Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламаларда айтып өткеніміздей, «сиқыршылық туралы ертегілер» деген атпен танымал перілер туралы ертегілерде әртүрлі сипаттағы кейіпкерлер бар.
Осы ертегілердің басты кейіпкері – перілер. Сонымен қатар айтып өткеніміздей, халық арасында перілер ертегілердегі ең жақсы тылсым кейіпкер болып табылады. Перілердің ерекшеліктерінің бар екендігін, біріншісі – адамға ұқсас болуы, екіншісі – өз кейпін өзгерте алу қабілеті жайлы айтып өттік.
Парсы ертегілерінде перілердің 90 пайыздан астамы әйел тектес болып келеді. Еркек пішіндес перілер бұл ертегілерде азырақ көрінеді. Парсы әдебиетінде пері – сұлулықтың символы, әдемі сүйіктінің нышаны. Халықтық ертегілерде перілердің ғашықтықпен байланысы не бір жақты, не екі адамның бір-біріне ғашықтығы түрінде ашық байқалады. Көптеген халықтық ертегілерде кейіпкердің сүйіктісі пері тектес қыз болады. Кейбір ертегілерде керісінше перілер адамға ғашық болады. Әдетте адамның періні жақсы көруі жасырын түрде дәнекер арқылы орын алады. Осылайша кейіпкер пері қызының суретін көріп немесе оның атын, болмаса сипаттамасын естіп, оған ынтық болып қалады. Осы бағдарламада бұрын оқылған «Норандж бен Торандж қызы» атты ертегіде шахзада өзіне кейде дұға, кейде лағынет айтқан кемпірдің сөздерінен қыз немесе перінің атын естіп, соған ғашық болып, оны табу үшін көп қиындықты басынан кешірді. Кейде бұл ғашықтық кейіпкердің перінің қызын түсінде көруінен туындайды. Ертегілердің көбінде де бұл ғашықтық көбіне аңшылық кезінде құланның ішін жару кезінде туындайды. Осындай ертегілердегі хайуанның өзі пері. Пері хайуаның ішінде жасырынады немесе хайуан періге жетуде дәнекер болады.
Диктор
Ғашықтық пен перілердің байланысы – халықтық ертегілердің көбінің негізгі өзегі. Бет-жүздің әдемілігіне сілтеме жасайтын «Паридохт», «Паричехр», «Париса» және осыған ұқсас сөздердің қолданылуы перінің халықтың жанындағы символдық құзыры мен ролі, халықтың көмескі санасындағы перінің сұлулығына деген сенімді көрсетеді. Ирандық тілтанушы доктор Катаюн Маздапур осы тұрғысында былай дейді: «Перілердің ғашықтықпен байланысы туралы сенімдер ежелден халықтың көмескі санасында қалып, тамыр жайған пері мен ол туралы сипаттамаларға қатысты көне наным-сенімдерден туындайды. Қолда бар құжаттарға сәйкес, пері ежелгі заманда әйел құдайлардың бірі болған».
