Иран ертегілері мен аңыздары
Мифологиялық ертегілер мен ондағы басты кейіпкерлер жайлы талдай келіп, диюлерді қарастырып, мифологиялық ертегілерде әрбір жаман әрі жағымсыз құбылыстың символдық түрде дию арқылы көрініс табатынын айттық.
Диюлер мен залым тіршілік иелері адамдардың қиялынан туындаған. Тылсым күшке ие тіршілік иелері әрбір қоғамдағы халықтың мәдениетінің бір бөлігі болып саналады. Өткен қоғамдардағы халықтардың дүниетанымы, наным-сенімдері, ойлары мен әдет-ғұрыптары осы тіршілік иелерімен байланыста болған.
Иранда таңғажайып құбылыстар, ғажап тіршілік иелері, диюлер мен шайтандар негізгі тақырыбы болып табылатын тарихи еңбектер мен мәтіндер жетерлік. Бұл туындылар «Ғажайыпнама» деген атпен танылып, классификацияланады. «Ғажайыпнамалар» – халық арасында тарих жайлы баяндаудың ерекше жанры. Оларда қамтылған мағлұматтар мәдени-этнографиялық зерттеулерде қолданылады.
Бір бөлігі «Ғажайыпнамаларға» жататын ең көне еңбектердің бірі – Басрадан шыққан әдебиетші Омар бен Джахиздің «әл-Хайуан» атты еңбегі. Бұл еңбек х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда (9 ғасырда) 7 томдық көлемде жазылған. Джахиз осы еңбектің 6-шы томында ғажайыптардың топтамасы – жын, дию мен соларға ұқсас түрлі тіршілік иелерін таныстырып, соларға қатысты ирандықтар мен арабтардың кейбір наным-сенімдеріне тоқталған. Бұл дәстүрді келесі жазушылар да жалғастырған.
Исламға дейінгі ирандықтар үшін диюлер қасиетті саналып, басқа құдайлармен бірге табыну объектісі болған. Аңыздардағы диюлер арасында тепе-теңдік пен теңдіктің бір түрі орнаған. Бұл ежелгі Иранның әдет-ғұрыптарының басты өзегі мен ойлау жүйесінің негізін құраған. Біртіндеп, әсіресе зардушт дінінің рәсімдері таралған заманда диюлер табыну объектісі тұрғысынан төмендеп, Ахриман тудырған тіршілік иесі ретінде қарастырылатын болды. Осы тұрғыдан зардушттердің қасиетті кітабы Авестада дию – жамандық «құдайы» Ахриман. Осыдан кейінгі мифологиялық наным-сенімдерде диюлер жер бетінде ашық түрде көріне алмай, шарасыздан жер астына қашуға мәжбүр болып, сонда жасырын түрде өмірлерін жалғастырады. Барлық жаман әрі лас көріністердің барлығы диюлерге телінген екен.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Қара Мұхаммад тазша» атты ертегінің соңғы бөлімін тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, анасымен бірге өмір сүріп жатқан Қара Мұхаммад есімді тазша болған екен. Бір күні ол әкесінен өзіне мұраға қалған мылтықты алып, аңға шығады. Ол бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алады. Патшаға хабар жетіп, ол Қара Мұхаммад тазшадан аңды алып, оның орнына уәзірлік лауазымын уәде етеді. Тазшаға орнын бергісі келмеген уәзір «Баба Колаһ» есімді сиқырлы қалпағынан ақыл сұрайды. Қалпақ Қара Мұхаммад тазша орындасын деп оған қайта-қайта ауыр тапсырма береді. Бір жолы одан қырық биенің сүтін алып келуді, екінші жолы айдаһарды өлтіруді тапсырады. Қара Мұхаммад тазша бұларды орындап шығады. Ақырында одан патша үшін көрші ел патшасының қызын алып келу талап етіледі. Тазша жолда Көлтаусар, Диірмен тасын айналдырушы, Таусоғар және Көрпеқұлақ атты төрт ғажайып тіршілік иесімен танысады. Олар осы сапарда тазшаға жолдас болады. Көрші ел патшасының қаласына жетіп, патша хабардар болғанда ол өз уәзірінің көмегімен жоспар құрады. Қала халқының барлығын шақырып, қонақ қылып, 40 қазан палау пісіріп, 40-шысына у салып, әлгі бесеуді шақырып, оларға улы палау беретін болып келіседі.
