Қаң 11, 2020 17:25 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (185)

Бұл бағдарламада х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, ирандық сопылықтың көрнекті тұлғасы туралы баяндаймыз. Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладждың өз өмірі, сөзі, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырғаны соншалықты, ғасырлар өтсе де, ирандық және батыстық зерттеушілер ол туралы айтып, зерттеу жазып жатыр. Өз сөзімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Халладждың туған жылы француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты ірі зерттеушілердің оның өміріндегі оқиғаларды салыстыра отырып шығарған болжамы ғана. Кейбіреулер Джамидің "Нафахат ун-Насындағы" Халладждың өмірбаяны мен онда келтірілген бәйіттерге сүйеніп, оны х.қ.ж.с.б. 248 жылы туған деп есептейді.

Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Мақта түтуші деген мағына беретін "Халладж" бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскені жайлы да айтып өттік.

 

 

Хусейн бен Мансур Халладж жас кезінде Васеттен Ахвазға жол тартқан. Халладж Ахвазда х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген шейхтердің бірі Сәһл бен Абдулла Тастариге шәкірт болып, қызмет еткен. Халладж сопылықтың негіздерін осы ұстаздан үйренген. Біраздан кейін Халладж х.қ.ж.с.б. 262 жылы сопылық рәсімге қайшы әрекет жасап, ұстазы Сәһл бен Абдулла Тастариден көзі тіріcінде кетіп, Амру бен Осман Макиге шәкірт болуға барады. Ол Басраға барып, сонда бір жарым жыл тұрақтап, Сәһл бен Абдулла Тастариден үйренгенін жаңа ұстазы Амру бен Осман Макидің тәрбиесі мен қолдауы саясында толықтырды. Халладж жаңа мүршід-ұстазының таңданысын тудырған деседі. Амру бен Осман Маки осы жас сопының жүзінен ізгілік пен қайырымдылық көріп, оның рухани әлемде жарқырай көрінетінін болжаған. Сол кезде Хусейн бен Мансур Халладж Абу Яқуб Ақтаның қызына үйленді. Амру бен Османның қарсылығына қарамастан жасалған бұл неке ұстаз бен шәкірттің араздасуына себеп болды. Абу Яқуб Ақта Амру бен Осман Макимен Басра сопыларын басқару саласында бәсекелескен деседі. Олардың әрқайсысы Халладжды өзіне тартқысы келген. Басраның орталық мешітінде ғибадат етіп, Құран оқып жүрген Халладж бұл екі шейхтің тартысынан шаршап, қаладан кетіп, Бағдадқа барып, танымал ирандық мистик Джунейдтің шәкірттерінің қатарына қосылды.

Джунейдтің атағы бүкіл әлемге таралған еді. Санасын жаулап алған көптеген сұраққа анық жауап табуды көздеген Халладж Джунейдтің шәкірттерінің қатарына қосылды. Джунейд жас шәкіртіне үнсіз оқшау қалуға бұйырады. Халладж ұстазы кеңес берген тәсілмен біраз уақыт өмір сүрген. Хусейн бен Мансур Халладж өмірінің осы кезеңі Басра мен Бағдадта қара нәсілділердің көтерілісімен тұспа-тұс келді. Осы бүлік салдарынан Халладж қаладан кетіп, қажылық рәсімдерін орындау мақсатында Меккеге аттанды. Харамның маңында бір жыл қалып, Меккенің тауларында ең ауыр тақуалықты бастан өткерген. Бұл кездері ол бір үзім нан мен бір жұтым суды қанағат етіп, күннен көлеңкені паналамаған деседі. Ол Меккенің сопыларымен байланыс орнатып, осы аймақтан өзіне серіктер тапты. Бір жылдан кейін Халладж бірнеше меккелік сопымен бірге Бағдадқа ұстаз Джунейдтің алдына қайтып оралады. Осы рухани сапардан кейін халық оны шейхтердің бірі ретінде қабылдады. Сол кезеңде Халладж бен оның ұстазы Джунейдтің арасында "сокр" (мастық) мен "саһв" (айқындылық, қырағылық) деген екі мистикалық термин туралы пікірталас болған деседі.

Көне сопылық мәтіндерде, соның ішінде  "Ресале-е Қаширие" мен "Кәшф ул-Махджуб"-та айтылғандай, "сокр" мен "саһв" х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдағы суфизмнің ең маңызды мәселелерінің бірі болған. Х.қ.ж.с.б. 261 жылы дүниеден өткен танымал ирандық мистик Баязид Бастами сокрдың жақтаушысы болған. Х.қ.ж.с.б. 297 жылы дүниеден өткен Джунейд саһвты қолдаған. Осы екі терминді қарапайым тілмен сипаттайтын болсақ, сокр-мастық – илаһи сипаттар кесесінен шарап ішкен мистиктің естен тануы, саһв-қырағылық – мистиктің мастықтан қалыпты халге қайта оралуы. Х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда сопылар арасында осы екі термин туралы пікірталас шарықтау шегіне жетті. Соның нәтижесінде екі жаңа тариқат жолы Тейфурие мен Джунейдие пайда болды. Сокрды ұстанушылар Баязид Тейфур бен Иса Бастамиді қолдағаны үшін  "Тейфурие", ал саһвты ұстанушылар Джунейдке жақтасқаны үшін "Джунейдие " деп аталды.

 

Шахрудтан 6 км жердегі Бастам ауданында орналасқан Баязид Бастамидің мазары

Хусейн бен Мансур Халладж сокрды ұстанушы болса, ұстазы Джунейд саһвты ұстанушы болған. Осы пікірталастың соңында Халладж көңілі қалып, Бағдадтан кеткен деседі. Ұстазына ренжіген Халладж оның рұқсатынсыз Иранның оңтүстігіндегі Тастарға барып, сонда бір жыл тұрған. Халық оған бауыр басып, оның сөзіне құлақ асқан. Халықтың Халладжға ыстық ықыласы Ахваз бен Тастардағы кейбір сопылардың қызғанышын тудырды. Осы қызғаныштар мен жамандаулардың салдарынан Халладждың ұстазы Амру бен Осман Маки Хузистанға ол туралы хат жазып, билікті Халладжға қарсы қойған деседі. Осындай қатынасқа ренжіп, тариқатшылардан көңілі қалған Халладж сопылық киімін шешім, шекпен киіп, қарапайым халықпен араласып, мистиктер мен сопылардан бойын аулақ ұстайды. Алайда қызғаншақтар оны жамандауды тоқтатпай, ол туралы хат жазумен болады. Бұл істер оның 5 жылға жоғалып кетуіне себеп болады. Бұл аралықта ол біраз уақыт Хорасан мен Мәуереннахрда, біраз уақыт Систанда болып, Ахвазға қайтып оралады. Қалада халықпен қайта тілдескенде айналасына көп адамдар жиналған соң оған "Халладж ул-Асрар" деген лақап берілген.