Иран ертегілері мен аңыздары (48)
Ұрпақтан ұрпаққа жеткен ауызекі әңгімелер мен рауаяттар ұлттар тарихының бір бөлігін құрайтыны айттық.
Бұл әңгімелер қиссашы деп аталатын адамдар тарапынан баяндалып отырған. Қиссашылар әдетте диқандар тобынан шығатын. Диқандар өздеріне тиесілі жерлері бар ақсүйек адамдардың тобы болған. Олар өз ата-бабаларының қиссаларына қызығушылықпен қарайтын. Сонымен қатар пәхләви тілінде жазылған «Мың әңгіме» және «Құдайнама» сияқты кітаптардың сақталып қалуы Ирандағы қиссашылық дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Ерте заманда қиссашылар қоғамда лайықты орынға ие ең мәдениетті адамдар болған.
Исламға дейінгі Ирандағы қиссашылардың тарихы туралы мағлұмат өте аз. Көбінесе сапарнамалар мен тарихи еңбектерден, зәрдушттердің бірнеше діни кітабынан ғана азды-көпті мәлімет алуға болады. Арийлер заманынан қалған кейбір хикаялар ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған.
Х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда өмір сүрген ирандық ғалым Ибн Надим «Әл-Фехрест» (Тізім) атты еңбегінде: «Алғашқы ирандықтар алғашқы аңызды тудырушылар болған. Оны кітап қалпына түсіріп, өздерінің қазыналарында сақтап, хайуанаттардың тілімен хикая айтатын болған. Одан кейін Ашкани патшалары осы аңыздарға өз үлестерін қосты. Содан соң арабтар оны өздерінің тіліне, яғни араб тіліне аударған»,-деп жазған.
Зерттеушілердің пайымдауынша, ежелгі дәуірлерден қалған деректерге көңіл аударсақ, хикая әнмен айтылған. Парттар заманынан бізге жеткен «Вис о Рамин» поэмасында екі жерде «гусан» деген сөз аталады. «Гусан» – Парт сөзі. Әншілер мен күйшілерге қатысты айтылатын термин. «Вис о Рамин» поэмасы алдымен ауызша осы гусандар тарапынан баяндалып, кейін қағаз бетіне түсірілген. Гусандардың көбі сарай маңында өмір сүрген. Олардың бірқатары қаладан қалаға барып, халыққа қисса айтып беріп жүрген. Лондон университетінің ұстазы, ирантанушы Мери Бойс парттық гусандар жайында ауқымды зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде «Парттық гусандар және Ирандағы күй тартуы дәстүрі» атты кітап жарық көрді. Мери Бойстың пікірінше, «ирандық патшалардың маңында үнемі күйшілер болған. Олар музыка тыңдап, демалатын болған. Күйшілер мен қиссашылар сарайдағы мерекелерге қатысатын. Бұл топтағылардың көбісі шайырлар болған».
Гусандар ашканилер мен сасанилердің сарайларында ерекше ықпалға ие болып, патшалар мен қарапайым халықтың көңілін аулайтын болған. Гусандардың ең маңызды ерекшелігі қиссашылар сияқты олардың өз замандарындағы оқиғаларды айтатындығында.
«Мың бір түн» кітабынан алынған «Джузар және Шамардал қазынасы» атты хикаяның жалғасына тоқталмас бұрын хикаяға шолу жасап өтейік: Джузардың ағалары кеме басшысынан оны ұрлап, теңізге алып кетуді өтінеді. Осы жоспар орындалғаннан кейін Джузардың ағалары оның сиқырлы қоржынын алуға барғанда араларында қоржынды иелену жөнінде қайшылық туындайды. Ақыр соңында қоржын патшаның қолына түседі. Джузар да кеме басшысының қолынан босап шығып, Меккеге бара жатқан жолда өзінің досы Абдусамадты көреді. Ол Джузарға «Рағд» атты диюды басқаратын сиқырлы жүзік береді.
