Сәу 04, 2020 20:50 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (189)

Бұл бағдарламада х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы тақырыбымызды жалғастырамыз.

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладж өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жұмыстарын жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Кейбіреулер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл санаған. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Сондай-ақ, «мақта түтуші» деген мағына беретін "Халладж" сөзі бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскенін айттық. Халладж жастық шағында білім алу үшін сапарға аттанып, Сәһл бен Абдулла Тастари мен Амру бен Осман Маки сияқты ірі ұстаздар және танымал ирандық мистик Джунейд Наһавандиден білім алып, үлгілі шәкірт атанған. Халладж өмірінде үш рет қажылыққа барған. Қайда барса да, оның жанына жақтастары көп жиналған деседі. Халық Хусейн бен Мансур Халладжға құтқарушы ретінде қараған.  Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды. Ақырында Бағдадтың сол кездегі билеушілері мен факиһтері Халладжды жалған айыптармен абақтыға қамады. 8 жылдық сот тергеуінен кейін оған өлім жазасы кесілді.

Халладждың қолын байлап, мойнына шынжыр салып, дар ағашына жеткізген күні таңертең оның жүзінен қорқыныш, қимыл-әрекетінен өкініш байқалмады. Күлімсіреп, нық басып, оны көруге келген адамдармен жылұшырап сөйлескен. Оның жолында жиналған жұрт көп еді. Олар кеуделерін дерт кернеп, қайғыға батқандары соншалықты, үнсіз жоқтаған екен. Халладж қуаныштан байыз таба алмапты, өлімге емес, ғашығына асыққан адамдай болыпты. Дар ағашына жақындаған кезде сол жерде көзінен жас төгіп тұрған өз заманындағы атақты сопы Шеблиден жайнамазын ол үшін Құбылаға қарай жаюды сұрайды. Содан соң тыныштықта екі ракат намаз оқып, мінәжат етіп, өзін өлтіретіндерге дұға тілеп, оларды кешірді. Содан соң ешқандай қорқынышсыз, қуанышты жүзбен дар ағашына апарар баспалдақпен көтерілді. Халыққа қарап: «Шартқа сай болу үшін Алланың пендені Өзіне шақыруы жеткілікті»,-деп айғай салған. Соңғы сәтте тек бір Құдайды ойлап, соңғы ойында сол қасиетті дауысты естіп, аузынан «Мен Хақпын» деген сөз шыққан.

 

 

Х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген атақты ақын, сопы хәкім Фаридеддин Аттар Нишапури «Тазкерат ул-Аулиа» атты құнды кітабында осы ащы оқиға жайлы әсерлі де егжей-тегжейлі баяндаған. Аттар оқиғаны былай деп сипаттаған: «Арканың астындағы дар ағашына апарар жолда одан: «Қалың қалай?» деп сұраған. Халладж «Миғражға көтерілетін адамдар дарға асылады» деп қолын Құбылаға қарай көтеріп, қалауын сұрап, содан соң дар ағашына көтерілген.  Сол кезде күзетші Халладждың жанына барып, оның бетіне салып қалғанда мұрынынан қан бұрқ етті».

Хусейн бен Мансур Халладж бір күн дар басында қалдырылып, азапталды. Түнде зынданға қайтарылды. Х.қ.ж.с.б. 309 жылдың 24 зихаджесінде тағы өлім орнына апарылды.  

Аттар Нишапури «Тазкерат ул-Аулиада» осы көріністі сипаттап: «Сол кезде әркім бір тас лақтырған. Шебли Халладжға тілеулестік білдіру үшін оған қарай гүл лақтырғанда Халладж «аһ» ұрған. «Осынша тас тигенде «аһ» демеп едің, гүлге күңіренуіңде не сыр бар?» деп сұрағанда «Олар кешірілгендерін білмейтіндіктен күрсінбеймін. Ал ана кісі тас лақтырмауы керегін білетініне қиналамын» деген»,-деп жазған.

