Сәу 19, 2016 13:19 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (8)

Бағдарламамыздың өткен бөлімдерінде халық ауыз әдебиетінің бірнеше ерекшелігін қарастырып, онда ертегішінің рөлі, қалыптан тыс таңғажайып оқиғалардың болуы, абсолютизм және заман мен мекеннің болмауы сияқты ерекшеліктерге тоқталдық.

Халықтық аңыз-әңгімелердің тағы бір ерекшелігі – бірінші қатарда жалпы сюжеттің тұруы, яғни халықтық ертегілерде жалпы сюжетке қана ден қойылады, ал егжей-тегжейлер мен кейіпкерлердің ахлақи және рухани ерекшеліктеріне аса мән берілмейді. Бұл туындыларда оқиғалар мен істер жалпылай баяндалады. Мысалы, бір шаһтың екі ұлы болыпты, бірі жақсы, екіншісі жаман деген сынды. Бұл жерде ұлдардың жақсы немесе жаман болуының дәлелдері келтірілмейді. Адамдар жалпыға ортақ мінез-құлық пен ерекшеліктерге ие, мысалы, туғанынан бері қанында бар Рүстемнің (Фердоуси Шаһнамасының кейіпкері) қаһармандық ерекшелігін Рүстемнен басқа қаһармандардың болмысынан да көруге болады. Қаһарманның немесе зұлымның болмысы өзгеріске ұшыраса, кейіпкердің психологиялық немесе рухани болмысы өзгеріске ұшырамайды, бұл өзгеріс тек мінез-құлқы мен ерекшеліктері шеңберінде ғана. Халықтық аңыз-әңгімелердегі кейіпкерлер - жалпыхалықтық дүниеге көзқарас пен ерекшеліктердің үлгісі. Бұл әдіс кейіпкерлер жалпы халықтан бөлектеніп, бүкіл адамзаттың жақсы қасиеттерін өз бойына жинаған адамның үлгісі ретінде суреттелуіне әкеледі. Халықтық аңыз-әңгімелердің тағы бір ерекшелігі – кейіпкерлердің бірдей сөйлеуі, яғни аңыз-әңгімелерде кейіпкерлерді сөйлеу стилі мен сөздері тұрғысынан бір-бірінен ажырату қиын. Тәрбие көріп, оқу оқыған шаһзада мен қарапайым адам ахлағының арасында айырмашылық жоқ. Әйелдер ер адамдар сияқты, ал балалар үлкен адамдар сияқты сөйлейді. Аңыз-ертегілерде кейіпкерлердің рухани және туа біткен қасиеттерін олардың сөйлеген сөздерінен түсіну мүмкін емес. Халықтық аңыз-ертегілерде тағдыр мәселесі ерекше орынға ие. Кейіпкер өзінің пешенесіне жазылған тағдырдан қашып кете алмайды. Бірақ кейіпкерлердің тағдырлары әр түрлі болып келеді. Халықтық аңыз-ертегілерді зерттеуші ғалымдардың көпшілігі осы туындылардың негізгі кейіпкері тағдыр екендігіне сенімді. Аңыз-әңгімелердің кейіпкерлері тағдырдың қолында бір ойыншық пен мамыққа айналады. Таңдандыру – халықтық әдебиет ерекшеліктерінің бірі. Оқырман ертегі бойында таңғажайып оқиғаларды баяндау арқылы ертегіші оны таң қалдыруға талпынып жатқандай сезінеді. Мүмкін бұл ерекшеліктің себебі мынада болар: бұл аңыз-әңгімелер әуел баста тек ауызша айту үшін ғана пайда болған, ал кейіннен қағаз бетіне түсірілген. Ертегішілер әрбір жиналыс кезінде ертегіні естімеген тыңдармандардың жаңа тобының келетіндігіне сенімді болған. Халықтық аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі - оқиғалардың тәуелсіздігі, яғни, ертегі бір-біріне тәуелсіз оқиғалардан құралған. Бұл оқиғалар жекелеп алғанда өздігінен бір ертегі бола алады, бірақ, оған қоса, бір-бірімен жанама түрде байланыста болады да, бастапқы ертегінің жалпы жобасын құрайды. Төмендегі ертегі халық аңыз-әңгімелердің ерекшеліктеріне жататын қадірді білетін хайуанаттар, таңғажайып оқиғалар мен тылсым дүниеден келген достар сияқты ерекшеліктерді қамтиды. Томпсонның «Arne» атты еңбегінде келтірілгендей, бұл ертегі әр түрлі формада және стильде Швейцария, Норвегия, Шотландия, Франция, Польша, Түркия, Испания, Финляндия, Ресей және Германия елдерінде айтылған. Ертеде бір падишаһтың сұлу қызы болыпты. Ол құда түсуге келген әрбір жас жігітті сынаққа салыпты, сынақтың қиын болғаны соншалықты, жігіттер сол жерде жан тапсырады екен. Бір күні тазша бала түйіншегіне бес күлше нан салып алып, қызға құда түсу үшін жолға шығады. Біраз жүргеннен кейін бір орманға жетеді. Орманның дәл ортасында бір үлкен дию бірнеше күн тамақ ішпегендей тістерін қышырлатып отыр екен. Тазша бала: «Мына хайуанның қарны аш екен. Күлшелерді соған берсем жақсы болар» деп ойлайды да, нан салынған түйіншегін диюға ұстатып, енді