Сәу 19, 2016 12:22 Asia/Almaty

Өткен бірнеше бағдарлама барысында мифологиялық ертегілер туралы сөз қозғап, олардың ерекшеліктерін атадық.

Айтып өткеніміздей, осындай ертегілердегі ерекшеліктердің қатарына сиқыршы мен сиқыршылық жатады. Сиқыршылық ертегілерде жағымсыз күш ретінде сипатталады. Сондай-ақ, сиқыршылардың әдеттен тыс әрекеттер жасауға қабілетті екендігін, соның ішінде кейпін өзгертіп, айдаһар сияқты жануардың кейпіне ене алатынын айттық. Мифологиялық ертегілердегі сиқыршылардың тағы бір қабілеті – дуалау.

Халық ауыз ертегілерінің көбінде кейіпкердің өтетін ең маңызды сынақтарының бірі – сиқырдың дуасын жою. «Мың бір түн» кітабындағы ертегілердің бірінде сиқыршы әйел өз күйеуін дуалап тастайды. Сөйтіп күйеуінің белден төменгі бөлігі тасқа айналып кетеді. Содан соң дұға оқып, оның үстіне су себілгенде дуа жойылады. Басқа бір ертегіде ғажайып аралда орналасқан барлық кемелерді жұтып қоятын сиқыр туралы айтылады:

«...Бұл тауда оған шығу өте қиын шың бар. Оның басында төрт қола бағанның үстіне қола күмбез салынған. Күмбездің үстінде қоладан жасалған аттың мүсіні бар. Оның үстінде отырған салт аттының кеудесінде мырыштан жасалған тақташа бар. Сол тақташаның бетіне сиқырлы сөздер жазылған екен. Халық арасында таралған қауесет бойынша, бұл мүсін кемелердің жойылуына себеп болады. Осы сордан құтылудың жалғыз жолы – әлгі мүсінді күмбезден құлату».

Парсы әдебиетіндегі жәуәнмәрттік туралы ең маңызды еңбек – «Жәуәнмәрт Самак» атты кітапта жүзіктің бетіне жазылған дуа арқылы патшаның қызы Махпариді сиқырлап, оның тұрмысқа шығуына кедергі келтіреді: «... Сол кезде балауыз алдыртып, сонымен жүзіктің бетіндегі нақышты кетіреді. Дуаның сөздері пайда болады... Ешкімнің дуаны жеңуге қауқары жетпепті».

«Челгис» атты әйгілі ертегіде де диюлар қызды дуалағанда ертегінің кейіпкері Жаһантиқ әртүрлі кезеңдерді өту арқылы диюларды жеңіп, дуаның күшін жояды.

Ардақты ағайын, келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Қара Мұхаммад тазша» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, анасымен бірге өмір сүріп жатқан Қара Мұхаммад есімді тазша болған екен. Бір күні ол әкесінен өзіне мұраға қалған мылтықты алып, аңға шығады. Ол бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алады. Патшаға хабар жетіп, ол Қара Мұхаммад тазшаны сарайына шақыртып, аңды одан алып, сыйақы ретінде оған уәзірлік лауазымды уәде етеді. Мансабынан айырылғысы келмеген уәзір «Баба Колаһ» есімді сиқырлы қалпағынан ақыл сұрағанда қалпақ оған: «Тазшадан патша үшін қырық биенің сүтін алып келуді талап етіңдер»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша бұл ауыр істі анасының жолнұсқауымен орындайды. Тағы да оған уәзірлік лауазымы уәде етіледі. Бұл жолы да уәзір Баба Колаһтан көмек сұрайды. Баба Колаһ оған «Одан айдаһарды өлтіруді талап етіңдер»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша бұл жолы да анасының жолнұсқауымен айдаһар жатқан жерге жетіп, ол ұйықтап жатқанда маңдайының қақ ортасын көздеп шүріппені басып қалады. Айдаһар ирелеңдеп, жан тәсілім етер алдында гүр еткенде тау дірілдейді. Қара Мұхаммад тазшаның айдаһардың алып денесін қалаға қалай әкелгенін ешкім білмейді. Ол айдаһарды патша сарайының алдына тастап: «Ей, патша, ал енді. Сенің дұшпаның осындай күйге түссін»,-дейді. Патша айдаһарға бір қарап, уәзірге: «Ей, уәзір, осы жолы ешқандай сылтау айта алмайсың. Тазшаны құр қол қайтара алмаймыз. Жылдам орныңды оған бер»,-дейді.

