Maм 26, 2020 20:20 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (191)

Бұл бағдарламада х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладж жайлы сөз қозғаймыз.

 

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладж өз өмірі, сөзі, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жұмыстарын жазып жатыр. Өз сөзімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Кейбіреулер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл санаған. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. «Мақта түтуші» деген мағына беретін "Халладж" сөзі бастапқыда оның лақап аты болғанын, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскенін айттық. Халладж жастық шағында білім алу үшін сапарға аттанып, Сәһл бен Абдулла Тастари мен Амру бен Осман Маки сияқты ірі ұстаздар және танымал ирандық мистик Джунейд Наһавандиден білім алып, үлгілі шәкірт атанған. Халладж өмірінде үш рет қажылыққа барған. Қайда барса да, оның жанына жақтастары көп жиналған деседі. Халық Хусейн бен Мансур Халладжға құтқарушы ретінде қараған.  Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды. Ақырында Бағдадтың сол кездегі билеушілері мен факиһтері Халладжды жалған айыптармен абақтыға қамады. 8 жылдық сот тергеуінен кейін оған өлім жазасы кесілді. Х.қ.ж.с.б. 309 жылдың зихадже айының 24 күні ол дарға асылды.

 

Хусейн бен Мансур Халладжды дарға асу 

Халладж қаза болғаннан кейін әлемнің жадында ол туралы бейне әулиелік пен тазалық сәулесінде және жала мен теріске шығару шаңының астында қалыптасты. Оның тағдырына жартылай белгісіз, бұлыңғыр болып қалу бұйырған сияқты. Халладж туралы қандай пікір айтылса да, оның өзі мен ойларының маңызды болғанын көрсетеді. Оны теріске шығарып, өлімге қиғандар да,  бұл үкімді растағандар да, Халладжды жақтағандар да оған мейіріммен қарап, жақтастық білдірген. Мұның бәрі Халладждың ықпалды рөлін көрсетеді. Өйткені, егер әсерлі болмаса, осыншалықты дау-дамайды, жала мен терістеуді қажет етпес еді. Егер ықпалы болмаса,  соншалықты жақтас тауып, жақсы көріліп, тарихта сөзі сақталмас еді. Сол себепті ол ирандық сопылық пен мистика тарихында шоқтығы биік тұлға саналады.        

Халладж өз еңбектері арқылы танылмас бұрын өз ойы, өмір жолы және өлімі арқылы әйгілі болды. Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Халладж көптеген еңбек жазған, бірақ бізге олардың тек біразы ғана жетті. Алайда оның сөзі мен іс-әрекеті басқалардың кітаптарында жазылған. Солардың негізінде және француз шығыстанушысы Луи Массиньон жазған кітаптарға сүйеніп, оның ойын түсінуге болады. Халладждың көптеген ойы мен сөзінің ешқашан байыбына барып, ұға алмаймыз. Халладждың өзі оларды ақылға қонбайтын, оғаш деп білген. Бұған қарамастан, сопылық және оның деңгейлерімен таныс адамдар оның ойларын түсінеді.

Бір сөз немесе қысқа сөйлеммен  Халладждың басты ойын жеткізгіміз келсе, «Құдай және оған жақындау осы ирандық танымал сопының ойы мен еңбектерінің басты өзегі болды» деп айтуымыз керек. Халладждың саналы ғұмыры мен өлімі де оның осы биік ойының түсіндірмесі.

Халладжтың көзқарасы оның заманында болмыс пен одан тыс дүниеге қатысты ең тірі әрі ақиқатты көзқарас болды.  Оның жолы мен мектебі ғашықтықпен Құдайды сүю болды. Бұл махаббат болмыс бірлігіне негізделген. Халладж өз жан дүниесінде үлкен бір рухани дертті сезген. Бұл дерт бірігу, Жаратушымен бір болу, онда жоғалу тілегі еді. Осы өшпейтін дерт – ғашықтықтың болмыстық ерекшеліктерінің бірі. 

