Иранның ертегілері мен аңыздары (56)
Ертегішілер мен қиссашылардың әрбір салада әртүрлі дерек көздерін қолданатындықтарын айттық.
Батырлық-эпикалық жырларды баяндайтын қиссашылар үш түрлі нұсқаны – жазбаша баяндау, қиссашылардың баяндауы мен тұмарларды пайдаланатындықтарын айттық. Сондай-ақ, үш түрлі нұсқаға қатысты туындылардың үлгілерін атап өттік. Иранда кең таралған қиссашылықтың ең үлкен бөлігі Иранның ұлы ақыны Фердоусидің "Шахнамасындағы" аңыз-әңгімелерге негізделген. "Шахнаманың" тақырыбы – арабтар келгенге дейінгі Иранның ежелгі тарихы. Бұл туынды Иранның өткен тарихы жайындағы ең маңызды еңбек болып саналады. "Шахнаманы" оқу оңай жұмыс емес. Оны айтатын қиссашылар әдетте ақын немесе әдебиетші болып келеді. Зерттеушілер қиссашылардың "Шахнаманы" оқуға бет бұруының себебін халықтың, әсіресе Сефеви дәуіріндегі халықтың батырлық рухын көтеру деп есептейді. Сефеви дәуірінде соғысқа қатысатын, жауынгерлік рухы биік «қызылбастар» деп аталатын топ болған. Бұл топ қиссашылар мен "Шахнама" айтушылардың тұрақты тыңдарманы болған.
Қиссашылықтың екінші дерек көзі – ешбір жерде тіркелмеген, ауыздан ауызға берілген ауызекі әңгімелер. Ауызекі әңгімелердің қай уақытта басталып, қашан қалыптасқандығы белгісіз. Бірақ барлық зерттеушілер ауызекі әңгімелер өлең шығару мен оларды қағаз бетіне түсіруден бұрын пайда болған деп санайды. Сефеви дәуірінен былай қарай қиссашылық дәстүр жайында көбірек мәлімет сақталған. Дәруіштер мен сопылар, Исмаил шах Сефевидің тағайындаған адамдары мен орынбасарлары осы дәстүрді өрбітті. Ол заманда қиссашылар халықтың назарын өзіне аудару үшін діни жетекшілердің игі істері жөнінде өлеңдер оқыған. Мұны "монақебхани" деп атаған. Шайханалардың жылы ортасы, халықтың ән мен күй тыңдауға құштарлығы, шай мен кофе ішу қиссашылық дәстүрдің қалыптасуына алғышарт жасады. Қиссашы өнер көрсететін орын халықтың Иранның тарихы мен мәдениетімен танысатын жері болған. Шайхана осындай таныстықтың орталығы болған.
Аббас I шахтың кезінде Иран қалаларының көбінде, соның ішінде Исфахан, Қазвин, Ширазда көптеген шайханалар жұмыс істеп тұрған. Халықтың әртүрлі топтары уақыт өткізу, дос-жарандармен кездесу, көңіл көтеру, өздері қызығатын "Шахнаманың" жырларын тыңдау үшін шайханаға баратын. Олар қиссашыларды, соның ішінде "Шахнаманы" жырлаушыларды қатты қадірлейтін.
Ардақты ағайын, әңгімеміздің жалғасын келесі бағдарламаға қалдырамыз. Енді Иранның ертегілер әлеміне саяхат жасап, "Иранның әпсаналары" атты құнды кітаптан алынған "Шүкіршіл Фарамарз" әңгімесінің соңғы бөлімін тыңдайық.
Айтып өткеніміздей, бұрынғы өткен заманда бір саудагердің үш ұлы болыпты. Ол қартайған шағында кәсібін ұлдарына қалдырып, өзі ғұмырының соңына дейін ғибадат етпекке шешім қабылдапты. Ол осы ниетпен ұлдарына 100 тұманнан беріп, сынапты. Үлкен ұлы мен ортаншы ұлы зергерлік бұйымдар мен тауар сатып алудың орнына ақшаны сауық-сайранға салыпты. Ал үшінші ұлы 100 тұманды өлген адамның қарызын өтеуге жұмсапты. Әкесі ұлының бұл ісін мақұлдап, оған тағы бір 100 тұман беріп, зергерлік бұйымдар мен тауар сатып алуға жібереді. Ол әкесінің айтқанын қалтқысыз орындапты. Әкесі өз кәсібін үшінші ұлға тапсырады. Әлгі жігіт Фарамарз есімді нөкерімен бірге сапарға аттанады. Олар орта жолда демалу үшін керуен сарайға тоқтайды. Фарамарз оларды тонағысы келген 40 ұрлықшының көзін жояды. Екінші күні су қоймасына тоқтап, демалады. Фарамарз қасқыр мен түлкінің әңгімесін тыңдап, қала патшасының қызының жынданып кеткенін түсінеді. Фарамарз патшаның қызын емдеп, жазып, өз қожайынының патша қызына үйленуіне жағдай жасайды. Сапар барысында Фарамарз бен оның қожайынының басынан мынадай оқиға өтеді: бір уәзірдің ұлы патшаның ұлының басын кесіп, қожайынның жүгінің үстіне қояды. Фарамарз патшаның