Қара Мұхаммад тазша мен оның достары айнала жайғасып, әңгіме-дүкен құрып отырған еді. Бір кезде Көрпеқұлақ күліп жібереді. Қалғандары: «Не болды? Жайдан-жай күлетіндей жынды ма едің?»,-деп сұрайды. «Жоқ. Патша мен уәзір бізден құтылудың жолын ойластыруда»,-дейді ол. Қара Мұхаммад тазша: «Қандай жоспар?»-деп сұрайды. Көрпеқұлақ: «Біздің барлығымызды улап өлтірмек»,-дейді. Көлтаусар: «Жарайды, солай-ақ ойласын»,-дейді. Ертеңінде қаланың кәрі-жасы, үлкен-кішісі патша сарайына жиналады. Қара Мұхаммад тазша мен оның достары да келіп, бір бұрышқа отырады. Біраз өткеннен кейін тазша патшаға: «Менің бас аспазшымның сіздің аспазханаңызға кіріп шығуына рұқсат бересіз бе?»-дейді. Патша: «Айып етпейді, барсын»,-дейді. Тазша Көлтаусарға: «Бас аспазшым, тұр да, тамақтың қашан дайын болатынын көріп келші»,-дейді. Көлтаусар аспазханаға барып, патшаның бас аспазшысының 40 қазанға палау пісіріп, дайын болар кезін тосып отырғанын көреді. Көлтаусар: «Бас аспазшы, мен Қара Мұхаммад тазшаның бас аспазшысымын. Қазандарды көріп шығуыма рұқсат бересің бе?»-деп сұрайды. Осыны айтып, рұқсатты күтпестен бірінші қазанның қақпағын ашып, бас аспазшыға теріс қараған күйде қазанға қолын салып, көзді ашып-жұмғанша бірінші қазандағы тамақты жұтып қояды. Содан соң екінші, үшінші қазандарға барып, бас аспазшыға байқатпай 40 қазанды біртіндеп босатып тастайды. Бас аспазшы: «Дайын болып па?»,-деп сұрағанда Көлтаусар: «Қолың дерт көрмесін. Сәлден соң дайын болады»,-дейді. Көлтаусар асханадан шығып, өз орнына барып отырады. Патша түскі асты әкелуге бұйрық береді. Бас аспазшы қазандардың қақпақтарын ашып қараса, олардың түбінде бір түйір күріш те қалмапты. Таңқалып, патшаға не айтарын білмей тұрып қалады. Патшаға хабар жетіп, ол мұның Қара Мұхаммад тазшаның ісі екенін түсінеді. Ашу-ыза қысып, ернін тістей бастайды, бірақ мұның да дертке дауа болмайтынын ұғып: «Қонақтарға патшаның қонақасы ертеңге қалдырылды деп айтыңдар»,-дейді. Ашулы патша уәзірден: «Енді не істейміз?»-деп сұрайды. Уәзір: «Болат моншаны жағуға бұйрық бер. Қара Мұхаммад тазша мен оның серіктері моншаға кіргенде сыртынан есігін жауып қойып, моншаның төбесіндегі тесіктен су құйып, оларды тұншықтырып өлтірейік»,-дейді. Патша: «Жаман ой емес»,-дейді. Көрпеқұлақ мұны естіп, тағы да қарқ-қарқ күледі. Тазша: «Не болды?»-деп сұрайды. Көрпеқұлақ патша мен уәзірдің жоспарын айтады. Диірмен тасын айналдырушы мен Көлтаусар: «Жарайды. Солай-ақ ойласын»,-дейді. Келесі күні патша кісі жіберіп, Қара Мұхаммад тазша мен оның достарын болат моншаға шақырады. Әлгі бесеуі моншаға кіргенде есікті жауып қойып, моншаның төбесіндегі саңылаудан суды селдей құяды. Көлтаусар аузын саңылауға тосып, суды сіміріп, тіпті бір тамшы судың монша еденіне түсуіне жол бермепті. Суды іше-іше жалығады. Жанындағы Диірмен тасын айналдырушыға: «Маған қашанғы қарап тұрмақшысының. Жалығып кеткенімді көрмей тұрмысың»,-дейді. Диірмен тасын айналдырушы осы сөздерді естігенде диірмен тасын айналдырып, болат моншаның қабырғасын бір ұрып, сындырады. Көлтаусар моншадан шыққаннан кейін ауызын ашып, лоқсығанда су селдей ағып қаланың жартысын шайып кетіпті. Патшаға «Неге отырсың? Қаланың жартысын су басып қалды. Сенің қызың үшін халық неге судың астында қалып өлуі тиіс? Қызыңды бер де, мыналарды жібер, халықтың жанын аман алып қал» деген хабар жетеді. Көрші елдің патшасы шарасының жоқтығын көріп, қызын тазшаға беріп, шығарып салады. Қара Мұхаммад тазша қызды бүркеулі зембілге отырғызып, өзі достарымен бірге жаяу жүріп отырады. Жүре-жүре соңында өз қаласына жетеді. Тазша патшаға «Ей, патша, мен аман-есен оралдым көрші ел патшасының қызын әкелдім. Мені қарсы алсын деп айт» деген жолдау жібереді. Патша жаяу және салт атты әскеріне Қара Мұхаммад тазшаны қарсы алуға барып, оны қалаға алып келуге бұйырады. Тазша ерекше құрметпен қалаға келіп, бірден өз үйіне барады. «Тазша дүниеде теңдесі жоқ сұлулыққа ие көрші ел патшасының қызы мен ешбір жері адамзатқа ұқсамайтын төрт досымен бірге саған көңіл аудармастан бірден өз үйіне кетті» деген хабар патшаға жетеді. Патша тазшаға жолдау жіберіп: «Әлгі төртеу мен қызды менің сарайыма жібер. Көрші ел патшасының қызы сенің балшық үйіңе емес, менің сарайыма лайық»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша: «Осы уақытқа дейін айтқаныңның бәрін тыңдап, барлық бұйрықтарыңды орындадым. Ал енді сен мына екі істің бірін орында: алғаш аулаған аңым мен қырық биені беріп, жаныңды аман алып қалып, қаладан кет те, барлық істі маған тапсыр немесе соғысқа дайындал. Бірақ есіңде болсын, сенің әскерің қанша болса да, менен жеңілген көрші ел патшасының әскерінен көп емес»,-деп жолдау жібереді. Патша мен уәзір отырып, не істеп, не қоятындарын ойлап, ақырында «Егер Қара Мұхаммад тазшаның қолынан аман құтыла алсақ, үлкен іс тындырған боламыз» деген нәтижеге келеді. Патша мен уәзір жандарын аман алып қалу үшін қаладан кетеді. Қара Мұхаммад тазша достарын патша сарайына әкеліп, өзі таққа отырып, шешесін өзінің уәзірі етеді де, қаланы безендіруге бұйрық береді. Үйлерде шамдар жағылып, жеті күн, жеті түн той жасайды. Содан соң көрші ел патшасының қызына үйленіп, арманына жетеді.