Сәу 17, 2016 02:28 Asia/Almaty

Ислам діні барлық мұсылмандарды бір жанұяның мүшесі деп санап, апа-қарындас және бауыр деп атайды.



Рауаяттардың бірінде: «Мұсылмандар барлық бөлшектері бір-бірін ұстап тұрған ғимарат сынды»,- деп айтылған. («Бихар әл-Анвар», 58-ші том). Бұл исламдық тағылым Құран тарапынан  діни қоғамды сақтап, нығайтатын ең сындарлы жолдардың бірі болып таныстырылды. Өйткені діни бауырластық пен махаббаттың арқасында бірлік пен ынтымақтастық өрістеп, қоғам көптеген рухани, қоғамдық және діни бұрмаланушылықтардан алыстайды.

Ислам діні «мүміндер бір-біріне бауыр» деген ұранымен ислам үмбетіне тілектестік пен рақым сыйлаған махаббат, мейірімділік және достық діні. Адамдардың иманы өрістеген сайын олардың арасындағы достық қарым-қатынастар да тереңдей түседі. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: «Бауырын жақсы көрмейінше пенденің  иманы кемел болмайды»,- деп айтқан болатын. («Бихар әл-Анвар», 71-ші том). Хазірет басқа рауаятта: «Адамның діндар болуының белгілерінің біріне діни бауырын жақсы көруі жатады»,- деп қуаттайды. («Әл-Ихтесас», Шейх Мофид, 31). Діни бауырлар арасындағы махаббат исламдық қоғамдағы даму, қауіпсіздік және тыныштыққа себеп болады. Жүректерімен байланысты адамдар бір-бірінің қауіпсіздігі мен тұрмысын жақсартуға қадам басады. Имам Садық (ғ.с.): «Әр нәрсе үшін тыныштық әкелетін құрал табылады. Мүмін адам діни бауырының арқасында тыныштыққа бөленеді»,- деп айтқан болатын. («Бихар әл-Анвар», 71-ші том). Имам Әли (ғ.с.)  мұсылмандарды бір-біріне махаббат пен мейірімділік көрсетуде бәсекеге түсуге жігерлендіріп: «Достық қарым-қатынастарда бауырың өзіңнен алда болмасын»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 74-ші том). Шын мәнінде діни бауырлар соғыс немесе бейбіт кездерде бір-біріне тірек болады. Имам Садық (ғ.с.)-ның рауаятшыларының бірі Хафс бен Бахтари: «Имамның қасында болған кезде бір ер адам хазіреттің қасына келді. Хазірет менен: «Жақсы көресің бе?»- деп сұрады. Мен: «Иә»,- деп жауап бердім. Хазірет: «Неге жақсы көрмеске?! Ол сенің діни бауырың, ол сенің дұшпанға қарсы тірегің»,- деді. («Усуль Кафи», 2-ші том).

Діни бауырластық – қоғамдағы халықтың арасындағы бірлік пен ынтымақтастықтың ең сындарлы жолы. Осыған орай Исламның ұлық пайғамбары Медине қаласында «бауырластық келісімін» іске асырды. Пайғамбар әр мұсылманға бауыр сайлаған кезде олардың мінездері мен имандылықтарының жақындығына назар аударды. Хазірет бір-біріне ұқсас және бір-бірін кемелдендіретін адамдарды анықтап, бір-біріне бауыр етті. Исламның ұлық пайғамбары өзінің бұл әрекетінде Абубакрды Омармен, Талхені Зубаирмен, Османды Абдрахман бен Ауфпен, Абузарды Меқдадпен, имам Әли (ғ.с.)-ды өзіне бауыр етті. («Табақат әл-Кубра», 1-ші том). Ислам Құраннан алынған «мүміндер бір-біріне бауыр» деген ұранымен мұсылмандар арасындағы қарым-қатынастарды достықтың ең жоғары деңгейіне жеткізді. Осы исламдық маңызды негіз бойынша әрбір ұлт, әрбір ел мен әрбір тіл және кез-келген жастағы мұсылман бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, біртұтас болды. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: «Мүмін мүміннің бауыры. Олар бір адамның денесі сынды. Егер дене мүшелерінің бірі ауырса басқа мүшелері де сезеді. Олардың рухтары біртұтас. Өйткені мүміннің рухы Алланың рухымен байланыс орнатқан. Исламдық қоғамдағы діни бауырластықтың маңызды нәтижелерінің бірі бір-бірінің кемшіліктерін жою және оларға ескерту жасау болып табылады. Исламның ұлық пайғамбарының рауаяттарының бірінде «Наһдж ул-Фасахе» кітабында былай  жазылған деп айтылған: «Сендердің әр біреуің өз бауырыңның айнасы болып табыласыңдар». Яғни, адам  айнаға қарап, бетінен кемшіліктер көрсе, оларды кетіруге асығады. Діни бауырлар да айна сынды бір-бірінің кемшіліктерін жоюға тырысады. Ең жақсы діни бауыр деп адамның кемшіліктерін  өзіне ескертетін бауырларды айтады. Имам Садық (ғ.с.) бұл еске салуды сыйлықтың бір түрі деп атап: «Ең жақсы бауырым  кемшіліктерімді өзіме айтатын бауырым»,- деген болатын. Көптеген рауаяттарда діни бауырлардың бір-бірінің алдындағы міндеттері баяндалған. Исламның ұлық пайғамбары: «Мұсылман мұсылманға бауыр. Еш уақытта ол бауырына зұлымдық жасамайды, керісінше оған көмектесіп, оны күнделікті оқиғаларда жалғыз қалдырмайды»,- деген болатын. Хазірет бауырластық және кемшіліктерді әшкерелемеу мәдениетін таратуды діни бауырдың міндеттерінің бірі деп атап: «Діни бауырының сыры мен кемшіліктерін әшкерелемеген әр адамның кемшіліктерін Алла Тағала қиямет күні жасырады»,- деген болатын. Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) жақсылық жасауға және зұлымдықтың алдын алуға  жігерлендіріп: «Бауырыңның осалдық танытқан  сәттерін кешіріп, реніш білдірген кезде оған мейіріміңді білдір. Оның құпиясын әшкерелеме. Қателерін кешіріп, ол кешірім сұрағанда қабылда. Басқалардың алдында оны қорға және әрқашан оған жақсылық тіле»,- деген.