алдында әлгі уәзір ұлының қылмысын әшкерелеп береді. Содан соң патша Фарамарзға:"Ұлымды өлтірген адамды тапқандықтан менің қызыма үйленуің керек",-депті. Фарамарз: "Маған әйел керек емес, бірақ менің қожайыным бар. Егер қаласаң, қызыңды қожайыныма бер",-депті. Фарамарз қожайынына қайтып оралып, болған оқиғаны басынан аяғына дейін баяндап береді. Екеуі жолға шығып, патшаның алдына барыпты. Осылайша, қожайын тағы да бір патшаның күйеу баласына айналыпты. Жеті күн, жеті түн тойлатыпты. Жетінші күні түнде патшаның қызы қожайынмен некеге отырған екен. Бірнеше күн сол қалада тұрақтап, содан соң жүктерін тией бастапты. Зергерлік бұйымдар тиелген 50 қашыр, 10 нөкер мен күңді алдыңғы патшадан алған сыймен қоса есептегенде зергерлік бұйымдар тиелген 150 қашыр, 20 нөкер мен күңді алып жолға шығыпты. Үшінші ұл мал-мүлкінің молайғанын көріп, Фарамарзға: "Әкеме қайтып оралатын кез жетті",-депті. Жолға шығып, келген жолмен қайтып оралыпты. Жол бойында бір жерге тоқтап, кешкі ас ішейін деп жатқанда бір кемпір келіп, нан сұрапты. Олар бір тілім нан берген соң, кемпір кетіп қалыпты. Фарамарз кемпірдің соңынан жүріп отырып қараса, кемпір бір құдықтың бетінен тасты алып, ішіне кіріпті де, біреулерге: "Жақын маңға бір керуен тоқтады. Уақыт барда тез барып, тонап алыңдар",-депті. Фарамарз олардың сөзін естіп алған соң бір бұрышқа тығылып тұрыпты да, құдықтан шыққан әрбір адамды өлтіріп отырыпты. Сөйтіп бүкілін қырып салыпты. Содан соң жерастына түсіп, кемпірге: "Бұл біздің саған берген нанымыздың қайтарымы ма? Барлық қазынаны қайда қойғаныңды жылдам көрсет",-депті. Кемпір бәрін көрсетіпті. Фарамарз алдымен кемпірді өлтіріп, содан соң сол жерді аралап қараса, төбеге көп адам ілініп қойылған екен. Олардың кейбірі әлі тірі көрінеді. Барлығын босатыпты. Тірілердің барлығы Фарамарздың аяғына жығылып, қиямет күніне дейін оның нөкері болып өтетіндерін айтыпты. Фарамарз барлық қазынаны буып-түйіп алып, қожайынының алдына келіп, болған оқиғаны баяндап беріпті. Әлгі қазынаны 150 қашырдың үстіне өңгеріп, қалаға қарай жолға шығыпты. Қалаға жақындап қалғанда Фарамарз: «Осы жерге тоқтайық. Мен қалаға барып халыққа хабар беремін»,-депті. Қожайынына әкеңізді алып келемін деп кетеді. Фарамарз барса, әкесі баласын уайымдап жылағаннан соқыр болып қалған екен. Ол қожайынының әкесінің көзіне бір дәрі жағып, жазып жіберіпті. Әкесі өзінің алдында Фарамарздың тұрғанын көреді. Қуанып, екеуі жолға шығып, шатырларға жетіпті. Әкесі: «Шатыр құрып, қонған мыналар кімдер?»,-деп сұрапты. Фарамарз: «Бұлардың барлығы ұлыңның нөкерлері мен күңдері»,-депті. Екеуі қожайынға жетіпті. Сөйтсе, айдай сұлу екі қыз үшінші ұлдың екі жағында отыр екен. Әке ұлын қапсыра құшақтапты. Екеуі қуаныштан талып қалыпты. Фарамарз оларды оятып, жолға шығып, қалаға кіріпті. Үшінші ұл бір айдың ішінде бақ өсіруге бұйрық беріпті. Өзі сол жерге орналасыпты. Фарамарз оған керек барлық жағдайды жасап, тиісті тіршілік қамын ойластырыпты. Ұлы әкесіне қарап, өз ағаларының хал-жағдайын сұрайды. Оларды алдыртып, өзіне көмекші етіп тағайындайды. Фарамарз: «Қазір барлық жағдай жасалғаннан кейін әлгі қарыздан босатқан марқұмға бағыштап, қайырымдылық жасау керек»,-депті. Қожайыны қабылдап, тура сол күні 50 қазан күріш әзірлетіп, қажетінше тәтті-дәмді тағам дайындатыпты. Фарамарз тамақ тиелген 50 қашырды алып, зиратқа қарай аттаныпты. Қайырымдылық жасап, жоқ-жітікке тамақ таратып болғаннан кейін Фарамарз қабірдің бетін ашып: «Қожайын, сен 100 тұман беріп, халал етіп, босатып алған өлген адам менмін. Сау бол! Мен сенің әлгі 100 тұманыңды қайтару үшін келгенмін. Қазір сенің жағдайың түзелді. Мен кеттім»,-депті де, қабірге кіріп, тасты үстіне жауыпты. Әкесі мен ұлы қанша айғайласа да, Фарамарздан еш жауап болмапты. Ол кетіп қалған екен.