Иран ертегілері мен аңыздары
Зерттеушілердің перілер туралы ертегілердің ұқсастығы жөнінде табиғи жағдайдың бірдейлігі, соғыстар мен көші-қон арқылы таралу сияқты әртүрлі себептерді келтіргендерін айттық.
Бірақ бұл жайлы жалпы нәтиже шығара алмаймыз. Аталған себептерді ұқсастықтардың жалғыз факторы деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, әлемдегі перілер туралы ертегілердің ұқсастығының ең басты факторының адамдарға беймәлім дүниелер екендігін айттық. Осы беймәлім дүниелерге жауап беруге талпыныс жасау адамдардың ойлауы мен қимыл-әрекеттерінің көбісінің ұқсас болуына себеп болды.
Әртүрлі ұлттардың барлық ертегілерінің ерекшеліктерінің бірі – мезгіл мен мекендегі бұлыңғырлық. Ешбір әпсана өзін белгілі бір мезгіл және мекенмен шектемейді. Осы ерекшелік әпсаналар мен ертегілерге мезгіл мен мекеннен тыс сипат берді. Біздің аталарымыз бен әжелеріміздің әрқайсысы балалық шақтарында біз қазір өз балаларымыз бен немерелерімізге айтып жүрген әпсаналарды естіген. Әпсаналар ешбір дәуірге тиесілі емес, барлық дәуірлерге арналған. Мезгілден тыс болу элементі мен факторы әпсананың өзінен де байқалады. Кей уақыттарда кейбір тарихи тұлғалар әңгіменің кейіпкеріне айналады. Бірақ бұл әпсананың мезгілмен шектелгендігін білдірмейді, өйткені бұл жалқы аттардың жаңа және кейінгі дәуірлерге тиесілі екендігін оп-оңай түсінуге болады.
Басқа жағынан әпсаналар белгілі бір қала, ауыл немесе елге тиесілі емес. Әпсаналардың көбісі бір-бірінен алшақ жерлерде табылған нұсқаларында сәл ғана айырмашылықпен ғасырлар бойы атадан балаға таралып келеді. Бірақ, біз өзіміз әпсаналарды бөліп қарастырамыз. Мысалы, Иранда әпсаналарды зерттеушілер мен жинаушылар оларды Әзірбайжан ертегілері, Керман ертегілері, Хорасан ертегілері деп бөліп, оларға аймақтың атын береді. Ал мұндай жағдайда әпсананың өзінде мекен анықталмаған. Мысалы, Әзірбайжан ертегілері немесе басқа кез-келген жердің ертегілерінде басты кейіпкер ешқашан сол аймақтың тұрғыны болып келмейді. Тек бір ғана зерттеуші әрбір аймақ ертегілерінің өзіндік ерекшеліктерін басқа аймақтардан салыстырмалы түрде нақты айқындап бере алады. Былай бөлу өте ауыр, өйткені біз белгілі бір аймақтың мәдениеті, географиялық ерекшеліктері, көзқарасы мен дүниетанымы және наным-сенімдерімен таныс болуымыз қажет.
Ал енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Норандж бен Торандж қызы" атты әңгіменің жалғасын тыңдаймыз.
Айтып өткеніміздей, шахзада Норандж бен Торандж қызын табуға аттанып, көптеген қиыншылықтарды бастан өткергеннен кейін оған қол жеткізген екен. Бірақ шахзада Норандж бен Торандж қызын сарайға әкелуге алғышарт дайындау үшін сарайға кеткен кезде сол маңда өмір сүріп жатқан бір қара күң Норандж бен Торандж қызын өлтіріп, оның орнын басып алады. Қыздың қаны тамған жерге мандарин ағашы өсіп шыққан кезде шахзада оны өзінің сарайының бағына егіп қояды. Бірақ күң ағаштың жылдам өскенінен сезіктеніп, сұрқия оймен оны кесуге бұйрық береді. Ағаш бірінші күннен бастап шахзаданың басына Норандж бен Торандж қызы туралы ой салған кемпірдің қолына жетіп, одан ұршық жасалады. Ол шын мәнінде әлгі Норандж бен Торандж қызы еді. Қыз бала кемпір жоқта ұршықтан шығып отырады. Кемпір осы құпияны түсінген кезде қыз өзінің басынан өткен оқиғасын оған баяндап береді. Кемпір одан бұрынғыдай қызындай болып жүре беруді сұрайды. Өзі қыздың мәселесін шешіп, оны шахзадаға жеткізбек болады.