кетейін деген кезде дию тазша балаға қарап: "Ей, тазша бала! Менің шашымның бір талын жұлып, өзіңмен бірге алып кет" дейді. Тазша бала: "Ол шашыңды не істеймін?" деп сұраған кезде дию: "Бір күні кәдеңе жаратарсың" дейді. Тазша бала диюдың шашының бір талын жұлып алып, қайтадан жолға түседі. Тазша бала жүріп отырып, бір бұлаққа жетеді. Бұлақ басында екінші дию дірілдеп, тоңып отыр екен. Тоңғаны соншалықты, тіпті тіс тісіне тимей қалшылдап кетіпті. Тазша бала: "Шапанымды мына диюдың иығына жапсам жақсы болар, ол менен гөрі қаттырақ тоңып отыр екен" деп ойлайды да, шапанын алып, диюдың иығына жабады. Енді кеткелі жатқан кезде дию: "Ей жігіт! Менің шашымның бір талын жұлып ал да, өзіңмен бірге ала кет!" дейді. Тазша бала: "Бір тал шашыңды не істеймін?" деп сұраған кезде дию: " Қазір менің бір тал шашымды алып кет, кейін бір кәдеңе жаратарсың" дейді. Тазша бала диюдың бір тал шашын жұлып алып, жол жүріп кетеді. Жас жігіт жүріп отырып бір өзенге жетеді. Ол жерде судан өтейін деп тұрған құмырсқалардың қалың нөпірін көреді, бірақ олар бір-бірлеп суға құлап, батып жатыр екен. Тазша бала ұзын таяқ тауып алып, құмырсқаларға көпір жасап береді. Енді кетейн дегенде бір дауыс естиді. Бұл тазша баланың құлығының артында тұрған құмырсқаның дауысы екен. Ол: "Ей, жас жігіт! Менің мұртшаларымның бірін жұлып ал да, өзіңмен бірге алып кет" дейді. Тазша бала: "Сенің мұртшаңмен не істеймін?" деп сұрайды. Құмырсқа: "Мен құмырсқалардың падишаһымын. Сенің бізге жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймыз, бір күні біз де сенің кәдеңе жарармыз" деп жауап қатады. Тазша бала құмырсқаның мұртшасын алып, оны орамалға екі диюдың шашына қосып, орап қояды. Осылайша, тазша бала падишаһтың сарайына жетіп, есік қағады. Бір кісі есік ашып: "Ей, жігіт, сенің не жұмысың бар?" деп сұрайды. Тазша бала: "Шаһтың қызына құда түсуге келдім" дейді. "Кім үшін?" деген сұраққа ол: "Өзім үшін екені белгілі ғой" деп жауап береді. Кісі падишаһтың алдына барып: "Падишаһ сау-саламатта болсын! Бір тазша бала падишаһтың қызына құда түсем деп сарайға келіпті" дейді. Падишаһ: "Барып моншаны дайындап, тазшаны сол моншаға түсіріңдер" дейді. Ол моншаның қандай монша екенін біліп алыңыздар. Падишаһ бір монша салуды бұйырған екен. Оны жеті түн, жеті күн қыздыртып, шаһ қызына құда түсуге келген әрбір жігітті сол моншаға жіберетін, ол моншадан жігіттер тірі шықпайтын. Тазша баланы моншаға апарып: "Егер падишаһтың қызын алғың келсе, осы моншаға түсіп шық" дейді. Тазша бала моншаға жақындай бергенде, қулықты түсініп, бұл моншадан адамзаттың тірі шықпайтынын біледі. Моншаның қабырғалары ыстықтан қызарып кеткен екен, ал моншадағы хауыздың ішіндегі су сарқылдап қайнап жатыр . Бір кезде екінші дию есіне түседі. Диюдың шашын жаққан кезде, көзді ашып-жұмғанша алдына екінші дию келіп: "Ей, жас жігіт, қандай бұйрығың бар?" дейді. Тазша бала моншаны көрсетіп, бар жайды баяндап береді. Дию: "Алаң болма" деп, терең деп алған кезде, барлық ыстықты кеудесіне жинап алады. Моншаның іші салқындап қоя береді. Таңертең шаһ нөкерлері келіп моншаның есігін ашып қараса, тазша бала хауыздың дәл ортасында отыр екен, ал моншаның іші суып кетіпті. Олар хабарды падишаһқа жеткізеді. Падишаһ: "Ештеңе етпейді. Қазір барып үш жүз келі күріш пен үш жүз келі еттен тамақ дайындаңдар да, оған осы тамақтың барлығын же деп айтыңдар. Егер жемесе, басынан айырылады" деп бұйрық береді. Нөкерлер келіп тазшаға шартты айтады. Тазша бала қолымен тазын сипалай бергенде, есіне бірінші дию түседі. Диюдың шашын орамалдың ішінен алып шығып, тұтатып жіберген кезде қас-қағым сәтте бірінші дию алдына келеді. Тамақтарды дайындап, үш жүз табаққа салып, тазшаның алдына бір қатарға тізіп қояды. Дию тәбетпен барлық тамақты жеп қояды. Падишаһқа: "Падишаһ сау-саламатта болсын! Тазша барлық тамақты жеп, тіпті күріштің бір дәнін де қалдырмапты!" деген хабар жетеді. Падишаһ: "Жарайды. Бұл жолы сау қалмайтындай етіп бір айла ойластырармын" дейді. Жалғасы бар.