Жел 08, 2019 15:16 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (5)

Бүгінгі бағдарламада Һамедан облысына сапарды жалғастырып, Лалджин қаласындағы тартымдылықтардың бір бөлігін таныстырамыз.

Иранның батысына, әсіресе Һамедан және Керманшаһ қалаларына сапар шеккен кезде автобусыңыздың ерекше бір жерге тоқтаған кезі болды ма? Жол бойында үлкен табақтардың үстіне жиналған әртүрлі жобалар мен түстердегі ірілі-ұсақты қыш бұйымдарын сататын дүкендері көп бір демалыс орны бар. Бұл бұйымдар өнерсүйер әрбір адамды әралуан түс, эмаль мен нәзіктікке қарай тартады. Лалджин қаласына соқпай кетуге болмайды.

 

Лалджин – Иранның қыш бұйымдарын жасайтын өнер орталығы. Бұл қала ел ішіне қарағанда шетелдерде танымал. Иранның қыш өнерінің орталығы саналатын қала ел ішінде қыш бұйымдарын экспорттау жөнінен бірінші орында тұр. Қалаға кірген беттегі үлкен алаңда бір көзеші ер адамның мүсіні бар. Ол осы өңірдің өнерлі халқының символы. Қолына қыш құмыра ұстаған мүсін тастың үстінде тұр. Бірнеше көк қыш бұйым, мойны жіңішке ұзын құмыра мүсіннің айналасына қойылған.

 

Лалджиннің Дүниежүзілік қыш қаласы ретінде жаһанға танымал болу мерекесі х.ш.ж.с.б. 1395 жылдың 4 шәһриварында (2017 жылы) осы қалада өтті. Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің қазылар алқасы сол жылдың басында Лалджин қаласына сапар шегіп, қаланың жағдайымен танысып, әлемнің қыш қаласы ретінде тіркелуі үшін шеберханалар мен дүкендерді аралап, ақырында Лалджинге "Дүниежүзілік қыш қала" атауын берді.

 

Лалджин Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің қазылар алқасы тарапынан "Дүниежүзілік қыш қала" деп тіркелді

 

Шын мәнінде Лалджин Батыс Азияда қыш бұйымдарын өндіру орталығы ретінде танылған. Лалджин қаласы тұрғындарының 70 пайызы қыш және керамикалық бұйымдар жасау және соған қатысты сауда жұмыстарымен айналысады. Лалджин осындай сапа мен көнелілігінің арқасында әлемге танымал болды. Оның қыш бұйымдары әлемнің көптеген елдеріне экспортталады. Әлемнің түкпір-түкпірінде оның қызығушылары көп. Араб елдері көбінесе күнделікті тұтынуға қажет қыш бұйымдары, исламдық нақыштармен өрнектелген гүлдандарды қалайды. Олар әртүрлі қыш тәрелке, кесе, графин, шамдан, көзе мен гүлданды естелік ретінде алып кетеді. Безендірілген қыш бұйымдары Еуропа мен Америкаға көп экспортталады. Ежелгі Иранның нақыштарымен безендірілген декоративті кесе мен тәрелкелер, үлкен гүлдандар, гүлдер мен бұталар салынған  торлы ыдыстардың АҚШ пен Еуропада қызығушылары көп.

 

Қыш бұйымдарын жасайтын пештердің отыны бұрын даладағы сексеуіл бұталары болатын. Бірақ кейін қара мұнай, содан кейін ақ мұнай қолданыла бастады. Бұл қаланың түкпір-түкпірі ірілі-ұсақты қыш шеберханаларына толы. Оларды туристер аралай алады.  

 

 

Шеберханалардың топырағы қалай қамтамасыз етілетініне тоқталайық. Қажет топырақ Дәстджерд ауылының атырабындағы жерден алынып, балшық жасайтын орталықтарға тасымалданады. Үлкен цистерналарда топырақты сумен араластырып, қалың кірпіш қалыбына келтіріп, содан кейін ерітеді. Қыш айналдыру аппараты мен қышшының жұмыс істеу тәсілін көру өте қызық. Қыш бұйымдарын жасау аппаратының жұмысын көру бір-екі минутқа болса да, бәрімізді өзіне баурап алады. Шынымен-ақ, шебердің қолындағы бір уыс балшықтың біртіндеп соңғы қалпына жақындай түскенін көру бізге адамның топырақтан жаралғанын сездіреді.

 

Қышшы бұйымдарды жасағаннан кейін олардың бетін жылтыратады. Эмаль – әртүрлі металдардың қышқылынан тұратын мөлдір әрі кристалды қабат. Әрбір түстің өзіне лайық құрамы бар. Қышшы жұмысының түріне қарай бұйымдардың әрқайсысы ерекше қалыпта пісіріліп, эмальданады. Мысалы, "Лалджин"  атты ыдыстарға шикі күйінде эмаль жағылып, пеште пісіріледі.  «Дизи» ыдысын қызыл топырақтан жасайды. Оны эмальдамайды. Су құмыралары үнемі эмальсыз жасалады. Ал сірке суы, маринад пен тосап құйылатын құмыралардың  ішін эмальдайды.

 

 

"Лалджин"  қыш ыдыстарының топырағы  осы қаладан 5 шақырым жердегі Дәстджерд ауылынан қамтамасыз етіледі. Бұл ауылдың адамдары Лалджин тұрғындары сияқты түрік тілінде сөйлейді.  Ауыл тұрғындарының басты кәсіптері – егін және мал шаруашылығы,  тігіншілік. Бұл ауылда жартылай өнеркәсіпті тігін шеберханалары көп. Аталмыш шеберханалар ауылды жартылай өнеркәсіпті өндірістік полюске айналдырды. Бұл тақырып бір ауыл үшін мақтауға тұрарлық үлкен жетістік. Сондай-ақ, «Дәһәнджерд» (Дәһәнгерд) ауылы – Лалджин қаласынан 2 шақырым жерде орналасқан ауылдардың бірі. Онда көп тұтынылатын егін шаруашылығы өнімдері, соның ішінде арпа, жүгері, картоп, қияр мен бау-бақша өнімдері, әсіресе жүзім өсіріледі. Дәһәнджердтің бақтарындағы сары жүзім шоқтарын тамашалау таңғажайып әсер қалдырады.

 

Ирандық өнерге қызығатын барлық адамдарға Лалджинге барып, түрлі түсті эмальданған қыш бұйымдарын жасайтын шеберханаларды көруге кеңес береміз. Иранның сауда-өнеркәсіптік орындарына сапар шегу елдің мәдени-көркемдік қорын тануға ынталандырады деп үміттенеміз.