Сәу 19, 2016 12:09 Asia/Almaty

Айтып өткеніміздей, ресми және ауызекі ертегілерде дию – жын мен құбыжық және албасты сияқты табиғаттан тыс зұлым тіршілік иелерінің жалпылама атауы.

 

Закария Қазвини «Аджаеб-е Махлуқат» атты еңбегінде «Хазірет Сүлеймен және оның жын-шайтандарды бағындыруы» туралы ертегіде былай дейді: «Шайтандар хазірет Сүлейменнің алдында тізіліп тұрған еді. Хазірет олардың жағдайын қарастырайын деген екен. Шайтандардың арасында денесінің жартысы ит, жартысы қасқыр кейпіндегі дию болыпты. Хазірет Сүлеймен: «Сен қай шайтансың?»-деді. «Қаһр бен Фенан»,-деп жауап береді. «Немен айналысасың?»-деп сұрайды. «Ісім – сауық-сайран құрып, арақ-шарап ішкізу. Мен Үндістанды мекендеймін. Адамдарға ән-күй айтқызып, шарап ұсынып, оларды бұрыс әрекеттерге итермелеймін»,-дейді. Сонда хазірет Сүлеймен оны қамауға алуға бұйрық берген екен». Қазвини, сондай-ақ, хазірет Сүлейменнің алдына келіп, өзінің жағдайы жайлы айтқан жын-шайтандардың түрлерін сипаттау мен түсіндіруде «дию» сөзін сиқырлы күшке ие зұлым тіршілік иесі ретінде қолданған. Қазвини жылан кейпіне енген жын туралы ертегіде: «Ол Құдайдың атынан қорқатын дию»,-деген.

Өз өмірін Иран халқының фольклорлық мәдениетін зерттеуге арнаған Францияның қазіргі заман шығыстанушысы Генри Масе «дию» сөзімен келбеті мен іс-әрекеті бөлек тіршілік иесін таныстырумен қоса, бұл сөзді құбыжық, жалмауыз, албасты-«наснас», «давалпа» (ұзын бойлы, аяғы жіпше шұбатылған мосқал ер адам кейпінде көрінетін сұрықсыз тіршілік иесі) сияқты тылсым тіршілік иелерінің түрлерін таныстыру үшін қолданады.

Фольклорды зерттеушілердің жұмыстары нәтижесінде жалпы алғанда дию – қаскөйлік пен зұлымдықтың символы. Ол әртүрлі сипаттарға ие. Құбыжық, жалмауыз, албасты, «давалпа» сынды тылсым тіршілік иелерінің әрқайсысы оның бір қыры болып саналады. Араб-семиттік мәдениетте жынның осындай болмыс-бітімі бар. Тіпті басқа да көптеген тіршілік иелері жынның сипаттары мен келбеттеріне ие.

Құран Кәрімнің аяттарына сәйкес, жын жаратылыс тұрғысынан адамнан бұрын жаратылған. Ол адам жаратылғаннан біраз бұрын жерде өмір сүрген (Хаджр, 26-27 аят). Жындар оттан жаралған. От топырақтан жоғарырақ. Ал адам топырақтан жаралған (әр-Рахман, 15). Дию жаман күштерге жататындықтан жын да үлкен шайтаннан, яғни оттан жаралған Ібілістен тараған. Шайтан жаман рухтардың бір тобын айналасына жинаған. Олардың барлығын «шайтандар» және «жындар» деп атайды. Жын оттан жаралғандықтан көзден ғайып болу қабілетіне ие. Жынның отты табиғаты адам мен хайуанның кейпіне енуіне немесе ауа сияқты көрінбей қалуға мүмкіндік береді. Адам жыннан кейін жаратылған. Адам жерге түскеннен кейін жындар жасырынуға мәжбүр болған. Адамдар олардың бұрынғы орындарын басып алған. Бұл жындар мен адамзат баласы арасындағы дұшпандықтың басты себебі болып саналса керек.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад және бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерте замандарда бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Ұлдар алтын тордағы тотыны табуға аттанады. Алты ұл тоты мен торды таппақ түгілі, ойынханада қолдарындағы бар дүниеден айырылып, қайыршыға айналады. Ал Малек Мұхаммад басқа ел патшасының қызын диюдан құтқарып, диюдың бір аяғын кесіп алады. Малек Мұхаммад көп оқиғалардан кейін ағаларын тауып, өзін оларға таныстырып, барлығы бірге жолға шығып, бір қалаға жетеді. Сол қаланың патшасы өзінің 7 қызын әлгі Малек Мұхаммад пен оның 6 ағасына күйеуге береді. Содан соң ағайындылар жолға аттанып, 7 перінің қолына түсіп қалып, солардың бірінің көмегімен аман қалады. Малек Мұхаммад жағдайдың қиындағанын көргенде ағаларынан үйге қайтуларын сұрап, өзі жалғыз жолға шығады.

