Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, перілер туралы ертегілер – әрбір ел мәдениетінің бір бөлігі және ауыз әдебиетінің ең көп жақтасы бар саласы саналады.
Бұл ертегілерде қалыптан тыс әралуан оқиғаны бастан кешкен кейіпкерлердің бақыты және бақытсыздығы баяндалады. Сонымен қатар, перілер туралы ертегілер мен аңыздардың ұқсастығына байланысты кейбіреулердің оларды бірдей деп санайтындығын айттық. Ал шын мәнінде олай емес.
Аңыздар мен перілер туралы ертегілердің арасында ортақ тұстар көп. Әсіресе, ол екеуі де адамзат тәжірибесінің, әсіресе әртүрлі ұлттар тәжірибесінің жиынтығын жеткізіп, ата-бабалардың даналық қазынасын сақтауды және оларды болашақ ұрпаққа жеткізуді көздейді. Бірақ аңыздар мен перілер туралы ертегілердің арасында түбегейлі айырмашылықтар бар. Екі жанрда да адамның ішкі тартыстары сипатталып, көрсетілген. Алайда аңыздардың кейіпкерлері илаһи сипат пен тылсым күштерге ие. Олар қарапайым адамды өз күш-қуатының қысымының астында басып тастайды. Адам баласы өзін оларға теңестіргісі келеді, бірақ сәттілікке қол жеткізбей, үнемі олардан төмен сатыда тұрады. Ал перілер туралы ертегілерде мұндай құрылым жоқ. Онда адамдар тылсым күштерді бағындырып, оларды өз қарамағына ала алады.
Тағы бір жайт – осы екі жанрдың ықпал ету аясы. Перілер туралы ертегілер бала мен жасөспірімнің тұлғасын қалыптастырады. Перілер туралы ертегілер тәлімдік сарындағы аңыздар сияқты өзінің тағылымын үнемі ерекше нәзіктікпен жеткізіп, тартыстарды шешіп, жоғары адамгершілікке бастап баратын келесі қадамдарды айшықтап көрсетуге тырысады. Перілер туралы ертегілерді баяндау аңызға керісінше қарапайым да жағымды болып келеді. Ертегі маңызды жайттарды ақлақтық дәріс ретінде көрсетпейді, керісінше тыңдарманның бойына сенім ұялатып, болашаққа үміт сыйлап, ақырында жақсылықтың жеңетіндігіне уәде береді. Ал аңыздар осы әлемде дұрыс жүріп-тұруды үйрететін даналық тақырыптарға толы. Перілер туралы ертегілерде сыртқы әлем мен күнделікті тіршіліктің шындықтары қарастырылмайды. Ертегіде көптеген тақырыптар шындыққа жанасатындай күнделікті жағдайлардан бастау алуы мүмкін. Перілер туралы ертегілердің көздейтін мақсаты сыртқы әлем жайында пайдалы мағлұмат беру емес, шынайы жағдайдың адамның ішкі дүниесіне тигізген әсерін көрсету болып табылады.
Ал енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдалынып алынған "Жауһар тас" атты ертегінің жалғасын тыңдайық.
Айтып өткеніміздей, бір ауылда анасы мен ұлы өмір сүріпті. Бір күні ұлы анасының нан сатып алу үшін берген ақшасын сотқар балалар азаптап жатқан бір мысықты құтқару үшін жұмсапты. Екінші күні анасы ұлға ет сатып алуға ақша бергенде, ұл оны әлгі балалар азаптап жатқан бір итті босатып алу үшін жұмсапты. Үшінші күні де май сатып алудың орнына ақшаны сотқар балаларға беріп, тышқанды құтқарыпты. Ұл күнде өзен жағасына барып, балық аулайды екен. Балықты тазалап, басы мен ішек-қарынын ит пен мысыққа беріп, етін үйге әкеліп отырыпты. Бір күні ит бір балықтың аузынан жауһар тас тауып алып, оны ұлға әкеліп беріпті. Ұл әлгі тасты сынап көріп, оның шынайылығына көз жеткізіпті. Содан бастап жауһар тас ұл бала нені қаласа, соның бәрін дайындап беріп отырыпты. Осы тастың көмегімен ұл шешесін ханның қызына құда түсуге жіберіп, хан қойған барлық шарттарды, соның ішінде алтын сарай мен алтын артылған қырық түйе әкелу туралы талаптарын орындапты. Бірақ қызын әлгі ұлға бергісі келмеген хан ұлдың құпиясын біліп келуге мыстан кемпірді салыпты. Мыстан кемпір тез арада бұл істі орындауға уәде беріп, іске кірісіпті. Ол ұлдың күн сайын кедей адамдарды жинап алып, оларға нан мен киім беретінін естіген болатын. Сол себепті үстіне жұпыны киім киіп ұлдың үйіне келіпті.
