Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламада перілер туралы ертегілердің бір ерекшелігі ретіндегі сиқыр және тылсым күштердің қызметі жайында айтып өттік.
Сонымен қатар бұл ертегілерде үнемі бір көмектесуші элементтің болатындығын атадық. Ол кейіпкерге қолдау көрсетіп, оның қиындықтарын шешіп береді. Иранның ертегілерінде көмектесуші элемент пен сиқыршылық бір адамның бойында тоғысқан. Мысалы, сиқырлы құлын һәм кейіпкердің көмекшісі, һәм өзі де сиқырлы жануар. Ол кейіпкерді арқасына отырғызып алып, аспанда ұшады. Владимир Пропп "Перілер туралы ертегілердің құрылымын тану" атты еңбегінде осындай ертегілердің құрылымын талдаған. Оның пайымдауынша, мұндай ертегілердің құрылымы төмендегідей болып келеді: басына бір қиын іс туғанда кейіпкер үйін тастап шығып, жолда кейдейсоқ жебеуші немесе көмектесуші адамға жолығып, содан көмек алады.
Бұл ереже ирандық ертегілерден де тыс емес. Бірақ, мұнымен бір мезгілде кейбір ирандық ертегілерде кейіпкер қиындық пен апатты жағдай туындағанға дейін өзінің көмектесушісімен кездесіп, одан сиқырлы құралды алады. Осы кездесуден біраз уақыт өткеннен кейін қиындық пайда болады. Мысалы, кішкентай бала әкесінің өтінішімен үш түн оның қабірінің басын күзетіп, пері тектес үш атты ұстап алады. Бұл аттар кейін өздерінің сиқыр күшімен балаға ханшайымның жұмбақтарын шешуге көмектеседі.
Кейде сиқырлы элемент кейіпкерге, оның жанұясына тиесілі. Ол оны қауіп-қатерден хабардар етіп, қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі. "Балықтың күлкісі" атты перілер туралы бір ертегіде патша өзінің үйретілген сұңқарымен аңға шығады. Сұңқар патшаның айдаһардың уымен уланған суды ішуіне кедергі келтіреді.
Кейіпкердің қолындағы сиқырлы заттар мен элементтердің тізімі ауқымды. Оған әртүрлі заттар кіреді. Бұл құралдарға қол жеткізу әдісі де әрқилы.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Шахзада мен Шах Париан қызы" атты әңгіменің жалғасын тыңдаймыз.
Патшаның үш ұлының Шах Парианның биесін тауып әкеліп, әкесін емдеу үшін сапарға аттанғанын айттық. Олар бір жолайрыққа жеткен кезде екі үлкен ұл ұзақ әрі оңай жолға түссе, үшінші ұл жақын, бірақ ауыр да қауіпті жолды таңдап, жүріп отырып, бір кемпірдің нұсқауымен биені қолға түсіріп, қайтып оралыпты. Өз ағаларынан бөлінген жолайрыққа жеткен кезде олардың әлі келмегенін көріпті. Жалғыз өзі қайтып оралғысы келмегендіктен ағалары кеткен жолмен жаяу жүріп отырыпты. Біраз жүріп қараса, азып-тозған бір жас бала келе жатыр екен. Анықтап қарағанда осындай күйге түскен өзінің ағасын таныпты. "Саған не болды? Не істеп жүрсің?",-деп сұрапты. Ағасы: "Біз екеуіміз бір-бірімізден бөлініп кеттік. Ұрлықшылар менің барлық заттарымды ұрлап кетті. Өзім қарызға белшемнен баттым. Енді өмірімнің қаражатын айыру үшін шөпшек жинап сатамын",-депті. Екі ұл бірге жолға шығып, қалалар мен елді мекендерді аралапты. Сөйтіп, өздерінің үшінші бауырларын да тауып алыпты. Бұл ұл диірмен басшысының көмекшісіне айналған екен. Шашы беліне дейін өсіп, тырнақтары орақтай ұзарып кетіпті. Биені ұстап алған ұл екі үлкен ағасын отырғызып, олардың шаштарын қиып, тырнақтарын алып, адам қалыптарына келтіріпті. Бірақ ағаларына көрсетпей, олардың қиылған шаштары мен алынған тырнақтарын бір орамалға орап, қоржынына салып алыпты. Үш ағайынды өздерінің қалаларына қарай жолға шығыпты. Осылай жүріп келе жатқанда жолда бірінші ұл екінші ұлға қарап: "Біз қалаға қай бетімізбен барамыз? Біз мына бауырымызды адам санамай жүр едік. Бірақ ол биені де тапты, біз екеумізді де машақаттан құтқарды. Егер халық мұны білсе, абыройдан айырыламыз. Мұнымен қоса, әкеміз үшінші ұлды құрметтеп, тақ пен тәжді де соған берері анық",-депті. Екінші ұл: "Оның көзін құртқанымыз дұрыс. Барлық заты біздікі болады",-депті. Бірінші ұл: "Жоқ, оны өлтірмейміз. Қанын мойнымызға артып қайтеміз. Биені алып алсақ болды, ол өз жөнімен кетеді",-депті. Сөйтіп үшеуі кеш батқанда бір жерге барып қоныпты. Түн жарымда үлкен екі ұл "Ұры түсті" деп айқайлап, шу шығарыпты. Кіші ұл тұрып, биеге барғысы келгенде үлкен екі ұлдың бірі қылышын алып шығып, оның аяғынан бір ұрыпты. Қара ниетті үлкен екі ұл биені алып, өз қалаларына қарай тартып, кіші ұлды сонда тастап кетіпті. