Сәу 19, 2016 13:17 Asia/Almaty
  • Иран аңыздары мен ертегілері (10)

Өткен бөлімдерде халық ауыз әдебиеті туындыларының ерекшеліктерін, соның ішінде, таңғажайып оқиғалардың болуы, жалықтыратын техникалық қателердің қайталануы, тағдырға сүйену сияқты ерекшеліктерді қарастырдық.

Халық аңыз-әңгімелерінің тағы бір ерекшелігі – мазмұндаудың қысқалығы. Хикаялардың бұл түрінде, әсіресе, кейінгі кезде жарық көрген шығармаларда оқиғалар өте қысқа көлемде баяндалады. Көлемі үлкен болып келетін «Ескендірнама» және «Хамза құпиялары» сияқты шығармаларда өте маңызды оқиғалар тек бірнеше жолда ғана баяндалады. Бұл аңыз-әңгімелерде кейбір кезде Ислам әлемінің елу шақты батырының соғыс майданына шығуы немесе тылсым күш иесінің көзі жойылып, үлкен мемлекеттің құрылуы сияқты оқиғалар екі жолда суреттеледі. Кейбір жағдайларда, кітаптың мазмұны баяндаушының естеліктеріне жақын болып келеді. Халық ауыз әдебиеті зерттеушілерінің пікірінше, баяндаушы оқиғаларды кейін түсіндіруді мақсат еткен, бірақ мүмкіндігі болмай қалған. Шығарманың аяқталуды қабылдамауы, яғни шексіздігі – халықтық хикаяларға тән сипат. Туындылардың осы түрінде, әсіресе ауызша таралу мақсатында пайда болған шығармаларда хикаяның аяқталмауы – негізгі ерекшелік. Шындығында, хикаяның аяқталмауы – аңыз-ертегілердің жазылуының бір шарты болып табылады. Себебі, бұл әңгімелердің жазылу стилі оны ары қарай оңайшылықпен жалғастырып айтуға мүмкіндік тудырады. Әрбір кейіпкердің баласы болады, олардың әрбіреуін хикая сахнасына алып келуге болады және бұл жүйелілік жазушының немесе баяндаушының қалауынша жалғаса беруі мүмкін. Халықтық аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі - олардың көнелігі, яғни халықтық аңыз-әңгімелер көне замандарда пайда болған және тарихта аттары да сақталмаған қауымдарға тиесілі. Халықтық аңыз-әңгімелер сол кездегі халықтың наным-сенімдері, салт-дәстүрлері мен жалпы мәдениетінің көрінісі болып табылады. Сондай-ақ, халықтық аңыз-әңгімелер әдебиет, тарих, әлеуметтану, этнология, мифология және тағы басқа ғылымдардың зерттеу жұмыстарындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Төмендегі ертегіде халық ауыз әдебиетінің ерекшеліктеріне жататын қадірді түсінетін хайуанаттар мен таңғажайып оқиғалар кездеседі. Ерте, ерте, ертеде халықтың бидайын тартатын бір диірменші болыпты. Ол тартылған ұнды сол диірменнің бір бұрышына жинапты. Бірақ күнде таң атқанда диірменге келген кезде, ұнның ұшты-күйлі жоғалып кеткенін көреді. Диірменші: «Диірменнің есігі жабық болды, кіретін басқа жол жоқ. Онда менің ұнымды кім ұрлап жүр?» деп ойлайды. Диірменші ұрыны ұстау үшін бір күні сол диірменде түнеп қалады. Күн батқан соң, арық арқылы бір түлкі диірменге кіріп, ұнды жей бастайды. Түлкі ұнды тойғанша жейді де ұнның қалғанын жинап, өзімен бірге алып кетеді. Диірменші: «Ұнның ұрысы табылды» деп ойлайды. Ертенгі күні кешке диірменші диірменде тағы да қалады. Түлкі де келеді. Диірменші судың арығын жауып, түлкіге келіп: «Ей түлкі! Қазір теріңді сыпырып алып, сатып жіберемін. Сөйтіп маған тигізген зарардың орнын толтырамын» деп ақырады. Түлкі өтініп: «Диірменші! Менің терімді сыпырып алып сатқаннан саған қанша пайда түседі? Сен мені жөніме жібер, сол кезде терімнен гөрі өзімнің пайдалы екенімді көресің. Егер олай болмаса, мені ұстап алып, терімді сыпырып ала бер» дейді. Диірменші келісіп, түлкіні қоя береді. Бірнеше күн өтеді. Осы уақыт ішінде түлкі киім, мата қиындылары, жұпсыз аяқ киім мен жыртық ер-тоқымдар