Қаз 11, 2021 01:36 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 865-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 43-44яттарына құлақ түріңіздер:

«لَا جَرَمَ أَنَّمَا تَدْعُونَنِی إِلَیْهِ لَیْسَ لَهُ دَعْوَةٌ فِی الدُّنْیَا وَلَا فِی الْآخِرَةِ وَأَنَّ مَرَدَّنَا إِلَى اللَّـهِ وَأَنَّ الْمُسْرِفِینَ هُمْ أَصْحَابُ النَّارِ»، « فَسَتَذْکُرُونَ مَا أَقُولُ لَکُمْ  وَأُفَوِّضُ أَمْرِی إِلَى اللَّـهِ  إِنَّ اللَّـهَ بَصِیرٌ بِالْعِبَادِ»

 

Аяттардың аудармасы:  “Күдік жоқ, шын мәнінде сендердің мені шақырған нәрселерің, дүниеде де ақыретте де шақыруға лайық емес. (Немесе олар шақыру күшіне ие емес.) Сөзсіз бәріміздің қайтар жеріміз Алла жақ. Расында шектен шығушылар, олар тозақтық.” (43)

“Таяуда менің айтқанымды түсінесіңдер. Мен ісімді Аллаға тапсырамын. Күдіксіз Алла, құлдарын толық көруші” деді. (44)

 

Өткен бағдарламада айтылғандай, перғауын әулетінен шыққан мүмін халықтың алдында сөйлегенде жасырынуды қойып, Алланның бірлігі, Оған серік қосу және мұның салдары жайлы өз ойын ашық айтты. Бұл аяттарда ол сөзін былай деп жалғастырған: «Сендер менен бір Алладан бас тартып, сендердің пұттарыңа бас июімді сұрайсыңдар. Ал негізі ақылсыз да сезімсіз пұттар бұ дүниеде де, о дүниеде де пайдасыз. Олар сөйлемейді, белгілі бір жолға шақырмайды, ешкімнің түйінін шешпейді, ешбір қиыншылықты жоймайды»... 

Ал негізі бәріміздің ақырымыз бір, Құдайға қайтып барамыз. Оның алдында жауап беруіміз керек. Аллаға иман келтірудің орнына пұтқа табынған адам Қияметте тозаққа баратыны анық. Өйткені хақ жолынан тайып, өз шегінен шығып кетеді.

Ей, халайық! Сендерге тура айтамын: Мен Құдайға иман келтірдім. Өз ісімді Соған тапсырдым. Сендердің қоқан-лоққыларыңнан да, күш-құдіреттеріңнен де қорықпаймын, өйткені өзімді шексіз құдіретке ие күшке тапсырдым. Ол өз құлдарының ойы мен ісінен жақсы хабардар.

Бірақ өкінішке қарай, сендер менің сөзімнің дұрыстығын тек Алланың алдына барып, Оның ашу-ыза оты етектеріңді шалғанда ғана түсінесіңдер. Әрине ол кезде кеш болады, дүниеге қайтып оралуға жол болмайды.  

Осылайша перғауын әулетінен шыққан мүмін жалғыз өзі әлгі қауымға қарсы тұрып, өз иманын айқын көрсетіп, бір Аллаға сыйыну жолын олардың ширкке толы жолынан ажыратып алды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Аллаға иман келтіріп, басқаларды теріске шығару үшін қисын мен дәлелге сүйеніп алға жылжып, басқаларды да осы жолмен Құдайға шақыру керек.
  2. Ысырап тек мал-мүлікті орынсыз жұмсау ғана емес. Өз өмірі мен дарынын жалған да бұрыс жолдарда босқа сарп ету де үлкен бір ысырап. Әрине оның жазасы да ауыр. Сондықтан өмір жолын таңдағанда абай болу керек.  
  3. Өз міндетін атқарғаннан кейін дұшпандардың қастандықтары мен қоқан-лоққылары алдында Құдайдан пана сұрап, Оған арқа сүйейміз. Өйткені Оның құдіреті бәрінен жоғары.
  4. Ісімізді ұлы Аллаға тапсырамыз. Өйткені ол біздің жағдайымызды толық біледі.

