Қаң 23, 2020 21:36 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (186)

Бұл бағдарламада х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы сөз қозғаймыз.

 

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, ирандық сопылықтың көрнекті тұлғасы туралы сөз қозғаймыз. Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладждың өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырғаны соншалықты, ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Ал басқа біреулер х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл деп есептейді. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Сондай-ақ, «мақта түтуші» деген мағына беретін "Халладж" сөзі бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскенін айтып өттік. Халладж жастық шағында білім алу үшін сапарға аттанып, Сәһл бен Абдулла Тастари мен Амру бен Осман Маки сияқты ірі ұстаздар және танымал ирандық мистик Джунейд Наһавандиден білім алып, үлгілі шәкірт болды. Осы кезде ол өзінің алғашқы қажылық сапарына барды. Ахваз бен Тестерде Халладждың жақтаушылары көп. Бұл кейбір сопылардың қызғанышын тудырған деседі. Олар Халладжға қарсы хаттар жаза бастаған. Бұған қатты көңілі қалған Халладж сопылық киімін шешіп, қарапайым киініп, сопылардан алшақ тұрып, халықпен араласа бастаған.

Халладж сопылармен қатынасын үзгеннен кейін Бағдадтан кетіп, Шуштарға барып, екі жыл сонда қалды. Бірақ онда да тұрақтап тұра алмай, сапарға шығып, Хорасан мен Фарсқа аттанды. Осы барыс-келістер барысында Халладж үгіт-насихат жүргізіп, еңбек жазумен айналысты. Бұл сапарлар жалпы алғанда 5 жылға созылды. Ол х.қ.ж.с.б. 291 жылы екінші рет  Алланың үйін зиярат етуге барды. Қайтып келген соң Бағдадта бір жыл тұрды. Бірақ доспен кездесуді аңсауы оны Меккеге қарай жолға шығуға ынталандырды. Осы жолы ол теңіз арқылы Үндістанға жетіп, ол жерден Түркістанға, содан соң Меккеге барды. Екі жыл Алла үйінде қалды. Қажылық барысындағы Арафат рәсімі кезінде қайтқан жандардың атын атап, Алладан рақым сұрайтын кезде Халладж: "Құдай, мені бұдан ары мұқтаж етіп, мүсәпір халге түсір. Алла, маған лағынет айтатындай абыройымды төк. Алла, адамдар менен жиіркенетін болсын. Аузымнан шыққан әрбір алғыс сөз сен үшін айтылсын. Сенен басқаға мұқтаж болмайын",-деп айқайлады. Осы сапардан кейін Халладж х.қ.ж.с.б. 296 жылы Бағдадқа оралып, халыққа насихат жүргізе бастады. Зерттеушілердің кейбіреулерінің ойында мынадай сауал туындады: Сопылармен байланысын үзіп, сапарда болған он жылдың ішінде Халладждың өмірі мен ойы қандай болған? Бұл жөнінде көптеген рауаят бар. Бұдан бұрын айтып өткеніміздей, оның өмірінде қуаныш пен қайғы аралас болған, сондықтан ақиқатты анықтау қиын.  Зарринкубтың пікірі бойынша, "Кейін оның ұсталып, қамалып, сотталып, өлтірілуіне себеп болған нәрсе көбіне оның өмірінің осы кезеңінде атқарған шараларына байланысты". Оның ойынша, осы сапарлар барысында Халладждың әртүрлі ағымдар мен діндер өкілдері және айтулы тұлғалармен қарым-қатынасы оның тағдырына әсер еткені анық.

Халладж Бағдадтан қайтып оралғанда Тестер ауданында орналасып, базарлар мен мешіттерде уағыз айтып, халықты дінге шақырған. Көп ұзамай оның жақтаушылары көбейді. Ол өзінің уағыздарында маһдавият идеясына негізделген сопылық түрін насихаттаған деседі. Тіпті, Бағдад халифі жақындарының арасында да бірқатар жақтастары болған. Соның ішінде халифтің анасы да бар еді. Бұл жағдай қарсылар мен қызғаншақтардың үрейін ұшырды. Олар оның қудаланып, ұсталуына жағдай жасады. Шын мәнінде оның тереңдік пен мейірімге толы поэтикалық баяндау тәсілі көптеген жақтастардың тартылуына себеп болды. Кейбір зерттеушілердің сенімінше оның қимыл-әрекеттері көбінесе сиқырға ұқсайтын. Мұндай амалдар қарапайым халықтың оған тартылуына себеп болды. Халладж жасайтын таңғажайып істер басқа мистиктерге телінетін кереметтерге керісінше болды. Халладж бұл ғажайып істерді басқа мистиктерге керісінше барлық жерде халықтың алдында ашық алаңдар мен базарларда жасаған. Бұл істер бүгінгі тілмен айтқанда "фокус" болып табылады. Массиньон мен Зарринкуб сияқты зерттеушілердің сенімінше, Халладж таңғажайып істерді өз сөзіне сендіру үшін тыңдармандардың көңілін аулау мақсатында қолданған. Ол өз сөзінде Алланың махаббаты мен адамның Құдайға жақындай түсу мәселесін қозғаған.

Халладждың баяндау тәсілі халық үшін тың әрі қызық болды. Бір күні ол ойда жоқта "Қатия" базарына барды. Көз жасын ағызып: "Халық мені Құдайдан сақтаңдар! Ол мені өзімнен ұрлап кетті. Кері қайтармады. Оның бойымда болуын көтере алмаймын. Одан айырылудан қорқамын. Сол үшін жоғалып кетіп, мақұрым қалдым. Алланың құзырынан ғайып болып кеткен, қосылғаннан кейін алыстап кеткен адам адыра қалсын",-деп айғайлап жүрді. Халық оның налығанын көріп, жылай бастап, соңынан ерген екен. Сөйтіп, "Атаб" мешітіне жетіпті. Сол жерде тұрып, Халладж тағы сөйлей бастайды. Сөзінің біразы халыққа түсінікті, кейбірі түсініксіз болды. Тағы бір кезде мешіттің алдында тұрғанда: "Халайық, Алла бір жүрекке көңілі ауғанда оны Одан басқа нәрсенің бәрінен арылтады. Егер бір пендені жақсы көрсе, басқа пенделерді онымен жанжалдасуға итермелейді. Сонда ана пенде Аллаға бет бұрып, оған жақындай түседі. Ал менің жағдайым қандай? Менің Алладан хабарым жоқ, оған бір табан да жақындамаған едім. Бұған қарамастан, халық менімен жауласады",-деп еңіреп жылағанда базаршылар да оған қосылып жылапты. Бірақ  ол кенет қарқылдап күліп, айқайлап, өлең оқыған. Кейде Халладж орталық мешітке барып, халықты оның сөзін тыңдауға шақырған. Дос-дұшпан аралас халық оның жанына жиналған. Сонда ол халыққа қарап: "Құдай менің қанымды сендерге халал етті. Мені өлтіріңдер",-дейді. Халықтың біразы оның сөзіне жылаған. Біреуі: "Ей, шейх, намаз оқып, ораза ұстап, Құран оқитын адамды қалай өлтіруге болады?"-деп сұрайды. Ол сонда: "Менің қаным төгілетін мақсат намаз, ораза мен Құраннан жоғары. Мені өлтіріңдер, сонда сендер өтемақы аласыңдар, ал мен тыныштық табамын",-деп жауап берген. Халладждың "Ахбар" топтамасында айтылғандай, ол мистикалық тәжірибелер мен ой-пікірлерін насихаттауда бұрын-соңды болмаған ғажайып сопылық тәсілдің бір үлгісін көрсетті.