Сәу 19, 2016 12:46 Asia/Almaty

Өткен бірнеше бағдарлама барысында перілер туралы ертегілерді талдадық.

Ертегілердің бұл түрінің әлем бойынша ұқсастықтары мен ерекшеліктері, соның ішінде мезгіл мен мекеннен тыс сипатқа иелігі, олардың кейіпкерлерінің бойдақ болуы және үйленуі сияқты ерекшеліктеріне тоқталдық. Перілер туралы ертегілердің тағы бір ерекшелігі – оларда сиқыршылықтың көрініс табу аясы. Халық әдебиетіндегі ертегілерді зерттеушілердің пайымдауынша, бұл ерекшелік алғашқы адамдардың санасында әрбір зат пен құбылыстың табиғаттан тыс өзіндік тылсым күші бар, ол адамның шектеулі күш-қабілетінен жоғары деген ой-пікір болған заманды еске түсіреді. Ол заманда адамдар белгісіздікке толы әлемде өмір сүрген. Олар қиындыққа ұшыраған шақта сиқырлы күш көмекке келіп, қауіптен құтқарады деп сенген. Сол табиғаттан тыс, адамның күш-қабілетінен жоғары тылсым күштер ертегі-әпсаналарда сиқыршылық сипатқа ие болып, заттар, жануарлар мен перілерге телінген.

Ирандық әдебиеттанушы, ақын доктор Тақи Пурнамдарианның пайымдауынша, "Сезім мен тәжірибе арқылы нақты ұғып болмайтын нәрсені түсіндіру үнемі қиялмен қатар жүреді. Белгісіз дүниелерді түсіндіру адамзат тарихы қойнауына енген сайын қиялға толы, қисынға келмейтін әрі тәжірибеден өткізуге жатпайтын сипатқа ие болады. Белгісіз дүниелердің аясы да кеңейе түседі".

Зерттеушілердің сенімінше, қиял-ғажайып ертегілердің мазмұнын талдау арқылы алғашқы адамның ой-санасындағы көне негіздердің көбін, мысалы заттарға жан біту, өсімдіктер мен жануарлардың сөйлеу қабілеті мен метаморфозаларды түсінуге болады.

Қиял-ғажайып ертегілердің жалпы құрылымы мынадай болып келеді: бір қиындықтың тууымен немесе бір нәрсе жетіспегендіктен ертегінің кейіпкері сол қиындықты шешу немесе кемшілікті жою үшін жолға шығады. Содан кейін ертегі барысында орын алатын оқиғалардың тізбегінде, соның ішінде залым дұшпанмен немесе қатерлі диюмен айқасу, қуу, қашу немесе ауыр әрі мүмкін емес істі атқаруда бір көмекші элемент байқалады. Ол кейіпкерге қолдау көрсетіп, қиындықтарды шешуге көмектеседі. Жүргізілген зерттеулер бойынша, ертегілердің санаулы бір тобында бұл көмектің сиқырлы, тылсымдық сипаты жоқ, ал сиқырлы элементтер ертегінің басқа оқиғаларында айтарлықтай рөл атқарады. Мысалы, жолда бір қария кейіпкерге кездесіп, оған жол сілтеп, қалай жүріп, қалай тұру керектігін үйретеді. Ертегі кейіпкеріне көмектесетіндер қатерден қалай құтылып, мақсатқа қалай жетуге болатынын айтқанымен оған ешқандай сиқырлы құрал бермейді. Осындай санаулы ертегілерде кейіпкер жалғыз өз қырағылығы мен дене күшінің арқасында қиындықты жеңеді. Бірақ басқа жағдайларда кейіпкер басқадан сиқырлы зат алады немесе адам мен табиғаттан тыс күштерден көмек алады.

Ал енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Шахзада мен Шах Париан қызы" атты әңгіменің жалғасын тыңдайық.