сияқты заттарды жинап, диірменнің бір бұрышына әкеліп үйіп қояды. Диірменші қоқыстарды көріп: "Бұндай жақсылықтарың мен пайдаң өзіңе! Сенің қолыңнан бұдан артық жақсылық келмес. Себебі ақылың жоқ. Мына алып келгең қоқысың не?" дейді. Түлкі оған: "Сенің мұнда ісің болмасың" дейді де кетіп қалады. Бес-алты күн бойы осы ісін жалғастырады. Күндер өтеді. Бір күні сол қалаға сауда жасау үшін бір саудагер келеді. Түлкі диірменшіге келіп: "Сен төрт қап ұн ал да, оны саудагерге алып барып: "Менің бір түлкі мырзам бар. Сынаны саған сол жіберді. Оған шәлі, кашемирдан тоқылған көйлек, бас киім және барқыт камзол керек" деп айт" дейді. Диірменші саудагерге барады. Саудагер ұнды алып, келіседі. Шәлі, кашемир көйлек, бас киім мен барқыт камзол жеткен кезде, түлкі камзолды киіп, басына шәліні орап, падишаһ сарайын бетке алып жолға шығады. Сарайға жеткен кезде арнайы шынжырды сыңғырлатады. Бұл шынжыр әдеттегі қоңырау емес еді: падишаһтың қызына құда түсуге келген адам ғана әдетте осы шынжырды сыңғырлатады. Қызметкерлер падишаһқа барып: "Әлемнің құбыласы саламатта болсын! Кашемир көйлек, барқыт камзол, бас киім мен шәлі киген бір түлкі қызыңызға құда түсуге келді" деп хабар береді. Падишаһ: "Барып түлкіні алып келіңдер" деп бұйырады. Түлкі келген кезде падишаһ одан: "Ей түлкі! Не шаруамен келдің?" деп сұрайды. Түлкі: "Әлемнің құбыласы саламатта болсын! Сіздің қызыңызға ғашық болған бір ием бар, мені құда түсуге сол жіберді" деп жауап береді. Шаһ: «Жақсы, бірақ мен сенің иеңді көрмедім ғой?» дейді. Түлкі: «Мен барып, иемді ертіп келейін» деп кетіп қалады. Түлкі диірменшінің атын Тузали бек қояды. Ол диірменшіге келіп: «Тузали бек, орныңнан тұр да менімен бірге падишаһқа жүр» дейді. Диірменші: «Тузали бегің кім тағы? Падишаһтың сарайы қайда, мен қайда? Сен менің басымды пәлеге қалдырасың!» дейді. Түлкі: «Көп сөйлемей жүр» деп бұйырады. Қысқасы, аты Тузали бекке ауысқан диірменші түлкі жинап алып келген қоқысты алып, түлкімен бірге падишаһ сарайына қарай жүреді. Жолда бір өзен болатын. Диірменші мен түлкі өзенге жеткен кезде түлкі қоқысты өзенге тастайды да, Тузали бекті де суға итеріп жібереді. Диірменші көмек сұрап, айғайлап түлкіге: «Ақыры, өз ойлағаныңды істедің бе» деп айғай салған кезде, түлкі барып оны судан алып шығады да, падишаһқа қарай жүгіреді. Шаһ: «Не болды?» деп сұрағанда түлкі: «Мен сізге сыйлыққа қырық керуен алып келе жатқан едім, бір қашырдың аяғы тайып кетіп, өзенге құлады. Қалған қашырлар да соның артынан кетті. Атқа мінген ием суға секіріп еді, өзен ағысы оны алып кетті. Иемді судан алып шығу үшін әбден әуреге түстім. Бірақ барлық заттар мен сыйлықтарды өзен теңізге ағызып әкетті» деп жауап қатады. Падишаһ: «Мен шаһпын, сенің иең маған қашырмен жүк әкеле жатып па еді? Менің киімімнен мына түлкіге біразын беріңдер, иесін киіндіріп алып келсін» деп бұйрық береді. Басқа жақтан шаһ бірнеше адамын бар шындықты біліп келу үшін оқиға болған жерге жібереді. Олар өзенге барып қоқыстарды судан алып: «Ия. Су барлық заттың жұлма-жұлмасын шығарыпты» деп падишаһқа келіп бар жайтты айтып береді. Түлкі де диірменшіге шаһ киімдерін кигізіп жатып, оған ақыл айтады: «Ей, Тузали бек! Сарайға кірген бетте, жарқын дауыспен салем бер де, падишаһтың қасына барып отыр. Ар жақ, бер жағыңа мән бермеген сыңай таныт. Әйтпегенде түк көрмеген екен деп ойлап қалады». Қысқасы, түлкі мен енді «Тузали бек» деген атқа ие болған диірменші шаһ киімін киіп алып, сарайға қарай жүріп кетеді. Жалғасы бар.