі кісіні қолдаған философтардың ұстазы санаған. Молла Садра философия мен сопылыққа қатысты көп мағлұматты осы Мир Дамадтан алған, оны әрдайым "моршед" – өзінің шынайы ұстазы деп таныстырған.
Молла Садра Сефевилер заманындағы ұлы математик, аскет әрі мистик Мир Абулқасем Мир Фандарскиден де дәріс алған. Ол меллал (ұлттар) мен нахлді (пальма ағашы) осы данышпаннан үйренді. "Меллал мен нахл" Шығыс ғылымдарында әртүрлі ұлттар мен олардың діндерін (мазхабтарын) тануға бағытталған ғылым болды.
Сефевилер мемлекетінің астанасы х.қ.ж.с.б. 1006 жылы (1598 ж.) Қазвиннен Исфаханға көшірілгеннен кейін Шейх Бахаи мен Мир Дамад та шәкірттерімен бірге Исфаханға көшіп, өз дәрістерін сонда өткізген. Бұл кезде 26-27 жаста болған Молла Садра Исфаханға барып, ізденісін жалғастырып, философияда жаңа негіздер табуға кірісіп, өзінің әйгілі мектебінің негізін қалады.
Молла Садра есте сақтау қабілеті ерекше және оқуға ынтасы зор болғандықтан қажының мектебінде ең көрнекті шәкіртке айналды. Ғылыми танымы кеңейген сайын оның сол мектеп ұстаздарына деген құрметі арта түскен, өйткені олардың білімінің тереңдігін жақсырақ түсініп отырған.
Дәстүрлі ғылымдарды меңгеруді аяқтаған соң Молла Садра өзінің ішкі тартылысы және оның мистикаға (сопылыққа) жақындай түсуіне қарсы болған кейбір үстірт ойлайтын ғалымдардың қысымдары салдарынан Исфаханнан кетуге мәжбүр болды. Ол тақуалық (аскетизм) жолын өтіп, материалдық дүниелерден бас тарту үшін Құмға жақын жердегі Каһак ауылын паналап, 7 жыл, кейбіреулердің айтуы бойынша, 15 жыл сол маңда әлемде болып жатқан оқиғалардан тысқары, оңаша өмір сүрген. Сөйтіп, шохуд – көкірек көзі ашылып, ішкі ақиқаттарды тану дәрежесіне жетті.
Молла Садра өз өмірінің осы кезеңі туралы былай дейді: "Маған дәлел мен айғақ арқылы ашу мүмкін болмаған құпиялар ашылды. Ішкі түйсік (озарение) арқылы бұған дейін рационалды дәлелмен меңгерген нәрселердің егжей-тегжейін көбірек таныдым". Біртіндеп Молла Садраның атағы халық арасына тарап, хикметке қызығатындар жан-жақтан одан дәріс алуға асыққан. Бұл арада Фарстың билеушісі Аллаверди Хан Ширазда бір мектеп ашты. Ол "Хан мектебі" деген атпен танымал болды. Аллаверди Хан Молла Садрадан өзінің туған жеріне, яғни Ширазға қайтып оралып, аталмыш мектепте дәріс беруге шақырды. Молла Садра бұл шақыруды қабылдап, Ширазға қайтып оралды. Ол дәріс берген кезде Хан мектебі Ирандағы ең маңызды ғылыми орталыққа айналды. Молла Садра өмірінің соңына дейін алыс-жақыннан келген талапкерлерге дәріс берген.