Жел 16, 2019 13:27 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (183)

Бұл бағдарламада Иранның ең танымал астроном әйелдерінің бірі Бибі Монаджамемен таныстырамыз.

Кітаптарда Бибі Монаджаме туралы "атақты да білгір астроном" деп жазылған. Хорезмшах заманында математика мен астрономия ғылымдарында өз қабілетін жақсы көрсете білген әйел ең жоғары ғылыми мәртебеге жетті. Оның есімі әлемдік ғылым тарихында Иранның ең алғашқы астроном әрі математик әйелі ретінде қалды. 

 

Бибі Монаджаме

Бибі Монаджаме немесе Монаджаме Нишапури туралы көп мәлімет жоқ. Бұл ирандық астроном мен математик х.қ.ж.с.б. 600 жылы Үлкен Хорасандағы Нишапур қаласындағы оқымыстылар жанұясында дүниеге келген. Әкесі Камаледдин Семнани Нишапурдағы шафиилердің басшысы әрі сұлтан Мұхаммед Хорезмшахтың бас астрономы болған. Анасы Хорасанның атақты факиһі Мұхаммад бен Яхияның немересі болған. Оның әкесі астроном болған. Бибі де сол жолды жалғастырды. Бұл саладағы танымалдығының зор болғаны соншалықты, ол сұлтан Джалаледдин Хорезмшах пен Алаеддин Кейқобад сияқты патшалардың сарайына жол тартты. Ол астрономия, астрология мен оқиғаларды болжаудағы қабілетіне байланысты Хорезм сұлтанының сарайына жақындардың  бірі болып, "Бибі Монаджаме" деген атпен танылды. Бибі Монаджаме астрономияда ерекше білгір болған. Жұлдыз жорамал жасау, астрология және астрономия үкімдерін жазумен айналысқан. Әкесінен астрономия үйренген ол осы салада ерекше дарын мен қабілетін көрсетіп,  өз заманындағы ғалымдардың қатарына қосылды.  Бибі Монаджаме астрономия ғылымында ғана емес, соған қатысты басқа ғылымдарда да танымал болған.   

Бибінің күйеуі Маджеддин Мохаммад Тарджоман – Джорджанның Гур-е Сорх өңірі сейіттерінің бірі. Ол да атақты тұлғалардың бірі. Ол сұлтан Джалаледдин Хорезмшахтың сарайына жақын сенімді адамдардың бірі болған. Алдымен хатшылық қызметте жұмыс істеген Маджеддин кейін Селжұқтар сарайына қызметке алынған кезде бас «камергер" ретінде танылды. Содан кейін «тарджомәни» «аудармашы» мансабына жетті. Осы дәрежеде елші ретінде әртүрлі әмірлер мен билеушілердің жанында қызмет етті.

Бибі Монаджаме Джалаледдин Хорезмшахтың жанында ерекше орынға ие болған. Хорезмшахтықтар астрономиялық үкімдерге қатты мән берген. Олар астрономия ғылымына қатысты тақырыптар туралы кеңес алу және соған орай істер жасау үшін Бибі Монаджаме Нишапуриге келіп отырған. Тіпті кейбір тарихи дереккөздерінде оның жылдар бойы моңғолдармен соғыс алаңында Джалаледдин Хорезмшахпен бірге болғаны айтылған. Селжұқ әмірлерінің бірі Камаледдин Камияр Хорезмшахтың жанына елшілікке барған кезде Бибі Монаджаменің танымалдығын естіп, Селжұқ сұлтанның жанына  қайтып оралған кезде Бибі Монаджаме мен оның астроном ұстазы туралы сұлтанмен ұзақ сұхбаттасыпты.  

