Батыстың өмір салты (5)
Психологтар мен қоғамтанушылардың көзқарасы бойынша, өз-өзіне қол жұмсау саны жай ғана статистика емес, бір қоғамдағы үлкен топтың ой-сана және психикалық жағдайын көрсетеді.
Бүгінгі бағдарламаны бір адамның Канадаға сапарынан қалған естелігімен бастаймыз. Ол былай деді: "Туыстарымды көру үшін Канаданың Торонто қаласына бардым. Тоқтаған үйімнің жанында үлкен саябақ бар еді. Ортасынан өзен ағып жатты. Оның үстіне бір көпір салынған екен. Көпірдің үстінде тұрып, айналаның сұлулығынан ләззат алуға болады. Шынымен әдемі еді. Мен сол сұлулықты тамашалау үшін күн сайын саябаққа барып, көпірдің үстінде тұратынмын. Бірақ неге екенін білмеймін, канадалық жастар бұл жерді суға секіріп, өлу үшін пайдаланады".
Бұл естелік менің есіме америкалық жазушы, журналист әрі саяси белсенді Майкл Снайдердің пікірін түсірді. Ол суицид туралы мақаласында: "Адамдар үшін шынымен қажет нәрсе – өмірдің мәні мен мақсатын табу",-деп жазды.
Суицид – дамыған елдерде өлімнің ең көп таралған себептерінің бірі. Халықаралық есептерге сәйкес, жылына 800 мың адам суицид арқылы жантәсілім етеді. Бұл статистика тек өлімге әкеліп соқтыратын суицидке ғана қатысты емес. Суицид жасауға бағытталған әрекеттердің 20 пайызы сәтсіз аяқталады деседі. "Батыстың өмір салты" атты апталық бағдарламамызды Батыстағы әлеуметтік дағдарыстардың бірі суицидке арнадық.
Суицидтің мағынасын білмейтін адам кемде кем. Суицид – өз еркімен және өз қолымен өз өмірін қию. Суицид – ой-сана, психика мен стимул тұрғысынан тығырыққа тірелген соң пайда болатын мінез-құлық пен қатынас ауытқуының бір түрі. Бұл қатынас жеке әлсіздік пен болашаққа үмітсізденуден туындайды. Халықаралық ұйымдардың статистикалық мәліметтеріне сәйкес, әлемде сағат сайын 19 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Суицид – әлемдегі өлімдердің сегізінші себебі. Ер адамдар әйелдерден көбірек өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл психикалық ауытқушылық 15-35 жастағылар арасында көбірек байқалады. Бұл жас аралығында адамдар өмірдің қиындықтары мен түйткілдерін көбірек көреді.
Францияда суицид адам жанын обырдан да көп алады. Жылына шамамен 200 мың адам Францияда өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл адамдар арасында суицидтің ең көбі 15-20 жас аралығындағы қыздарға тиесілі. Францияның Қоғамдық саулық институтының 2017 жылы жариялаған статистикасы көрсеткендей, бұл елдегі суицид деңгейі 3 жылдық кезеңде 22 пайызға өсті. Мамандар статистика жарияланған саннан әлдеқайда жоғары деп санайды.
2018 жылдың 27 наурызында Лондон қаласының ортасынан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілер таңқалдыратын оқиғаға куә болды. Ер адамдар Лондонның ортасындағы бір биік ғимараттың төбесінде тізіліп тұр екен. Олардың құлап кету қатері сәт сайын сезіліп тұрды. Бұл ер адамдар шын мәнінде адам кейпіндегі мүсіндер болатын. 84 мүсін апта сайын Ұлыбританияда өз-өзін өлтіретін ер адамдардың санын білдіреді. Осы өнер туындысын жобалаушы Марк Джанкинз бұл инсталляция арқылы қоғамдық пікірді ер адамдардың суицидінен хабардар етуді көздеген.
Жыл сайынғы статистика бойынша, Ұлыбританияда 4500-ге жуық адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл елде суицид – жасы 45 толмаған ер адамдар өлімінің басты себебі. Айта кету керек, Ұлыбритания – 2018 жылы Суицидтің алдын алу министрі тағайындалған әлемдегі алғашқы ел. Бір ел бір мәселені шешу үшін әдеттен тыс министрлік құрса, бұл елде сол қиындық дағдарыс шегіне жетті деген сөз. Оған қоса, бұл министрлікке арнайы атау берілген. Ұлыбританияда жалғыздық және суицидтің алдын алуға қатысты құрылған екі бөлек министрлік бұл елдің өмір салтынан туындаған қиындықтардың бір бөлігін көрсететін айна іспетті.
