Сәу 19, 2016 12:06 Asia/Almaty

Өткен бірнеше бағдарлама барысында мифологиялық ертегілердің әртүрлі кейіпкерлерін талдадық.

Мифологиялық ертегілердегі бейнелердің бірі – айдаһар мен самұрық сияқты таңғажайып мифологиялық тіршілік иелері. Айдаһар әлемнің мифологиясында Қытайдан басқа жердің барлығында зиянды күш әрі құрғақшылықтың символы болып табылады. Ол бұлттарды жиып, жаңбыр жауғызбай, құрғақшылыққа алып келеді, сондықтан айдаһармен шайқасу құрғақшылықпен күресумен бірдей сипатталады. Мифологияны зерттеушілер осы салада батырдың айдаһармен шайқасының астарында сулардың еркіндігі, сонымен бірге өнімділік пен берекенің арттыруын білдіретін көне мифологиялық үлгі жатыр деп санайды. Сол себепті әлем аңыздарының көбінде танымал кейіпкерлер айдаһармен күресуге бел байлап, оны жеңіп, жаңбыр бұлттарын босатқаннан кейін табиғатқа балғындық пен шүйгіндік сыйлайды. Иранның мифологиясы да бұдан тысқары емес.

Парсы тілінде аждар, аждарха мен хаждахак деп те аталған «айдаһар» – ауызы арандай үлкен жылан. Парсы мәдениетінде ол қазынаны қорғайтын, аузынан от шашатын, екі қанатты ірі кесіртке тектес сипатталған. Аңыздарда айдаһар жорғалай да, ұша алады. Онда бүркіттің қанаты, арыстанның тырнағы, жыланның құйрығы мен от шашатын ауыз бар. Бұл сипаттама әлемнің көптеген елдерінде байқалады. Ежелгі Иранның аңыздарында айдаһар зұлымдықтың белгісі әрі дию сипаттылықтың нышаны болған. Көптеген аңыз-әңгімелерде Иранда да, басқа мәдениеттерде де айдаһар үңгірде өмір сүріп, қазынаны қорғайды немесе осы үңгірдегі ғажайып бұлаққа иелік етеді. Аңыздың кейіпкері қазынаға немесе әлгі бұлаққа жету үшін айдаһармен күресуі тиіс. Парсы әдебиетінде кейіпкер айдаһарды өлтіргеннен кейін халыққа нығмет пен тыныштық сыйлайды. Иранның көптеген эпикалық туындыларында, әсіресе «Шахнамада» айдаһар белсенді қызмет атқарады. Рүстем, Есфандияр, Гоштасп пен Сам сияқты Иранның барлық танымал батырлары зор денелі айдаһармен соғысып, оны жеңеді.