Ал енді шахзада мен қара күң жайлы тыңдайық: Норандж бен Торандж қызы жайлы ойлаудан арылмаған шахзаданың қайғыға салынғаны соншалықты, ауырып қалыпты. Патша мен оның әйелі де ұлының неден ауырғанын, оған не істеу керек екенін білмей сарсылып, тәуіпті шақырады. Тәуіп шахзаданың жағдайын білгеннен кейін патшаға барып: "Ұлыңды емдеу үшін айнадан жасалған моншақ жасап, шахзаданың мойнына тағу керек. Егер бұл моншақты тақса, жазылып кетеді, әрі көңіл-күйі өзгереді",-депті. Патша уәзірлері мен басқа да сарай маңындағыларды шақырып, оларға тәуіптің айтқанын жеткізіпті. Оң қолына айналған уәзірі: "Айна моншақты қалай жасау керек екенін ешкім білмейді. Қалада жаршылар жар салып, осы кәсіппен айналысатын адамды тауып әкеліп, шахзада ісінің түйінін шешкені дұрыс",-депті. Патшаның бұйрығымен жаршылар көшелер мен базарды аралап, айнадан моншақ жасай алатын кез-келген адам шахзаданың жанын құтқару үшін патша сарайына келсін деп жар салады. Норандж бен Торандж қызы мен кемпір де жаршылардың дауысын естіпті. Қыз кемпірге қарап: "Бар да, мен жасай аламын деп айт. Тек бір оңаша аула мен бір таза айна берсін",-депті. Кемпір патша сарайына барып, айнадан моншақ жасай алатынын, бірнеше шарты барын айтыпты. Қызық болғанда, шахзаданың бөлмесі бір оңаша ауланың жанында екен. Таза айна әкеліп, кемпірге беріпті. Ол айна және Норандж бен Торандж қызын оңаша аулаға апарыпты. Басқа жағынан шахзадаға тәуіптің айтуы бойынша оның емі айнадан жасалған моншақ екендігі, енді оның оңаша аулада жасалатындығы хабарланыпты. Шахзада мұны естігенде ештеңеден хабарсыз сарайдың төбесіне шығып, әлгі кемпірдің не істейтінін көрмек болып бір бұрышқа тығылып қалыпты. Қараса, кемпір мен қыз келіпті. Кемпірді таниды. Қыздың да жүзі таныс сияқты көрініпті. Қыз айнаны алып алдына қойыпты да, өзінің тағдырын баяндауға кірісіпті. Шахзада құлақ салып тыңдаса, қыз өзінің өмірін, Норандж бен Торандж бағына қалай барғанын баяндап жатыр екен. Барлық дүниені ұмытып, жан-тәнімен қыздың сөзін тыңдапты. Қыз баяндай келіп, қара күңнің ағаш басына келіп, оның басын кесіп алып, суға лақтырып жібергенін, қанының өзен жағасына тамып, одан норандж ағашының өскенін, бәрінен хабардар болған қара күңнің Норандж бен Торандж қызының орнын басып алып, шахзадаға өтірік айтқанына дейін айтыпты. Шахзада ағашты өз сарайына әкелгенін, оқиғаның мән-жайын түсінген күңнің ол ағашты кесіп тастауға бұйрық беріп, одан төсек жасатқанын, бірақ бір бұтағының кемпірдің ұршығына айналғанын және өзінің сол ұршықтан шыққанын айтыпты. Шахзада Норандж бен Торандж қызының барлық сөзін тыңдап болғаннан кейін басы айналып, төбеден қалай түскенін білмепті. Қызды өз сарайына әкеліп, нөкер жіберіп ата-анасын шақыртыпты. Патша мен әйелі келіп қызды көріпті. Олар осы күнге дейін мұндай сұлу қыз көрмеген екен. Шахзада ата-анасына болған оқиғаны басынан аяғына дейін баяндап беріпті. Норандж бен Торандж қызы мен оның сұлулығы туралы хабар сарайда таралған кезде әйелдердің барлығы қызды көруге келіпті. Олардың көздері қызға түскенде таң-тамаша қалыпты. Адам осыншама сұлу әрі тартымды болар ма екен! Патша ұлының көңілденіп, қуаныштан бір орында отыра алмай тұрғанын көріп, тез арада қаланы шырақтармен безендіруге бұйрық беріпті. Жеті күн, жеті түн тойлап, жетінші күні түнде қыз бен шахзаданың некесін қиыпты. Ал шахзада бәрінен бұрын әлгі қара күңді шақыртып: "Асау атты қалайсың ба, әлде өткір қылыш әкелейік пе?",-депті. Қара күң: "Өткір қылыш дұшпаныма арналсын, асау атты қалаймын",-депті. Шахзаданың бұйрығымен асау да жүйрік ат әкелініп, қара күңнің бұрымы оның құйрығына байланып, далаға жіберіліпті. Ал кемпір құрметпен сарайға әкелініп, әйелдердің басшысы, қадірлі әжеге айналыпты. Шахзада мен Норандж бен Торандж қызы болса қуаныш пен шаттықта өмір сүріпті.