Иран ертегілері мен аңыздары
Айтып өткеніміздей, ресми және ауызекі ертегілерде дию – жын, пері, сонымен қатар тағы да басқа белгісіз табиғаттың тылсым тіршілік иелерінің жалпылама атауы.
Құран Кәрімнің аяттарына сәйкес, жын жаратылыс тұрғысынан адамнан бұрын жаратылған. Жын оттан жаралғандықтан көзден ғайып болу қабілетіне ие. Жынның отты табиғаты оның адам мен хайуанның кейпіне енуіне немесе ауа сияқты көрінбей қалуына мүмкіндік береді. Олар адамды сиқырлау қабілетіне ие. Адам да сиқырлы тәсілдерді пайдалану арқылы оларды сиқырлай
Айтылған сөздерге сәйкес дию мен жынның арасында ұқсастықтар болғанымен оларды бірдей деп айтуға болмайды. Бірақ арабтар Иранға келгеннен кейін жын мен диюдің мағынасы бір-біріне сәйкестендірілді. Дию барлық тылсым тіршілік иелерін білдіретін жалпы ұғымға айналды. Диюды жалпы ұғым деп көрсететін рауаяттарға сәйкес, барлық тіршілік иелері одан туындайды. Ислам дәуірінің алғашқы ғасырларындағы кейбір рауаяттарда «жын» да осы рөлді ойнайды. Жын немесе сондай сипаттағылар топтамасына жататын тіршілік иелері мыналар: құбыжық, «наснас» (адамның дене мүшесіндей, бірақ бір қол, бір аяқ және бір көзге ғана ие жынның түрі), шайтан, Ібіліс, «давалпа» (ұзын бойлы, аяғы жіпше шұбатылған мосқал ер адам кейпінде көрінетін сұрықсыз тіршілік иесі), «Умм-Сабиан» (сәбилер мен жаңа туған нәрестелерге жамандық келтіретін жынның бір түрі; оны «Ібілістің қызы» немесе «жынның көлеңкесі», «жынның желі» деп те атайды), албасты, жалмауыз, дию. Мұнда ирандық ұғым мен араб ұғымының синтезі пайда болғаны анық. Бұл жын мен диюдің мағыналарының жақындығынан бастау алған. Осы ұғым халық арасында кең таралып, Иранның аңыз-әңгімелеріне жол тапты. Халық ауыз әдебиетінде құбыжық – далада адамдардың жолында кездесетін сол баяғы дию.
Жындар тылсым күштерге ие болғандықтан таңғаларлық істер жасаумен танылған. Олар болжау қабілетіне ие, өткеннен хабардар болған. Олар кейбір үлкен ғимараттарды салып, табиғаттан тыс әрекеттер жасайды-мыс.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад және бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, ерте замандарда бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Ұлдар патша тағына қол жеткізу үшін алтын тордағы тотыны табуға аттанады. Алты ұл тоты мен торды таппақ түгілі, ойынханаларда қолдарындағы бар дүниеден айырылып, қайыршыға айналады. Ал Малек Мұхаммад көрші ел патшасының қызын диюдан құтқарып, диюдың бір аяғын кесіп алады. Малек Мұхаммад көп оқиғалардан кейін ағаларын тауып, өзін оларға таныстырып, барлығы бірге тоты мен алтын торды табуға аттанады. Жолда бір қалаға жетеді. Сол қаланың патшасы өзінің 7 қызын Малек Мұхаммад пен оның 6 ағасына күйеуге береді. Содан соң ағайындылар жолға аттанып, 7 перінің қолына түсіп, солардың бірінің көмегімен аман қалады. Малек Мұхаммад жағдайдың қиындағанын көргенде ағаларынан үйге қайтуларын сұрап, өзі жалғыз жолға шығады. Жолда бір дәруіш оған бірнеше сиқырлы зат береді. Малек Мұхаммад пері қызбен бірге сапарға шығып, қыз айтқан кедергілерден өтеді. Сөйтіп, қалаға, Шахпариан қызы сарайының бірінші қақпасына жетеді. Пері қыз бұл жолы кептерге айналып, Шахпариан қызының сарайының кертік дуалына отырып, Малек Мұхаммадтың диюлермен не істейтінін бақылайды. Малек Мұхаммад бірінші қақпаға жеткенде өткендегі бір аяқты диюдың күзетші екенін көреді. Малек Мұхаммадқа көзі түсе салысымен диюдің бойын қорқыныштан діріл билей бастайды. Малек Мұхаммад: «Қорықпа, сенімен ісім жоқ. Тек мен келесі алты қақпадан өте алатындай рұқсат қағазын бер»,-дейді. Дию: «5 қақпадан өте аласың, бірақ 6-шы қақпаны менің ағам күзетеді. Оған сыйлық апаруың керек»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Қане, жылдам, баж ретінде алған әлгі құрма мен халуадан бірнеше табақ бер»,-дейді. Дию жанын алар деп қорқып, Малек Мұхаммадқа