Джузар Абдусамадтан алған сиқырлы жүзікпен үйіне қайтып оралады. Болған оқиғаны естігеннен кейін саусағымен жүзікті сипағанда дию пайда болады. Джузар одан екі ағасы – Салим мен Салемді аман-есен үйге қайтаруды сұрайды. Анасын қайран қалдыра жер қақ айырылып, Рағд соның ішіне түсіп, әлгі екі ағасын иығына салып, Джузардың алдына алып келеді. Джузар оларды тағы да кешіреді.
Джузар сиқырлы қоржынының патша қазынасында жатқанын түсініп, Рағдтан патша қазынасын осы жерге алып келуді өтінеді. Рағд айтқанын орындайды. Джузар қоржынды алып, Рағдқа өзіне қызметшілерге толы салтанатты сарай салуды өтінеді. Рағд айтқанын орындап, Джузар сарайды анасына береді.
Ал енді патша сарайында не болып жатқанын білейік. Қазынашы патша қазынасының бос тұрғанын көргенде айқайлап, патшаның алдына барып: «Сиқырлы қоржынды да алып кетіпті»,-дейді. Патша әскер басшыларын шақыруға бұйрық береді. Бірақ ешкім болған оқиғадан хабарсыз екен. Тек бұрын қоржынның барлығы жайлы хабар жеткізген адам ғана: «Уа, патша! Мен кеше бір жерден өтіп бара жатқанда бір топ адамның сарай салып жатқанын көрдім. Бүгін қарасам, сарай дайын екен. Сұрастырып көргенімде сарайдың иесі Джузар болып шықты. Ол сапардан жақында ғана қайтып оралыпты. Өзімен бірге мол байлық ала келіп, екі ағасын да зынданнан босатып алыпты»,-дейді.
Патша: «Менің дұшпанымның кім екендігі анықталды. Салим мен Салемді зынданнан босатқан адам менің қазынамды да тартып алды. Ол Джузардан басқа ешкім емес»,-деп айғайлап, оны қамауға алуға бұйрық береді.
Дана әрі қырағы уәзір: «Бір түнде сарай салдыратын адам күшті болуы тиіс. Оған қарсы шара ойластыру керек. Оны патша сарайына шақырып, мықты не әлсіз екендігін анықтайық. Соған сәйкес әрекет етейік»,-дейді.
Уәзір үстіне ақ матадан тігілген киім киіп, жалғыз өзі Джузардың сарайына барып, сәлем береді. Күзетші оның сәлеміне жауап беріп: «Ей, адамзат баласы, кімсің? Мұнда не шаруамен келдің?»,-деп сұрайды. Уәзір күзетшінің оны «адамзат баласы» деп атағанын естігенде денесі қорқыныштан қалтырап кетеді. Ол күзетшінің жындардың бірі екенін ұғып, жаймен ғана: «Мен патшаның уәзірімін. Сенің қожайыныңды патша сарайына қонаққа шақыруға келдім»,-дейді. Күзетші Джузардың рұқсатынан кейін уәзірді сарайға кіргізеді. Уәзір тағзым етіп, сәлем беріп: «Патша сізді қонаққа шақырды»,-деді. Джузар: «Мен патша сарайына бармаймын. Егер патша мені көргісі келсе, өзі мұнда келсін»,-деді. Содан соң Рағдты шақыртып, патшаның уәзіріне дүниедегі ең әдемі киімді әкелуге бұйрық берді.
Уәзір патша сарайына қайтып оралып, киген киімін патшаға көрсетіп, Джузардың сарайында естіген-көрген барлық оқиғаны баяндап береді. Патша Джузармен кездесуге баруға шешім қабылдайды. Ол әскерімен бірге Джузардың сарайына бет алады.
Джузар патшаның өз әскерімен оның сарайына келе жатқанын естіп, Рағдқа сарайға өте көп жынды әкелдіреді. Оларға әскери киім кигізіп, сарайда сапқа тұруға бұйрық береді.
Патша өз әскерімен Джузардың сарайына жетеді. Ол Джузардың қолын көргенде оның күшінің өз әскерінен күштірек екендігін түсінеді.
