Иранның туристік тартымдылықтары (13)
Бүгінгі бағдарламада Коһкилуе мен Буйер Ахмад облысының әдемі қалаларының бірі Сисәхт қаласына сапар шегеміз.
Алланың атымен!
Коһкилуе мен Буйер Ахмад облысына сапарымыздың жалғасында Загрос таулы сілемінің бір тармағы Дена тауының етегінде орналасқан Сисәхт қаласына ат басын тірейміз. Ол «Ирандағы табиғат сүюшілердің жәннаты» деген атпен танымал.
Көне тарихи мәтіндерге сәйкес, қаланың атауы бағзы замандардағы суық қысқа байланысты болса керек. Бұрқасындатып, мұз қатып, қалаға барар жолдар жабылып қалғанда 30 батыр жігіт қиындықты шешу үшін осы аудандағы Бижан асуына барған. Алайда үскірік аяздан 30 адам да жантәсілім еткен. Содан бері бұл аймақ «Сисәхт» – «Мықты отыз» деп аталып кеткен.
Дена ауданының орталығы Сисәхт қаласы Ясудж қаласының солтүстік-батысынан 35 км жерде орналасқан. Бұл әдемі таулы ауданның географиялық жағдайына байланысты ауа райы суық. Күз мезгілінің ортасынан қыстың аяғына дейін, тіпті одан кейін де ауданды қар басып жатады. Сол себепті ауданда су мол. Қарлы шыңдардан тұрақты бұлақтар мен өзендер ағып, өңірді суландырып тұрады. Қаланың ауа райы жайлы, суы тұщы.
Сисәхт қаласының туристік аудандарының қатарында «Куһгүл» тауын, Миши бұлағы мен Дәштәк елді мекенін атауға болады. Миши бұлағы – аудандағы суы мол ең ірі су көздерінің бірі. Ол «Бешоу» бұлағы деген атпен де танымал. Бұл әдемі бұлақ Сисәхт қаласының солтүстік-шығысындағы Бижан асуының төменгі жағында орналасып, қаланы тұщы сумен қамтамасыз етеді. Мұнымен қоса, бұлақ айналадағы егіс алқаптарын суарады.
Бижан асуы – Иранның танымал асуларының бірі. Бұл бөлікте көлік қатынауы тұрғысынан шектеу жоқ. Егер көктемнің ауасымен тыныс алып, қарлы жерлерді көргіңіз келсе, көктемнің ортасында 3200 метр биіктікте орналасқан әдемі Бижан асуына барыңыз. Өткелдің айналасы төңкерілген қызғалдақтарға толы. Биіктен төменге көз тастағанда түрлі түсті таңғажайып көрініс көресіз.
Бұл ауданда Миши бұлағынан басқа да көптеген су көздері бар. Сисәхт қаласына жақын маңдағы Туф бұлағы Дена шыңына барар жолда орналасқан. Жыл бойында онда суық, тұщы су ағып жатады. «Таги» бұлағы да аймақтағы суы мол бұлақтардың бірі. Ол альпинистердің шөлін қандырады. Оның суы аудандағы жүзім, алма және жаңғақ бақтарын суаруға пайдаланылады. Түрлі жемістерге толы бақтар қаланың берекелі екенін көрсетеді. Сисәхт қаласының батысында Дена тауының етегінде орналасқан Дәштәк ауданындағы емен ағашының орманы да көңілге қуаныш сыйлайды.
«Куһгүл» көлшіктері – ауданның келесі туристік тартымдылықтары. Бұл жәннаттың аты бүкіл Иранға танылған. Жылдың төрт мезгілі бір сәтте болатын осы ауданға елдің түкпір‑түкпірінен туристер көп келеді. «Куһгүл» ауданындағы тауларда орналасқан көлшіктер қысқы және көктемгі жауын-шашын кезінде суға толады, ал басқа мезгілде құрғап қалады. Оларды көру үшін Сисәхт қаласының солтүстігінен 8 шақырым жүріп, Дена тауына көтерілуіңіз керек. Айнадай төңкеріліп жатқан көлшіктерде қар басқан шыңдар шағылыс табады. Олар көктем кезінде «Куһгүл» тауының барлық сұлулығын тамашалаушыларға бір мезетте көрсете алады.
