Сәу 17, 2016 13:17 Asia/Almaty

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты философы, хакімі әрі мистигі «шейх ул-Ешрақ» деген лақап атпен танымал шейх Шахабеддин Абулфутух Яхия бен Хабаш Сухраварди жайлы сөз қозғап, оның өмірі, еңбектері мен қызметтерін талдаймыз. Ол ислам философиясы, хикметі мен мистикасының дамуына айрықша үлес қосқан және ислам философиясының ең маңызды мектептерінің бірі «ешрақ» (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) философиясының негізін қалаған.

Шахабеддин Сухраварди – ислам философиясының дәстүрінде «ешрақ» (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) мектебінің негізін қалаушы, философ әрі мистик. Ол Зәнджанның маңындағы Сухравард ауылында дүниеге келген.  Өмірбаян жазушылардың көбі оның толық атын «шейх Ешрақ», «шейх Шахид» және «шейх Мақтул» деген лақап аттармен танылған Абулфутух Шахабеддин Яхия бен Хабаш бен Амирак  Сухраварди деп жазған. Кейбір тазкере жазушылар оның есімін «Омар» деп атаған. Зерттеушілердің сенімінше, Шахабеддин Сухравардиды  Омар деп атаған адамдар оны х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген мистик, «Авареф ул-маареф» еңбегінің авторы және «Сухравардие тариқаты» деген кітап жазды деп саналған  Шахабеддин Абухафс Омар Сухравардимен шатастырған.

Өмірбаян жазушылар арасында Шахабеддин Сухравардидің дүниеге келген жылы туралы да пікір қайшылығы бар. Шейх Шахабеддин Сухравардидің туған жылын х.қ.ж.с.б. 545 жыл (1150 жыл) мен 550 жылдың (1155 жыл) арасы деп шамалау қажет. Бірақ қазіргі заман зерттеушілерінің көбі, соның ішінде сейіт Хосейн Наср мен Генри Корбон оның туған жылын х.қ.ж.с.б. 549 жыл (1154 жыл) деп санайды.

Сухравардидің қысқа өмірін үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең оның Сухравардта өмір сүрген кезі, балалық шағын құрайды. Тазкаре жазушылардың Сухраварди өмірінің осы кезеңінен аса көп мағлұматтары жоқ, сондықтан мистиктің өз ауылы Сухравардта қалай білім алғаны белгісіз жағдайда қалып отыр. Тек жалғыз білетініміз, ол бастауыш білімді Сухравардта алған және сол жерде жасының кішілігіне қарамай, мұғалім шейх Абдулрахманның барлық ғылымы мен тағылымын меңгеріп, өзінің сыныптастарынан оқ бойы озып шыққан. Содан кейін Сухраварди білімін жетілдіру үшін өз ауылынан Марағеге аттанып, Мәдждеддин Джилиден хикмет үйреніп, сол кезде өзінің достары мен шәкірттерінің өтінішімен «Әт-Танқихат фи усул ул-фикх» атты кітабын жазған.

Мәдждеддин Джили «әл-Ламе фиш-шекл әр-Рабе» атты еңбектің авторы әрі калам мен хикмет ғылымдарының ұлы білгірлерінің бірі болған. Ол х.қ.ж.с.б. 6-7 ғасырларда (12-13 ғасырларда) өмір сүрген Иранның ұлы хакімі әрі тәпсіршісі имам Фахр Разидің ұстаздарының бірі болған. Имам Фахр Рази ұзақ уақыт бойы Мәдждеддин Джилиден калам мен хикмет ғылымдарын меңгерген. Шахабеддин Сухраварди Марағеде болған кезде имам Фахр Разимен сыныптас болған көрінеді. Философияға қарсылардың бірі болған имам Фахр Рази Шахабеддин Сухравардимен сыныптас болғаннан бірнеше жыл өткен соң, ол қайтыс болған кезде Сухравардидің «Талвихат» атты еңбегінің бір нұсқасы оған берілгенде кітапты сүйіп, сыныптас досын еске алып, көзіне жас алған деседі.

Шейх Шахабеддин Сухраварди өзінің білімін толықтыру үшін шамамен 574 жылы Марағеден Исфаханға жол тартады. Ол Захиреддин Фарсиден «Шипа қисыны» атты еңбектің ең жақсы таңдамалысы болып саналатын Омар бен Сахлан Сави жазған «әл-Басаер әл-Насирие» атты кітапты оқыған. Осы қалада  Сухраварди шейхтердің басшысы Абу Әли Синаның ой-пікірлерімен танысады.  Шейх Ешрақ Исфаханда Ибн Синаның Шығыс хикметіне бұрынғыдан көбірек қызыға түседі. Ибн Синаның «әт-Тейр» атты еңбегінің парсыша аудармасы,  «Бостан ул-қулуб» трактаттары мен «әл-Ғарбе әл-Ғарбие» еңбектерін Исфаханда болған кезінде жазған деседі.

