Сәу 19, 2016 12:31 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда айтып өткеніміздей, перілер туралы ертегілердің негізгі кейіпкерлерінің бірі перілер болып табылады.

 Перілердің бірнеше ерекшеліктерін, соның ішінде адамға ұқсас болуын, өз кейпін өзгерте алу қабілетін, перілермен үйлену және олардың мінез-құлқы туралы айтып өттік.

Перілердің тағы бір қасиеті олардың сиқыршылық өнеріне ие болуында. Көне жазбаларда, әсіресе ежелгі пехлеви кітаптарында перілердің сиқырлы күшке ие екендіктері, олардың кейіпкерлерді алдап, зиян келтіру үшін қалаған уақытта өзінің түрі мен сипатын өзгерте алатындықтары жазылған.

Перілер туралы ертегілерде олар таңғажайып істерді жасай алады. Олар сиқырлау және сөзбен арбау қабілетіне ие. «Коколзари» ертегісінде пері Коколзариді тасқа айналдырады: «Коколзари ұзақ жүріп отырып, ақырында қытай қызын тауып алады. Бақтың ортасында бір ғимарат бар екен. Ғимараттың айналасы тасқа айналған адамдарға толы екен. Көкөлзари «қытай қызы» деп айқайлағанда «ау» деген дауыс шығады. Қараса, өзі тізеге дейін тасқа айналыпты. «Қытай қызы» деп тағы да айқайлағанда тағы да «ау» деген дауыс шығады. Қараса, бұл жолы белге дейін тасқа айналыпты. Ақырында Коколзари тасқа айналып кетеді».

Бұл ертегілерде перілердің қолында көптеген таңғажайып немесе емі жоқ ауруларды емдейтін заттар болады.

Перілердің тағы бір ерекшелігі – олардың тоғандар мен бұлақтарда суға түсуге әуестігі. Көптеген ертегілерде перілердің суда шомылуы жөнінде сөз болады. Сол себепті әдетте ертегінің кейіпкері оларды қолға түсіріп, өз мақсатына жету үшін перілер шомылатын бұлақтың жанын торуылдайды. Көптеген ертегілерде перілерді бірінші рет су бұлағы мен ағаштың жанынан көреміз. Әдетте олардың сарайы бұлақ пен ағаштың жанында орналасқан. Бұрынғылардың пікірінше, перілердің бұлайша өмір сүруі егістің бітік болуына көмектесіп, халыққа молшылық сыйлап отырған.

Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Ақ құс" атты ертегінің жалғасын тыңдаймыз.

Айтып өткеніміздей, Құдай ұрпақ сүймеген патшаға бала берген екен. Жауыз уәзір патшаны өлтіріп, тақты иеленіп алып, патшаның әйелі мен баласын өлтіруге бұйрық береді. Жендеттер әйелді өлтіргенімен сайға лақтырылған баланы өлдіге санап жайына қалдырыпты. Бала бір арыстанның үңгірінде өсіп, ер жетеді. Жауыз уәзір-патшамен күресуді мақсат тұтқан өлген патшаның ағасы бір топ адаммен тауға барып, баланы тауып алып, атын Ширзад қойыпты. Ақырында Ширзад пен ағасы жауыз патшаны жеңіп, қаланы азат етеді. Ширзад патшалықты ағасына береді.

Ертегінің жалғасында айтып өткеніміздей, ағасының екі ұлы Ширзадты қызғанғандықтан, патша ержүрек адамды анықтау ниетімен әлгі үшеуіне өзі осы күнге дейін көрмеген затты алып келуді тапсырады. Бірінші ұл сапарға аттанып, қызыл жақұт алып келгенде әкесінің жақұтқа толы бір бөлмесінің барын ұғады. Екінші ұл алтын жеміс әкелгенде ол да әкесінің алтын жеміске толы бір бөлмесінің барын түсінеді. Ширзадқа кезек келгенде ол патшаның атымен жолға шығыпты. Алдымен майсыз жанатын бір шам тауып алады. Шамның үстінде тағы бір осындай шамның барлығы жазылған екен. Ширзад екінші шамды тауып алу үшін өз сапарын жалғастырып, ақыры оны тауып алады. Шамның иесі Ширзадқа өз шамын диюлердің қамалынан бір жұп кептер алып келсе ғана беретінін айтады. Ширзад ақ құстың жол көрсетуімен кептерлерге жетеді. Бірақ ақ құстың ескертіп айтқанына қарамастан, көрсеқызарлық танытып, екі жұп кептерді өзімен бірге алып кетпек болғанда диюлердің қолына түсіп қалады. Диюлер Ширзадтың тағдырын естігеннен кейін оған сол маңдағы басқа бір диюлердің қамалынан бір себет жүзім әкелсе, бір жұп кептерді беретіндіктерін айтады.