Джузар сарайдың бір салтанатты бөлмесіндегі тақта отыр екен. Салим мен Салем екі уәзірі сынды екі жағында тұрады. Патша алға шығып, сәлем береді. Джузар орнынан тұрып, патшаның сәлеміне жауап береді. Барлығы жаюлы тұрған патшалық дастархан басына отырып, түн жарымына дейін тамақ ішіп, әңгімелеседі. Патша кетуге айналғанда Джузар патша әскеріне қымбат сыйлықтар беруге бұйырады. Содан соң патшамен қоштасып, одан тағы да келуін сұрады. Патша келісіп, кейін бірнеше рет Джузардың сарайында қонақта болды.
Біршама уақыт өтеді. Патша мен Джузардың арасында достық қарым-қатынас қалыптасады. Бірақ патша әлі күнге дейін іштей Джузардың құдіретінен қорқып жүреді. Бір күні өз уәзірін шақырып алып: "Ей, уәзір, Джузар маған кек сақтап, бір күні мені өлтіріп, орнымды басып ала ма деп қорқамын",-дейді.
Уәзір: «Оны өзіңіздің бақталасыңыз деп санасаңыз, оны өзіңіздің қызыңызға үйлендіргеніңіз дұрыс. Бұл жағдайда ол сіздің күйеу балаңыз болады. Егер өлсе, байлығы сізге қалады»,-дейді. Патша келіседі. Уәзірдің ұсынысымен патша сарайында салтанатты қонақасы ұйымдастырылады. Джузар да осы салтанатты шараға шақырылады. Джузар келіп, патшаның жанына отырып, әңгімелесіп отырғанда патшаның сұлу қызы бір сылтаумен әлгі бөлмеге кіреді. Джузар оны көріп, ұнатып қалады. Уәзір мұны байқап қалып, Джузарға жақын келіп ақырын ғана: «Егер патшаның қызын ұнатсаң, оның саған тұрмысқа шығуын ұйымдастыра аламын»,-дейді.
Джузар: «Егер сөйтсең, саған риза болар едім»,-дейді. Уәзір патшаға барып, болған оқиғаны оған баяндап, қызы үшін қымбат қалың мал сұрауға кеңес береді. Патша қыздың қалың малы ретінде сиқырлы қоржынды беруді сұрайды. Джузар келіседі. Ұлан-асыр той болып, патшаның қызы Джузарға тұрмысқа шығады.
Біршама уақыт өтіп, патша дүниеден озады. Джузар патшаның тағына отырып, сол елдің патшасына айналады. Салим мен Салем оның уәзірлері болады. Джузар әділетті әрі мейірімді патша болады. Халық разы болғандықтан, оған арнап үнемі дұға тілейтін. Сөйтіп бір жыл өтеді. Салим мен Салем Джузарды өлтіріп, патшалық пен сиқырлы қоржын және жүзіктің иесіне айналуға шешім қабылдайды. Салем Джузарды өз үйіне шақырып, оған уланған тамақ беріп өлтіріп, жүзікті қолға түсіреді. Салем Рағдқа Салимді өлтіріп, екі ағасының денесін ел әскері басшыларының алдына тастауға бұйрық береді. Рағд бұйрықты орындайды.
Әскер қорыққаннан Салемге бағынады. Салем өзін патша деп жариялап, Джузардың әйеліне үйленбек болғанда ешкім оған қарсы шыға алмайды.
Бұл хабар Джузардың әйеліне жетеді. Бірақ ол ештеңе айтпайды. Салем патшайым сарайына барғанда Джузардың әйелі оны қошеметтеп қарсы алып, у қосылған бір кесе шәрбатты Салемнің қолына ұстатып: «Шаршағаныңызды басады, ішіңіз»,-дейді. Салем кесені алып, соңына дейін ішіп алады. У бірден әсер етіп, Салемнің жансыз денесі жерге құлайды. Патша қызы сиқырлы жүзікті оның қолынан алып, сындырып лақтырып жібереді. Сиқырлы қоржынды да қасиетінен айырылу үшін екіге бөліп тастайды. Содан соң сарайдың жоғары үлкендерін шақырып: «Патша жаңа ғана көз жұмды. Барыңдар да жаңа патша сайлаңдар»,-дейді. Содан соң өзі қара жамылып, жасқа толы жанарымен өзінің мейірімді күйеуі Джузарды аза тұтуға кіріседі.