Ұстаз Зарринкубтың сенімінше, «Халладждың сопылығы – мастық, құштарлық пен ғашықтықтың сопылығы. Ол өз-өзіне келуге шақырмайды, сопылыққа және шейхтердің жолына шақырмайды. Ғашықтыққа, Құдайға шақырады. Тек қана ғашықтықтан тұратын Құдайға, Тек ғана адамдықтан тұратын ғашықтыққа шақырады. Оның Құдайы ғашық адамнан ғибадат етуді талап етпейді. Оның Құдайы адамнан алыс емес еді...».

 

Халладж осындай тәсілмен иман келтіру арқылы өзін Хаққа тапсырған болатын. Ғашықтық оның болмысынан ұшқындай ыршып шығып жататын. Онда бұл ұшқынды ауыздықтап, жасыруға тағат жоқ еді. Сол себепті көше мен базарда, халық арасында орынды-орынсыз «Мен Хақпын» деп айтатын. 

Халладж бір Алланы сипаттауда былай деген: «Жүрек жоғары мәртебелі Құдайды өзіне сыйдыра алмайды. Көз Оны таба алмайды. Мекен мен бағыт Оны ұстап қала алмайды. Қиял да Оның бейнесін жасап, ойда ұстап қала алмайды. Оған жетудің жолын таба алмайды. Оны сөзбен сипаттап, жеткізуге болмайды. Ол үнемі сенімен. Әрбір тынысыңда, жүріс-тұрысыңда. Сондықтан көзіңді аш та, қалай өмір сүріп жатқаныңды көр». Халладждың сенімінше, Құдайды ақылмен тану жаңылысып, адасуға соқтырады. Оның ойынша, «Ақылдың кеңесімен Құдайды іздейтін адамды ақыл таңданыста қалдырады. Сонда илаһи құпиялар айлаға толы бұлыңғыр пердеде сипатталатыны соншалықты, адам «Менің іздегенім осы ма еді?» деп таң қалады». Халладждың сенімінше,  Алла Тағаланы Оның өзімен тану керек. «Хақ ғибадат және тағатпен Оны іздеп, Оған қосылатын адам. Хақты Оның өзінсіз көруге, түсінуге болмайды». Халладж былай деп айғайлаған: «Уа, халайық! Құдай мақлұқтарды мейірім және рақыммен жаратты. Оларға өзін көрсетті, содан соң оларды тәрбиелеп, түзету үшін олардан жасырынды. Егер көрінбесе, барлығы күпір болып кетер еді. Егер жасырынбаса, бәрі таңданыста қалар еді. Құдай өз мақұлықтары үшін ешқашан осы екі күйден артық қалмайтынын біліңіздер».

Халладж бір өлеңінде илаһи ғашықтық алдындағы өзінің көңіл-күйін өте әдемі сипаттап берген: «Әлі де ғашықтық теңізінде қалқып жүрмін. Толқын мені жоғары-төмен лақтырады. Кейде толқын мені жоғары көтереді. Кейде төмен тартып, сүңгітіп алады. Сөйтіп ғашықтық мені жағасы жоқ мекенге қарай бастап барады. Атын атамастан, дауыстап шақырдым. Ғашықтықта оған ешқашан қиянат жасамадым. Нәпсім жамандықтан қашып, сені паналайды. Бұл біздің арамыздағы серт еді».

Халладждың жүрегі шерге толы болатын. Оның дерті Хақ еді. Ол бар болмысымен осы дертті қалады, одан қорықпады. Осы сенім негізінде «Халладждың ахбары» кітабында оның атымен былай делінген: «Құдай, Саған ғашықтық пен жақындықтан тапқан жанға жайлы иістер мен самал желдер үшін таулар, жерлер мен аспандарды биіктігі мен кеңдігіне қарамастан ұсақ әрі маңызсыз санаймын. Шын айтамын, бүкіл жәннатты Саған жақын болған бір сәтке немесе бір демге сатамын десе, ешқашан сатып алмас едім. Тозақ отын бүкіл азаптарымен берсең де, ол мен үшін сенің менен алыс әрі жасырын болғаныңнан ауыр болмайды. Ей, Құдай, құлдарыңды кешір, рақымшылық ет. Бірақ маған рақым етпе, өйткені мен өзім үшін сенімен күресіп, өзімнің хақымды алу үшін сенен ештеңе талап етпеймін. Не қаласаң, маған соны істе».

Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.