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін қалаға жеткенде биені патшаның алдына апарып, сауып, сүтін әкесінің көзіне жағыпты. Патша көзін ашып, екі үлкен ұлын көріп қуаныпты. Қаланы шырақтармен көмкеріп, тойлатыпты. Ал екінші жақта сорлы кіші ұл жер таянып, таңға дейін азап кешіпті. Таң атып, күн көтерілген кезде қараса екі тышқан бір-бірімен қырылысып жатыр екен. Бір тышқанның аяғы жарақаттанып қалыпты. Тышқан сол маңға жақын жердегі ақ топыраққа жетіп, жаралы аяғын соған салғанда аяғы бірден жазылып кетеді. Мұны көрген кіші ұл да өзін ақ топыраққа жеткізіп, тышқаннан көргенін істепті. Жарасы тез жазылып, дерттен айығып кеткен соң бірден қалаға қарай жолға шығады. Қараса, қала шырақтармен көмкеріліп, халық тойлатып жатыр екен. Ол ағаларының не істегенін түсініп, ішінен: "Енді мен бәрін өзім істедім десем, маған кім сенеді?!",-деп ойлапты. Бір бұрышқа отырып, басқа жұрт сияқты үндемей, тойды тамашалапты.
Ал енді Шах Париан жайлы тыңдаңыздар. Қырық күн өткеннен кейін Шах Париан ұйқыдан оянып, сол жерге адамзат баласының келіп-кеткенін түсініпті. "Қалай болған да, оны табуым керек. Осыдан былай перілермен бірге өмір сүре алмаймын",-деп ойлапты. Биені іздеп, оны таппайды. "Әлгі адамзат баласы атымды да алып кеткен екен",-деп ойлап, тез арада әскерін қамдап, жолға шығыпты. Жүріп отырып, жүріп отырып, биесін әкеткен қалаға жетеді. Біреуді патшаға жіберіп: "Бие мен оны әкелген адамды тапсыр, болмаса, соғысқа дайындал!" деп хат жіберіпті. Қала ақсақалдары бұл хабарды естігенде патшаға келіп: "Біз Шах Парианның әскерімен соғыса алмаймыз. Бие мен оны әкелген адамды берейік",-депті. Қорыққан патша хат жіберіп, екі ұлының биені не үшін әкелгенін түсіндіріп, соғысты қаламайтынын білдіріп, бие мен екі ұлды жіберетінін айтыпты. Ұлдар осы сөзді естігенде қалтырап, қатты қателескендіктерін, енді тіпті биені өздері емес, әлгі арық әлжуаз ұлдың әкелгенін де айта алмайтындарын түсініпті. Екі ұл мен бие Шах Парианға жіберіліпті. Шах Париан оларды көргенде биені алған адамның олар емес екендігін түсініпті. Патшаға хат жазып, бұл екі ұлдың биені әкетпегенін айтып, шын ұстаған адамды жіберуін талап етеді. "Ол адамды жіберуге жеті күн уақыт беремін, болмаса, қаланың астаң-кестеңін шығарамын",-депті. Патша не істерін білмей дал болып: "Осы күнді көргенше соқыр болғаным артық еді",-деп ойлапты. Алтыншы күн болғанда барлығының қорқынышы мен алаңдаушылығы артыпты. Кіші ұл әкесіне барып, бұл істі өзінің істегенін айтып, болған оқиғаны баяндап беріпті. Патша оны дереу Шах Парианға жіберіпті. Ол кіші ұлды көргенде биені осы ұлдың алғанын түсінеді. Патша ұлына қарап: "Сен биемді алдың. Мен енді перілердің арасында өмір сүре алмаймын. Соның есесіне маған үйленуің керек. Мен сенімен өмір сүремін",-депті. Құдайдан тілегені жерден табылған кіші ұл Шах Парианның ұсынысын қабылдап, әкесіне қайтып оралып, оған Шах Парианның шартын айтады. Патша қуанып, жеті күн, жеті түн той тойлауға бұйрық береді. Жетінші күні түнде Шах Париан мен өзінің кіші ұлын үйлендіреді. Шах Париан өз әскерін Қап тауына жіберіп, өзі күйеуін алып, патша сарайынан алысырақ қамалға барып қоныстанаді. Патша екі үлкен ұлын кіші ұлға көрсеткен зорлықтары мен айтқан өтіріктері үшін жазаламақ болғанда кіші ұл: "Олар үшін абыройларының төгілгенінің өзі жеткілікті. Одан ары жазалаудың қажеті жоқ",-дейді.