Сисәхт қаласының айналасы бұлаққа, тау мен алқапқа толы. Олар бір-бірінің жанында үйлесімді сұлулық тудырып, көрушінің көзін қызықтырады. Осындай әдеміліктердің бірі – Нари сарқырамасы. Қаланың ең танымал осы сарқырамасы Дена қорығында орналасқан.
Дена қорығында сирек кездесетін өсімдік және жануарлар дүниесі бар. Ол Ирандағы теңдессіз экотуризм аймақтарының бірі. Аймақта сирек кездесетін жануарлардың түрлері, соның ішінде салтанатпен асықпай ұшатын қозықұмай, шымшық пен «Сәнг-е чешм» деп аталатын құсты жиі кездестіруге болады. Бұлғын, құну мен ирандық тиін сияқты жануарлар да осы ауданда тіршілік етеді. Бұл тиін құйрық жүнінің үлпілдегіне байланысты әлемдегі ең әдемі тиіндердің қатарына жатады. Ол, сондай-ақ, емен ағашы орманын қайта жаңғыртуда экологиялық тұрғыдан маңызды.
Осы қорықпен қоса, Сисәхт қаласының солтүстік-батысында емен ағаштары мен пісте бұталары және гүлге толы көгалдардан тұратын әдемі алқап бар.
Сисәхт қаласынан көптеген тарихи ескерткіштер табылған. Археологиялық зерттеулерге сәйкес, Тел-Еспид төбесінің үстінен біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтағы дәуірлер, яғни Илам, Ахемени мен Сасан замандарының, тіпті Иранның кейінгі дәуірлері, яғни Сефеви мен Қаджар замандарының ескерткіштері анықталған. Мысалы, бұл төбеден табылған түрлі құмыралар әдемі нақышталып, эмальданған. Үлкен ауданда тастан қаланып салынған Тел-Фалат төбесі Сисәхт қаласының ішінде орналасқан. Ол Иранға ислам келгеннен кейінгі кезеңге, яғни Селжұқтан бастап Қаджарға дейінгі замандарға тиесілі. Екі төбе де Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.
Осы қорықпен қоса, Сисәхт қаласының солтүстік-батысында емен ағаштары мен пісте бұталары және гүлге толы көгалдардан тұратын әдемі алқап бар.
Сисәхт қаласында көптеген тарихи ескерткіштер анықталған. Археологиялық зерттеулерге сәйкес, Тел-Еспид төбесінің үстінде біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтағы дәуірлер, яғни Илам, Ахемени мен Сасан замандарының, тіпті Иранның кейінгі дәуірлері, яғни Сефеви мен Қаджар замандарының іздері анықталған. Мысалы, бұл төбеден табылған түрлі құмыралар әдемі нақышталып, эмальданған. Үлкен ауданда тастан қаланып салынған Тел-Фалат төбесі Сисәхт қаласының ішінде орналасқан. Ол Иранға ислам келгеннен кейінгі кезеңге, яғни Селжұқтан бастап Қаджарға дейінгі замандарға тиесілі. Екі төбе де Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.
Сонымен қатар, ауданның көрнекті жерлерінің бірі «Патаве» тарихи көпірінің кейбір бөліктері Башар өзенінің тасуы салдарынан қиратылған. Бұл көне көпір Сасан патшаларының қатынайтын жері болған. Тастан қаланған көпірдің аркалы тұғырларының ортасынан су ағып жатады. Көпірдің ерекшеліктерінің бірі – тастардың бетіне ойылып салынған белгілер. Ал Сефеви дәуіріне тиесілі үлкен көпір жөндеуден өткізіліп, жақсы сақталған.
Сисәхт қаласына сапар әсіресе альпинистер мен табиғат сүюшілерге естен кетпес сәттер сыйлайтыны анық. Сіздерге де Иранға сапармен келіп, осы әдемі қаланы көруге мүмкіндік туады деп үміттенеміз. Келесі бағдарламада Иранның басқа бір қаласымен танысқанға дейін сау-саламат болыңыздар!