Маусым 13, 2021 21:53 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 861-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 26-аятына құлақ түріңіздер:

«وَقَالَ فِرْعَوْنُ ذَرُونِی أَقْتُلْ مُوسَى وَلْیَدْعُ رَبَّهُ  إِنِّی أَخَافُ أَن یُبَدِّلَ دِینَکُمْ أَوْ أَن یُظْهِرَ فِی الْأَرْضِ الْفَسَادَ»

 

Аяттың аудармасы: Перғауын: “Мені қоя беріңдер, Мұсаны өлтірейін. Ол, Раббына жалбарынсын. Расында мен оның, діндеріңді өзгертуінен немесе жер жүзінде бір бұзақылық шығаруынан қорқамын” деді.

Өткен бағдарламада хазірет Мұсаның перғауынды бір Құдайға табынып, Бәни Исраил қауымын азаптауды тоқтатуға талпынғанын айттық. Бұл аятта былай делінген: мұғжиза және дәлелмен қатар жүрген бұл шақыруға қарсы тәкаппар перғауын сарай маңындағыларға: «Егер Мұсаны жайына қалдырсақ, халықты біздің билігімізге қарсы көтеретін болады. Халықтың дінін өзгертеді, қоғамды жемқорлық пен азғындыққа итермелейді»,-деді. 

Бұл жерде перғауын Мұсаны өлтіру үшін екі дәлел келтіреді. Ол: «Сендердің діндеріңді өзгерте ме деп қорқамын! Немесе Жер бетінде азғындықты әшкерелей ме деп қаймығамын. Егер үнсіз қалсам, Мұсаның рәсімі Мысыр халқының жүрегіне жылдам әрі терең әсер етеді. Пұтқа табыну рәсімі өз орнын бір Құдайға табыну рәсіміне беретін болады. Сондықтан оны тез арада өлтірген дұрыс»,-деді.

Әрине перғауынның көзқарасы тұрғысынан дін дегеніміз оның өзі немесе пұттарға табынғаннан басқа ештеңе емес. Ол қалайтын рәсім тек халықты алдап-арбайтын, қанішер әрі өктем билеушінің зорлық-зомбылығын қасиетті іс деп көрсететін құрал болды. Перғауынның көзқарасынша, халықтың оның зұлым үкіметіне қарсы қозғалысы, жапа шеккен халықтың азат етілуі және қоғамда күпірлік пен пұтқа табынушылық әсерлерінің жойылуы азғындық деп саналды.

Әрине хақпен күресуге бағытталған үгіт-насихаттың осындай тәсілдері перғауынға ғана тиесілі емес. Тарих бойында жәбірлеушілер мен озбырлар өз қылмыстарын түсіндіру және бір Құдайға табынушылармен күресу үшін осындай жалған сылтауларды қолданады. Қазіргі таңда да әлемнің түкпір-түкпірінде мұның айқын мысалдарын көруге болады.  

Қалай болғанда да перғауын осы дәлелдерге тоқталып: «Жалғыз шешім жолы – Мұсаны арадан алып тастау. Оған «Егер сені Құдай жібергені рас болса, Құдайыңа айт, сені біздің қолымыздан құтқарсын» деп айтамыз»,-деді.

Әрине перғауынның кеңесшілері мен сарай маңындағыларының көбі онымен келіспеді. Олар Мұсаның Бәни Исраил қауымындағы маңызды орнын ескеріп, оны өлтірудің халық арасында ауқымды теріс әсері болып, олардың бүлік шығаруы мүмкіндігін біледі. Мұнымен қоса, оның діни рәсімдерін жақтайтын мүміндер көбейіп, билік мүлде уыстан шығып кетуі мүмкін.

Аяттан үйренетініміз:

  1.  Перғауынның деспоттық билігінің қисыны – Хақ тағаланың жетекшілерін өлтіріп, көзін құрту.
  2. Залым билеушілер өздерін сақтап қалудың жалғыз жолын қалыптасқан жағдайды сақтап қалу деп санайтындықтан қоғамды өзгертуге бағытталған кез келген әрекетті тұрақтылықты бұзатын азғындық  деп есептейді. Олар діни-әлеуметтік реформа жасаушыларды қоғамдық тәртіпті бұзуды қалайтын азғын адамдар ретінде сипаттайды.
  3. Деспоттық жүйелерде тыныштық пен қауіпсіздік орнатылса да,  полицияның басып-жаншып, тұншықтыруы салдарынан сөз бен ой бостандығы аясындағы шынайы тыныштық та, қауіпсіздік те жоқ.

"Ғафир" сүресінің 27-аятына құлақ түріңіздер:

«وَقَالَ مُوسَى إِنِّی عُذْتُ بِرَبِّی وَرَبِّکُم مِّن کُلِّ مُتَکَبِّرٍ لَّا یُؤْمِنُ بِیَوْمِ الْحِسَابِ»

 

Аяттың аудармасы: Мұса (Ғ.С.): “Мен, есеп күніне сенбеген әр тәкаппардан, менің де Раббым, сендердің де Раббыларыңа сыйындым” деді.