Қолын кескенде күліпті. «Неменеге күлесің?» деп сұраған екен. «Байланған адамның қолын кесу оңай. Көк жүзінен талпыныс қалпағын шешіп алатын қолдарды кесетін кісі – нағыз адам» деді. Аяқтарын кескенде күліп: «Бұл аяқтармен жер бетінде сапар шектім. Дәл қазір екі дүниеге сапар шеккізетін басқа аяқтарым бар. Шамаларың келсе, сол екеуін кесіңдер»,-деген. Содан соң кесілген қолдарымен беті мен білегін сүртіп, қанға бояпты. «Неге бұлай еттің?» дегенде «Менен қан көп кетті. Бетім сарғайып кеткен болуы керек. Сіздер сары жүзім қорқыныштан деп ойламасын деп бетіме қан жақтым. Сіздердің алдарыңызда қызыл жүзді болайын. Нағыз ерлердің шырайлы жүзі – олардың қаны» деген. «Жүзіңді қанмен қызарттың. Білегіңді неге қанға боядың?» деп сұрағанда «Дәрет алдым» деген «Қандай дәрет?» дегенде «Ғашықтықта екі ракат бар. Олардың дәреті қанмен алынуы керек» деген. Содан соң оның көзін ойып алғанда халық шу ете қалады. Кейбіреулер жылап, басқалар тас лақтырған. Содан соң тілін кесіп алмақ болғанда «Сөз сөйлейін, сәл тоса тұрыңдар» деп жүзін аспанға қаратып: «Құдайым, сен үшін көріп жатқан қиындықтардан мақұрым етпе, бұл дәулеттен несібесіз қалдырма. Сенің жолыңда менің қол-аяғымды кескендеріне мың да бір шүкір. Сенің жүзіңді көру үшін басымды кесіп алса да артық емес» деген. Содан соң Халладждың құлағы мен мұрынын кесіп, тас лақтырған.

Қол-аяғы, тілі, құлағы мұрыны кесіліп, көзі шығарылған Халладждың қанға бөккен денесі бірнеше сағат бойы күн астында Бағдад халқының алдында жатқан. Кешкі намаз кезінде жарымжан Халладждың басын кескен. Ол басы кесілер алдында күлімсіреп, жан тәсілім еткен.

Халладждың кесілген қол-аяғы мен басы жұрт назарына қойылған. Аттар «Тазкерат ул-Аулиада» Хусейн бен Мансур Халладжды өлтірер кезде одан аққан әрбір қан тамшысынан «Алла» сөзі көрініп отырған деп жазған. 

Бірақ ғашықтың ісі мұнымен бітпеген екен. Халладждың бөлшектенген денесін келесі күні шиге орап, оның үстіне мұнай төгіп, өртеп, күлін қала мұнарасының үстінен желмен ұшырып жіберген. Жел оның күлін әлемнің түкпір-түкпіріне таратқан. Аттардың айтуынша, бір дәруіш Халладждан «Ғашықтық деген не?» деп сұрағанда «Бүгін, ертең және бүрсігүні көресің» деген. Ол күні оны өлтіріп, ертесінде жағып, үшінші күні күлін көкке ұшырып жіберген. Ғашықтық деген осы.

Аттар Хусейн бен Мансур Халладждың өмірінің соңғы сәттерін баяндап: «Халладж өзінің қызметшісіне «Менің күлімді Тигр өзеніне лақтырғанда су көтеріледі. Тіпті Бағдатқа су астында қалу қаупі төнеді. Сол кезде менің шапанымды өзенге апар, су басылады» деген. Үшінші күні Халладждың күлін өзенге шашқан кезде «Мен Хақпын» деген дыбыс естіліп жатыпты. Су көтерілгенде қызметші шейхтің шапанын Тигр өзенінің жағасына апарыпты. Сонда су басылып, күл сөніпті. Сол кезде күлді жинап алып, жерге көмген екен»,-деп жазған.

Хусейн бен Мансур Халладждың өлімінен кейін халифтің үйін ауыр үнсіздік басты. Халифтің анасы терең қайғыға батып, аза тұтқан. Ол Халладждың басын  Хорасанға жіберіп, аймақ-аймақты аралағанға дейін жылдар бойы өз сарайының қазынасында сақтаған деседі. Өз ағасының қабірінің жанынан жер бөліп, Халладжға мазар соқтырып, ол жерді халық зияратқа келуі үшін вакфқа берген екен.  

 

Бағдадтағы Хусейн бен Мансур Халладждың қабірі

Келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз.