Сәу 17, 2016 02:17 Asia/Almaty

Адамның ерекше маңызды әрі құнды ахлақи сипаттарының біріне аманатқа берік болу жатады.

«Аманат» деген сөздің лексикалық мағынасы дұрыс ғамал ету, яғни қиянатқа қарсы тұру, басқаша айтқанда, сеніп тапсырылған зат немесе сенім артылған міндет дегенді білдіреді. Аманат туралы айтқан кезде адамдардың көбі мүлік туралы ойлайды. Бұл туралы айтылған аяттар мен рауаяттарға назар аударудың нәтижесінде бұл сөздің лексикалық тұрғыдан көп мағынаға ие сөз екенін көреміз. Алланың адамның ықтиярына бергені, соның ішінде білім мен махаббатқа ие болуы үшін қажет болып табылатын дарыны аманат болып саналады. Имам Садық  (ғ.с.) пен имам Бақер (ғ.с.)-ның айтуы бойынша «Алланың адамға тапсырған аманаттарының бірі – өмір. Алланың пенделерінің аманаттары – бір-біріне тапсыратын мүліктері». Ислам көзқарасы бойынша аманат материалдық тұрғыдан басқа рухани істерге де, соның ішінде діни міндеттерді орындауға, Аллаға бағынуға, Оған ғибадат етуге, адамның құқықтарын сақтау мен мұсылмандардың міндеттері саналатын басқа нәрселерге де байланысты.  Рауаяттардың бірінде намаз уақыты келген кезде имам Әли (ғ.с.)-ның  түсі өзгеріп, қалыпты жағдайдан шығып: «Намаздың уақыты келді. Илаһи аманатты орындаңдар»,- деген сөзі айтылған.. («Бихар әл-Анвар», 81-ші том). Аяттар мен рауаяттар бойынша ең үлкен илаһи аманат Алланың   адамдарға сыйлаған  міндеттері болып табылады. Құран Кәрімнің  «Ахзаб» сүресінің  72-ші аятында: «Рас аманатты (дінді), көктер мен жерге және тауларға ұсындық; сонда олар оны жүктелуден бас тартып, одан қорықты. Оған адам баласы жүктелді. Өйткені ол өте залым, тым білімсіз…»,- деп айтылған. Аманаттың ерекшеліктерінің бірі – адамның иманды болуында.  Өйткені иман туралы айтатын әр адам шын мәнінде аманатты қабылдаған болып саналады. Сондай-ақ, ол адам илаһи тағылымдарға сай ғамал етіп,  аманатты өз  мақсатына жеткізуге талпынады. Имам Әли (ғ.с.) бұл туралы: «Аманатқа қиянат жасаған адам – имансыз»,- деп айтқан болатын. Имам Садық (ғ.с.) да аманатқа берік болуды жеке адамды сынайтын критерий деп атап: «Адамның мұсылмандығы мен иманының белгісі намаз оқып, рукуһ пен сәжде жасауы емес, оның адал және аманатқа берік болуы саналады»,- деген. Исламның ұлық пайғамбары адамның ықтиярына берілген   ғылым мен білімді илаһи аманат деп атап: «Ғылым – Алланың жердегі аманаты, ғалымдар – оны сақтаушылар. Сол себепті өз біліміне сай ғамал ететін әр адам аманаттың құқығын орындаушы, ал өз біліміне сай ғамал етпегендер қиянат жасағандардың қатарына тіркеледі»,- деп айтқан болатын. («Бихар әл-Анвар», 2-ші том). Келесі илаһи аманатқа адамның жаны жатады. Имам Әли (ғ.с.): «Иә, Алла! Менің жанымды ең бірінші нығмет   және оны менен алатын ең бірінші аманат ет»,-деген. («Наһдж ул-Балағе», 215-ші құтпа). Адамның жаны ең маңызды илаһи аманаттардың бірі саналады. Сондықтан оны Алла ризалығы жолында пайдалану керек. Егер оған ққиянат жасалса Алланың аманатына қиянат жасалған болып табылады. Халық арасындағы аманаттың ең айқын мысалы мал-мүлік саналады. Бір адам басқа адамға сенім артып, өзінің мүлкін оған тапсырған кезде екінші адам оларды қабылдап, сақтап, қажет кезде иесіне тапсыру міндетін де қабылдайды. Алла елшісі Меккені жеңіп алған кезде Қағбаның кілті қолында болған Осман бен Талһені шақырып, Қағбаның ішін пұттардан тазарту үшін одан кілтті алды.  Істері аяқталған соң пайғамбардың ағасы Аббас Алланың үйінің кілтін оған беруді және арабтар арасында  Қағбаның кілтін ұстайтын адамның дәрежесін көтеруді сұрағанда, пайғамбар бұл ұсыныстарды қабылдамай, кілтті  Осман бен Талһеге қайтарды. «Ниса» сүресінің 58-ші аятында: «Негізінен Алла  Тағала сендерге аманаттарды өзінің лайықты орнына тапсыруларыңды әмір етеді»,- деп айтылған. Аманатқа берік болу мен дер кезінде иесіне тапсырудың маңыздылығы туралы имам Әли бен Хусейн (ғ.с.): «Мұхаммадты пайғамбар етіп сайлаған Алламен ант етемін, егер Хусейн бен Әлиді өлтірген адам Хусейнді (әкемді) өлтірген қылышын маған аманатқа берсе аманатын оған қайтарамын»,- деген болатын. («Амоли Шейх Садуқ», 149-ші бет). Исламдағы аманаттардың келесі біріне басқа адамның сырын сақтау жатады. Сол себепті ешбір адамның сөз иесінің рұқсатынсыз  оның сөзін әшкерелеуге құқығы жоқ. Имам Садық (ғ.с.): «Өзінің сөзін таратқысы келмеген адамның сөзін басқаларға оның рұқсатынсыз жария етуге болмайды»,- деп ескерткен.