Хазірет Мұса перғауынның өлтіремін деген қоқан-лоққысынан қорықпай, сабырлық сақтап: «Сендердің қоқан-лоққыларыңнан мен өзімді де, сендерді де жаратқан Құдайдан пана іздеймін. Ол рұқсат етпейінше сендер ештеңе істей алмайсыңдар. Мен дүниеге келгенде сендер мені өлтіруді көздеген болатынсыңдар. Құдайдың бұйрығымен анам мені қорапқа салып, Ніл өзеніне ағызып жіберді. Содан кейін сендер өз қолдарыңмен мені судан алып шығып, өз алақандарыңда  тәрбиеледіңдер. Бүгін де сол Құдай – менің қолдаушым. Мені сендер сияқты үстемшілдер мен озбырлардан сақтайды деп үміттенемін. Бірақ егер Ол мен осы жолда шәһид болуым керек деп шешсе, шәһид болуға дайынмын, жүрегімде қорқыныш жоқ. Қалай болғанда да, мен өзімді Оған тапсырдым. Сендердің қалауың емес, Ол не қалайды, сол болатынын білемін»,-деді.

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Дұшпанның қоқан-лоққысынан қорықпайық. Құдайдан пана сұрайық. Өйткені біздің барлық істеріміз Оның қолында. Оның құдіретінен артық күш жоқ екенін білеміз.
  2. Тәкаппарлық пен үстемшілдік – перғауындық қасиет. Осындай қасиетке ие адам перғауындай залым болып келеді.
  3. Хақ алдында тәкаппарлық таныту Құдай мен қиямет күніне иман келтірмеуіне себеп болады.

 

"Ғафир" сүресінің 28-аятына құлақ түріңіздер:

«وَقَالَ رَجُلٌ مُّؤْمِنٌ مِّنْ آلِ فِرْعَوْنَ یَکْتُمُ إِیمَانَهُ أَتَقْتُلُونَ رَجُلًا أَن یَقُولَ رَبِّیَ اللَّـهُ وَقَدْ جَاءَکُم بِالْبَیِّنَاتِ مِن رَّبِّکُمْ  وَإِن یَکُ کَاذِبًا فَعَلَیْهِ کَذِبُهُ  وَإِن یَکُ صَادِقًا یُصِبْکُم بَعْضُ الَّذِی یَعِدُکُمْ  إِنَّ اللَّـهَ لَا یَهْدِی مَنْ هُوَ مُسْرِفٌ کَذَّابٌ»

 

Аяттың аудармасы: Перғауын семьясынан иманын жасырған бір мүмін: “Раббым Алла, деген кісіні өлтірмеңдер. Расында ол, сендерге Раббыларыңнан мұғжизалармен келді. Егер өтірікші болса, өтірігі өзіне, ал егер шыншыл болса, сендерді қорқытқан апаттың кейі бастарыңа келер. Расында Алла, шектен шыққан суайт біреуді тура жолға салмайды” деді.

Перғауынның сарай маңындағыларының арасында оның туыстарының бірі хазірет Мұсаның дініне иман келтіріп, керек кезде Мұсаға көмекке ұмтылу үшін өз иманын жасырып ұстаған екен. Ол перғауынның Мұсаны өлтіргісі келетінін, жанын қатерге тіккісі келетінін білген соң, батылдық танытып, халық алдында сөз сөйлеп, Мұсаны осы қастандықтан құтқарды.

Ол перғауынмен мынадай қисында сөйлесті: Мұсаның айтуынша, оны жаратқан Құдай әлемді де жаратты, бүкіл істің қиюы соның қолында. Ол Мұсаны пайғамбар ретінде халыққа жетекші болсын деп жіберді. Оның шыншылдығын дәлелдеу үшін мұғжизалар да жіберді. Сондықтан оған қатысты асығыс әрекет етпеңіздер. Істің артын жақсылап ойлаңыздар. Әйтпесе өкініп қаласыздар.

Ол былай деп жалғастырды: Мұсаның ісі екі жағдайдан артық емес. Не ол рас айтады, не жалған айтады. Егер өтірік айтса, ақырында өтірігі өзінің аяғын шалады. Оның өтірігі шығып, халық алдында масқара болады. Алайда егер рас айтып, Алланың жазасы туралы уәделерінің кейбіреулері орындалатын болса, сендер жойыласыңдар. Демек, оны өлтіру ақылға сыймайды. Оны өлтіруге тырыспаған жөн.

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Мұса перғауынның қоқан-лоққысынан қорғану үшін Құдайдан пана іздеді. Құдай перғауынның бір туысына Мұсаға көмектесуді бұйырды.
  2. Кейде сенімді жасырып, залымдардың қысымдары мен қоқан-лоққыларының алдын алу үшін зұлым жүйеде жұмыс істеп, миссия атқару – қажетті іс. Мұның Құдайға иман келтірумен қайшылығы жоқ.
  3. Қарсыластармен сөйлескенде соқыр сенімнен ада болып, «Біз дұрыс айтамыз, сіздер қате» деп айтпау керек. Әлгі перғауынның туысы ұстанған тәсілді қолданайық. Ол «Мұса не рас, не өтірік айтады. Егер рас айтса, уәде еткені орындалып, оның рас айтқаны расталады. Егер өтірік айтса, оның зияны өзіне тиеді» деді.

 

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.   

Тегтер