Сәу 19, 2016 12:16 Asia/Almaty

Айтып өткеніміздей, диюлер табиғаттан тыс тіршілік иелерінің бірі және әрбір қоғамдағы халықтың мәдениетінің бір бөлігі болып саналады.

 Мифологиялық сенім бойынша барлық сұрқия әрі лас көріністер диюлерге телінген. Ауыз әдебиетінде диюлердің бет-әлпеті қорқынышты кейіпте сипатталады. Олар адамжегіш болып келеді. Ұрлық жасау да олардың жаман істерінің бірі саналады.

Диюлердің көзге көрінетін бейнесі жоқ. Кейде олардың көлеңкесі немесе рухы сезіледі. Сенім бойынша, егер диюлер өздерінің шынайы бейнесінде көрінетін болса, өте үлкен әрі қаһарлы болып келеді.

Диюлердің іс-әрекетінің ерекшеліктерінің бірі – олардың қыңыр әрі керағар болуы, яғни олар әдетте өздеріне айтылған істі керісінше орындауға ынталы. Диюлердің осы сипаты жайында Фердоусидің «Шахнамасында» айтылған. «Рүстем мен Акван диюдің соғысы» атты хикаяда диюдің осы кереғар әрекетін көреміз. Акван дию алдымен ала құлан кейпіне еніп, Рүстемді өзінің артынан ілестіреді. Рүстем бір тәулік бойы қуаласа да, ала құланды қолға түсіре алмайды. Сондықтан шаршап-шалдығып ұйықтап қалады. Сол кезде Акван дию өзінің шынайы қалпына еніп, Рүстемді жатқан жерімен қоса көтеріп алып, аспанға алып кетеді. Содан соң Рүстемнен «Далаға лақтырайын ба, әлде теңізге тастайын ба?» деп сұрайды. Рүстем диюдің керісінше әрекет ететінін білгендіктен өз жанын сақтап қалу үшін «Далаға таста» дейді. Дию керісінше әрекет етіп, оны теңізге лақтырып жібереді, сөйтіп Рүстем аман қалады. Фольклор мен халықтық наным-сенімдерде осындай бейне әлі де сақталып қалған. Мұны халықтың мақал-мәтелдерінен көруге болады. Мысалы, егер адам бір істі қателесіп немесе керісінше істеген болса, оны жынды (диване), ал оның іс-әрекетін жындылық (диванеги) деп атайды.

Диюлер күндіз терең ұйқыға батады, ал түнді өздерінің белсендігі үшін қолайлырақ санайды. Ирандық аңыз-әңгімелерде диюлер әдетте сұлу қызды тұтқынға алып, сонымен бірге құдықтың түбінде, үңгірде немесе жер астында өмір сүреді. Кейде қыздың өзі диюге ғашық болып, оған тұрмысқа шығып, балалы болады. Кейбір ертегілерде кейіпкерге берілетін «диюзат» деген лақап ат осы тақырыптан туындаған.

Кейде диюдің жүрегі мен бауыры «Шахнамадағы» ақ дию сияқты шипамай немесе уыт ретінде қолданылады. «Иранның халық ауыз ертегілері» атты сөздікте келтірілген бір ертегіде былай деп жазылған: патша өзінің сауығуы үшін ертегі кейіпкерінен ақ диюдің бауырын алып келуді талап етеді. «Атақты әмір Арслан» атты ертегіде де Фуладзереһ атты диюдің жүрек-бауыры жабық есікті ашу үшін, ал миы шипамай ретінде қолданылады. Диюлердің тағы бір ерекшелігі – олардың ұшу қабілетіне ие болуы. Халық ауыз әдебиетінде жауанмәрттік кітаптардың бірі саналатын Манучехр хан Хакимнің «Ескендірнама» атты еңбегінде диюлердің аспанға ұшуы «тануре кешидан», яғни «құйындай әуелеу» деген етістікпен берілген. Болмаса, «диюлер аспаннан көрінді» деп сипатталады. Бұл кітапта Зарринтән дию де аспаннан көрінеді.

Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад және бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерте замандарда бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Бір күні патша көрген түсінің негізінде ұлдарына алтын торға қамалған тотықұсты алып келуді тапсырып, бұл істі орындағанының тақ мұрагері болатынын айтады. Алты ұл барып, құр қол қайтып оралады. Малек Мұхаммад әкесінен тапсырманы орындауға аттануға рұқсат сұрайды. Содан соң жолға қамданып, бірнеше асыл тас алып, жүйрік атына мініп, жолға шығады. Ағалары артынан жүріп отырып, далада Малек Мұхаммадты соққыға жығып, өлімші халде тастап кетеді. Өздері жолдарындағы бірінші қалаға жетіп, ойынханаға барып, ойын ойнап, бар дүниелерінен айырылады. Олардың үшеуі қайыр сұрап кетеді, ал қалған үшеуі көмекші болып жұмысқа тұрады. Ал Құдайдың арқасында аман қалған Малек Мұхаммад та дәл сол қалаға барып, қызымен бірге өмір сүріп жатқан бір кедей кемпірдің үйіне түседі. Олар Малек Мұхаммад берген бір түйір асыл тасты сатып, кешкі ас алып ішеді. Тамақ ішіп болған соң дастархан жинастырылады. Малек Мұхаммад кемпірдің жылап отырғанын көріп: «Шешей, неге жылап отырсыз?»-деп сұрайды. Кемпір: «Осы елдің патшасының қызына жаным ашиды»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Не боп қалды? Қыздың басына қандай пәле төнді?»-деп сұрайды. Кемпір: «Осы елде бір диюдің пайда болғанына біраз уақыт болды. Ол айына бір рет бір қыз, 54 келі құрма салынған себет пен 30 келі халуасы бар табақты алып кетеді. Барлық адамдар кезекпен өз үлестерін берді. Енді кезек патшаның өзіне жетті. Патша бүгін кешке диюдің үлесін беруі тиіс. Менің қызға жаным ашиды, өйткені мен оның сүтанасы едім»,-дейді. Малек Мұхаммад осы сөздерді ести салып, хазірет Әлиді еске алып, қылышын беліне асып қамданады. Кемпір жігіттің соғысқа дайындалып жатқанын көріп: «Балам, не істейін деп жатырсың?»-деп сұрайды. Малек Мұхаммад: «Диюмен айқасып, халықты оның зұлымдығынан құтқарғым келеді»,-дейді. Кемпір: «Балам, жастық шағыңды қор қылма. Патша осы күнге дейін бірнеше әскерді диюмен соғысқа жіберді, бәрі жеңіліс тапты. Сен барсаң, ажал құшасың»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Шешей, менің қанымның түсі патшаның қызының қанынан қоюырақ емес. Құдайға тәуекел етіп барамын. Тек сен маған диюдің жатқан жерін көрсет»,-дейді. Кемпір Малек Мұхаммадтың бел буғанын көргенде шарасыздан: «Дарбазадан шыққанда патша қызы отырған күмбезге жетесің. Оның жанына құрманың себеті мен халуаның табағы қойылған»,-дейді. Малек Мұхаммад үйден шыққанда тағы да хазірет Әлиді еске алып, атына мініп шаба жөнеліп, дарбазаның сыртына жетеді. Дарбазаның ар жағынан күмбезді көріп, соған қарай жүреді. Патша қызы күмбездің саңылауынан Малек Мұхаммадтың келе жатқанын көреді. Жігіт күмбезге жеткенде қыздан: «Ей, қыз, мұнда не істеп отырсың?»-деп сұрайды. Қыз жігітке қарап, түрінен жаман адам еместігін көреді. Малек Мұхаммад: «Ей, қыз, мен сені босатуға келдім»,-дейді. Қыз мұны естігенде жылап жіберіп: «Ей, жігіт, өзіңе жаның ашысын. Жастық шағыңды қор қылма. Мына диюдің көзі саған түссе, басыңды жұлып алады»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Жетекшісі хазірет Әли болған адам диюден несіне қорқады. Мен Құдайға үміт артып, хазірет Әлидің көмегімен сені диюден құтқарып, әке-шешеңді қуанту үшін келдім»,-дейді. Қыз Малек Мұхаммадтың сөздерін естігеннен кейін тынышталады. Малек Мұхаммад қыздың жанына отырады. Қыз сөйлесетін адам пайда болғаннан кейін аздап батылданып: «Ей, жігіт, өзіңді ажалға қиюға бел байлаған екенсің, айтайын. Диюдің келгенін білдіретін үш белгі бар. Біріншісі, жер бауырлай ұшқанда ауа сәл жылынады. Екіншісі, аспанда ұшқанда ауа адамды жандырып жіберетіндей ысып кетеді. Үшіншісі, жақын келгенде одан шығатын жағымсыз иіс адамды тұншықтырады»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Ей, қыз, менің ұйқым келіп отыр. Егер ұйықтап кетсем, сен мені алғашқы белгіден-ақ оят»,-дейді. Қыз: «Жарайды»,-дейді. Көзі ілінгені сол еді, бірінші белгі сезіліпті. Қыз жігіттің түріне қарап, жаны ашып, оны оятпайды. Жігітке қарап отыр еді, екінші белгі де байқалады. Қыз Малек Мұхаммадтың тыныш ұйықтап жатқанын көріп, оятуға батпапты. Жағымсыз иіс шығып, диюдің жақындап қалғаны білінгенде де жігітті оятқысы келмейді. Бірақ жылап жібергенде бір тамшы жасы бетінен сырғып түсіп, Малек Мұхаммадтың бетіне тамады. Жігіт ұйқысынан атып тұрып: «Қыз, неге жылайсың?»-дегенде қыз: «Ей, жігіт, диюдің келе жатқанын білдіретін барлық белгілер байқалды, бірақ сені оятуға батпадым. Қазір дию кіріп келеді»,-дейді. Малек Мұхаммад жылдам орнынан атып тұрып, қылышын қынабынан суырып алады. Қыз қорқып, бір бұрышқа тығылады. Малек Мұхаммад хазірет Әлидің атын атайды. Диюдің ақырған дауысы естіліп, жаман иісінің ауаны кернегені соншалықты, Малек Мұхаммад тұншығып қала жаздайды. Дию кіріп келіп, көзі Малек Мұхаммадқа түскенде қарқылдап күліп: «Адамзат баласы қорықса, кез-келген істі істейді. Патша қызының кезегі келген соң бір жігіт пен атты да үлесіме қосып берген екен»,-дейді. Малек Мұхаммад: «Ауызыңды жап. Мен Құдайдың көмегімен сені өлтіремін»,-деп айқайлайды. Дию ашуланып, шоқпарын Малек Мұхаммадтың басына қарай сілтеп қалады. Жігіт соққыдан жалтарып, қылышын диюге қарай сермеп қалады. Дию де соққыдан тайқып үлгереді, бірақ қылыш оның балтырына тиіп, бір аяғын шауып түсіріп, жерге құлатады. Малек Мұхаммадтың батылдығын көрген дию қорыққаннан бір түйір бұлтқа айналып, аспанға ұшып кетеді.