Иран ертегілері мен аңыздары (57)
Батырлық-эпикалық жырларды баяндайтын қиссашылардың үш түрлі нұсқаны – жазбаша баяндау, қиссашылардың баяндауы мен түтікше оралған қағаздарға жазылған жазбаларды пайдаланатындықтарын айттық.
Сонымен қатар жазбаша баяндау мен ауызекі тілде баяндалған нұсқалар жайында сөз қозғадық. Қиссашылықтың тағы бір дереккөзі – түтікше оралған қағаздарға жазылған жазбалар. Қағаздарға жазылған жазбалар шын мәнінде ауызекі әңгімелердің жазба нұсқасы болып табылады. Қиялдау және қайта жаңғырту қабілетіне ие қиссашылар осы мүмкіндіктерінің көмегімен және сондай-ақ, шебер ұстаздардан сабақ алып, қағаздарға жазылған жазбаларды пайдалану арқылы тәжірибе жинайды. Ертеде қиссашылардың көбісі жаза да, оқи да білмеген. Олар хатшыны қызметке алып, қағаздарға жазылған жазбаларды оқытқан. Сөйтіп, қиссашылар оны жаттап алып, жұрттың алдында айтып беретін болған.
Әдетте сауаты аздау адамдар қағаздарға жазылған жазбаларды қисса айту жиындарында жылдам жазып алып отырған. Асығыс жазу мен жазушының сауатының аздығы жазба нұсқаларда қателердің көп кетуіне себеп болады. Сол қателер кейін басқа жазбаларда қайталанатын болған. Бұған қарамастан, жазбалар қымбатқа сатылып, бір қолдан екінші қолға өтіп отырған.
Қиссашылар қисса айтуды өзі меңгерсе де, ұстаздан үйренсе де, жазба нұсқаларды пайдаланып, әңгіменің негізін содан алады. Сондықтан да жазба нұсқалар дәстүрді жалғастырып, жазба және ауызекі әңгімелерді қатар сақтайды. Ертегілерді зерттеушілер қағаздарға жазылған жазбаларды әңгіменің қаңқасы деп санайды, бірақ кейде одан сөйлемдер кемітіліп, кейде қосылады. Мысал ретінде "Баб-е руз" әзіл-қалжыңдарын атауға болады. Қиссашылар бір сағатта жазбаның екі бетін баяндайды, бірақ олардың әдеттегі көрермен емес екендіктерін, ертең болмауы мүмкіндігін білгендіктен, әңгіменің қосалқы бөлімдерін қысқартып, оқиға желісін сөзбе-сөз баяндап береді. Қиссашылар тыңдарманы көп тақырыптарды ғана баяндайды.
Енді Иранның ауызекі әңгімелері әлеміне саяхат жасап, "Иранның әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдалынып алынған "Титімдей" атты әңгімені тыңдауға шақырамыз.