Бұл жолы да айласы аспаған уәзір қобалжып: «Патша аман болсын. Ертең келсін де, ешбір сұраусыз уәзірлік лауазымды алсын»,-дейді. Кеш болғанда уәзір тағы да Баба Колаһты алып алдына қойып: «Ей, Баба Колаһ, құрбаның болып кетейін. Мына әккі тазша маған қиындық тудырып отыр. Әркімнің алдында мені ұялтып бітті. Осы күнге дейін маған айтқан барлық шешім жолдарыңнан пайда болмады. Осы жолы барлық күшіңді сал да, мына тазшаға менің уәзірлігімді алуға рұқсат берме. Бұл тазша қайда, патшаға уәзірлік ету қайда? Құсадан өлетін болдым. Не істеу керек екенін тез айтшы»,-дейді. Баба Колаһ: «Ей, уәзір, алаңдама. Бұл істің шешімі су ішкеннен де жеңілірек. Ертең патшаға бар да, Қара Мұхаммад тазшаға көрші елдің қызын патшаға алып келуге жібер деп айт. Ей, уәзір, бұл әркімнің қолынан келетін іс емес. Егер бір тазшаның орнына мың тазша көрші елдің патшасының қызын алуға барса да, біреуі де тірі қайтпайды»,-дейді. Уәзір қуанып, қалпақты сүйіп, рахаттана тыныс алып, ертеңінде әтеш шақырмай тұрып патшаның сарайына барып, патшаға: «Тақсыр, кеше түс көрдім»,-дейді. Патша: «Тағы қандай түс көрдің?»-деп сұрайды. Уәзір: «Түсімде Қара Мұхаммад тазша сізге көрші елдің патшасының қызын алып келіпті. Түсім орындалу үшін тазшаны көрші елге жіберіңіз. Осыдан жақсы мүмкіндік тууы екіталай»,-дейді. Патша күліп: «Ей, уәзір, не айтып тұрсың? Ақылыңнан адастың ба? Біздің барлық әскеріміздің көрші елдің патшасының әскеріне төтеп беруге дәрменсіз екенін білесің ғой. Ал енді мына тазшаны жападан-жалғыз көрші елдің патшасымен соғысуға қалайша жіберемін?»-дейді. Уәзір: «Ей, патша, Қара Мұхаммад тазшаны дұрыс бағаламай тұрсыз. Өзінің алғашқы аңшылығында бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір жануарды аулаған, қырық биенің сүтінің орнына қырық биенің өзін ұстап әкелген, айдаһарды өлтіріп, денесін жалғыз өзі әкелген адам көрші ел патшасының әскеріне де тойтарыс бере алады. Мұрсатты қолдан жібермейік. Шетел патшасының қызын әкелу Қара Мұхаммад тазша үшін су ішкеннен де жеңілірек»,-дейді. Патша: «Шын айтасың ба, уәзір?»-дейді. Уәзір: «Құрбаныңыз болып кетейін. Ешқашан сізге осыдан байсалдырақ нәрсе айтпаппын»,-дейді.

Қара Мұхаммад тазша ұйқыдан оянғаны сол еді, есік қағылады. Шешесі: «Тұр, балам, осы жолы саған қандай іс тапсырғалы жатқанын білші»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша: «Патшаның тағы шақыртқаны белгілі»,-дейді. Киімін киіп, жолға шығып, патшаның алдына барып, қайтып келіп, шешесіне: «Анашым, нан мен орамалымды дайында. Тағы да жолға шығатын болдым. Бұл жолы патша маған көрші елдің патшасының қызын әкелуге бұйырды»,-дейді. Шешесі: «Балам, райыңнан қайтшы. Уәзір сенің көзіңді құртқысы келеді. Сенен мықтырақ талай палуан мен жас жігіттер көрші елдің патшасының қызын әкеле алмады. Ал сен жападан-жалғыз қалайша патшамен соғысып, қызын әкелмекшісің?»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша: «Менің ісім бұл сөздерден асты. Басымнан айырылсам да, баруым керек. Бұл сөздердің орнына, егер жолын білсең, маған жөн сілте»,-дейді. Шешесі: «Балам, көрші ел мен оның патшасы жайында ештеңе білмеймін. Өзің жолға шығып, не істеу керек екенін көр»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша нан оралған орамалды беліне байлап, аяқ киімін киіп, үйден шығыпты. Желдей жүйткіп сайлардан өтіп, селдей құлдилап төбелерден түсіп, теңіздің жағасына жетіпті. Сол жерде ешбір жері адамзатқа ұқсамайтын бір адамды көреді. Ол басын теңіздің суына тығып, су ішіп тұр екен. Жай ғана су ішіп жатқан жоқ, оның бір жұтымынан теңіздің суы 1,5 қарысқа төмендейді екен. Қара Мұхаммад тазша таң қалып: «Суды қалай жұтасың?»-дейді. «Көлтаусар» есімді әлгі адам: «Менің су ішкенімді көре алмайсың, ал алғашқы аңшылығында-ақ бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алған Қара Мұхаммад тазшаны көре алар ма едің? Әттеген-ай, әлгі тазшаның қайда екенін білмеймін, әйтпесе өмірімнің соңына дейін оның нөкері болар едім»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша күліп: «Тұр онда, Қара Мұхаммад тазшаң менмін»,-дейді. Көлтаусар: «Шын айтасың ба?»-дейді. Тазша: «Өтірігім қайсы?!»,-дейді. Көлтаусар Қара Мұхаммад тазшаның нөкеріне айналып, оның артынан еріп, жолға шыққан екен.