Иран ертегілері мен аңыздары
Тылсым күшке ие тіршілік иелері әрбір қоғамдағы халық мәдениетінің бір бөлігі болып саналатынын, өткен қоғамдардағы халықтардың дүниетанымы, наным-сенімдері, ойлары мен әдет-ғұрыптарының осы тіршілік иелерімен байланыста болғанын айттық.
Сондай-ақ, мифологиялық сенім бойынша диюлердің жер астында жасырын өмір сүретінін және барлық сұрқия әрі лас көріністердің соларға телінгендігін айттық.
Диюлер Ахриманның көмекшілері, Ахриман тудырған тіршілік иелері немесе тіпті, Ахриманның өзі ретінде парсының ауыз әдебиеті мен жазба мәтіндерінен көрініс тапқан. Бұл туындыларда дию – тылсым күшке ие ұсқынсыз тіршілік иесі. Олардың адамдардан түбегейлі айырмашылығы бар. Әдетте олар қара түсті, доңыздың тісіндей үлкен тістерге ие, қалың қара ерінді, кейде көк көзді деп сипатталады. Оның денесін қалың түк басқан, әдетте олардың бірнеше басы, мүйізі, құйрығы мен үлкен құлақтары бар.
Диюлер ертегілерде әдетте ақымақ, топас, кейде әккі әрі жылпос деп сипатталады. Бұл ертегілерде диюлер ахримандық сипатта және қиратушы болмысқа ие. Қорқыныш тудыратын диюлердің істерінің бірі – ертегілерде көп кездесетін оның адамжегіштігі. Олар адамның иісін тез сезіп қояды. Бұл толығымен халықтың ортасында туындаған түсінік. Бұл сипат халықтық мифологиялық ертегілерден көрініс тапқанымен танымал мифологиялық туындылардан байқалмайды. Алайда, әдетте осы адамжегіш диюлер ертегілердің кейіпкерлерінен оп-оңай алданып қалады.
Олар сиқыршылық пен адам болмысынан тыс соғыс құралдарымен жарақталған. Кез-келген сәтте бір кейіптен басқа кейіпке ауыса алады. Кейде әдемі әйел, көбіне ала құлан, жылан, елік, жылқы, айдаһар мен арыстан кейпіне енеді.
Х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген ирандық жазушы Абутахер Тарсуси «Дарабнама» атты еңбегінде былай деген: «Тамрусие атты кейіпкер ақ және қара екі жыланның арасынан қара жыланды өлтірген кезде ақ жылан оған жақын келіп: «Біз перілердің қатарына жатамыз, бірақ сен өлтірген қара жылан дию еді. Ол таудың ар жағында мекендейді. Таудан басын шығарып, мына көлден су ішетін анау орасан айдаһар айдаһар емес, осы кейіпке енген дию»,-дейді».
Осындай мифологиялық ертегілерде ұрлау – диюлерге тән істердің бірі. «Малек Джамшид пен алма ұрлайтын дию» атты ертегіде диюдің бір қызды ұрлап алып, құдықта ұстағанына жеті жыл болған. Қыз: «Мен үнді патшасының қызымын. Мына диюдің мені ұрлап әкетіп, осы құдыққа әкеліп, ұстап отырғанына жеті жыл болды» дейді.
Әдетте диюлердің қолына тұтқынға түсіп қалатын қыздар оған үйленуден бас тартса, дию оларды сиқырлап тастайды. «Атақты әмір Арслан» атты ертегі осындай тіршілік иелеріне толы. Бұл ертегінің ең атақты диюі – «Болат сауытты дию». Ол дию текті әрі сиқыршы анасымен бірге басқалармен соғысады. Осы ертегінің басым бөлігі сиқыршылармен күресумен өтеді. «Алхак дию» – Болат сауытты диюдің өзінің мазасын алған тағы бір әзәзіл.
Ардақты ағайын, келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад және бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні келтеде бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Бір түні патша өз сарайында ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде өзінің бас жағынан ішінде әдемі тоты отырған бір алтын торды көреді. Ұйқыдан оянған соң әлгі алтын тор мен тотының мәні не болды екен деп ойға батады. Бір жағынан патша тотыларды жақсы көреді екен. Осы түстен кейін тез арада алтын торға қамалған тотыға ие болуға көңілі ауады. Басқа жағынан ұлдарының біріне тақ пен тәжді беруді ойластырып жүргеніне біраз болған еді. Ондағысы өзінен кейін ұлдардың таққа таласының алдын алу болатын. Осы түстен кейін қалай болғанда да, жеті ұлын сынақтан өткізіп, осы сынақтан абыроймен өткен ұлға тақ пен тәжді беруді ұйғарады. Сондықтан ұлдарды шақырып алып: «Сендердің барлығың менің балаларымсыңдар. Барлығыңа бірдей қараймын. Тақ пен тәжді қайсыңа берерімді білмеймін. Маған алтын торға қамалған тотыны алып келулерің керек. Осыны орындаған адам менен кейін патша болады»,-дейді. Әлгі алты ұл әкелерінің сөзін естігеннен кейін орындарынан тұрып, тоты мен алтын торды әкелуге бірге аттаныпты. Ұзақ жүріп, көп қалаларды аралайды. Бір елден екінші елге барады, жол біледі-ау деген адамның бәрінен сұрайды. Бірақ ештеңе таба алмай, ақыры патшаға құр қол қайтып оралып: «Әке, біз бүкіл дүниені шарлап шықтық, бірақ сіз қалаған затты таба алмадық»,-дейді. Патша «ұлдарымның алдына орындалмайтын іс қойып қойған жоқпын ба» деп ойлайды. Кенеттен Малек Мұхаммад орнынан тұрып: «Ардақты әке, егер рұқсат етсең, мен барып тоты мен алтын торды алып келейін»,-дейді. Патша: «Аналар алты адам еді және сенен үлкенірек болатын, бірақ таба алмады. Сен жалғыз өзің қалайша таппақшысың?»-дейді. Малек Мұхаммад: «Мен жолға шығайын, Құдай қаласа, әкелермін»,-дейді. Патша: «Райыңнан қайтпайды екенсің, бара ғой. Егер тоты мен алтын торды әкелсең, патшалық сенікі болады»,-дейді. Малек Мұхаммад сапарға қамданып, бірнеше қымбат тас алып, жүйрік атқа мініп, жолға шығады.