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні келтеде бір кедей болыпты. Ол әйелі және үш баласымен бірге өмір сүріп жатыпты. Дүние, мал дегенде тек бір сиыры ғана болыпты. Бір күні сол сиырын сойыпты да, ішек-қарынын алып шығыпты. Ішек-қарынды тазалап жатқан кезде көңілі басқа нәрсеге ауып кетіп, байқаусызда қарынды тесіп алыпты. Қарынның түкке жарамай қалғанын көргенде басына бір ой келіпті. Қарынды әйеліне беріпті де: "Бұлақ басына бар да, қарынды суға толтырып алып кел. Егер суға толтыра алмасаң, үйге қайтпа",-депті. Ештеңеден хабарсыз әйел бұлақ басына барып, қайта-қайта қарынды суға салыпты, бірақ бір кеседен артық су оған тұрақтамапты. Ақырында шаршапты да, қарынды алып үйге оралыпты. Келсе, үйдің есігі жабық тұр екен. Есікті қағып: "Есікті неге жаптың?"-деп сұрапты. Күйеуі: "Су әкелдің бе, жоқ па?",-депті. Әйелі: "Қарынды тесіп тастапсың ғой, су ағып кете береді",-дегенде күйеуі есікті ашпай: "Жөніңе кет. Қарынды суға толтырмасаң, үйге қайтып келме дедім ғой",-депті. Күйеуінің айтқанынан қайтпайтынын білетін әйел кетпек болады. Бірақ қар жауып, күн суытып кеткен екен. Біраз жүріп еді, мұздап бара жатқанын сезді. Қарынды жылдам ортасынан екіге бөліп, екеуін екі аяғына байлап алып, жолға шығыпты. Келе жатып, келе жатып, тауға жетіпті. Қараса, жіңішке түтін көкке көтеріліп жатыр екен. Түтінге қарай барып, әдемі де таза үңгірге жетіпті. Үңгір емес, үй дерсің. Ішіне еніп, айналасына қанша қараса да, ешкімді көрмепті. Бірақ ошақтың басында ішінде еті бар қазан қайнап жатыр екен. Мұздап қалуға аз қалған әйел жылынып, шаршағанын басу үшін ошақ басына келіп отырыпты. Жағдайы қалпына келгеннен кейін қолына қасықты алып, қазандағы сорпадан ішіп, бойын жылытады. Әйел сонда ғана мына үңгірдің иесі кім болды екен деп ойлап, ар жақ, бер жақты қарағанда үңгірдің түпкі жағынан есікшені көріпті. Содан қорыққанынан бір бұрышқа тығылып қалыпты. Қараңғы түсіп келе жатыр еді. Әйел ішінен қазір үңгірдің иесі келіп қалуы тиіс, оның қандай адам екенін білу үшін жақсырақ жерге тығылайын деп ойлапты. Кенеттен түйелері мен жылқыларын, қойлары мен бұзауларын қайырған бір дауысты естіпті. Қараса, үлкен отар үңгірге жақындап қалыпты. Жануарлар ақырындап, өз орындарына барып жайғасыпты. Бірақ оларды айдап келген ешбір адам көрінбепті. Таңғалып қарап тұрғанда текенің мүйізіне отырып алып, үңгірге жақындап келе жатқан бойы бір қарыс адамды көріпті. Теке үңгірдің аузына келгенде әлгі титтей адам жерге түсіп, бір кішкене мал терісін жерге жайып, қабырғаға сүйеніпті. Кенеттен айналасына қарапты да: "Адамзат баласының иісі шығып тұр",-депті. Титтей адам қанша қараса да, адамды таппапты. Бірақ үңгір ішінде бір адамның бар екенін ұғыпты. Сондықтан айқай салып: "Кім болсаң да, шық. Адамбысың, жынбысың, диюмысың, перімісің? Өзіңді көрсет. Сүлеймен пайғамбардың атымен ант етемін, саған тиіспеймін. Шық",-депті. Әйел қараңғыдан шығып: "Мен адамзат баласымын. Сенің үйіңде шаруам жоқ. Тау ішінде жолдан адасып қалдым. Жылыну үшін үйіңді паналадым",-депті. Аты "Каллегәг" деген басы таз әлгі титтей адам әйелге: "Сен менің шешемдейсің. Мен сенің балаңдаймын. Менің ешкімім жоқ. Сен осында қал. Мен күндіз мал бағуға кетемін. Сен тамақ жасап, үйді тазалап, ие бол",-депті. Әйел қуана қабылдапты. Титімдей адам күн сайын бір қой сойып, етін қазанға салып, астына от жағып, үйді әйелге тапсырып, өзі мал бағуға кетіп отырыпты. Кеш қарайып, ол өрістен оралғанда ет пісіп тұрады екен. Екеуі отырып, кешкі астарын ішетін болыпты. Осылайша күндер өтіп жатыпты. Бір күні әйел өзінің үйі мен балаларын есіне алыпты. Титімдей адамға: "Менің үйім мен балаларым бар. Соларды сағындым. Көргім келеді",-депті. Ол келісіпті. Әйел ет пен тамақ алып, жолға шығыпты. Жүріп-жүріп, үйіне жетіпті (жалғасы бар).