Ардақты ағайын, келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар шегіп, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Ақ құс" атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Ерте, ерте, ертеде бір патша болыпты. Оның әйелі бала көтере алмаған екен. Балалары өмірге келмей жатып, шетінеп кете беріпті. Дәрі-дәрмек, сиқыр мен дуаны пайдаланудың еш әсері болмапты. Патша «Басымды жерге қойып, өлген кезде не істеймін? Енді кім тәж бен таққа ие болады?» деп сарсылыпты. Әйелі соңғы рет жүкті болғанда патша оны жақсылап күтіп-қарасын деп, төркініне жіберіпті. Әйелі әкесінің үйінде ұл туады. Патша қатты қуанып, әйеліне «Бала тіл-көзден аман болу үшін әкеңнің үйінде қала тұр» деп хабар жібереді. Енді мына жақты бір тыңдайық: бұл патшаның пиғылы жаман уәзірі болыпты. Ол күндіз-түні патшаны өлтіріп, оның тағына отыру үшін жоспар құрады екен. Уәзір патшаның ұлды болғанын естігенде қатты ашуланып, патшаны өлтірсе де, өз мақсатына жете алмайтынын түсінеді. Өйткені, енді оның ұлы патшаның тағына отырады. Осы кезде мүмкіндіктің уысынан шығып бара жатқанын түсінген уәзір бар күшін жинап, қалай болса да патшаны өз жолынан алып тастауды ұйғарады. Бір күні өз жақтастарымен бірге патшаның сарайына шабуыл жасап, оны өлтіріп, өзі патша тағын иемденеді. Келесі күні бірнеше адамды патшаның әйеліне жібереді. Патшаның атынан өтірік хат жазып, әлгі жаушыларға ұстатады. Хатта: «Мен ауырып қалдым. Тез жолға шығып, сарайға қайтып оралыңдар» деп жазылған еді. Жаушылар патшаның әйеліне барады. Ол хатты оқи салысымен күймеге отырып, жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып, кеш батқанда тынығу үшін таудың етегіне жайғасыпты. Уәзір жаушылардың басшысына жол ортасында патшаның әйелі мен ұлының көзін жоюға бұйырған болатын. Сол себепті түн ортасында жаушылардың басшысы патшаның әйелінің шатырына барады. Әйел әлгі еркектің әдепсіздігінен оның сұм пиғылын түсінеді де оған: «Патшаның әйеліне өрлік көрсететіндей сен кімсің?»-дейді. Жендет күліп: «Қайдағы патша, қайдағы патшаның әйелі? Күйеуің баяғыда өлген. Енді күйеуіңнің орнына уәзір патша болып отыр. Біз соның бұйрығымен сені мен балаңды өлтіруге келдік»,-дейді.
Әйел осы сөздерді естігенде баланы көтеріп алып, шатырдан атып шығып, қаша жөнеледі. Жаушылардың басшысы айқайлап, адамдарын оятып, оларды патшаның әйелінің соңынан жібереді. Патшаның әйелі қарауылдың жетіп қалғанын көргенде аспанға бір, жерге бір қарап, баланы сайға қарай лақтырып жібереді. Жендеттер қуып жетіп, патшаның әйелін өлтіргенімен сайға түспейді. Өйткені олар бала тасқа соғылып өлді деп ойлаған болатын.
Ал енді патшаның інісі жайлы тыңдаңыздар. Патшаның бір інісі болған екен. Осы оқиғалар орын алып жатқан кезде ол сапарда жүріпті. Елге қайтып оралғанда бәрі өзгеріп, ағасын өлтіріп, уәзір оның да көзін құртпақ болып жүр екен. Ол патшаның жақтастарын жинап, тауға қарай тартыпты. Жаңа патша өлген патшаның інісінің қашып кеткенін түсінгенде оның артынан әскер жібереді. Бірақ әскер оны қолға түсіре алмайды. Қандай айла-шарғы жасаса да, пайда болмапты. Патшаның інісінің қарамағындағы адамдардың саны біртіндеп көбейіп, оның күш-құдіреті де артыпты. Бір күні патшаның інісінің әскері уәзірдің жендеттері патшаның әйелін өлтірген тауға жетеді. Бір сарбаз сайға жақындағанда арыстанның апанының алдында ойнап жүрген бір баланы көреді. Оны көтеріп алып, патшаның інісінің алдына апарады. Патшаның інісі баланың білегіне білезіктің тағылғанын көреді. Білезікте жазу жазылған екен. Соны оқып, баланың өз ағасының ұлы екенін, патша әйелінің өлер алдында сайға лақтырған баласы екенін ұғады. Ұл бала орман сұлтаны арыстанның сүтін ішіп өскендіктен атын Ширзад деп қояды. Ширзад шынымен де арыстанның баласы сияқты болған екен. Ширзад бала кезінен аттың құлағында ойнап өседі. Мергендік пен қылыштасуды жақсы меңгереді. 15 жасқа келгенде қол бастайтын батырға айналады. Патшаның ұлы пайда болып, ағасының әскеріне қолбасшы болды деген хабар таралғанда көп адам Ширзадқа серік болу үшін тауға аттаныпты. Оның қолы арта түсіпті. Уәзір-патша істің өзгеріп бара жатқанын ұғады. Ол өлген патшаның ұлы мен інісін қалай қолға түсіруді ойлап, ақырында бір айла табады.