Нұрлы жол. 864-бөлім, "Ғафир" сүресінің 38-42 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 864-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз. Бізбен бірге болыңыздар!
"Ғафир" сүресінің 38-40 аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَقَالَ الَّذِی آمَنَ یَا قَوْمِ اتَّبِعُونِ أَهْدِکُمْ سَبِیلَ الرَّشَادِ»، «یَا قَوْمِ إِنَّمَا هَـذِهِ الْحَیَاةُ الدُّنْیَا مَتَاعٌ وَإِنَّ الْآخِرَةَ هِیَ دَارُ الْقَرَارِ»، «مَنْ عَمِلَ سَیِّئَةً فَلَا یُجْزَى إِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَکَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُولَـئِکَ یَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ یُرْزَقُونَ فِیهَا بِغَیْرِ حِسَابٍ»
Аяттардың аудармасы:
Иман келтірген кісі: “Әй елім! Маған ілесіңдер. Сендерді тура жолға саламын” деді. (38)
“Әй елім! Шын мәнінде бұл дүние тіршілігі, уақытша пайдалану. Сөзсіз ақырет, ол; тұрақты жұрт.” (39)
“Әлде кім бір жамандық істесе, сонда ол, соның өзіндей ғана жаза көреді. Ал және ер, әйел кімде-кім сенген түрде ізгі іс істесе, ал міне солар; жаннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді.” (40)
Өткен бағдарламада айтқанымыздай, перғауын хазірет Мұсаны өлтірмекші болды. Сөйтіп өзін пайғамбар санаған Мұсадан құтыламын деп ойлады. Перғауынның сарай маңындағыларының бірі Мұсаға иман келтірген, бірақ мұнысын жасырын ұстаған. Ол Мұсаны өлтіруден бас тарттыру үшін алдымен перғауын және сарай маңындағылармен сөйлесті. Оның сөздері әсерлі болғаны сондай, перғауын өз шешімін орындауды кейінге қалдырды. Ол уәзіріне Мұсаның абыройын төгу үшін биік мұнара салуға бұйрық береді. Перғауын биікке көтеріліп, Мұсаның айтып жүрген Құдайы аспанда бар ма, жоқ па көргісі келді.
Мұсаның бұлай айтпағаны анық еді. Перғауын халықты алдау үшін осылай істегісі келді. Сондықтан осы кезеңде перғауын әулетінен шыққан мүмін халықпен сөйлесіп, оларды хабардар етіп, перғауынның алдарқатқан сөздері мен алдын ала жоспарланған әрекеттеріне алданбауға шақырды.
Перғауын әулетінен шыққан мүмін халыққа: «Нағыз жол – мен көрсеткен жол»,-деді. Ол өз сөзінде екі маңызды мәселеге тоқталды:
Біріншіден, адамның өмірі осы дүниемен шектелмейді. Бұ дүние өткінші. Мына бес күндік өмір жылдам өтеді. Өлім бәрін жағасынан алып, жер жастандырады. Өлгеннен кейін басқа әлемге аяқ басып, өзіміздің мәңгілік мекенімізде тұрақтаймыз.
Екіншіден, о дүниеде тек бұ дүниеде істеген ізгі істер ғана адамның керегіне жарайды. Өйткені о дүние – жаза мен сыйдың сарайы. Мына дүниеде де адамдардың жақсы немесе жаман істеріне тиісінше жаза мен сый беріледі. Әрине бұл ретте әйел мен ер адамның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Алла алдында олар теңдей жауап береді.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Мүмін адам әрдайым басқаларды дұрыс жолға салуды ойлайды. Ешқащан бұл міндет оның мойнынан алынып тасталмайды.
- Дүние тұрақсыз. Бірақ қиямет тұрақты. Ол адамның мәңгілік мекені. Сондықтан адам осы дүниедегі өз өмірін дұрыс әрі лайықты сүруі/қолдануы керек және қияметте жемісін көруі үшін әрдайым ізгі істер атқаруы тиіс.
- Кемелденіп, бақытқа жету адамның жынысына байланысты емес. Бұл мәселеде ер мен әйел арасында айырмашылық жоқ.