Парсының халық ауыз әдебиетінде айдаһар ай мен күннің тұтылуымен байланыстырылады. Бұл құбылыс айды немесе күнді жұтатын айдаһардан туындайды деп саналады. Айдаһар айды түндер бойы жұтып қойып, ақырында күн айды босатып, айдаһарды өлтіреді. Жаңа аңыздарда айдың орнына қыз, ал күннің орнына ертегінің кейіпкері таңдалған. Кейіпкер қызды құтқару үшін айдаһарды өлтіріп, қызды айдаһардың ішінен шығарады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Самұрық» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Ерте, ерте, ертеде бала-шағасымен өмір сүріп жатқан бір кедей адам болыпты. Бір күні ол жұмыссыз қалып, жағдайдың нашарлағаны соншалықты ақырында әйелі шарасыздықтан оған: «Бар, жұмыс ізде. Бұлай босқа жүргеннің пайдасы болмас»,-дейді. Әлгі адам жолға шығып жұмыс іздегенімен еш нәтиже шықпайды. Үйіне барып, әйелінің сөзін естуге ұялады. Амалсыздан теңіз жағасына барып, өлейін деп, өзін суға батырып, осы бақытсыздықтан құтылғысы келеді. Құдай салғанда самұрық сол маңда ұшып келе жатып, бір адамның суға батып бара жатқанын көреді. Төменге құлдилап, адамды судан алып шығады. Адамның үсті-басына бажайлап қарап, оның бақытсыз екенін көреді. Самұрық теңізден бір балық алып, әлгі адамға береді. Ер адам қалаға қайтып оралып, үйіне бара жатқанда алдынан бір айлакер адам шығып: «Балығына екі шымшым ұн беремін»,-дейді. Байғұс әке қуанып, балықты беріп, ұн алады. Үйге қайтып келгенде әйелі: «Басынан-ақ неге осылай істемедің? Күн сайын осылай ұн әкелсең, балалардың қарны тойып, жылағандарын қояр еді»,-дейді. Отағасы сол түнде жақсы ұйықтап, ертеңінде қайтадан сыртқа шығып, базар мен қаланы қанша айналса да, жұмыс та, тіске басар ештеңе де таппайды. Тағы да мына өмірден құтылу үшін өзін суға лақтыруды ойлайды. Тура солай істейді. Қуанышына орай, самұрық кешегідей теңіздің үстінде ұшып жүр еді. Самұрық әлгі адамды құтқарып алып, бұл жолы да бір балық алып береді. Бұл жолы да отағасы айының оңынан туғанын көреді. Бірақ кешегі айлакер адам тағы да жолын тосып отыр екен. Оның тәтті тілмен сөйлегені соншалықты, әлгі бейшара балықты беріп, бір уыс ұн алып, кешке қарай ұнды үйіне алып келеді. Әйелі күйеуінің құр қол келмегенін көріп: «Енді сені үйдің ері деп атауға болады. Күн сайын кешке осылай аздап ұн әкеліп тұрсаң, жеткілікті. Балалардың қарындары тойып, көңілдері тыныштанады»,-дейді. Күйеуі әйеліне ұнды қайдан алғанын айтпайды. Үшінші күні құлшына үйден шығып, өткен күндерден көбірек жұмыс іздейді. Бірақ еш жұмыс таппайды. Қанша іздесе де, ешкім оған жұмыс бермейді. «Менің ризығым теңізде сияқты» деп ойлап, тағы да суға батпақ болады. Самұрық та мына сол адамға үйреніп қалған сияқты еді, бірақ сол күні одан шаршап: «Бұл адамзат баласы өмірге тойған сияқты. Батып өлгені жақсы. Басқа істейтін ісі жоқтай күн сайын өзін суға лақтыратыны несі? Күнделікті ісі осы болғандай. Бүгін судан шығарсам, ертең қайтадан өзін суға лақтырады»,-деп ойлайды. Бірақ бір қараса, бейшара адам шынымен-ақ батып бара жатыр екен. Самұрық: «Шамам келіп тұрып құтқармай, ол қаза болса, қаны мойныма артылады. Осы жолы да судан шығарайын, не қылар екен»,-деп ойлайды. Төмен түсіп, адамды судан алып шығады. Осы жолы да бір балық алып, қолына береді. Бірақ бұл бейшара өзіне қандай нығметтің беріліп жатқанын түсінбейді. Сондықтан самұрық: «Ей, Құдайдың пендесі, неге өзіңді суға лақтырасың? Бірінші балықтың өзі жеті ұрпағыңа жететін еді ғой»,-дейді. Әлгі адам: «Бірінші балықты беріп, 2 шымшым ұн алдым. Екінші балықты бір уыс ұнға айырбастап, үйге апардым. Бұл маған берілген несібе ме?»-дейді. Самұрық: «Ей, бақытсыз, әлгі балықтың іші алтын мен күміске толы еді»,-дейді. Ер адам өкініштен аһ ұрып, самұрықтан алған балықты кеудесіне қысып, үйіне қарай бет алады. Әлгі қу адам мына оның ештеңені түсінбейтінін ұғып, жолын тағы да торуылдайды. Осы жолы да балықпен келе жатқанын көріп, алдынан шығып: «Балығыңды бір уыс ұнға айырбастаймын»,-дейді. Ер адам күлгенде қу адам «Екі уыс ұн беремін»,-дейді. Ол тағы да күледі. Қу адам үш уыс, төрт уыс ұн ұсынады. Соңында айлакер бұл адамды біреудің хабардар еткенін, бүгін алданбайтынын көріп: «Мың динар беремін»,-дегенде де қабылдамайды. Мәмілеге келе алмағандықтан бір-бірінің жағасына жармасып, тоқпақтап жатқанда қарауылдар келіп, екеуін патшаның алдына апарады. Патша: «Неменеге бір-біріңмен ұстасып, дау-жанжал тудырдыңдар?»-деп сұрайды. Балықтың иесі: «Іші алтын мен күміске толы үш балығым болған еді. Мына қу адам соның біреуін алып екі шымшым ұн берді, екіншісінің орнына бір уыс ұн берді. Енді үшіншісін де алғысы келді, ал мен бермедім. Соған төбелесіп қалдық»,-дейді. Патша балықтарды әкелуге бұйрық береді. Балықтардың ішін жарғанда Құдай береке берген екен. Мына кішкентай балықтардың ішінде қандай асыл тастар бар десеңізші! Патша таң-тамаша қалып, балықтарды иесіне қайтарып: «Шыныңды айт, бұл балықтарды қайдан алдың?»-деп сұрайды. Әлгі адам басынан өткен барлық оқиғаны баяндап: «Бақытсыздықтан теңізге батпақ болғанымда самұрық келіп құтқарды. Бұл балықтарды маған сол самұрық алып берді»,-дейді. Патша самұрықты алып келуге бұйрық береді. Балықтарды алғанына қуанған адам тағдырдың тағы бір үлкен кедергі тудырғанын көріп, құр қол, ұнжырғасы түсіп үйіне қайтады.