2017 жылы АҚШ-та 47 мың адам өз-өзіне қол салған. Бұл сан 2001-2018 жылдар аралығында Ауғанстан мен Иракта қаза тапқан америкалық сарбаздар санынан шамамен 7 есе артық. АҚШ-тағы Аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мәліметіне сәйкес, 2000-2016 жылдар аралығында осы елдің белсенді адамдары арасындағы (16-64 жас аралығы) суицид 34 пайызға өскен. Америкалық жазушы Майкл Снайдер осы мәліметке сілтеме жасап: "Біздің өмір сүру критерийіміз әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда күлкілі қалыпта жоғары болса да, АҚШ мүлде қуанышты ел емес. Біз іс жүзінде ойын-сауыққа батып бара жатырмыз. Бұған қарамастан, бұрынғы буынға қарағанда қуанышымыз бен шаттығымыз өте аз",-деп жазды.
Психологтар мен қоғамтанушылардың көзқарасы бойынша, өз-өзіне қол жұмсау саны жай статистика емес, бір қоғамдағы үлкен топтың ой-сана және психикалық жағдайын көрсетеді. Өйткені өз-өзіне қол жұмсағысы келген адамдар құтқарылғаннан кейін өлгісі келмегенін, бірақ өмірге құштарлықтарын жоғалтқанын айтқан. Мынадай сауал туындайды: халқы әл-ауқат, азаттық пен шаттық тұрғысынан жоғары деңгейде тұр деп саналатын елдерде суицид деңгейі неге жоғары? Бұл сұрақтың жауабын өз-өзіне қол жұмсаудың себептерінен табуға болады.
Жүргізілген зерттеулер бойынша, әртүрлі себептермен қоғамдық саулық қатерге тігілген елдерде суицид деңгейі жоғары. Жанұяда адалдық деңгейінің төмендігі, эмоционалды қарым-қатынастың азаюы, жұмыссыздық, экономикалық қиындықтар, есірткі заттары мен алкогольді ішімдіктерді тұтынуға әуестік, қоғамдық құндылықтарға көңіл аудармау, ажырасудың артуы, балалар мен жасөспірімдерге қатігездік көрсету сияқты әлеуметтік мәселелер адамдарды күйзеліс, үмітсіздік және жеке ауытқушылықтар сияқты психикалық аурулар мен зардаптарға соқтырып, суицид жасауға жағдай жасайды. Бұл ауыр құбылыстың өз-өзіне қол жұмсайтын барлық адамдардағы ортақ белгісі – психикалық қысымдардан қашу.
Батыстың ойлау жүйесінде адам өмірінің сыртқы белгілеріне көп көңіл бөлінсе де, оның ішкі терең қатпарларына назар аударылмай қалған сыңайлы. Батыс өркениеті адамның рухани кеңістігін назардан тыс қалдыру арқылы оны өмірде тығырыққа тіреді. Өйткені Батыс өркениетінде физикалық тыныштық жан тыныштығынан маңыздырақ. Эрик Фром "Адам өзі үшін" атты кітабында Батыс қоғамындағы осы шындықты мойындап: "Қазіргі адам жан тыныштығын сезінбейді, көбіне ұнжырғасы түсіп, өз істерін мән-мағынасыз санайды",-деді.
Батыс қоғамдарындағы басты дағдарыс – рухани тыныштық дағдарысы. Оның жоқ болу себебін сол қоғамдардағы өмір салтынан іздестіру керек. Өмір салты біздің жаратылыс туралы көзқарасымызды, өмір, тәсіл мен қатынас туралы сезімімізді, өз өмірімізге құрған жоспарларымызды қамтиды. Батыс ой-санасында адам жаратылыстың нақ ортасында тұр. Индивидуализм, ләззат алуға ұмтылушылық және діннен қашу олардың өмір салтына бағыт береді. Мұндай өмір салтының салдары – әлеуметтік дағдарыстар. Суицид – соның бірі. Мұндай психикалық дағдарыстың негізгі тамыры әлеуметтік және психикалық тынышсыздық, руханият пен Құдайдан алшақтық болғандықтан, зерттеушілер жүйке жүйесі мен психика үшін ең маңызды дәрі Құдаймен байланыста болу деп санайды.
Құдайға көңіл аударып, Оны жақсы көру өмірге мән-мағына беріп, адам өміріндегі психикалық вакуумдардың орнын толтырып, адамға өмірдің барлық салаларында сәттілікке жетуге ықпал етеді. Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің айтуынша, АҚШ сияқты елдерде ақша, әскери құдірет пен ғылымның адамдарға бақыт пен психикалық тыныштық сыйлай алмауының себебі – Құдай мен руханиятты жатсынуда. Аятолла Хаменеи "Революцияның екінші қадамы" атты баяндамасында жаңа ислам өркениетін құруға берген кеңестерінде руханият пен ақлақты жеке және қоғамдық белсенділіктер мен әрекеттердің барлығына бағыт-бағдар беретін қоғамның басты қажеттілігі деп атап: "Бұлардың болуы материалдық тапшылықтар болса да, өмір сүру аясын жұмаққа айналдырады. Бұлардың болмауы әл-ауқат деңгейі жоғары болса да, өмірді тамұққа айналдырады",-деді.