Сәу 19, 2016 13:15 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (12)

Өткен бөлімдерде айтқанымыздай, халық ауыз әдебиетінің бірнеше түрі бар.

Халық ауыз әдебиеттің бір түрі ретінде мысал туралы сөз қозғадық. Айтып өткеніміздей, мысал – балалар мен жасөспірімдерге өлең немесе ырғақты проза түрінде айтылатын көңілді әрі жеңіл қысқа ертегінің бір түрі. Хайуандар, табиғи құбылыстар мен адамдар мысалдың кейіпкерлері болып табылады. Сондай-ақ, зерттеушілердің пікірлерінен мысалдардың балалар мен жасөспірімдерге туған жерлерінің наным-сенімдері және мәдениетімен танысуға септігін тигізетінін де білдік. Мысалдар әдетте ырғақты құрылымға ие және олардың көбісі ойынмен астасып кеткен. "Жүгірдім де жүгірдім" – Иран мәдениеті тарихында маңызды орынға ие мысалдардың бірі. Бұл мысал – алыс-беріс туралы хикая. Осы хикаяда кішкентай балаларға әртүрлі өмірбаян мен кәсіпке ие тұлғалар таныстырылады. Бұл мысалдың кейбір тұстары қазіргі өмірге сәйкес келмесе де, тартымды әрі әдемі болып табылады. "Жүгірдім де жүгірдім" мысалы сан қилы үлгіде айтылған. Иранның әрбір жерінде бұл хикаяның өзіндік айту үлгісі бар деп айтуға да болады. Бірақ біз сіздер үшін теһрандық үлгідегі хикаяны таңдап алдық. Мысалдардың басты ерекшеліктерінің бірі – бала үшін мысал кейіпкерлерімен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін драмалық кеңістіктің болуы. Бала сол кеңістікке еніп, өзі де мысал дүниесінің бір бөлшегіне айналады. "Жүгірдім де жүгірдім" мысалының сюжеті – екіжақты алыс-беріс болып табылады. Ең бастысы баланың өзіде осы іс-әрекетке қатысады. Жүгірдім де жүгірдім, Бір таудың шыңына жеттім, Екі ханымды көрдім. Бірі маған нан берді, Екіншісі су берді. Нанды өзім жедім Суды далаға бердім. Дала маған шөп берді, Шөпті ешкіге бердім, Ешкі маған сүт берді. Сүтті бақалшыға бердім, Бақалшы маған мейіз берді, Мейізді ағаға бердім, Аға маған дұға берді. Дұғаны қолыма байладым Құдай маған шипа берді. Бұл мысалда бала бір хикая әлеміне еніп, хикая сюжетіне сәйкес бірнеше іс-әрекет орындап, мысалды қалыптастыру үдерісіне қатысады. Ал осы іске өз үлесін қосқаннан кейін бала белсенді элементке айналады. Бала бұл мысалда тек оның оқырманы ғана емес, керісінше оның негізгі элементтерінің біріне айналады. Тағы бір айта кететін жайт, мысалдарда хикаялардың бірнеше тізбегі болып, бір сюжет мысалдың басынан аяғына дейін жалғасады. Сондай-ақ, мысалдың әрбір бөлшегі өзінің алдындағы бөлшектің логикалық жалғасы болып табылатындықтан, бала келесі бөлікті іздеп, мысалдың жалғасын оқиды. Нәтижесінде бөліктер арасындағы логикалық және себеп салдарлық ара-қатынасты түсінеді. Баланың өмір сүріп жатқан ортасына жақын және таныс заттарды пайдалану балаға мысалды түсіну мен оның шынайылығына сенуге көмектеседі. Сол себепті бұрынғы заманнан бері сақталып келе жатқан мысалдарда сол замандарда кең таралған үй жануарлары және салт-дәстүр элементтерімен бетпе-бет келеміз. "Жүгірдім де жүгірдім" мысалында бала жүгіріп, ешкіге жетеді. Ешкі бізге таныс бір үй жануары, ол балаға сүт береді. Көңіл көтеру – мысалдың негізгі және қажетті элементтерінің бірі. Мысал өмір күші, жұмыс, талпыныс, іс-әрекет, ойын мен қобалжуға толы. Мысалдардың астарында тәлім-тәрбиелік мақсат жатыр. Бала мысалды тыңдағаннан кейін оның астарында жатқан барлық тәлім-тәрбиені өзіне сіңіріп алатынына сенімді бола аламыз. Мысалдардағы бір маңызды мәселе – ойын және көңіл көтеру үшін бір драматикалық және көңілді кеңістік тудыру. Сол себепті көптеген мысалдарда тартымдылықты көбейту үшін хайуанаттар адамдардың рөлін ойнайды, ал бала болса жанама түрде қоғамдық жұмыстар және оның рөлдерімен танысады. Сонымен, мысал туралы сөзімізден мынадай қорытынды шығарамыз: мысалдарда сөйлемдер бірнеше рет қайталанады және бұл тәсіл өткен ғасырлардағы есімдері белгісіз бала тәрбиелеу ісіндегі кемеңгерлердің қалдырып кеткен мұрасы болып табылады. Себебі, бала еліктеп, қайталауды жақсы көреді. Бала өзі