- Әрекетсіз иман әсерсіз. Имансыз әрекет те осы дүниеде қалып, ақыретке жетпейді. Демек, иман мен әрекет бірінсіз-бірі адамды құтқара алмайды.
"Ғафир" сүресінің 41-42 аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَیَا قَوْمِ مَا لِی أَدْعُوکُمْ إِلَى النَّجَاةِ وَتَدْعُونَنِی إِلَى النَّارِ»، «تَدْعُونَنِی لِأَکْفُرَ بِاللَّـهِ وَأُشْرِکَ بِهِ مَا لَیْسَ لِی بِهِ عِلْمٌ وَأَنَا أَدْعُوکُمْ إِلَى الْعَزِیزِ الْغَفَّارِ»
Аяттың аудармасы:
“Әй елім! Маған не болды? Мен сендерді құтылуға шақырамын. Сендер мені тозаққа шақырасыңдар.” (41)
“Әрі сендер мені Аллаға қарсы болуға сондай-ақ білмеген нәрсені Оған ортақ қосуға да шақырасыңдар. Мен, сендерді өте үстем, аса жарылқаушы Аллаға шақырамын…” (42)
Бұл аяттарда былай делінген: перғауын әулетінен шыққан мүмін бұдан артық өзінің иманын жасыра алмады. Алланың бірлігі мен Оған серік қосуға қатысты өз ұстанымын айқын білдіруге мәжбүр болды.
Сондықтан ол сөзіңнен қайт деп кеңес берген қауым басшыларына қарсы шығып: «Сендер күпірлікке душар болдыңдар. Бұл әлемде ешқандай орны жоқ перғауынды істеріңнің шешімін табатын Құдай санайсыңдар. Ол сендер туралы кез келген шешімді қабылдай алады, ал сендер оған бағынуларың керек деп ойлайсыңдар. Сендер дәлелі де, қисыны да жоқ нәрселерді Құдайға серік қыласыңдар. Тек болжаммен ғана осы бұрыс ойды қабылдадыңдар»,-деп тура айтқан.
Сендер мені бір Құдайдан бас тартып, күпір болуға, Оған өзім түсінбейтін серіктерді қосуға шақырасыңдар. Сендер менен өздеріңнің жалған да бұрыс сенімдеріңді қабылдауды сұрайсыңдар. Ал мен бұл істердің күпірлік екенін білемін. Бұлар тек тозақ отына апарады. Мені де сендер сияқты кіріптар етеді.
Мені шақырып отырған жолдарың – қараңғы, қатерлі және шын мәнінде бұрыс жол. Ал мен сендерді жарқын жолға, яғни құдіретті де рақымды Құдайдың жолына шақырамын. Мен сендерді адам және басқа нәрселерді Құдайға теңеп, серік қосудан бас тартуға шақырамын. Сендерді құдіреті бүкіл әлемге жететін, мейірімі мен рақымы баршаны, әсіресе бұрыс жолдан қайтқан адамдарды қамтитын Құдайға бас июге шақырамын.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
- Халықты дұрыс жолға шақыруда жалғыз болғаннан қорықпау керек. Дәлел мен қисын келтіріп, хақты айқын көрсету керек. Жолдан тайған адамдардың көптігі адамға теріс әсер етпеуі керек немесе онда күдік-күмән тудырмауы тиіс.
- Адамның құтқарылуы мен бақытқа жетуі Алланың бірлігіне сену және дұрыс істер атқаруына байланысты. Адам немесе басқа затты әлем ісіне араласа алады деп сеніп, Аллаға серік қосу адамды екі дүниеде де түрлі қиыншылықтарға душар етеді.
- Күпірлікте ешқандай рационалды және қисынды негіз жоқ. Бұл кейде надандықтан туындайтын сенім, кейде адамның нәпсілік талап-тілектеріне жету жолындағы құштарлығынан туындайды.
- Құдай аса құдіретті де қатал болса да, әрбір пенде Оның рақымы мен кешіріміне үміттене алады.
Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.