Джалаледдин Хорезмшахтың патшалық кезеңі моңғолдардан жеңілгеннен кейін аяқталды. Бибі Монаджаме болжамдарының бірінде сұлтан Джалаледдинді інісі Ғиаседдиннің сатқындық жасайтынынан хабардар еткен деседі. Бірақ сұлтан бұл жолы оның сөзіне көңіл бөлмегендіктен қастандық салдарынан моңғолдармен соғыста қаза тапқан. Джалаледдин Хорезмшах өлгеннен кейін демеушісінен айырылған және сарай маңындағылардың қызғанышына ұшыраған Бибі мен оның күйеуі Дамаскқа қоныс аударады. Бибі Монаджаменің танымалдығына байланысты Малек Ашраф Мұзаффареддин Мұса Ейюбидің сарайына жол тартты. Сұлтан Ейюби Бибі Монаджаме мен оның жанұясын ыстық ықылас және құрметпен қарсы алды. Болған оқиғадан хабардар болған Алаеддин Кейқобад сұлтан Селжұқи елші жіберіп, сұлтан Ейюбиден Бибі мен оның жанұясының Конияға баруын өтінеді. Селжұқ сұлтаны Бибі Монаджамені құрметпен Конияға жеткізіп, өзінің сарайында оған жоғары орын береді. Шамдықтар мен Рум селжұқтары арасында соғыс болған кезде Бибі астрономия ғылымын пайдаланып, соғыс алаңында сұлтан Алаеддин Кейқобадтың жеңетінін болжаған. Соғыс ол болжағандай бітед. Содан кейін сұлтан Кейқобадтың оған деген сенімі артып, ол Бибіге сұлтан шапанын берді. Сұлтан Кейқобад Бибінің өтінішімен  Дар ул-Иншаны басқаруды және "тарджоман" лақабын күйеуі Маджеддин Мохаммадқа береді. Өмірінің соңына дейін Селжұқ әмірлерінің бірі ретінде осы сұлтанға қызмет етіп, сапарларда сұлтанның жанында болды. Бибі Монаджаме х.қ.ж.с.б. 679 жылы қайтыс болып, Дамаскта жерленді.

 

Бибі Монаджамемен замандас әйелдің суреті Селжұқтар заманына тиесілі фарфор ыдыстың бетінде салынған.

Бибі Монаджаменің ұлының аты Насереддин Хусейн болған. Ол анасының танымалдылығына байланысты "Ибн Бибі" деген лақап ат алған. Ол Селжұқтардың Кіші Азиядағы ең соңғы билеушілерімен замандас болған. Ибн Бибі Рим селжұқтары сарайының жоғары лауазымды тұлғаларының қатарына енген. Ол әкесінен кейін әмірлік мансабына жетті. Ибн Бибі Диван Тафра  хатшылықты басқарушы, яғни сұлтандардың бұйрықтарын жазып, мөр қоюшы болды. Әмір Насереддин Хусейн х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген маңызды тарихшылар мен жазушылардың бірі саналады. Ол "Ибн Бибі тарихы" деген атпен танымал "әл-Авамер әл-Алайе фи әл-Амур әл-Алайе" деген атаумен парсы тілінде кітап жазды. Бұл туынды Рим селжұқтарының тарихына арналған. Ибн Бибі бұл кітапты Алаеддин Атамалек Джувейнидің айтуымен және Алаеддин Кейқобад I-нің атымен жазып, оны Рим селжұқтары тарихының бір бабында Джувейдидің "Джаһангоша" тарихи кітабының  қосымшасы болуын қалайтынын жазған. Кітап х.қ.ж.с.б. 680 жылдың басында жазылып бітті. Х.қ.ж.с.б. 588-679 ж.ж. оқиғаларды қамтиды. Кейін Ибн Бибінің бұл кітабын бір адам қысқартып жазды. Қазіргі заманғы көрнекті зерттеуші Аббас Эқбал Аштиани Ибн Бибінің кітабын Джувейдидің "Джаһангошасы", Вассаф тарихы мен Моинеддин Яздидің "Маваһеб Элаһие" кітабы сияқты маңызды тарихи кітаптардың қатарына қойып: "Ибн Бибі кітабының түпнұсқасы қолда жоқ. Бір адам осы ұзақ әрі күрделі кітаптың қысқа мазмұнын қарапайым тілмен жазып шықты. "Селжұқнаманың" осы қысқаша мазмұны бар. Рим селжұқтары патшалығы заманындағы тарихты таныстыру үшін беделді дереккөзі саналады",-деді. Кітаптың ең маңызды бөлігі – Кейқобад I пен оның ізбасарлары дәуіріне қатысты тараулары. Автор олардың замандасы болған. Ол сарайға тәуелді болғандықтан оқиғаларды жазуда бейтарап ұстаным сақтай алмаған. Бибі Монаджаменің өміріне қатысты мағлұматтардың көбі осы кітаптан алынған.