көрген немесе естіген нәрсеге еліктеп, оны қайталауға тырысады және осы істен әсте жалықпайды. Осы бөлімнің ертегісі байлықты күштің көмегімен сақтап қалу туралы сөз қозғайды. Бұл хикаяның басты кейіпкерлері 3 ағайынды бала болып табылады, бірақ, негізгі кейіпкер – кенже бала. Ертеде бір адамның ешкісі болыпты. Бір күні әкесі кіші ұлынан ешкіні өріске алып шығуды сұрайды. Бала ешкіні бір алқапқа айдап келіп, кешке дейін жаяды. Кешке әкесі ешкіден: "Бүгін жақсылап жайылдың ба?" деп сұрайды. Ешкі: "Шөлде шөп бола ма екен?! Ұлың менің шегемді шөлдің қақ ортасына қадап, өзі ойнап кетті" деп өтірік айтады. Әкесі ашуланып, кіші ұлын ұрады. Кінәсіз ұлы салы суға кетіп, түн жарымында далаға шығып, кетіп қалады. Таң атқан кезде, әкесі ешкіні ортаншы ұлына беріп, оған да ешкіні өріске шығарып жаюды тапсырады. Ортаңғы ұлы да ешкіні тойдырып алып келеді, бірақ кешке әлгі оқиға тағы қайталанады да, ұл бала түн ортасында ренжіп кетіп қалады. Үлкен ұлы да осы жағдайға тап болып, үйден кетеді. Келесі күні таң атқанда үш ұлдың әкесі ешкіні алқапқа өзі айдап әкеледі. Кешке ешкі адамның "бүгін жақсылап тойдың ба?" деген сұрағына: "Мені апарған жерде ешнәрсе болған жоқ қой" деп жауап береді. Әке ешкінің өтірікші екенін және өзінің жазықсыз балаларын ұрғанын түсінеді. Ешкіні асау қашырдың құйрығына байлап, шөлге қоя береді. Енді ұлдардың хикаяларын тыңдалық. Ағайындылардың кішісі бір шопанға барып, соның қол астында жұмыс істей бастайды. Ортаншы ұл мысшының, ал үлкен ұл мүсіншінің шәкірті болады. Бірнеше жыл өткен соң үлкен ұл жанұясын сағынып, ұстазына өз қаласына қайтқысы келетінін айтады. Ұстазы ұлға бір қол диірменін беріп: "Тамақ ішуге ниет еткен соң, мына қол диірменін бір рет айналдыр, сол кезде қалаған тағамың әзір болады" дейді. Бала диірменді алып жолға түседі. Жолда келе жатып, бір диірменге жетеді. Диірменнің бір бұрышына отырып, тамақтануға ниет етіп, диірменді айналдырады. Қол диірменінің ішінен палау, тауық пен жеміс шығады. Мұны көрген диірменші ішінен баланың қол диірменін ұрлауға бел буады. Түн жарымда сиқырлы диірменді ұрлап, оның орнына қарапайым қол диірменін салып қояды. Бала таңертең оянып, қаласына қарай жүреді. Үйге жеткен кезде әкесіне: "Маған пәленшенің қызына құда түс. Мына қол диірмені барлығын дайындап береді" дейді. Қызға құда түседі. Үйлену тойы кезінде, кешкі ас уақыты жеткенде жігіт қол диірменін қанша айналдырса да, ішінен ешнәрсе шықпайды. Үйлену тойы осымен аяқталады. Ортаншы ұл да үйге қайтпақ болады. Мысшы ұстазы оған бір шөміш ұстатып: "Не қаласаң, соны ниет қыл, сосын қасықпен мына шөмішті ұр. Бәрі орындалады" дейді. Ортаншы ұл жолға түсіп, ағасы келген диірменге ол да жетеді. Қарны ашқан бала қасықты шөмішке ұрған кезде, алдында ниет еткен барлық заты пайда болады. Зұлым диірменші түн жарымда сиқырлы шөмішті қарапайым шөмішпен ауыстырып қояды. Ортаншы ұл үйге келген соң, қызға құда түседі. Содан кейін ағасымен болған оқиға қайтадан қайталанады. Бірақ кіші ұл шопанмен қоштасар кезде, одан естелікке бір асатаяқ алады да, асаның ерекшелігін сұрайды. Шопан: "Бір кісімен жанжалдасып қалған жерде "Сыртқа шық" деп айтсаң, мына асатаяқтың басынан жүз адам сыртқа шығады, ал егер "Ішке кір" десең орындарына қайтады" деп жауап береді. Бала жүріп жүріп-жүріп, әлгі диірменге жетеді. Бала диірменшінің қол диірмені мен шөміштен әртүрлі тағам түрлерін сыртқа шығарып, адамдарға сатып жатқанын көреді. Бала диірменшіден: "Мыналарды қайдан алдың?" деп сұрайды. Диірменші: "Сенің шаруаң болмасын" дейді. Ұл асатаяққа қарап: "Сыртқа шық" деп бұйырады. Сол мезетте асатаяқтан жүз адам сыртқа шығып, диірменшіге шабуыл жасайды. Ақыр соңында диірменші шындықты айтуға мәжбүр болады. Диірменшінің әңгімесінен қол диірмені мен шөміштің ағаларының заттары екенін түсінеді. Бала оларды алып, өзінің қаласына қарай жүріп кетеді. Үшінші ұл қайтып келген соң, олар бақуатты отбасына айналады. Үш ағайынды үйленіп, бақытты өмір сүреді.