Малек Мұхаммад даланы бетке алып, жүріп келе жатады. Аздап алыстаған кезде алдынан бір дәруіш шығады. Дәруіш оған жақындағанда: «Ей, жас жігіт, кел екеуміз мәміле жасайық»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Қандай мәміле?»-деп сұрайды. Дәруіш: «Сен атың мен қылышыңды маған бересің, ал мен саған мына дорба мен дастарханды және кернейді беремін»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Бұлардың қандай қасиеті бар?»-деп сұрайды. Дәруіш: «Дорбаның қасиеті мынада: қанша қонақ келсе де, қолыңды дорбаға салып: «Ей, хазірет Сүлеймен, маған қонақ келді» деп айтсаң болды. Дорбадан қанша тамақ алсаң да, бітпейді. Ал кернейдің қасиеті мынада: «Ей, хазірет Сүлеймен, ана бір адамның басы керек» деп айтсаң, әлгі адамның басы ілезде асқабақтай жұлынып қалады»,-дейді. Малек Мұхаммад мәмілені қабылдап, аты мен қылышын дәруішке беріп, дорба мен дастархан және кернейді алады. Дәруіш қылышын беліне байлап, атқа мініп кете барады. Малек Мұхаммад: «Мына алған заттардымды сынап көрейін»,-деп ойлайды. Кернейді қолына алып: «Ей, хазірет Сүлеймен, мына дәруіштің басы жұлынып қалсын»,-деп айтады. Кенет дәруіштің басы ккесіліп түседі. Сонда Малек Мұхаммад: «Бұл адам мына қылышпен нақақтан біреудің қанын төгуді қалаған шығар. Сондықтан мен алдымен кернейді сынап, тілек тілеген болармын»,-деп ойлайды. Содан соң өзінің қылышы мен атын алып, пері қыздардың қамалына қайтып оралады. Кіші қыз оны көре сала: «Малек Мұхаммад, өзіңе жаның ашымай ма? Апайларым сені көрсе, аман қалдырмайды ғой»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Құдайдың рақымы мол»,-дейді. Қыз: «Егер бір нәрсе болып, мына апайларымның көзі жойылса, біз екеуміздің жанымыз жай тауып, осынша мазасызданбас едік»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Егер сенің көңілің түспесе, мен үшін оларды өлтіру су ішкеннен де оңай»,-дейді. Қыз апайларының өлтірілуіне ризалық береді. Малек Мұхаммад кернейді қолына алып: «Ей, хазірет Сүлеймен, ана 6 қыздың басы асқабақтай құлап түссін»,-дейді. Осыны айтып, қызға қарап: «Бар да, апайларың аман ба екен қарашы?»-дейді. Қыз барып қараса, 6 апайының басы денелерінің жанында жатыр екен. Қуаныштан құстай ұшып оралып: «Малек Мұхаммад, бәрі өліпті»,-дейді. Енді біздің өмір сүретін уақытымыз жетті. Малек Мұхаммад: «Бірақ мен сапарға аттануым керек»,-дейді. Қыз: «Сенің тоты мен алтын торды іздеп жүргеніңді білемін, бірақ сен менің көмегімсіз бара алмайсың»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Неге?»,-деп сұрағанда: «Осы жерден тоты мен алтын торды сақтайтын жерге дейінгі жол – 60 фарсах (1 фарсах – шамамен 6 км). Ол жақта 20 фарсах жерде қабыландар, келесі 20 фарсахта арыстандар, сондай-ақ қалған 20 фарсах жерде құбыжықтар тіршілік етеді. Тоты мен алтын торы Шахпарианның қызының басында. Қаладан әлгі қыздың қамалына дейін 7 қақпа бар. Оларды диюлер күзетеді. Жетінші қақпаның күзетшісі – жеті басты дию. Ал енді тұр, сонда мен саған не істеу керектігін айтамын»,-дейді. Қыз бір айналғанда үлкен құс болып шыға келеді. Малек Мұхаммад құстың қанатына отырып, ұшып кетеді. 40 фарсах әуеде ұшып, қабыландар мен арыстандардың жерінен өтеді. Сөйтіп соңғы 20 фарсах құбыжықтардың жері қалады. Қыз өзінің бастапқы қалпына қайтып оралып, Малек Мұхаммадты инеге айналдырып, оны өзінің тілінің астына жасырып қояды. Әлгі 20 фарсахтан да өтіп, Шахпарианның қызының қаласына келіп, бірінші қақпадан өтеді. Қыз осы жолы Малек Мұхаммадты адам қалпына қайта оралтып, өзі кептерге айналып, ұшып барып Шахпарианның қызының сарайының кертік дуалына отырып, Малек Мұхаммадтың диюлермен не істейтінін бақылайды.