Айтып өткеніміздей, баяғы өткен заманда соқыр патша болыпты. Балгер оған "Сенің дертіңнің емі – Шах Париан биесінің сүті" деп айтқан екен. Патшаның үш ұлы болыпты. Үшіншісі өте әлжуаз арық екен. Үшеуі Шах Париан биесінің сүтін алып келмек болып, сапарға шығыпты. Бір жолайрыққа жеткенде тастың бетінде "Бірінші жол алыс, бірақ оңай; екінші жол жақын, бірақ қатерлі" деп жазылған екен. Үлкен екі ұл бірінші жолды таңдапты. Әлжуаз бала жақын, бірақ ауыр әрі қатерлі жолға түсіпті. Олар жолайрықта бір қылышты жерге көміп, кім бірінші оралса, сол алатын болып келісіпті. Ауыр жолды таңдаған әлжуаз ұл жолда бір үңгірге жетіпті. Онда бір кемпір отыр екен. Ол өзін Шах Парианның сүт анасымын деп таныстырып, Шах Парианның Қап тауына кеткендігін айтады. Кемпір ұлдың қандай ниетпен келгенін білгенде оған көмектесуге бел байлапты. Сөйтіп ұлға: "Тек бір-ақ жол бар. Жақын маңда бір бұлақ бар. Күн сайын бір табын жылқы бір-бірден келіп, сол бұлақтан су ішіп кетеді. Олардың ең әлсізі ең соңында келіп судан ішеді. Сен сол атты ұстап алып, содан соң құлындаған кезде әлгі құлыншаққа отырып, Қап тауына қарай аттан. Әйтпесе мына аттармен Қап тауына ешқашан жетпейсің",-депті. Бала кемпірдің айтқанынан басқа ешқандай шарасының жоқтығын түсініпті. Кемпір ұлдың келіскенін көрген кезде оған жүген беріп: "Мынау сол аттың жүгені. Қайтсең де мұны оның мойнына сал. Қырық күннен кейін ол құлындайды. Құлынды жақсылап бақ. Ол күн сайын бір жылдық көлемде өседі. Жетінші күні оған міне аласың. Егер аттың сол құлағын бұрасаң, аспанға ұшады, ал оң құлағын бұрасаң, жерге оралады. Шах Париан 40 күн ұйқтап, 40 күн ояу болады. Қазір ол ояу. Сен барғанда ұйқыда болады. Сол кезде биелерін алып кетіп, сауып, әкеңнің көзіне жаға аласың, бірақ Шах Париан ояна салысымен соңыңа түседі. Одан кейін не боларын білмеймін",-депті. Кемпір патша ұлына Қап тауына жөн сілтеп, 3 анар мен 1 айнаны алып шығып: "Мынаны ал, керегіңе жарайды",-депті. Патша ұлы түнді үңгірде өткізіп, таңертең бұлақ басына барып, атты ұстап алып, үңгірдің жанына апарып, қырық күн баққаннан кейін ол құлындапты. 7 күн құлынды бағып-қағыпты. Жетінші күні атқа мініп, сол құлағын бұрағанда ол аспанға ұшыпты. Ұшып, ұшып, Қап тауына жетіпті. Сол жерде ұл аттың оң құлағын бұрапты. Ат таудың үстіндегі бір қамалдың жанына қоныпты. Ұл ештеңеден қорықпай, қамалдың ішіне кіріпті. Адамды есінен тандыратын керемет қамал екен. Қамалды аралап қарап жүріп, бұлақтың басына жетіпті. Сол жерде Шах Парианның биелерін тосып қалыпты. Кемпір айтқандай айнаны биеге қаратып ұстапты. Бие өзін айнадан көрген кезде: "Ой, қандай әдемімін. Егер жүгенім мен ертоқымым болса, бұдан да әдемірек болар едім",-депті. Патша ұлы биенің үстіне ертоқым, мойнына жүген салғанда ол: "Ер жігіт табылып, осы ертоқымға мінсе ғой",-депті. Патша ұлы атқа мініп алып, жүріп кетіпті. Бие бірден бұлқынып, өзінің қандай асау екендігін көрсетіпті. Ұл бала анарлардың бірін аттың маңдайына ұрып: "Мен адамзат баласымын. Егер тағы бұлқынсаң, миыңды осы анар сияқты шашып жіберемін",-депті. Шауып келе жатқанда ат тағы да бұлқына бастап еді, патша ұлы екінші анарды алып, аттың маңдайына ұрғанда ат бірден жуасып қалады. Бірақ біраздан кейін тағы да ұмытып кетіп, асаулық танытады. Сол кезде патша ұлы үшінші анарды аттың маңдайына ұрғанда ол жуасып, жолын жалғастырыпты. Шауып отырып Шах Париан қамалына жетіпті. Патша ұлы іштей: "Қап тауына келіп қалған екенмін, енді Шах Парианды да көре кеткенім жөн болар. Бұл жерге күнде келіп жатқан жоқпын. Әкемнің сарайы емес қой",-деп ойлапты. Қараса, Шах Париан ұйықтап жатыр екен. Көзі қызға түскенде таң-тамаша қалып: "Адам мұнша әдемі болар ма екен?",-деп ойлапты. Содан соң атқа отырып, кемпір үйреткен жолмен қайтып оралып, ағаларынан бөлінген әлгі жолайрыққа жетіпті. Жерді қазып қараса, қылыш сонда жатыр екен. Ағаларының әлі қайтып оралмағанын түсініпті. Жалғыз өзі қайтып оралғысы келмегендіктен ағалары кеткен жолмен жаяу жолға шығыпты.