Сәу 16, 2016 18:46 Asia/Almaty

Құран Кәрім мүміннің қасиеттерін баяндап, «Тәубе» сүресінің 71-ші аятында: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші.

 Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бойсұнады. Соларды Алла мәрхаметіне бөлейді...»,- деп айтқан болатын. Бұл аят бойынша мүмін адамдар бір-бірінің тағдыры туралы ойлайды. Олар бір дененің мүшелері сынды. Сол себепті біреудің дұрыс жолдан ауытқуы бүкіл қоғамға әсер етеді. Яғни, жұқпалы ауруға шалдыққан бір адамды емдемесе ол қоғамның басқа мүшелерінің денсаулығына зиян келтіріп, қоғамның саулығына қатер тудырады. Ислам діні барлық жақсылықтарды «маоруф», барлық жамандықтарды «мүнкәр» деп атайды. Өйткені адамның пәк ішкі болмысы жақсылықтарды танып, өзіне жақын тұтыр, жамандықтарды өзіне бөгде санайды. Фикх түсініктерінде де уәжіптер мен мұстахабтарды «маоруф», тыйым салынған харам және макруһ нәрселерді «мүнкәр» деп айтады. Сондықтан жақсылыққа жігерлендіру мен жамандықтардан жирендіру мәселесі кең ауқымды бола тұра тек ғибадат немесе бірнеше үлкен күнәмен шектелмейді, оларды сондай-ақ, құндылықтар және құндылықтарға қарсы нәрселер деп атауға болады. Исламның ұлық пайғамбары бұл мәселенің маңыздылығы туралы: «Жақсылыққа жігерлендіру мен жамандықтан жирендіру мәселесіне назар аударатын әр адам жер бетіндегі Алла мен Оның елшісінің орынбасары»,- деп айтқан болатын. Бұл қасиетті хадис аталмыш ғамалдың үлкен ғамал, илаһи бағдарлама екенін, оны орындау үшін пайғамбарлардың міндеттерін атқаруға сайланып, қасиетті кітаптың жіберілгенін көрсетеді. Имам Бақер (ғ.с.) жақсылыққа жігерлендіру мен жамандықтан жирендірудің әсері туралы: «Жақсылыққа жігерлендіру және жамандықтан жирендіру пайғамбарлар мен адал тұлғалардың жолы мен әдістерінің қатарында болып, қауіпсіздік, адал кірістер мен тапталған құқықтардың иелеріне қайтарылуына, жерлердің абадтануына, дұшпандардан құқықтарды қайтарып алуға және жұмыстардың алға жылжуына себеп болады» деген болатын. Исламның көзқарасы бойынша әр адам тек өз ғамалдарына ғана жауапты емес, басқалар мен қоғамның жақсылығына да жауапты. Сол себепті жақсылыққа жігерлендіру мен жамандықтан тыю өте маңызды саналады. Исламның ұлық пайғамбары бұл туралы: «Халықтың арасындағы бір күнәһар адам басқалармен бірге кемеге отыратын хабарсыз адам сынды. Ол теңіздің ортасына жеткен кезде балтасын алып, өзі отырға жерді шаба бастайды. Оған наразылық білдірген әр адамға: «Мен өзім отырған жерді ғана тесіп шауыр жатырмын»,- деп жауап береді. Егер басқалар оған ісінің қатерлі екенін түсіндірмесе, көп ұзамай кеме батып кетеді»,- деген болатын. Құран Кәрім мен діни тұлғалардың ғамалдары мен сөздерінен маңызды әрі құнды мәселелерді байқауға болады. Оларды жақсылыққа жігерлендіру және жамандықтан жирендіруді іске асыру саласында дұрыс жол таңдауға көмек ретінде пайдалануға болады. «Әл-Ғымран» сүресінің 159-ші аятында Құдай тарапынан пайғамбардың (с.ғ.с.) жақсы ахлағы қуатталып, халықты дінге шақырып: «(Мұхаммад с.ғ.с.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді»,- деп айтылған. Бұл аят жақсылыққа шақырып, күнәлардан алыстатқан кезде мейірімді және жұмсақ болудың қажеттігін қуаттайды. Басқаны жақсылық жасауға шақыратын адамның өзі жақсылық жасауы керек. Бір әйел перзентін Алла елшісінің қасына ертіп келеді. Ол хазіреттен баласының құрманы көп жеуін қойдыруды өтінеді. Хазірет әйелге ертең келуді сұрайды. Келесі күні хазірет балаға қарап: «Құрманы көп жеме»,- дейді. Әйел таңырқап: «Бұл сөзді кеше айта алмадыңыз ба?»- дейді. Пайғамбар: «Мен кеше құрманы өзі жеген едім, сондықтан өзім жасамаған істі баладан өтінуді дұрыс емес деп санадым»,- деп жауап береді. Имам Садық (ғ.с.) та бұл туралы: «Жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіретін адамның үш қасиеті болуы қажет: біріншіден, бұйырған нәрсесін өзі жасап, екіншіден, тыйым салған істі өзі де орындамағаны жөн; сондай-ақ, жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендірген кезде әділетті сақтауымен бірге сабыр сақтауға тиіс»,- деп айтқан болатын. Адамзатты бақытқа жеткізуді өз міндетіне алған Ислам діні оның қоғамдық өмірінің ахкамына да көңіл аударады. Сонымен бірге жеке адам мен қоғамның саулығын бір-біріне бөлек санамайды. Сол себепті қоғамдық бақылау жобасы немесе жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіру арқылы жарқыраған келешекке үміттендіріп, бұзақылықтардан алыстатады. Осы екі мәселеге назар аудармауды халықтың қиындықтарға шырмалуының себептері деп санайды. Алла елшісі бұл туралы: «Егер жақсылыққа жігерлендіру және жамандықтан жирендіру мәселесіне назар аударса үмбетім әрқашан жақсылық пен қайырымдылыққа бөленеді. Бірақ егер олай болмаса, олардан береке кетіп, олардың бір тобы басқаларға үстемдік ететін болады. Бірақ оларды жерде де, аспанда да ешкім қолдамайды»,- деген болатын. («Бихар әл-Анвар», 97-ші том). Имам Әли (ғ.с.) өз перзенттеріне берген ақыл-кеңестерінің бірінде: «Жақсылыққа жігерлендіру мен жамандықтан жирендіруді ұмытпаңдар. Өйткені ұмытсаңдар залымдар сендерді билейтін болады. Олай болса қанша дұға жасағандарыңмен дұғаларың қабыл болмайды»,- деген. («Наһдж ул-Балағе», 47-ші хат).