Қыр 16, 2020 14:09 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (193)

Бұл бағдарламада көрнекті ирандық сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал сопы Хусейн бен Мансур Халладж жайлы сөз қозғаймыз. Ол өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жұмыстарын жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған.

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Кейбіреулер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл санаған. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған.  Халық Хусейн бен Мансур Халладжға құтқарушы ретінде қараған.  Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды. Ақырында Бағдадтың сол кездегі билеушілері мен факиһтері Халладжды жалған айыптармен абақтыға қамады. 8 жылдық сот тергеуінен кейін оған өлім жазасы кесілді. Х.қ.ж.с.б. 309 жылдың зихадже айының 24 күні ол дарға асылды.

Өткен бағдарламаларда Халладждың ойлары мен туындыларын таныстырдық. Сондай-ақ,  танымал мистиктің ойлары, өмірі мен өлімінің  сопылар, мистиктер мен ақындардың келесі буынына, яғни жалпы өзінен кейінгілерге әсерін баяндап өттік. Аттар, Моулави, Хафиз бен қазіргі заманнан Шафии Кадкани және шетелдіктерден Адонис Халладж бен оның тағдыры мен ойларына ерекше көңіл аударған ақындардың қатарына жатады. Халладждың өмірі мен өлімі, ойларына қатысты Аттардың пікірі ерекше болғанын айтып өттік.

Шейх Фаридеддин Аттардың сенімінше, Алла тағаланы тану үшін жан пида етіп, бар нәрсені Оған құрбан ету керек. Аттар үшін Халладждың өмірі, әсіресе өлімі – ең жақсы үлгі. Халладждың айтуынша, ғашықтықта екі ракат бар, оның дәреті қаннан басқа ештеңемен алынбайды. Аттардың сенімінше, жол жүруді жеңіл әрі жағымды ететін нәрсе – ғашықтық, одан артық ештеңе жоқ.

Егер ғашыққа жан тапсыр десең,

Тақуа болса да, азғын болса да,

Жан пида етудің жүз жолы бар,

Сондықтан көзіңді ашып, қара...

Ғашықтықтың бір тамшысы бүкіл көкжиектен жақсы,

Ауыртпалықтың бір тамшысы бүкіл ғашықтардан артық.

 

Халладж дертті еді, ақиқат дерті бойын жайлаған. Ол бар болмысымен осы дертті талап етті, одан қорықпады. Аттар да осындай болған. Дертті ғашық ғашықтық жолында кездесетін барлық ауырпашылықты нығмет деп санайды. Аттардың көзқарасынша, қиыншылық көру жолаушының қорлығы емес, оның қадір-қасиетінің жоғарылығын білдіреді.

Халладж өз өмірінде қарсыластар мен сыншылардың тепкісінен қорыққан емес. Тіпті оған қарсы үкім шығарғандар мен жалпы халықты кешіріп, «Бұлар діни фанатизм салдарынан маған қарсы шығып отыр» деген. Халладжға қатысты әңгімелерде осы мәселеге қатысты хикаялар көптеп кездеседі. Ахмед бен Фатак былай дейді: «Наурыз мерекесінде Халладжбен бірге Нахавандта болдым. Мереке думанын естідік. Халладж «Бұл не ән?» деп сұрады. «Наурыз мейрамы келді» дедім. Халладж аһ ұрып: «Біздің Наурызымыз қашан келеді?»,-деді. «Қай күнді айтып тұрсыз?» деп сұрадым. «Дарға асылатын күнім» деді. 13 жылдан кейін Халладж дар ағашының жанында тұрып, маған қарады да: «Ей, Ахмед, міне, біздің Наурызымыз келді»,-деді. «Ей, шейх, бұл Наурызда саған қандай сый берілді?» дедім. «Иә, көзім ашылып, ақиқатқа жету сәті берілді. Сәл ұялып тұрғаным. Бұл қуанышқа тезірек жетуді тілегенмін» деді». 