жылдам бір себет құрма, бір табақ халуа мен рұқсат қағазын береді. Ол жүріп отырып, әр қақпада рұқсат қағазын көрсетіп, өте береді. Алтыншы қақпаға жеткенде күзетші дию рұқсат қағазын көріп: «Өтуге рұқсат беруім үшін тәтті-дәмді беруің керек»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Аузыңды аш»,-дейді. Дию аузын ашқанда Малек Мұхаммад бір себет құрма мен бір табақ халуаны оның тамағына құя салады. Дию дәмін көріп: «Сыйлығың нашар емес»,-дейді. Малек Мұхаммад кіріп, Шахпариан қызының бөлмесіне келеді. Сөйтсе, қыз ұйықтап жатыр екен. Ал алтын тордағы тоты оның бас жағында отыр екен. Оның төрт жағында лала гүлі пішіндес шырақтар жағылған екен. Малек Мұхаммад төрт шырақтың орнын ауыстырып, хат жазып, қыздың бас жағына қояды. Хатта: «Ей, Шахпарианның қызы, алтын тордағы тотыны мен, Малек Мұхаммад алдым. Егер артынан келгің келсе, пәлен деген мемлекетке келуің керек»,-деп жазған екен. Малек Мұхаммад жүріп отырып, жүріп отырып, қаладан шығады. Пері қыз оның торды алып шыққанын көргенде қуанып, қайтадан үлкен құс кейпіне еніп, Малек Мұхаммадты қанатына отырғызып ұша жөнеледі. Ұшып отырып перизаттардың қамалына жетеді. Малек Мұхаммад сол жерден аты мен дастарханын, кернейді алып, перімен бірге 7 қызын 7 ағайындыға күйеуге берген патшаның қаласына жетеді. Малек Мұхаммад өзінің алты ағасымен бірге жолға шығып, бір аяқты дию халықтан баж алатын қалаға жетіп, патшаның сарайына барады. Келесі күні Малек Мұхаммад өзінің әйелі мен оның жасауы, ағалары мен олардың әйелдерімен бірге жолға шығады. Ал енді Малек Мұхаммадтың алты ағасы туралы тыңдаңыздар. Олар Малек Мұхаммадтың алтын тордағы тотыны қолға түсіргенін көргенде әкелерінің сарайына жеткенде оның патша болатынын және өмір бойы соның қол астында болу қажеттігін түсініп, бір-бірімен ақылдасады. Сөйтіп, Малек Мұхаммадтың басына бәле келтіріп, өздері алтын тордағы тотыны қалаға алып баратын болып шешеді. Олар Малек Мұхаммадтың көзін құртудың жолын іздестіріп жүргенде алдарынан бір құдықты көреді. Сөйтіп: «Біреу құдыққа түсіп, су алуы керек»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Бәріңнен кішкентай болғандықтан мен барайын»,-дейді де, құдыққа түсіп, су толы шелекті жоғары жібереді. Адамдар да, аттар та су ішеді. Барлығы суға қанған соң құдықтан тартып алсын деп Малек Мұхаммад шелектің ішіне отырады. Ағалары шелекті орта жолға дейін көтеріп, содан соң жіпті үзіп жібереді. Малек Мұхаммад құдықтың түбіне құлап түседі. Ағалары көңілдері жайланып, әйелдерін алып, қалаға қарай бет алады. Жолда әйелдеріне: «Кімде-кім осы оқиға жайлы басқа адамға тіс жарса, басын кесіп аламыз»,-дейді. Әйелдер жанымыздан айырылармыз деп қорқып, іштен тынып, айтпауға серт береді. Малек Мұхаммад құдықтың түбіне құлағанда есінен танып қалады. Есін жиғанда бүкіл денесінің ауырып тұрғанын сезеді. Құдықтың төбесіне қарайды. Бір ер адам құдықтың үстінен өзіне қарап тұр екен. Әлгі адам су алу үшін шелек лақтырады. Малек Мұхаммад құдықтан шығу үшін шелекке отырғысы келеді. Әлгі адам оны көргенде: «Алланың атымен ант етемін, кім екеніңді айт. Маған су бер. Не қаласаң, соны берейін»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Маған ештеңе де керек емес, тек мені жоғары тартып шығар»,-дейді. Әлгі адам келіседі. Малек Мұхаммад оған су жібереді. Өзі де құдықтан шыққанда әлгі адамға қарап: «Сен кімсің?»-дейді. Ол: «Мен саудагермін. Үндістаннан қайтып келемін. Өзімнің қалама бара жатырмын. Сен де менімен бірге жүр, сені дәрігерге қаратайын»,-дейді. Малек Мұхаммад әлгі адаммен бірге баруға келіседі. Жан-жағына қараса, құдықтың жанында дастархан, дорба мен кернейі жатыр екен. Ағалары бұл заттардың қасиетін білмегендіктен құнсыз зат екен деп ойлап, сол жерге тастап кете барыпты. Малек Мұхаммад әлгі заттарды жинап алып, саудагермен бірге оның еліне қарай жол тартады.