Ал енді ағайындылар жайында тыңдаңыздар. Бәрінен қызғаншақтау үлкен ұл қалған бесеуін жинап алып: «Мен мына Малек Мұхаммадтың тоты мен алтын торды алып келе алатынын білемін. Кәне, оның артынан жүріп отырайық. Артынан сан соғып қалып жүрмейік»,-дейді. Басқа ұлдар келісіп, аттарына мініп, Малек Мұхаммадтың артынан жүріп отырады. Бір кезде далада жападан-жалғыз кетіп бара жатқан Малек Мұхаммадты ұстап алып, атынан түсіріп, соққыға жығады. Малек Мұхаммад шала-жансар жерге құлағанда өліп қалса, кебіні мен жерлеуіне жұмсалсын деп қымбат тастар салынған қоржынды басына қойып, басқалар көріп қоймасын деп өздері аттарына мініп, тайып тұрады. Малек Мұхаммад кеш батқанға дейін жерде жатады. Бір кезде түсінде хазірет Әлиді (ғ.) көреді. Ол: «Ей, жігіт, тұр да беліңді бу»,-дейді. Осыған дейін қозғалуға шамасы келмей жатқан Малек Мұхаммад сап-сау орнынан тұрып, хазіреттің алдына келіп, таңдана қарайды. Хазірет: «Осыдан кейін қай жерде қиындыққа ұшырасаң, «Я, Әли» деп айт. Барлық қиындығың шешіледі»,-дейді. Хазірет осыны айтып, көзден ғайып болады. Малек Мұхаммад оянып, денесінің сауығып кеткенін, ауырлық сезінбейтінін көреді. Жан-жағына қараса, қоржыны мен аты дайын екен. Қуанып, қуаттанып атына мініп, жаңа күшпен шаба жөнеледі. Әлгі алты ағасы Малек Мұхаммадты ұрып, құлатқаннан кейін жүріп отырып, бір қалаға келеді. Қаланы аралап келе жатқанда жолдары бір құмарханалар орналасқан көшеге түседі. Олар құмар ойындарына қызығатындықтан және Малек Мұхаммадты соққыға жыққаннан кейін көңілдерін басқа бірдеңеге аударғысы келгендіктен бір құмарханаға кіріп, ойынға кірісіп, көп ұзамай қолдарындағы барлық дүниеден айырылады. Тіпті кешкі тамақ пен жатар жерге жұмсайтын қаражаттары да қалмайды. Құр алақан қалғаннан кейін ағайындылардың үшеуі қайыр сұрап кетеді, ал қалған үшеуінің біреуі – бас-сирақ пісіретіннің көмекшісі, екіншісі – моншаның қызметшісі, ал үшіншісі аспазшының көмекшісіне айналады. Ал Малек Мұхаммад болса жүріп отырып, жүріп отырып, тура ағалары қайыр сұрап жүрген қалаға жетеді. Кешке қалада ешкімді танымағандықтан қайда қонарын білмейді. Тағдырдың айдауымен бір кемпірдің үйінің жанынан өтіп бара жатып, сол үйдің есігін қағады. Кемпір есік ашқанда Малек Мұхаммад: «Шешей, мен сырттан келе жатқан адаммын, қонатын жерім жоқ. Егер рұқсат етсең, бүгінгі түнді сенің үйіңде өткізейін, ертең жөніммен кетермін»,-дейді. Кемпір Малек Мұхаммадтың бет-жүзіне, бойына көз салып, одан патшаның нұры шашылып тұрғанын көреді. Көңілі тынышталып: «Ей, жігіт, егер көңіліңе жағып, кедей адамдарға қарайласатын болсаң, кіре ғой»,-дейді. Малек Мұхаммад үйге кіреді. Кемпір өзінің жалғыз қызымен өмір сүріп жатыр екен. Малек Мұхаммад айналасына көз салып, кемпірдің тұрмысының жұпыны екенін көреді. Қоржынынан бір асыл тас алып шығып, кемпірге беріп: «Мынаны сатып, ақшасына кешкі ас сатып ал, тамақтанайық»,-дейді.