Егер саған қиындық келіп, жас төксең,

Бұл сенің кішілігіңнен емес, кісілігіңнен.

Ешкім пайғамбарлар көрген тауқымет пен

Кербаланың зарын толық сипаттап бере алмайды.

Сені сырттай қиналтқан нәрсе

Шынында адамға қазынадай көрінеді.

 

Сопылар тұрғысынан мұндай тауқымет мақтауға тұрарлық. Ақиқат жолындағы кез келген адам мұндай қиыншылықтарды бастан кешірмейді. Ауырпалықты көтеріп, сабырлық сақтап, ризалық білдіру Халладж бен Ейн ул-Қоззат сияқты адамдарға эпостық сипат береді.  Рузбехан Бақали Хусейн Мансур туралы былай дейді: «Халладж қиыншылық пен нығметке тоқталды. Одан екі бәле туралы сұрағанымда «Ол қиыншылық тудырады, нығмет те Одан» деп жауап берді».  

«Рух ул-Аруах Самани» атты кітапта Халладждың өлеңдері туралы былай делінген: «Маған қиыншылықтарды арттыру, олардың түйіндерін шешетін қазанға сәт сайын бәле түсіру Сенің қақың. Жүрегімді поло таяқшасымен бәле қуатын алаңға шақыр. Қаласаң, бәле оғын жаңбырша жаудыр да, маған қара. Егер жүрегім достықтан сәл алшақтайтын болса, мені тариқаттан шыққан Хұсейн деп ата».

Тәлкекке түсуді қалаудың нәтижесі – Хаққа жақындау және Онда жоғалу.

Оның дене мүшелері жоғалғаннан кейін

Басы мен аяғы араласып кетті.

 

Хұсейн Халладж «Шатхиат» атты еңбегінде былай деген: «Барлығы әлемге қарап, Құдайдың барын растады. Ал мен өзіме қарадым да, өзімнен шықтым. Өзіңде жоғалу және хазірет Хаққа қосылу – әлгі «Ан әл-Хақ». Бұл оның өмір философиясы еді. Ол жанын осы жолда пида етті.  

Халладж осы туралы: «Ей, Құдай, жүрегімді сенен өзгенің бәріне  толтырдым. Бірақ оларға бөтендігім мен саған жақындығымнан басқа ештеңе таппадым... Ей, халайық, Хақ жүрекке түскенде ол Хақтан басқаның бәрінен босайды»,-деді.

Жан дүниесі сүйіктіге деген сүйіспеншіліккке толған ғашық адам сүйіктісінен басқа ешкім жайлы ойламайды және ештеңеге көңіл аудармайды. Достан келгеннің бәрі оған игі әрі әдемі. Аттар «Тазкере ул-Оулиа» атты еңбегінде Халладждың сөзін келтірген: «Халладждан «Құдайға жетудің жолы қайсы?» деп сұраған. «Екі қадам жасап жетуге болады: Дүниеден бір қадам және артқыдан бір қадам алшақта, сонда Хаққа жетесің» деген.

Сен мүлде жоғал, кемелдік деген осы.

Сен өзіңді жоғалт, жету деген осы.

Аттар Халладжға құрметін білдіру үшін «Мантеқ ут-Тейр» кітабының кейбір бөлімдерінде тікелей Халладжды еске алып, қысқа дастанда оның өмірбаянын тақырыпқа куә немесе оны растау ретінде келтірді. Аттар «Тазкере ул-Оулиа» атты еңбегінде жазылған бейтінде Хусейн бен Мансур Халладждың дарға асылу оқиғасын баяндағаннан кейін «Бұл ғашықтық жолына қадам басқан адам үшін түкте емес» деген қорытынды шығарады.

Сол заман Халладж дарға асылар кезде

«Ан әл-Хақтан» басқа сөз аузына алмады.

Оның тілін ешкім ұқпаған соң

Оның аяқ-қолы кесілді.

 

Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.