Әлгі кемпірге ұлдың жаны ашып, оны өз сарайының бір бөлмесіне орналастырыпты. Мыстан кемпір жылы сөйлеп, біртіндеп ұлдың басын айналдырып, ақырында барлық айла-шарғыны пайдаланып, жауһар тастың құпиясын біліп алыпты. Енді қайтсе де, әлгі жауһар тасты ұлдың аузынан алып алудың жолын ойластырыпты.
Бір түні мыстан кемпір ұлға ұйқтататын дәрі беріп, оның аузынан жауһар тасты алып, өзінің тілінің астына салыпты да: "Ей, жауһар тас, ханды сарайда тұрғыз да, мына ұлды күлге отырғыз",-депті. Көзді ашып жұмғанша барлығы орындалыпты. Ұл бала өз-өзіне келгенде жауһардың жоқтығын көріп, көз жасына ерік беріп: "Ойбай, басыма қандай пәленің келгенін көрдің бе?",-дей беріпті. Мысық, ит пен тышқан оны қоршап алып, жұбатыпты. Бірақ оған не айтса да, әсер етпепті. Олар жердің астынан болса да, әлгі жауһар тасты тауып алып, ұлға әкеп беруге келісіпті. Осылайша үйден шығып, ханның сарайына келіпті. Сарай қабырғасының астынан тесік жасап, мысық пен тышқан сарайға кіріпті. Ит сол жерде қарауылдап қалады. Әлгі екеуі бірден хан қызының бөлмесіне барады. Есіктің жанында мыстан кемпір ұйықтап жаады. Әлгілер мыстан кемпірдің аузын ашып, оның тілінің астынан жауһар тасты қалай алудың тәсілін ойластырады. Ақылды тышқан мысыққа дайын бол деп ишара білдіріп, құйрығын ақырындап мыстан кемпірдің мұрынына тигізеді. Сол кезде мыстан кемпір қатты түшкіріп, жауһар тас аузынан түсіп қалады. Мысық оны жер мен көктің ортасында қағып алады. Мыстан кемпір қозғалам дегенше, мысық пен тышқан тұра қашып, келген жолдарымен сарайдан шығып, ит жауһар тасты тістеп алып, жүгіріп кетеді. Ал енді хан сарайында не болып жатқанын естиік. "Ұстаңдар, ұрлықшыны ұстаңдар" деген айқай бүкіл сарайды басына көтеріпті. Қарауылшылар үйді-үйді аралап, тінту жүргізе бастайды. Барлық жерді шарлағандарымен жауһар тасты таба алмапты.
Тіпті жынның өзі де бұл істің кім істегенін білмепті. Ит алдыда, мысық пен тышқан артта жүріп отырып өзенге жетіпті. Айнадай жарқырап жатқан өзеннің ортасында ит су бетінен өзінің кескінін көріп, жауһар тасты тартып алуға басқа бір ит келіп қалды деп ойлап, "арс" еткенде жауһар тас суға түсіп, батып кетіпті. Бұлар осындай қиындықтың туындайтынын ойламаған еді. Өзен терең, оның түбіне жету мүмкін емес екен. Олардың ешбір шарасы болмапты. Ұлға қайтып баруға да ұялыпты. Бір шара табылар деген үмітпен үшеуі сол жерде қалады. Көптеген балықшылар сол маңға келіп, балық аулайтын көрінеді. Олар әлгі үш жануардың мұңайып, судың жанында отырғанын көреді.
Бір күні бір балықшының әлгілерге жаны ашып, торына қолын салып, бір балық алып шығыпты да, олардың алдына тастапты. Әлгілер селқос түрде жей бастайды. Кенеттен мысық "Тауып алдым" деп айқайлайды. Тағдырдың жазуымен жауһар тас әлгі балықтың ішінде болған екен. Олар тасты алып, жолға шығады. Оны көздерінің қарашығындай қорғап, ұлдың үйіне алып келіп, оны ұлға беріпті. Қуаныштан төбесі көкке жеткен ұл достарын құшағына алып, әрқайсысына алғысын айтады. Мысық, тышқан мен ит бірауыздан: "Сенің бізге істеген жақсылығың бұдан да бағалы",-депті. Ұл жауһар тасты тілінің астына қойып, шешесіне: "Қазір сарайды өз орнына қайтарамын",-депті. Шешесі: "Ұлым, бұл сарайдың бізге қажеті қанша?",-деп сұрапты. Ұл сәл ойланып барып, шешесінің сөзінің жаны барын түсініп, «сарайдың талқаны шықсын» деп ниет етіпті. Бір мезетте сарайдың күл-талқаны шығып, мыстан кемпір, хан мен оның қызы қирандының астында қалыпты.
Ұл бағбанның қызына үйленіп, еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы өз әйелімен бақытты өмір сүріпті деседі.