Сухраварди өмірінің екінші кезеңі х.қ.ж.с.б. 579 жылға дейін      Исфаханда 2-3 жыл болған соң оның сапарға шығумен басталды. Ол саяхат жасауды қатты ұнатқан. Осы сапарлар барысында көптеген ғалымдар мен хакімдермен кездесіп, олардан білім алып, хикмет үйренген.  Біраз уақыт бойы сопылармен араласып, тақуалық пен нәпсіні тазартумен айналысқан. Жылдың көп күндері ораза ұстап, өмірін қиындықпен өткізген. Тақуалық жолды ұстанғандықтан ол ақиқат іздеушілердің ең жоғары дәрежесіне жетіп, керемет қасиеттер мен табиғаттан тыс қабілеттерге ие болған деседі.

Сухраварди өз заманындағы басқа идеологиялық мектептермен танысу мақсатында қазіргі Сирия мен  Түркияның Анатолия аймағына аттанған. Ол қазіргі Түркия қалаларының бірі Мардинде Фахреддин Абу Абдулла Мұхаммад бен Абдулсалам Мардинимен танысқан. Олар кейін өте жақын достарға айналған.  Сухраварди хикметке қатысты кейбір кітаптарды осы перипатетик философқа оқып беріп,  өзара пікірталас өткізіп отырған. Мардини үнемі Сухравардидің білімі мен танымын мойындаған. Сұхбаттар мен пікірталастардың нәтижесінде Мардини Сухравардидің өлтірілетінін болжаған. Мардини өз заманындағы әртүрлі ғылымдардың, әсіресе хикмет, сөз өнері мен медицинаның ұлы білгірі болған. Ол өз заманындағы санаулы перипатетик философтардың бірі және шейх Шахабеддин Сухравардидің соңғы ұстазы болған. Ол хикмет бойынша хакім Хамаданидің шәкірті, ал медицина бойынша ибн Талмиз Бағдадидің шәкірті болған. Сухраварди 578 жылға дейін Мардинда Фахреддин Мардинимен достығын жалғастырып, содан 579 жылы Кіші Азиядағы қазіргі Сирияға қарай бет алып, Алеппоға барған.  

Сухраварди Алеппоға келген кезде оның өмірінің екінші кезеңі аяқталды. 30 жасқа келген ол «әл-Машаре уа әл-матарехат» атты еңбегін жазды. 582 жылы сол қалада «Хикмет ул-ешрақ» атты өзінің ең маңызды философиялық туындысын аяқтады.

584-585 жылдары «Хикмет ул-ешрақ» еңбегінің арқасында  танымал болған Сухраварди Селжұқ патшаларының қолдауына ие болған. Осы патшалардың жанында тұрақтаған Сухраварди «Партунама» мен «Алвах Амади» деген екі трактатын жазып, біріншісін Рокнеддин Сулейменге, екіншісін Эмадеддин Абубакрге сыйлаған.

Сухраварди өз өмірінің соңғы кезеңінде алдымен Алепподағы Халавие медресесіне, содан соң Нурие медресесіне барып, ханбалилік факиһтер-діни заңгерлермен пікірталас өткізіп, олардан басым түскен. Сухравардидің ханбалилік діни заңгерлерді жеңгені туралы ақпарат қалаға таралып, сарай маңындағылардың құлағына жетеді. Салахеддин Ейюбидің ұлы Малек Захер оны өз сарайына шақырып, өзінің жоғары дәрежелі кеңесшілерінің қатарына қосқан.

Сухравардидің қырағылығы, терең білімі мен хикметтің басқа ағымдарына қатысты төзімді рухы, оның құпия мен ішкі жан дүниеге арналған ғылымдарға құштарлығы Малек Захердің сарайындағы факиһтердің қызғанышын тудырып, онымен қастасуға итермеледі. Олар Сухравардиден құтылу үшін пікірталас өткізіп, оған атеист деп жала жауып, Малек Захерден Сухравардиді дінге қарсы сенімдері үшін өлтіруді талап етеді. Малек Захер олардың талабын қабылдамайды. Факиһтер хат жазып, оған қол қойып, Салахеддин Ейюбиге жіберген. Ол кезде Сирияны жаңа ғана крестшілердің қолынан азат еткен және өзінің беделін сақтап қалу үшін  факиһтердің қолдауына мұқтаж болған Салахеддин Ейюби амалсыздан олардың талабына мойынсұнып, өз ұлына Сухравардиді өлтір деп бұйрық береді. Малек Захер қаламаса да, әкесінің бұйрығын орындауға мәжбүр болады. Ол 587 жылы Сухравардиді зынданға қаматады. Ибн Шаддадтың айтуы бойынша, «Х.қ.ж.с.б. 587  жылы зихадже айының соңында жұма күні намаздан кейін шейх Шахабеддин Сухравардидің мәйіті зындандан шығарылды».

Тегтер