 

"Ғафир" сүресінің 45-46-аяттарына құлақ түріңіздер:

«فَوَقَاهُ اللَّـهُ سَیِّئَاتِ مَا مَکَرُوا  وَحَاقَ بِآلِ فِرْعَوْنَ سُوءُ الْعَذَابِ»، «النَّارُ یُعْرَضُونَ عَلَیْهَا غُدُوًّا وَعَشِیًّا  وَیَوْمَ تَقُومُ السَّاعَةُ أَدْخِلُوا آلَ فِرْعَوْنَ أَشَدَّ الْعَذَابِ»

Аяттардың аудармасы:  Енді Алла, оны, олар жасаған сұмдықтарынан қорғады. Перғауындықтарды сүркей азап баурап алды. (45)  Олар ертелі-кеш отқа ұсынылады. Қиямет-қайым болған күні: “Перғауындықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер.” (46)

 

Перғауын әулетінен шыққан мүмін перғауынның ауыр қоқан-лоққылары мен қастандықтарына қарсы тұрып, Құдайдан пана сұрады. Алла олардың қастандықтарын бейтараптандырып, оны олардың сұрқия жоспарларынан сақтады, оны иман мен тоухид жолында мығым қадам басуға ынталандырды. Бірақ бұған керісінше перғауындарды хаққа қарсы шығып, хақ жолындағылармен жауласқаны үшін қатты жазалады. 

Айта кету керек, Құранның басқа аяттарына сәйкес хазірет Мұса мен Бәни Исраил Ніл өзенінен аман-сау өтті, ал перғауын мен оның адасқан серіктері өзенге батып кетті. Олар суға батып кетті, бірақ шын мәнінде Қияметке дейінгі барзақ әлемінің отына кірді. Күндіз-түні азап шегеді. Әрине мұндай азап – барзақтық азаптың бір түрі. Уәде етілгені  – Қиямет күнінде болатын ауыр азап.

Құран аяттарына сәйкес, бұ дүниеден соң өлімнен Қияметке дейінгі аралықта адам барзақ деп аталатын әлемде болады. Бұл кезде адам өз ісінің жазасы немесе сыйының бір бөлігін көреді. Барзақ әлемі жақсылар үшін жұмаққа қақпа, жамандар үшін тамұқ отының бастамасы болады.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Егер Құдайға тәуекел етсек, Құдай бізді залым да айлалы дұшпандардың қалың тобы арасында аман сақтайды.
  2. Егер Құдайға сүйенсек, Ол бізге жәрдемдесіп қана қоймайды, қастық ойлаған дұшпандарды да әлсіретіп, жойып жібереді.  
  3. Залымдардың жазасы олар өлген сәттен басталады, ал Қиямет күні жазасы толықтырылып, ең ауыр азапқа тартылады.

 

"Ғафир" сүресінің 47-аятына құлақ түріңіздер:

   «وَإِذْ یَتَحَاجُّونَ فِی النَّارِ فَیَقُولُ الضُّعَفَاءُ لِلَّذِینَ اسْتَکْبَرُوا إِنَّا کُنَّا لَکُمْ تَبَعًا فَهَلْ أَنتُم مُّغْنُونَ عَنَّا نَصِیبًا مِّنَ النَّارِ»

 

Аяттың аудармасы:  Сол уақытта олар тозақта керкілдеседі. Нашарлары, паңсығандарына: “Расында біз сендерге ерген едік. Ал енді сендер, бізден оттың бір бөлімін кетіре аласыңдар ма?”,-дейді. (47)

 

Алдыңғы аяттарда перғауындардың барзақ әлемінде және одан кейін тозақта ауыр жазаға тартылатынын айттық. Аяттың жалғасында тозақтықтардың тамұқтағы сөздері баяндалған. Тозақ отына салынған адамдар бір-бірімен дауласып, пікір таластырады.Әрқайсысы бір-бірін кінәлап, өздерін ақтап алуға тырысады. Құдай адамдарға әділ жаза мен сый береді. Ешкім себепсіз тозаққа жіберілмейді.  

Күпір басшылардың соңынан ерген теріс ағымдар мен мектептерді жақтаушылар ақыретте осы ағымдар оларды құтқарады, тым болмағанда олардың жазасын жеңілдетуге көмектеседі деп күтеді. Ал негізі озбыр да азғын басшылардың өздері қатты азапталады, олар басқа түгіл өздері үшін ештеңе істей алмайды. 

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Дүниелік достық пен қызығушылықтар хақ жолында болмаса, Қияметте дұшпандыққа айналады.
  2. Өмірдің қиыншылықтары мен таршылықтары адамдардың залым да  асау басшыларға бас июіне себеп болмауы тиіс.
  3. Жалғанға бас ұру адам үшін қиындық тудырады. Қандай адамның соңынан еріп бара жатқанымызды байқауымыз керек. Ол адам бізді Қияметте қорғай алма ма, жоқ па?
  4. Айыптылар тозақта бір-бірін таниды. Бұ дүниеде өткен өмірін еске алып, әлсіздіктен бір-біріне бас сауғалайды. 

 

Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз!

Тегтер