Ширзад атына мініп диюлердің қамалын бетке алады. Жүріп отырып, жүріп отырып, диюдердің жеріне жетеді. Атынан түсіп, бұтаның артына тығылайын деген кезде бір дауысты естиді. Дауыс шыққан жаққа қараса, әлгі ақ құс айналып ұшып жүр екен. Ақ құс: «Ширзад, менің тілімді алмап едің, қиындыққа тап болдың. Енді менің сөзімді жақсылап тыңдап ал. Қомағайланба! Бір себет жүзімнің орнына екі себет алма»,-дейді. Ширзад түн жарымына дейін тосып, содан соң қамалдың дуалына барып, арқан лақтырып, жоғары шығып, дуалдың арғы бетіне жетеді. Содан еңбектеп жүзімдердің қоймасына барады. Қойма жүзім салынған себеттерге толы екен. Біраз ойланып «Алдымен өзім аздап жеп алайын. Сосын бір себет жүзім алып кетермін» деп шешеді. Отырып алып, бір себет жүзім жейді. Бірақ Ширзад сияқты батырға бір себет жүзім деген не? Бір, екі, үш, төрт, бес себет жүзім жеп, бәрін тауысып тастапты. Бірақ бесінші себеттен ең соңғы бір шоқ жүзімді ала бергенде себет қайта жүзімге толады. Ширзад өз көзіне сенбейді. Келесі бір себетті алдына тартып жей беріп еді, ол да қайта жүзімге толады. Ширзад бұл жағдайға таң-тамаша қалады. Ақырында жүзімге толы себетті алып кете бергенде «Мен осы жерге дейін келдім ғой. Мына тәтті жүзімнен бір себетті ағама апарып берсем жақсы емес пе» деп ойлап, ашкөздік танытып, екінші себетті де алады. Қолы екінші себетке тигені сол еді кенеттен барлық себеттер шыңғырып қоя береді. Көзді ашып-жұмғанша диюлер келіп Ширзадты ұстап алады. Ол осы жолы да өзінің басынан кешкенін диюлерге баяндап береді. Диюлердің басшысы: «Жақын жерде әдемі қызы бар бір ақ дию өмір сүреді. Мен сол қызға ғашықпын. Егер барып, сол қызды маған алып келсең, мен саған бір себет жүзім беремін»,-дейді.

Ширзад атқа мініп, күйініп, ақ диюдың қамалына қарай аттаныпты. Жетуге біраз қалғанда жанынан тағы да ақ құс пайда болып: «Ей, ашкөз адам! Тағы да өлімге қарай барасың. Сонда да менің сөзіме құлақ ас. Ақ диюдің қызы қазір жеті күндік ұйқыда. Ол ай сайын жеті күн ұйықтайды. Осы жеті күнде оның бұрымын төрт шегеге байлап қояды. Сен оны өздігіңнен шеше алмаймың. Алдымен ақ диюдің ат қорасына бар. Онда бір жылқы 44 шегеге байланған. Бірде-бір құс оның жанына жақын ұша алмайды. Сен сол атты босатып, мініп алуың керек. Сонда ғана қызды жерден көтере аласың. Егер бір дегенде оны 4 шегеден босата алмасаң, тізеге дейін тас боласың. Екінші рет көтере алмасаң, белге дейін тас боласың. Үшінші ретте де шамаң келмесе, басыңнан аяғыңа дейін тас болып, сонда қаласың»,-дейді.

Ширзад жүріп отырып ақ диюдің қамалына жетіп, бірден ат қораға барады. Ақ құс айтқандай, байлаулы ат айдаһардай екен. Ширзад өз-өзін дайындап, шілдің үстіне бүре қонатын сұңқардай аттың үстіне секіріп мініп, аттың тізгінін тартады. Қылышын қынабынан жылдам алып шығып, арқандарды үзеді. Тұсаудан босағанын сезген ат Ширзадты жерге лақтырмақ болғанымен қалай тарпынса да Ширзадты құлата алмайды. Бұл батыр басқалардай емес екен. Ширзад аттың басын ақ диюдің қызына қарай бұрып, шауып отырып діттеген жеріне жетеді.